1 005 көрілім

Мына дүниеде біз қандай байлыққа, атақ-даңқ пен игілікке қол жеткізбейік, күндердің күнінде бәрінен жұрдай болып айрыламыз. Бұл – ақиқат. Өкінішке орай, адамдардың 99 пайызы осы ақиқатты білмейді және білгілері келмейді. Күні кеше Австрияның түрмесінде ҚР Президентінің бұрынғы күйеубаласы, бұрынғы ҰҚК бастығының орынбасары, генерал, миллионер Рахат Әлиев өмірден өтті. Ауырып, болмаса басқа бақытсыз жағдайдан өлсе ештеңе емес, өзіне өзі қол салған деседі. Ғаламторда осылай жазды.

Семіздікті қой ғана көтереді.

Генерал формасын киіп, үлкен қызмет тұтқасын ұстаған, үлкен адамның туысы, бай-олигарх Рахат Әлиевке кезінде көп адамдар қызыға және қызғана қарағаны белгілі. Олардың бәрі «шіркін, біз де осындай болсақ» деп іштей күрсіне армандайтын. Міне, сондай «бақыттың ең биік шыңына» көтерілген адамның абақтыға қамалып, ақырсында өзін өзі өлтіруі – фәни жалғанның барлық игіліктерінің жалған, уақытша екендігін көзге шұқығандай тағы бір дәлелдеп берді.

Ал енді былай қарасаң, сонша игілікке қол жеткізген адамның Алланың бергеніне шүкіршілік етіп, отбасының ортасында бақытты тірлік кешуіне болатын еді. Бірақ, ешқашан да тойымды білмейтін және адам баласына ешқашанда тыныштық таптырмайтын «нәпсі» деген дұшпан «бұл жеткенің аз, мұнан да биікке жетуің керек» деп азғырып, ақырсында өзін сондай биікке көтерген туысына, туған еліне қарсы шығарып, билікті қарудың күшімен басып алуға әрекеттендірген.

Оны былай қойып, қызметін пайдаланып байлыққа қол жеткен кәсіпкерлерге қысым жасап, бизнесін тартып алумен айналысқан. Рахат Әлиевтің қанша адамның обалына қалып, қанша қылмыс, дін тілімен айтқанда күнә жасағанын Алла және содан кейін өзі ғана біледі.
Қалай болғанда да, 2008 жылы Қазақстан соты сырттай 20 жылға соттаған бұрынғы ҰҚК басшысының орынбасары біраз нәрсені бүлдіргені анық. Олай болмаған жағдайда 20 жыл мерзімге сотталмас еді.

Адамға өмірде не қажет?

Мына дүниеде «күн батқанға дейін аяғың жеткен жердің бәрін ал» деген жер иесінің сөзіне малданып, көбірек жерді қамтып қалуға жанталасқан, сөйтіп ашкөздіктің салдарынан зорығып өліп, бір құлаш шұқыр ғана бұйырған Толстойдың кейіпкері сияқтылар өте көп. Бар өмірі мен күш-қуатын, уақытын сарып қылып, тойымсыз нәпсіні қалай тойдырамын деген жалған үмітпен жанталасып жүріп өмірінің өткенін сезбей қалатындарды күн сайын көріп, олармен араласып жүреміз және өкінішке орай, солардың қателіктерін өзіміз де үнемі қайталап жатамыз.

Ал оның ақыры неге ұрындырады дейсіз бе? Жоғарыда айтқанымыздай, бәрінен бір-ақ сәтте жұрдай болып айрылуға. Олигарх, генерал, үлкен шенді қызметкер Әлиев деген адам енді жоқ. Оның байлығы да, атағы мен мансабы да адыра қалды. Тәні өлген соң тәніне қатысты бәрінен ол бір-ақ сәтте айрылды.

Бұл жағдай біздің бәріміздің басымызға туады. Қарапайым пенденің де, патшаның да, байдың да, кедейдің де бәрінің басына түптің түбінде МІНДЕТТІ ТҮРДЕ АЖАЛ КЕЛЕДІ. БҰЛ – АҚИҚАТ.

Егер біз осы АҚИҚАТТЫ өле өлгенше есімізде ұстасақ, жалған дүниенің игілігін қуып, нәпсінің құлына айналмаймыз. Имандылықты ту етіп ұстап, «малым жанымның, жаным арымның садағасы» дейтін қағидатпен тірлік кешсек, екі дүниеде де алдымыз жарық болмақ.

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір қалдырыңыз

Яндекс.Метрика