1 238 көрілім

шәйтанАдамзаттың ең басты және бітіспес дұшпаны – ібілістің ең бірінші және негізгі қаруы – жалғандық, яғни өтірік айтушылық екен. Оны Құранда «аса алдаушы» десе, Інжілде  «великий обманщик» дейді. Жалған сөйлеп, өтірік айту сайтанның айнымас табиғи қасиеті болса, бүгінде адамдардың көпшілігі сол сайтанның тәсілін айнымас серігіне айналдырып алған жайы бар.

Алдаудың үлкен-кішісі болмайды.

Адамдардың басым  көпшілігі, тіпті бәрі дерлік бір-біріне жалған сөйлеп, алдап жатады және мұны алдаушылық деп санамайды. Мәселен,  қазір қаптап кеткен тойларда тілек айтушылардың 99 пайызы өтірік сөйлейді. «Саған бақыт, денсаулық, ұзақ өмір тілеймін» деп ізгі тілектерді тізбелейтіндердің сөзі қаншалықты шынайы. Шындыққа тура қарап көрейікші. Шын тілекті тек ата-ана баласына, баласы ата-анасына немесе туыс-бауырларына, ең жақын жанашыр достарына ғана тілей алады емес пе. Ал бейтарап, жәй жүзтаныс адамдар бір-біріне шын жүрегімен тілек тілейді деген қаншалықты шындыққа жанасады?

Осыдан көріп отырғанымыздай, біздің ойын-тойларда, туған күндер мен мерейтойларда айтатын тілектеріміздің 99 пайызы өтірік болып шығады. Бірақ өтірікке етіміздің өліп кеткені соншалық,  біз мұны жалғандық деп санамаймыз және оны ұсақ-түйеке балап, адами тілмен айтқанда жаман іс, дін тілімен айтқанда күнә деп мойындамаймыз. Шындығында жалғандықтың үлкен-кішісі болмайды.

Сөз — қуат

Енді осы сөзімізді дәлелдеп көрейік. Қазақ сөздің киесі болады дейді. Шын мәнінде сөз – бұл қуат. Жәй қуат емес, бас жаратын, көз шығаратын және кез-келген тілек-армандарымызды нақты жүзеге асыратын өте қуатты қуат. Бұны бүгінгі ғылым да теріске шығармайды.

Сіз «Секрет» фильмін көрдіңіз бе? Көрсеңіз, менің не айтқалы тұрғанымды түсінген боларсыз. Ал көрмесеңіз, көруге кеңес берер едім. Бұл фильм ойдан шығарылған ертегі емес, нақты ғылымға, бүгінгі шарықтап дамыған физиканың бір саласы – квантты физикаға сүйене отырып құбылысты дәлелдейді.

Сөз – адамның ойының дыбыс түріндегі көрінісі. Егер ой, сөз және іс-әрекет бір жерден шығып  жатса, яғни адам шыншылдықпен өмір сүрсе, оның барлық ой-армандары, сөзі нақты іске асып отырады. Бұндай құбылысты әулиелердің кереметінен байқауға болады. Мәселен, өтірік айтуды білмейтін шыншылдықпен өмір сүретін әулие адам қара суды теріс ағыза алады дейді. Судың биіктен ылдиға қарай ағатыны белгілі. Ал ылдидан төбеге қарай су аққанын көргеніңіз бар ма? Әулие ылдидан төбеге қарай су ағыза алады. Ол үшін суға қарап: «теріс қарай ақ» десе жетіп жатыр. Бұл – ақиқат.

Сөзіңіз заттануы үшін кәміл сенім қажет

Өкінішке орай, адамдардың бәрі бірдей бұлай жасай алмайды.  Неге десеңіз, пенделердің көбінің ойы бір жақта, сөзі екінші, ал әрекеті үшінші жақта болады. Бірдеңені ойлап тұрған адам сол ойын емес, басқа жайды айтады. Мәселен, онша ұнатпайтын адамы болса да, әлгіндей ойын-тойларда немесе қызмет бабына байланысты әлгі жек көретін адамды мақтап, ағыл-тегіл ақ тілегін айтады.

Сондай-ақ, бүгін былай деп айтып, ертең сол айтқанына қайшы әрекет ететіндер көп. Бұндайлар әсіресе, саясаткерлердің арасында  өте жиі кезедседі. Ондайлар өтірік уәдені үйіп-төгіп беріп, ертеңіне бәрін басқаша жасауды «ақылдылық, данашпандық» санайтын болып алған сыңайлы. Жалпы «саясат» дегеннің өзі «өтірік, жалғандық» деген синонимді білдіретін болып алды.

Бүгінде ақша айналымы ең көп мекеме – форекс деп аталатын халықаралық валюта ауыстыру биржасы екен. Онда күн сайын 5 триллион доллар көлеміндегі ақша айналымы болады. Міне, сол мол ақша жүрген жерден қарпып табыс тапқысы келетіндер көп. Форексте валюта саудасымен айналысатындарды – трейдер деп атайды.

Сол трейдерлердің 97 пайызы салған ақшаларынан айрылып, шығынға батады екен. Тек 3 пайызы ғана ақшаны күреп тауып, байлыққа кенеледі. Мұның сыры неде дейсіз ғой. Өз басым форекс биржасында біраз уақыт сауда жасап байқап көрдім. Біршама ақшамды жоғалтқаннан басқа еш пайда таппадым. Біраз курстарды  оқып, істің мән-жайымен таныспақ болдым. Сонда ұққаным – валюта саудасында ешқандай жүйе, заңдылық деген жоқ. Бұл – сұраныс пен ұсыныс арқылы реттелетін жүйесіз жабайы сауда алаңы. Баға сәт сайын құбылып, бірде көтеріліп, бірде құлдырап жатады. Осындай жағдайда баға нарқына дәл болжам жасау еш мүмкін емес. Сонда әлгі 3 пайыз трейдерлер қалай  табыс тауып жүр?

Форекстен байып, миллионер болған ресйлік Андрияшин дегеннің  мақалаларын оқыдым. Оның айтуынша, форекс арқылы тұрақты табыс табу үшін ең бастысы нық сенім қажет. Иә, өзіңнің ақша табатыныңа, таңдап алған сауда стратегиясына кәміл сенуің қажет. Сонда ақша қалтаңа өзі құйылады. Өкініштісі сол, адамдардың 97 пайызында нық сенім жоқ. Олардың ұтылып, ақшаларынан айрылып жатуының себебі де сонда болса керек.

Жалғандық адамды жарға жығады

Кішкентай сәбиді жылағанын тоқтату үшін «кәмпит әкеп беремін» деп алдау да алдау, адамның жиған-тергенін алаяқтық жолмен сыпырып алу да алдау. Алдаудың үлкен-кішісі болмайды. Жалғандыққа бойы үйренген пенде шынайы сенімнен аулақ болады. Ал шыншылдықтан аулақ жанның айтқан сөзінің салмағы болмайды.

Индустардың атақты жыры Махабхаратаның бір кейпкері ағайынды Пандулардың анасы Кунти өмір бойы жалған сөз айтып көрмеген екен. Ол  қаскүнем патшадан қашып бойтасалап қайыршы кейпінде жүрген балалары деревняға барып қайыр сұрап келген соң «әкелгенімізді не істейміз?» деп сұрағанда «өзара тең бөлісіңдер» деп әдеттегіше жауап береді.

Ағайындылар бірақ бұл жолы үйлеріне жұрттан сұрап-алған азық-түлік емес, ағайындылардың біреуі Арджунаның сваямбара байқауына қатысып, патшаның қызын мергендігімен жеңіп алған сұлуды әкелген еді. Жалған сөйлемейтін аансының аузынан осы сөз шыққан замат ағайындылар өте қиын жағдайға тап болады. Олар енді  патшаның сұлу қызына бесеуі бірдей үйленуі тиіс болды және солай жасады да.

Сөз өте қуатты күшке айналады, егер адамның ойы мен сөзі және әрекеті  үнемі бір жерден шығатын болса.  Сөзіңіз бен әрекетіңіз бірдей болуы үшін сіз жылаған балаға «кәмпит әкелемін» деп айтсаңыз, міндетті түрде уәдеңізді орындауыңыз қажет. Егер басшы немесе патша халқына мынадай шаруа жасаймын деп уәде берсе, өлсін-тірілсін соны орындауы тиіс. Олай болмағанда сөзінің қуаты жойылады, яғни салмағы болмайды.

Жалғандық жалпы ережеге айналған заман

Атақты француз жазушысы Александр Дюманың «Үш ноян» деген кітабында ертедегі француз дворяндары бірдеңе деп уәде берсе, одан еш қолхат алмастан, сұрағанын беретін болғандығы жайында айтылады. Сол заманда дворяндар үшін сөзінде тұрмау өліммен тең болыпты.

Ал қазір жағдай қалай? Қарапайым пенделер түгілі, мемлекет басқарып отырған лауазым иелері, түрлі санаттағы басшылар мен депутат аталған халық қалаулылары өтірік айтуды еш айып, ұят санамайтын болып алды. Олардың кешегі айтқандары бүгінгі әрекеттеріне мүлдем қайшы келіп жатады. Бірақ оған ұялмайды және халық та еті өліп кеткендей мұны қалыпты жай деп санайды.

Ал жалғандық тізбекті реакция сияқты бүгін жалғандық  шыққан адамға біраздасын қайтып келеді. Жалғандықтың зардабын осылайша барша жұрт тартып жатыр. Банктер үстеме қосып халықты алдайды, саудагерлер бағаға баға үстемелеп, сатып алушылардың қалтасын қағады, басшылар пара алу үшін неше түрлі кедергілер қойып, жұртты ақша беруге мәжбүрлейді, ұры-қары, алаяқтар адамдардың  тер төгіп тапқан ақшаларын ұрлап, алдап немесе тартып алады. Осылайша, жалғандықтың зардабын барша жұрты тартады.

Осы жайға қарап, адамдар Аллаға емес, сайтанға табынып, соған қызмет етіп жатқанын бағамдайсың. Егер пенде Жаратқанға сенсе, Оның қахарынан қорықса өзін де, өзгелерді де ешқашан алдамас еді. Егер жалған сөйлеп, алдауды серік етсе, ондай адам ІБІЛІСТІҢ ҚҰЛЫ болып жүр деген сөз.

Сұрақ: Сіз кімге қызмет етіп жүрсіз? Аллаға ма, ібіліске ме? Шындыққа тура қарап шынайы жауап беруге тырысып көріңіз. Егер теріс жолда болсаңыз, әлі кеш емес, райыңыздан қайтуға. ОЙЛАНЫҢЫЗ!!!

 

 

 

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір қалдырыңыз

Яндекс.Метрика