73 көрілім

Қазір жастар арасында намаз оқып, мешітке баратындар қатары көбейді. Жұма намазына мешітке баратындардың көпшілігі жастар екенін көріп жүреміз. Бір қарағанда бәрі де жақсы, дұрыс сияқты. Жастарымыздың арақ ішіп, теріс жолға түспей, намаз оқып, дін исламға жүзін бұрғаны ата-ана үшін де қуаныш емес пе. Бірақ оның астарында сол жастарымызға залалын тигізетін жаман нәрсенің жатқанын онша байқай қоймаймыз.

Білімсіз дін – еліктеу ғана

Пайғамбарымызға Жәбірейіл періште арқылы түсірілген ислам дінінің қасиетті кітабы — Құранның алғашқы аятының «Оқы» деген сөзден басталуы тектен-тек емес сияқты. Яғни, қасиетті кітапты санаңмен түйсініп, оқып білу қажет деген ұғым жатқан жоқ па бұның астарында.

Егер діннен ғылыми түсінікті алып тастасаңыз, ол жалаң еліктеу болып қалады. Ал ғылымның өзі діннен бөлектенгенде тамырынан айрылған ағаш сияқты жасанды теорияға айналады. Атейстік түсініктің бәрін қазіргі ғылым ақырындап теріске шығаруда. Таяуда Түркия мемлекеті мектеп оқулығынан Дарвиннің эволюциялық теориясын алып тастады. Бұндай өзгеріс басқа елдерде де, оның ішінде біздің елімізге де күндердің күні келері анық. Өйткені, Дарвин теориясы жасанды және өмірден аулақ екенін қазір ғылымның өзі мойындап отыр.

Ғылымда «Философия ғылымдарыдң ғылымы» деген түсінік бар. Шын мәнінде ғылымдардың ғылымы философия емес, ДІН. Иә, діни кітаптан сіз барлық сауалыңызға жауап таба аласыз. Өкінішке орай, қасиетті кітапты жаттап алып, оны соқыр сенімнің құралына айналдырған дүмшелер Құранның мән-мағынасын мүлдем түсінбейді. Бұның зардабын санасы толық қалыптаспаған жастар тартуда.

Қазіргі ислам дінінің негізі неде? Ол көбіне соқыр сенімге негізделген. Иә, сіз имам мен молданың айтқанын еш күмәнсіз қабылдауыңыз қажет және ұзақ жылдар бойы қалыптасып қалған діни түсініктерді күмәнсіз солай деп түсінуге тиіссіз. Өз бетіңізше Құранды оқып, түсінуге, көкейіңіздегі күмәнді сауалдарыңызды бүкпесіз түгел қоюңызға болмайды. Онда кәпір атанасыз.

Дінді  біліммен ұстаныңыз

Егер сізде білім болмаса, онда өзгелер сияқты намаз оқып, ораза ұстау арқылы кәміл мұсылман боламын деген ойдан аулақ болғаныңыз жөн. Неге десеңіз, біліміңіз болмағандықтан, сіз беделділеу деген кез-келген адамның соңынан  оңай ілесіп кетесіз. Ал қазіргі ислам дінінде Қасиетті дінді бұрмалаған теріс ағымдар өте көп.

Егер сіз сондай ағымдардың ықпалына түссеңіз, қайта түзу жолға оралуыңыз қиын болады, тіпті мүмкін болмай қалады. Өйткені, теріс түсінік санаңызға әбден сіңіп, смізді шырмауықша шырмайды да, одан өле-өлгенше құтыла алмайсыз.

Мен Құран кітабын кем дегенде оншақты рет оқып шықтым. Қазақшасын. Араб тілін білмеймін. Сонымен бірге, христиандардың Інжілін, иудейлердің Тәуратын да оқыдым. Веда ілімінің қайнар көзі саналатын Бһагавад Гита мен Шримад Бһагаватамды да әлденеше рет оқыдым. Сонда түйгенім: бұл кітаптардың бәрі Алланың ақиқатын жеткізетін Қасиетті Кітаптар. Және көңілге түйгенім: егер сіз Құранды түсінгіңіз келсе, осы аталған кітаптарды түгел оқыңыз, сонда Құран тылсымын ақырындап аша бастайды.

Осы кітаптарды оқи жүріп, менің ұстанымым берік қалыптасты. Мен Жаратушы Аллаға нық сенемін және сәлафи, уахаби сияқты теріс ағымдарды ұстайтындардың сөзін ешқашан құлағыма ілген емеспін. Яғни, ондайлардың маған ықпалы жоқ.

Егер сіз ислам дінін ұстанғыңыз келсе, әуелі Құранды оқып, түйсінуге тырысыңыз. Басқа да Қасиетті Кітаптарды оқыңыз, салыстырып, ой таразысына салыңыз. Осылай еткенде сіздің ұстанымыңыз қалыптасады. Содан кейін барып  намаз оқып, дін жолын ұстануыңызға болады. Ол кезде сіз жақсы мен жаманды айырып, теріс ағымдардан аулақ жүретін боласыз. Әйтпеген жағдайда, бос еліктеудің ақыры жамандыққа ұрындырары анық.

 

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір қалдырыңыз

Яндекс.Метрика