Жақсылықты Жаратқаннан ғана тілеңіз

Емдік өсімдіктерден жасалған табиғи дәрілер мен дәрумендер, балалар мен ересектерге арналған брендтік киімдер, косметика, т.б. төмендетілген бағамен тапсырыс бере аласыз, Қазақстанның кез-келген аумағына жеткізіп береді. Толық ақпаратты мына сілтеме арқылы алыңыз:

https://akikat01.com/internet-magazin/

әділ патшаБіз қандай қоғамда өмір сүріп жатырмыз? Сіз осындай сауалды өзіңізге өзіңіз қойып көрдіңіз бе? Олай жасамасаңыз, осы сауалдың байыбына баруға тырысып байқаңыз. Сонда мына фәни жалғанның шынайы бетбейнесін танитын боласыз.
Бүгінде әріп танымайтын сауатсыз жанды табу қиын. Жұрттың бәрі оқыған, білімді. Біз өмір сүріп жатқан қоғамды құлдық, онан кейінгі феодалдық дәуірмен салыстырғанда әлдеқайда жоғары, өркениетті деп қанша мадақтағанымызбен, шындығында бұл қоғамның күшті әлсізді зәбірлейтін ежелгі қоғамдардан ешқандай да айырмасы жоқ.

Күштінікі қашанда дұрыс.

Тарихқа зер салып қарасақ, қуатты мемлекеттердің әлсіз мемелкеттерді жаулап алып, бодандыққа салғандығын, халықты езіп-жаншып, зәбір көрсеткендігін бағамдаймыз. Қазақ елі орыс патшасының екі жарым ғасырдай боданы болып келді.

Исатай, Махамбет, Кенесары, Наурызбай, Сырым батырлар бастаған көтерілістер сол бодандыққа қарсы халықтың наразылығының айғағы десе болады. Әлсізді езіп-жаншып, бодандыққа салу қазір де тоқталған жоқ. Бірақ та, бүгінгі демократиялық қоғамның өткен ғасырлардан бір ерекшелігі – бәрі бүркемеленіп, жымысқы, жылы сөздермен алдаусыратып жасалады.

Өткен ғасырдың 80-ші жылдарында Оңтүстік Американың шағын елінің басшысын АҚШ әскері сол елдің аумағына әскерін кіргізіп, тұтқынға алды, қолына кісен салып, АҚШ-қа жеткізіп, соттады. Қойған айыптары: есірткі саудасымен айналысқан. Ау, шағын ел болса да, тәуелсіз мемлекетке АҚШ неге сонша өктемдік жасайды. Бұған әлемнің өркениетті елдерінің бір де бірі ләм деп жақ ашқан жоқ.

Химиялық қару шығарып жатыр деген желеумен АҚШ Иракты тас-талқан етіп бомбалады. Елбасы Саддам Хусеинді кәдімгі қылмыскер сиықты қапасқа қамап, содан кейін соттап, дарға асып өлтірді. Кейін халықаралық комиссия Ирактың аумағынан ешқандай да химиялық қару таппады.

Ауғанстан да Ирактың кебін киіп, бомбаланды. АҚШ лаңкестерді жоямыз деген желеумен елдің астан-кестеңін шығарды. Тұралаған ауған халқы сол соғыстан әлі есін жия алмай келеді.

Әлсіздікі дұрыс болса да бұрыс.

Украинадағы қарбаласты пайдаланып Қырым республикасы деп өз бетінше тәуелсіздігін жариялаған су жаңа мемлекет референдум өткізіп, Ресейге қосыламыз деп шықты. Ресейдің мемлекет басшылары бұл ұсынысты қолдап, Қырымды қосып алудың заңдық негіздерін жасады.

Кезінде Кувейтке әскерін кіргізген Иракты тас-талқанын шығарған АҚШ Ресейге санкция саламыз деп дөңайбат көрсетуден аса алмай отыр. Батыс елдері де «райыңнан қайт» деген сияқты сылап-сипар саясаттан асуға дәрменсіз. Алып Ресей өзінің күшіне сеніп, Украинаның ең шұрайлы бір облысын тапа-тал түсте тартып алды.

Ресеи думасы орыстар көп шоғырланған шет елдердегі қандастарын қорғау, қажет болса референдум .өткізу немесе олардың өтініштері негізінде Ресейге қосып алу жөнінде заңға өзгерістер енгізіп жіберді.

Екі түрлі әділдік.

Екінші жаһан соғысында жеңіліп, көп жерінен айрылып қалған жапондар ата-бабаларының қорымы жатқан Курил аралдарын Ресейден ондаған жылдар бойы сұрап, ала алмай келеді. Шындығында жер аумағы әлемнің жетіден бірін алып жатқан Ресейге ат төбеліндей аз ғана адам тұратын Курил аралдарының онша қажеті де жоқ.

Ал алақандай аралда тұратын жапондар үшін оның маңызы зор. Бір кезде күшпен тартып алған жерді Ресей жапондар қанша жалынып сұраса да қасарысып берер емес. Міне, сол күшпен тартып алынған алақандай аралды қимай отырған Ресей, Украинаның қолақпандай ең шұрайлы облысын тартып алып отыр.
Қазіргі саясатта Ресейдің бұл әрекеті анау айтқандай әділетсіздік саналмайды. Орыс саясатшылары Қырымды жаулап алған ата-бабаларының қаны төгілгендігін, бұл жер сондай орыс халқы үшін қасиетті екендігін жыр қылып айтып жатыр. Бірақ олар жапондардың ата-бабаларының қабірі жатқан Курил аралдары туралы ауыз ашпайды.

Сонымен, бүгінгі заманғы әділдік – бұл күштінің айтқаны қашанда дұрыс, әлсіздікі дұрыс болса да, бұрыс дегенмен үндеседі. Біз осындай қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Осындай саясат ұстанып отырған мемлекеттер, қарамағындағы қара халықты қандай әділдікке , бақытқа жеткізе алмақ?

«Бұл дүние ойыншық, ермек қана, шын өмір ақыретте» дейді қасиетті Құран. Әділдікті де, шындық пен қайрымдылықта да тек Жаратқаннан ғана табуға болады. Бұл дүниеден әділдік іздеу, текенің сақалын сауып, сүт аламын деумен бірдей.

 

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Оставить комментарий

Жарнама
Жарнама
Яндекс.Метрика