1 490 көрілім

арақӨле өлгенше адаммен бірге болатын туа бітті қасиеттерінің бірі, бәлкім бірегейі – үміт. Үмітсіз сайтан ғана дейді. Адам баласы қандай қиын жағдайда да үмітін үзбейді. Қадам басқан сайын кездесетін қиындығы мен тауқыметі таусылмайтын мына фәниді адам баласына қызықты етіп көрсетіп, ауыртпалықтарды жеңуіне ынталандыратын құдірет те – үміт.

Жарға жығар жалған үміт.

Үміттің екі түрі бар: шынайы және жалған үміт. Шынайы үміт бастауын Жаратқаннан алса, жалған үміттің қайнар көзі – сайтан. Қасиетті Құранда сайтанның адамдарды жалған үмітпен алдайтыны туралы аят бар. Егер байыппен айналамызға зер сала қарайтын болсақ, адамдардың басым көпшілігі жалған үміттің жетегінде жүретінін бағамдаймыз.

Көрші тұратын саяжайы бар екі адам. Олардың бірі көктемде саяжайына барып картоп отырғызды, ала жаздай суарып, күтіп баптады. Ал екіншісі саяжайына тек таза ауа жұтып демалуға ғана барады, картоп еккен, суарып, баптаған жоқ. Алғашқысы күз келгенде жақсы өнім жинайды, ал екіншісі өнімнен құр қалады. «Не ексең, соны орасың» дейді халық даналығы. Яғни, картобын егіп, баптаған адам өнім жинап, екпеген, баптамаған адам өнімнен құр қалатыны «екі жердегі екің төрт» дегендей ақиқат.

Өкінішке орай, бүгінде көп адамдар осы қарапайым ақиқатты түсінбейді. Мәселен, менің бір танысым бар. Жасы қырықты орталаған, бойы еңгезердей, аяқ-қолы балғадай. Өзінің айтуынша бойында жүз түрлі дерті бар. Қазір жұмыс істемейді.

Айтатыны: ана емшіге бардым, мына дәрігерге көріндім, анандай дәрі ішіп жатырмын. Қанша жыл өтсе де оның аурулары жазылатын түрі жоқ және жұмыс істемейтін еңгезердей жігіт әйелінің мойнында масыл болып отыр.

Бірде мен оған «жасың ұлғайған сайын тәнің әлсіреп, ауру меңдей бермек, одан құтылудың жалғыз жолы – салауаттылықты ұстанып, дене жаттығуларын жаса, таза ауада жүр, мұздай суға шомыл, қысқасы денсаулығыңды күт» дедім. Ол мұны құлағына қыстырмады. Қызығы сол, жыл өткен сайын жасы ұлғайып, соған орай әл-қуаты азайып бара жатқан, бойында жүздеген дерті бар ол болашақтан үміттенеді.

Тағы бір мысал. Меннен екі-үш жастай үлкендігі бар жігітпен Астанада жатақхананың бөлмесін жалдап тұрдық. Оның әйелі мен баласы Көкшетауда әйелінің туыстарының қолында тұрды. Өзі құрылыста жұмыс істейді. Тапқан ақшасын түгел тамағы мен киім-кешегіне, қыдыруға жұмсайды. Әйел-баласына еш көмектеспейді. Біз жатақханада төрт жыл бірге тұрдық.

Осы уақыттың ішінде мен жалақымнан үнемдеп біраз ақша жинадым. Содан 2005 жылы Көкшетауға қызметке ауысып, сол қаладан жинаған ақшамды қосып, қалғанына несие алып, пәтер сатып алдым. Ал көкшетаулық әлгі жігіт бүгінгі күнге дейін пәтер жалдап тұрып жатыр. Бүгінде пәтер бағасы шарықтап кетті. Оның қазіргі жалақысымен жүз жылда да үй сатып алуына мүмкіндігі жоқ. Бірақ сонда да ол болашақта баспаналы болатын шығармын деп үміттенеді.

Жалған үміт опындырады.

Мен жоғары оқу орнын сырттай бітірдім. Оқи жүріп, Алматыда бірқатар кәсіпорындарда жұмыс істедім. Жұмыс істеп жүрген кезімде пәтер алудың талай мүмкіндіктері болды, бірақ ішкі бір үн «басыңды ауыртып қайтесің, ертең оқу бітірген соң алдыңнан жол ашылады, баспана да, қызмет те болады» деп мүмкіндіктерді пайдалануға мүмкіндік бермеді. Ал оқу бітіріп, қызмет істей бастаған кезде заман өзгеріп, нарық келді де, тегін баспана деген көзден бал-бұл ұшты. Сол кезде баяғы мүмкіндіктерді неге пайдаланбадым, ақымақ болған екенмін-ау деп бармақ тістеп өкінуге тура келді.

Шынайы үміт игілікке жеткізеді

Мен қазір күнде таңертең мұздай суға шомыламын, содан кейін 40-50 минуттай дене жаттғуын жасаймын, ұйқы, тамақ кестесін сақтаймын. Нәтижесі – соңғы төрт-бес жылда бір рет те ауырған емеспін, тіпті тымау да тимейді. Дәрі сатып алмаймын, емханаға бармаймын. Ал бұрын сәл суық болса тамағым қабынып, тымау тиетін және тымау кем дегенде бес-он күнге созылып, әбден зықымды шығаратын. Тымаудан басқа да біраз ауруларым болды. Қазір солардың бәрінен арылдым.

Шынайы үміт – игілікке, жалған үміт – өкінішке жеткізеді.
Ұлы Абай «Алладан берекет, адамнан әрекет» дейді. Яғни, адам әрекет жасап, берекетті Алладан күтуі қажет. Бұл – шынайы үміт. Шынайы үміт түптің түбінде жақсылыққа, игілікке бастайды.

Ал еш әрекет жасамай, болашағы үшін еңбек етпей, сөйте жүре ертеңгі күннен «таңғажайып бақыт» күту – жалған үміттің жетегіндегі пенденің ісі. Қызығы сол, ондайлар өздерін дұрыс жолдамыз деп ойлайды және болашақта міндетті түрде «таңғажайып бақыт құсы» басыма қонады деп сенеді.

Аспанға қарап аузын ашып отырған адамның аузына құймақ өздігінен түспейді. Бәлкім құстың саңғырығы түсуі мүмкін, бірақ саңғырық құймақ емес.

 

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір қалдырыңыз

Яндекс.Метрика