598 көрілім

өзіндік даму1Өзін өзі жетілдіру ілімінің білікті маманы, осы саладағы көптеген кітаптар мен аудио-видеокурстардың авторы Алекс Яновский табысқа жетудің бір негізі ретінде «жеңіс күнделігін» жүргізуді ұсынады. Оның мәні неде? Сіз күн сайын сол күні жасаған 3 жақсы және пайдалы ісіңізді күнделік  түрінде жазып отырасыз.

Жеңіс күнделігі не береді?

Мен екі айдан бері жеңіс күнделігін жүргізіп келемін. Рас, арасында іссапарларда болғанда бірер күн жаза алмаған сәттерім болды. Дегенмен, күн сайын кешкілік сол күні жасаған 3 пайдалы шаруаны жазып, оның өзіме не әкелетіндігін нақтылауға тырысамын.

Ал, енді «жеңіс күнделігін жүргізу не береді?» деген мәселеге келсек, ең алдымен, жадыңызды, яғни есте сақтау қабілетіңізді жақсартады. Сіз күнде кешкілік сол күні жасаған пайдалы 3 ісіңізді бүге-шігесіне дейін есіңізге түсіріп, оның қандай пайда әкелетінін дәлелдеп жазып шығуыңыз қажет.

Екіншіден, сіз жеңіс күнделігіне бүгін не жазамын деп күнұзақ ойланып, соған жазатын лайықты жақсы шаруа жасауға талпынасыз. Осылай ете отырып, уақытыңызды босқа өткізбей, пайдалы іспен айналысуға тырысасыз.

Үшіншіден, жазған күнделігіңізге қарай отырып, күн сайын пайдалы шаруаларды атқарып жүрмін, ендеше белгілі уақыттан кейін сол істерімнің жақсы нәтижелерін көремін деген үмітте боласыз. Ал, ертеңнен жақсылық күту, содан үміт ету өмір жолыңызды ашып, жақсылықтарға жеткізуге жағдай жасамақ.

Төртіншіден, күн сайын пайдалы істер жасап жатырмын, сол істерім маған міндетті түрде пайда әкеледі деген сенімді санаңызға сіңіресіз. Осылайша болашаққа, өзіңіздің қабілет-қарымыңызға деген сеніміңіз артады. «Сеніммен тау қопаруға болады» дейді ежелгі грек ойшылы Платон. Яғни, сенім ертеңгі жарқын болашағыңызға жол ашатын тылсым кілт. Сіз «жеңіс күнделігін» жүргізу арқылы сондай тылсым кілтке ие боласыз.

Себеп салдар заңы

Американдық қайыршыдан миллионер болған өзін жетілдіру саласының әлемге танымал білгірі Брайан Трейси ментальдық негізде жұмыс істейтін 7 түрлі заң жайында айтады. Соның бірі – себеп-салдар заңы.

Егер айналамызға зер салып қарайтын болсақ, әрнәрсенің себебі және одан туындайтын салдары болатынын көруімізге болады. Трейсидің айтуынша, адамның ақыл-ойы себеп те, оны қоршаған орта салдар болып табылады. Сіз қандай ортада, қандай адамдармен араласып, қалай өмір кешесіз – бұның бәрі ақыл-ойыңыздың жемісі дейді Трейси.

Адам ақыл-ойын өзгерту арқылы қоршаған ортаны, тұрмыс жағдайын өзгерте алады деп санайды Трейси.  Жоғарыда айтылған «жеңіс күнделігі» ақыл-ойыңызды өзгертуге игі ықпалын тигізбек. Күнделік жүргізу арқылы сіз өзіңізге пайдасын тигізетін, болашағыңызға игілік әкелетін істерді жасап жүрмін деп өзіңізге деген сеніміңіз, құрметіңіз артады және болашақтан жақсы өзгеріс күтесіз және сол үмітіңіз ақталып шындығында жақсы нәтижеге жетесіз.

Бұған себеп-салдар заңы ықпалын тигізеді. Өйткені өзіне, ертеңгі күніне пайдасын тигізетін пайдалы іспен айналып жүрген адам болашақта сол істеген әрекеттерінің нәтижесімен қауышары даусыз.

Өкінішке орай, адамдардың көбі «кездейсоқтық заңымен» өмір кешеді. Олар өздерін ертеңгі күні не күтіп тұрғанын білмейді және олардың үміті еш негізсіз «бәлкім бақ құсы басыма кезедйсоқ қонып, бір жақсылық болар» деген сияқты ештеңеге негізделмеген бұлыңғыр болып келеді. Сондықтан, ондай адамдардың жақсы табысқа жетуі екіталай.

Өз басым жеңіс күнделігін жүргізген уақыт аралығында күн сайын пайдалы кем дегенде үш іс жасауға әдеттендім. Қазір мен үшін жеңіс күнделігін жүргізу, оған жазатын пайдалы істерді тізбелеп жазу еш қиындық келтірмейді. Тағы бір жағымды өзгеріс: күнделік жүргізук пайдалы шаруалармен айналысуға құлшындырады екен.

Түйін: Өміріңізді өзгерткіңіз келсе, өзіңізге, болашағыңызға жағымды өзгеріс әкелетін пайдалы істермен айналысуға өзіңізді ынталандырамын десеңіз, онда «жеңіс күнделігін» жүргізіңіз. Оны жүргізу оңай: ең алдымен сол күнді, айды, жылды жазып, астына сол күні өзіңіз жасаған 3 пайдалы деп санайтын ісіңізді жазыңыз. Бұл әдетті күнде жалғастырып, үзбей жүргізіп отырыңыз және өткенде жасаған істеріңіз туралы үнемі оқып отырыңыз. Бұл сізді күн сайын пайдалы шаруалармен айналысуға жігерлендіріп, құлшындырады. Ал пайдалы шаруалармен айналысу міндетті түрде сізге болашақта пайда әкеледі.

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір қалдырыңыз

Яндекс.Метрика