1 071 көрілім

есек1«Әлін білмеген әлек» дейді халық нақылы. Бүгінде әлін білмейтін, өз мүмкіндігі мен қарым-қабілетін ескермейтін, әліне қарамай шамасы жетпейтін істерге ұмтылатын жандар көбейді. Ондайлар өздеріне ғана емес, айналасындағы басқаларға да үлкен залалын тигізіп жатады. Дегенмен, жауапкершілік жүгін, өзінің қабылет-қарымын ескермейтін пенделер мына суреттегі есек сияқты күлкілі жағдайға түскенін сезбейді.

Азат басың болсын құл

Белгілі сатрик Иван Крыловтың бір мысалында «Азат басың болсын құл, Қолдан келмес іске ұмьыл» деген жолдар бар. Сол сияқты қолынан келмейтін істерді мойындарына алып, өзін де, өзгелерді де қинап жүретін адамдар бүгінде қай жерде де кездеседі.

Қолынан келмейтін істі мойнына алып, өзіне де, басқаларға да үлкен залал келтірудің ең айқын мысалы ретінде Украинаның бұрынғы президенті Виктор Януковичті алуға болады. Бір емес, екі рет тақ таласына түскен ол, екінші ретте жеңіске жетіп, президент болды. Бірақ, қолынан келмейтін істі мойнына алған ол көп ұзамай бұрынғы КСРО республикаларының арасындағы көшбасшыларының бірі саналатын іргелі елдің берекесін кетіріп, шаңырағын шайқалтып кетті.
Мұндай өз әлін білмейтін мансапқор пенделер біздің елімізде де аз емес. Үлкенді-кішілі мекемелер мен ұйымдардың басшыларының арасында сондай әлін білмейтін әлектер жетерлік. Не білім-біліктілігі, не қажыр-қайраты жетпейтін істі қолына алып, «жібекті түте алмай, жүн қылып» жүргендер бар.
Мен осыдан бірнеше жыл бұрын Астананың іргесіндегі «Родина» деген серіктстікте болдым. Оның басшысы Иван Сауэр деген азамат шаруашылықты шарықтата дамытып, халықтың жағдайын керемет жасап қойған. Ал бұл кеңшар кезінде Целиноград ауданындағы ортақол ғана шаруашылықтардың бірі болған екен. Адамдардың жалақысы Елордадағыдан жоғары, одан қалды қосалқы шаруашылықтары үшін тұрғындарға үнемі көмек көрсетіліп тұрады. Осы ауылдан оқуға түскен студент жастардың бәріне шаруашылық стипендия төлейді. Мектеп, кітапхана, клуб, емхана – бәрі қаладағыдай деңгейде.

Әркімнің қабылетіне қарай

Кеңес заманында «әркімнің еңбегіне, әркімнің қабілетіне қарай» деген ұран болушы еді. Бүгінде кеңестік билікпен қоса, бұл түсінік те келмеске кеткен сыңайлы. Жоғары оқуды (мейлі шет елде болсын) жаңа бітірген жап-жас қыз-жігіттер биік лауазымды қызметке тағайындалады. Жә, жастар өссін-ақ, бірақ биікке баспалдақ арқылы біртіндеп шықпайтын ба еді?
Мәселен, сіз үйдің төбесіне шығу үшін баспалдақпен ақырындап көтерілесіз. Ал қазіргі жастардың көтерілуі қызық. Оқу бітіреді де бірден мансап баспалдағының белортасынан бір басып, сосын ең биік төбесіне бір-ақ секіріп шығады. Екі аттап биікке жетеді. Бұл – мүмкін бе? Қисын қайда?
Құранның «Бақара» сүресінде Алла «мен адамдарға шамасы жеткенді ғана жүктеймін» деген аят бар. Жаратқанның өзі адамдардың хал-қадеріне, мүкіндігі мен қабілет-қарымына қарайды екен. Яғни, бұл өмірлік қажеттілік деген сөз. Әркімнің қабылет-қарымына, білім-біліктілігіне қарай жауапкершілік жүктелсе, сонда ғана іс алға басады. Ал қауқарсыз жанға жүткелген жауапкершілік мына суреттегі есектің ахуалына ұшыратады. Өз салмағынан бірнеше есе ауыр жүк артылған арбаға тиелген есек байғұс, арбаның салмағымен жоғары көтеріліп, аяы салбырап асылып тұр. Ол қозғала да, арбаны сүйрей де алмайды.
Дәл осы есектің халіндегі басшы болып жүрген пенделер өмірде аз емес. Ондайларды қай-қайсымыз да көріп, олар жайлы естіп жүреміз. Мансап деген жақсы-ау, бірақ әркім өз мүмкіндігін, білімі мен біліктілігін ескеруі қажет. Сонда Крылов айтқандай «қолдан келмейтін іске ұмтыламын деп азат басың құл» болмайды.

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір қалдырыңыз

Яндекс.Метрика