1 058 көрілім

23Ресейлік ұрдажық саясаткер Жириновскийдің тағы бір басбұзар әрекеті теледидардан көрсетілді. Көзі ұнамады ма, сөзі ұнамады ма ол бір журналист қызға шүйлігіп, жер-жебіріне жеткені өз алдына, өзінің нөкерлерін журналист қыз-келіншектерге қарай «қане, сүйісіңдер» деп итермеледі.
ТМД аумағына тегіс таралған осы көріністен кейін РенТВ телеарнасынан Владимир Жириновскийдің осы оспадарлығы үшін қалай кешірім сұрағандығы көрсетілді. Жириновский мырза бұл әрекеті үшін еш өкінбегені, тіпті оның ұят екенін сезінбегені анық көрініп тұр. Ол бәріне бойындағы атадан келе жатқан «ген» кінәлі деген уәж айтты.

Жауапкершіліктен тайқу – сайтанның құрығына түсу.

Ресейлік айқайшы саясаткер Жириновскийдің жоғарыдағы әрекетіне тоқталып отырған себебіміз — бұндай көзқарастың қоғам үшін үлкен қауіптілігін көрсету. Бһагавад Гитада ұлы адамдар қандай әрекет жасаса, басқалар да сондай әрекет жасайтындығы айтылады.
Ресей сияқты үлкен елдің құзыретті органы Дума төрағасының орынбасары, ЛДРП сияқты саяси партияның серкесі Жириновскиидің осындай әрекет жасап, оған ұялудың орнынан бәріне «ген» кінәлі, қызу қандымын деп жауапкершіліктен жалтаруы ертең оған еліктейтін мыңдаған, миллиондаған адамдарды тудыратыны даусыз.

Ал енді Жиринвскийтің жоғарыдағы философиялық түсінігіне назар аударып, оның қаншалықты салдары болатындығына ой жүгіртіп көрелік. Қазақша айтқанда ата сақалы аузына түскен 60-тан асқан адамның, жәй адам емес ел тізгінін қолына ұстаған білдей басшының қазанбұзар тентектігі ақыл-есі бар пенде үшін жерге кірердей ұят шаруа.

Ал Жириновский мырза осы оспадарлығы үшін ұялмайды да, оған өкінбейді де. Неге десеңіз, айтар тамаша уәжі бар: «генім», яғни атадан берілген қаным сондай. Егер осы пәлсапаға салып қарар болсақ, адам өлтірген қылмыскер де «генім сондай, қызу қандымын, шыдай алмай өлтірдім» деп өзін ақтап алар еді. Маскүнем, жезөкше, ұры, алаяқ – бәрінің аталмыш философия бойынша айтар уәждері дап-дайын.

Имандылықтың басты тұтқасы – жауапкершілікте.

Кез келген дәстүрлі дінде адамға жүктелер үлкен жауапкершіліктер бар. Оның істеуге тиіс парыздары, бас тартатын күнәлі істері, ішіп-жеуге болатын және болмайтын тағамдары – бәрі діни шартта анық көрсетілген. Яғни, оның бәрі адамға үлкен жауапкершілік жүктейді. Діни парыздарын орындап, шариғат жолымен жүрген адамның жүрегіне имандылық ұяламақ.
Имандылық дегеніміз не? Ол сабырлылық, қайрымдылық, төзімділік, қанағатшылық, кешірімшілік, кішіпейілділік, жомарттық, жалпы алғанда адамға тән барлық ізгі қасиеттер. Мұның бәрі діни шарттарды орындау арқылы, яғни жауапкершілікті сезіне жүріп, өз міндетін адал атқару арқылы келеді.

Жириновскийдің философиясы — сайтанның философиясы. Ібіліс адамды барлық жауапкершіліктен бас тартуға үгіттейді. Бүгінде осындай түсінікке малданып жүретіндер аз емес. Өзі таптырған баласына алимент төлеуден қашатын «әкелер», халық сеніп тапсырған міндетін ақша табудың құралына айналдырған жемқорлар, тәнін саудалап, оны ақша табудың құралына айналдырған жезөкшелер, өз жынысының өкілдеріне қызығатын гомосексуалистер – бәрі де «бұған біз кінәлі емеспіз, геніміз сондай, Құдай бізді осылай жаратты» деген уәж айтады.

Адамды өзгертуге бола ма?

Ұлы Абай «адамды тәрбиелеуге болмайды дегеннің тілін кесу керек» дейді. Кез келген адам өз мінез-құлқын, тағдырын өзгерте алады. Алла оған осындай мүмкіндікті берген. Егер біздің мінез-құлқымыз, тағдыр жолымыз әу баста белгіленіп қойған болса, оны өзгерту мүмкін болмаса – онда мына өмірдің еш мән-мағынасы қалмайды.

Бұндай жағдайда қасиетті кітаптардың да, діни шарттарды орындаудың да мәні толайым жойылады. Өйткені, маңдайыңа о баста дінсіз, күнәкар болып өту жазылған болса, сен қанша тырысқаныңмен иманды бола алмайсың. Оны өзгерту мүмкін емес. Шындығында солай ма? Жоқ. Әр адам өз тағдырын өзі жасайды. Құранда «алдарыңнан екі жол қойдық» деген аят бар. Күнәкарлық жолмен жүріп тозаққа түсе ме, әлде имандылықты серік етіп жұмаққа кіре ме – әр адам өз тағдырын өзі шешеді.

Жауапкершіліктен қашып, «генім» солай, тағдырыма жазылғаны осы дегенді желеу етіп, сайтанның тіліне ермеңіз. Жириновскийдің философиясы өзге түгілі, өзіне де еш абырой әпермейтіндігін өмір көрсетіп берді. Адуындымын, ешкімге дес бермей, бәрін табаныма салып илеймін деп шіренген Жириновский жоғарыдан қысым көрген соң амалсыз телеканалдың офисіне барып, журналистен мүләйімсіп кешірім сұрауға мәжбүр болды.

Сайтанның тіліне ерсеңіз, жауапкершіліктен қашып, нәпсінің жетегінде кетсеңіз, бұл дүниеде де, ол дүниеде де үлкен өкініште қалатын боласыз. Бұл – ақиқат.

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір қалдырыңыз

Яндекс.Метрика