803 көрілім

шәйтанАдамдардың көбі өтірік айтып, жалған сөйлеуге бейімделіп алғаны сонша, олар өздерін жалған айтып тұрмыз деп санамайтындай дәрежеге жеткен. Саналарына жалғандықты сіңіріп алған пенделер сырт көзге көрініп тұрған өтіріктерін өздері көрмейтін, сезбейтін күйде. Ондайлар тәтті өтіріктен, ащы шындықтың артық екенін мүлдем түсінбейді.

Өтірік адамды айналасына сүйкімсіз етеді

Таяуда бір кісінің асына бардым. Ол қызмет еткен мекемені басқарған адамға марқұм қатты ренжіп, қайтып әлгі мекеменің есігін ашпай кеткен еді. Бұның бәрі сол мекеменің басшысының кінәсінен болғандығын жұрт жақсы білетін. Міне, сол мекеменің басшысы өзі ренжіткен марқұмның асында асабаның міндетін атқарып, көсіліп сөйледі.

Ол бір кезде қатты ренжітіп, көңілін қалдырған, өлгенше сол ренішін ұмытпаған марқұмды көпірте мақтап, өзін оған да, басқа қарамағандағы адамдарға да аса үлкен қамқоршы ретінде көрсетуге тырысты. Оны танымайтын адамдар әлгі бастықты шынында да сондай қайрымды, қамқор адам деп қабылдаған сияқты. Дегенмен, оны жақсы білетіндер мына айтқан өтіріктеріне іштей ызаланып, жиіркеніп отырды.

Шындығын айтқанда, өтірік адамды айналасына сүйкімсіз етіп, қадірін қашырады. Әншейінде бастығының сыртынан ит терісін басына қаптайтын бір танысым, басшысымен кездесе қалғанда асты-үстіне түсіп, елгезектіктің керемет үлгісін көрсетіп жатады. Бұнысы оны жақсы білетін басқалардың жиренішін туғызып, әлгі адамның қадірін қашырады. Бірақ, өз өтірігін шын деп сезінетін және бұнысын өзгелер мүлдем сезбейді деп санайтын ол өзін ақылды, қу адамға балап, өз өзіне көңілі толып, разы болып жүреді.

Жалғандық неге жарға жығады?

Бір қарағанда шындықты айтып, басыңа бәле тілеп алғанша, жалған сөйлеп, басшылардың да, басқалардың да көңілін тауып, соның арқасында жақсы қызметке, жалақыға қол жеткізу артық сияқты сезілетіні рас. Бірақ та, түптің түбінде жалғандық бәрібір сізге міндетті түрде залалын тигізбек.

Құранда «кімде кім біреуге жамандық жасаса, сонша жамандыққа ұшырайды, ал жақсылық жасаса сонша жақсылық табады» деген аят бар. Бұны буддашылар карма заңы деп атайды. Оның мәні: не ексең, соны орасың деген халық даналығына келеді. Яғни, сіздің әрбір жақсы, не жаман әрекетіңіз болашақ өмір жолыңызды қалыптастырады. Өтірік айтып, жалғандыққа баратын пенде сонысымен айналасындағыларға белгілі дәрежеде залалын тигізбек. Ал, оның соңы Алланың айнымас заңы бойынша міндетті түрде залалға ұшыратады.

Әулиелердің кереметтері жайында халық арасында сақталған әңгімелер көп. Әулие деген бойында қасиеті бар тақуа, діндар адам. Ал олардың дегендері неге орындалады? Оның мәні мынада екен: әулие адам ешқашан жалған сөйлемейді. Ал шыншыл адамның айтқаны айнымай келеді екен. Ондай адамның сөзіне табиғат та мойынсұнып, егер әулие өзен суын төменнен жоғарыға қарай ақ десе, су оның дегеніне көніп, жоғарыға қарай ақпақ.

Сол сияқты, шыншыл адам айналасындағылармен де, табиғатпен де үндесіп, жақсы қарым-қатынаста болмақ. Осыған орай, ондай адамдар бұл дүниеде игілікке кенеліп, бақиға аттанған соң жұмақ нәсіп болмақ.

Жалғандық деген жанған от,

Жандырады арыңды,

Жалған айтып жалынсаң,

Жан тыңдамас зарыңды, -деген сөз бекер айтылмаған.

Мынаны есңізде мықтап сақтаңыз: жалғандық немесе өтірік айту бұл САЙТАННЫҢ АЙНЫМАС ҚАСИЕТІ. Ібілісті Құранда «аса алдаушы» дейді. Яғни, сайтанның басынан бақайына дейін жалғандықтан тұрады және оның табиғаты жалғаншыл, сайтан өтірік айтпаса жүре алмайды.

Түйін: егер сіз жалған сөйлеуді әдетке айналдырып, өтіріксіз жүре алмайтын болсаңыз – онда сіздің табиғатыңыз сайтани деп қортынды шығаруға болады. Ал сайтани табиғатты адам бұл дүниеде өзіне де, өзгелерге де үлкен залалын тигізіп, өлген соң тозақтың отыны болады. Егер жалғандыққа жақын болсаңыз, әлі де кеш емес, шыншылдыққа жүзіңізді бұрыңыз. Шындық сізді екі дүниенің де игілігіне жеткізеді.

 

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір қалдырыңыз

Яндекс.Метрика