387 көрілім

ақшаБиылғы жылдың алғашқы алты айында жемқорлыққа қарсы күрес органдарының мәліметінше еліміздің лауазымды тұлғалары 150 миллиард теңге қазына қаржысын ұрлапты. Ал енді осы қаржыға 100 мектеп немесе 40 аурухана салуға болады екен. Осыған қарап, еліміздегі жемқорлықтың қаншалықты асқынып тұрғанын бағамдау қиын емес.

Жемқорлықтың екінші атауы – ұрлық

Жемқор деп атап, айдар тағып айтып жатсақ та, оның шын атауы – ұрлық екенін жұрт жақсы біледі. Сондықтан, галстук тағып, кәстөм киген жемқор шенеунік те, көшедегі жұрттың қалтасына түсетін баукеспе ұры да бір. Жемқор да баукеспе сияқты жеке адамдардың да, мемлекеттің  де қалтасына түседі және баукеспе ұсақ-түйек алса, жемқор миллиондап, тіпті миллиардап  ұрлайды.

Ұрының екінші атауы – қылмыскер. Иә, ұрлықты кәсіп еткен баукеспе де, жемқор да – қылмыскер. Осы тұрғыдан алып қарағанда, түрмеде жазасын өтеп жатқан ұрлық істеген қылмыскерлерді де, миллиардтап пара алған немесе қазына қаржысын ұрлаған бұрынғы лауазым иелері Серік Ахметов пен Талғат Ермегияевті де қылмыскер деп атаған жөн болады.

Егер солай дейтін болсақ, онда елімізді қылмыскерлер басқарған болып шыға ма? Өкінішке орай, халыққа қызмет етеді деп сеніп тапсырған билікті қалтасын толтыруға пайдаланып, қазына қаржысын жымқыратын ұры-шенеуніктер көбейіп кетті. Ал, «бір құмалақтың бір қарын майды шірітетінін» ескерсек, мыңдаған, тіпті он мыңдаған жемқор шенеуніктер қоғамымызды шірітпек түгілі, сасытып, түбіне  жетуге айналғандай.

Жемқорда ұят та, ынсап та болмайды

Қазақ «ұрыда иман жоқ» дейді. Өйткені оңай олжаға құныққан ұры ар-ұят дегенді білмейді. Сол сияқты жемқорда да ар-ұят жоқ. Олар ақша үшін ар ұялар әрекетке барып, жоғары лауазымды адамдардың табанын жалауға  дейін әзір тұрады. Басшы қызметке біреудің табанын жалап, жағымпазданып жүріп жеткен біреуді білемін. Бұрын сыйлайтын едім, қазір төмендегілерге қоқырая қарайтын, жоғарыдағылар сөз айтша басын атша шұлғитын бейшара кейпін көргесін сыйлауды қойдым.

Ар-ұяттан жұрдай болған жемқор-ұрыда ынсап, қанағат деген де болмайды. Олардың ой-армандары ала берсем, ала берсем деген ашкөз пиғылдың төңірегінен аспайды. Енді мынаған қараңызшы: Талғат Ермегияевтің әкесі бақуатты бизнесмен. Яғни, сондай бай адамның баласының миллиардтап ақша ұрлайтын не жөні бар деген ойға қаласың. Ау, ақша жетеді, ендеше ұрлық істеудің қажеті қанша? Жоқ, қолындағы ақша аз көрініп, тағы да билігін пайдаланып миллиардтап, тіпті триллиондап ұрлағысы келеді. Ар-ұяттан, ынсаптан жұрдай жемқордың әдеті міне, осындай болып келеді.

Қоғамның жауы – жемқорлық

Қазақстан жер көлемі жағынан әлемде 9-шы орында тұр. Жерімізде Менделеев кестесіндегі 100-ге тарта элемент шығады дейді. Солтүстіктің кең даласынан көктемде тұқым сепсең, күзде жан қинамай миллиардтап астық жинап алуға болады. Міне, осыншама табиғаты берген байлығы бар және сондай үлкен аумақта  небары 18 миллион ғана халық тұратын ел әлемдегі кедей елдердің қатарында.

Бапанасы жоқтар, күнкөріс шегінде кедейшілкте тірлік кешіп жатқандар бізде аз емес. Әсіресе, тәуелсіз БАҚ-ты қарасаңыз, кедейшіліктің зардабын тартып жатқан пенделердің тауқыметтерін көріп, жаның ауырады.

Ал, енді мынаған назар аударыңыз: Исландия деген мұз аралдың үстінде тұратын мемлекет бар. Жерін мұз басып жатқандықтан егін де, шөп те өспейді. Мұнайы, темірі де жоқ. Соған қарамастан осы мемлекеттің жұмыс істемейтін азаматтарына беретін жәрдемақысы біздің ең мықты деген министрлеріміз бен депутаттарымыздың жалақысын он орап алады екен. Байлыққа белшеден батқан бұл мемлекет, тіпті байсыз жүрген өз қыздарын алған  шет елдік еректерге қыруар ақша төлейтін көрінеді. Бұл елдің халқы баспанасыздық, кедейлік дегеннің не екенін мүлдем білмейді.

Осыған қарап мынадай жайды түйіндеуге болады: Қазақстанда құдайға шүкір бәрі бар, байлық асып-тасып жатыр. Ол байлықпен 18 миллион халықты аузы-мұрнынан шығара байытуға толық мүмкіндік бар. Ендеше ел неге кедей? Оның жалғыз ғана себебі бар, ол — ЖЕМҚОРЛЫҚ. Иә, шенеуніктердің көбі ЖЕМҚОР, яғни ҰРЫ. Олар жеке адамдардан қызметін пайдаланып ПАРА АЛАДЫ, мемлекет қазынасын жеке мақсатына пайдаланып ҰРЛАЙДЫ. Міне, бар пәле осында. Егер ЖЕМҚОРЛЫҚ тыйылса, Қазақстан әлемдегі ЕҢ БАЙ ел болар еді.

 

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір қалдырыңыз

Яндекс.Метрика