2 718 көрілім

Ақиқатты білу адамға не береді? Ең алдымен сіз өзіңізге шынайы бақыт және игілік әкелетін дұрыс жолды таңдайтын боласыз. Дұрыс жолға түскен адамның жетер жеріне жететіні анық. Ал ақиқатты білмеген жан теріс жолға түсіп, әу бастан адасады, сөйтіп игілікке де, бақытқа да ешқашан жете алмайды. Ақиқат дегеніміз не? Ол жан мен тән туралы толымды білім және түсінік.

Адамның ең үлкен қателігі

Адамның ең үлкен қателігі – өзін тәнмін деп санап, соған орай тіршілік ететіндігі. Адамның бар бақытсыздығы мен өмірде тататын азабы мен тауқыметінің бірден-бір қайнар көзі – осы қате түсінікте жатыр. Неге дейсіз бе? Оған көзіңізді жеткізу онша қиын емес.

Тәнге не қажет? Тән белгілі бір температурада өмір сүруді қалайды, оған киім, тамақ, ұйқы қажет. Осыны қамтамасыз ету үшін сізге үй, азық-түлік, жататын жайлы төсек пен сәнді жиһаз керек. Оның бәрін алу үшін жұмыс істеп, ақша табуға тиіс боласыз.

Тәннің қажеті мұнымен бітпейді. Тән үшін ең үлкен қажеттіліктердің бірі – жалпақ тілмен айтқанда жыныс жақындығы. Жыныс жақындығынан адам үлкен рахат сезімін алады. Тән ләззатына деген құштарлық адамды үйленіп, отбасы құруға, дүниеге келген балаларын асырап-өсіруге мәжбүрлейді.

Тәннің қажеті мұнымен де шектелмейді. Тәнге нәзік формадағы – музыка тыңдау, өнер туындыларын тамашалау, ғылыммен, шығармашылықпен айналысу сияқты нәрселер де қажет. Бұның бәрі тамақ, су, ауа сияқты тәннің тірлігі үшін керек болмаса да, көңіл рахаты үшін қажет болады.

Оған қоса, тәнге мансап, атақ-даңқ, байлық сияқты фәни жалғанның игіліктері де керек. Осылардан түйеріміз: тәнге өте көп нәрсе қажет және оның бәрін қамтамасыз етуге біздің шама-шарқымыз онша жете қоймайды. Сондықтан да, сол үшін бар өмірімізді, күш-қуатымыз бен қабылет-қарымымызды жұмсауға тиіс боламыз. Жолымыз болып, қалағанымызға қол жеткізсек қуанып, керісінше болғанда қайғы тартып жатамыз.

Тәнге қажеттіліктердің өте көптігіне сай, мынаған жетсем деген арман-мақсат та көп болады. Соған орай, жете алмаған мақсат-мұраттарымыз бізді қайғы-қасыретке ұшыратады. Сондықтан да, мына фәниде адам баласы аз қуанып, көп қайғы шегеді.

Қате түсінік құрдымға құлатады.

Материалистік ғылымның пікірінше, адам табиғи дамудың жемісі. Ақыл – мида болады. Осы түсінікке сай, адамның шынайы «мені» — тән. Ал енді осы түсінік бойынша «менді» іздеп көрелік. Мәселен, сіз бақытсыздыққа ұшырап, аяғыңызды кесті дейік. Бір аяқсыз қалған сіздің «меніңіз» азая ма? Жоқ. Сіз аяғыңыз бар кездегідей ойлап, солай әрекет жасайсыз, ақыл-ойңыз еш кемімейді.

Екі аяғы жоқ адамдар да бар, тіпті екі аяғы мен екі қолы жоқ жандар да кездеседі. Денесінің жартысы жоқ ондайлардың «мені» жартыкеш болып қала ма? Жоқ. Олардың ақыл-ой деңгейі сол баяғы қол-аяғы сау кезіндегіден еш өзгермейді. Сонда «меннің» тұрағы қайда? Ғылымның пікірінше «мен» мида болады.

Бұл пікірдің терістігін анықтау онша қиын емес. Мәселен, адамдардың бәрі «менің аяғым, менің қолым, менің жүрегім, менің миым» деп мүшелері мен ағзалары туралы айтып жатады. «Мен мимын» деп айтқан адамды жалпақ тілмен айтқанда ақыл-есі ауысқан жынды дейді. Ендеше, менің басым, менің миым» деп айтатын «мен» кім және оның тұрағы қайда?

Шынайы «мен» — жан.

«Менің басым, аяғым, қолым, миым» дегенді айтатын шынайы «мен» — ол жан, немесе рух. Бһагавад Гитада жан туралы жан-жақты түсінік берілген. Жанның мекені – жүрек. Адам «мен» деп кеудесін, яғни жүрек тұсын соғады. «Мен» деп миы орналасқан төбесін ұстап көрсететін жан бар ма?

Жанның табиғаты тәнге мүлдем қарама-қарсы. Оған жылудың да, үй-жай мен отбасының, мансаптың, атақ-даңқ, байлықтың да көк тиындық құны жоқ. Жанға жалғыз керегі – Жаратқанға махаббатпен біріліп құлшылық ету. Құранда «Мен жын мен адамзатты Өзіме құлшылық етулері үшін жараттым» дейді Алла. Яғни, адамның табиғаты – Аллаға құлшықық ету. Бұл – адамның, яғни шынайы «меннің» табиғаты.

Міне, осы ақиқатты түсінген адам бірден түзу жолға түседі және екі дүниеге де игілік әкелетін пайдалы істермен айналысады. Ол нәпсінің құлақ кесті құлына айналып, тойымды білмейтін нәпсіні, яғни, тәннің қажеттіліктерін қанағаттандырамын деп бар уақытын, күш-қуаты мен өмірін сарып қылмайды. Жаратқанның бергенін қанағат тұтып, бақытты тірлік кешеді.

Жан туралы толымды ақпаратты «Жан мен тән» электронды кітабынан таба аласыз. Ол кітапқа тапсырыс беру үшін kalkoz25@mail.ru электронды поштасына немесе 77013001474 ұялы телефонына хабарласуға болады.

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір қалдырыңыз

Яндекс.Метрика