Жихадшы

Емдік өсімдіктерден жасалған табиғи дәрілер мен дәрумендер, балалар мен ересектерге арналған брендтік киімдер, косметика, т.б. төмендетілген бағамен тапсырыс бере аласыз, Қазақстанның кез-келген аумағына жеткізіп береді. Толық ақпаратты мына сілтеме арқылы алыңыз:

https://akikat01.com/internet-magazin/

102Түсіне тағы да анасы кірді. Жатаған дөңгелек үстелдің жанында екі иінінен дем алған самауыр. Анасының құйып берген сүт қатқан қою шәйін тамсана сіміреді. Бал татыған тәтті шәй. Ол анасы құйған шәйға қанша ішсе де қамбайтын. Бар жылы-жұмсағын дастарханға қоятын анасы да ұлы екеуінің осылай үстел басында отырған сәттерін ұнататын. Әрнәрсені тілге тиек етіп, аналы-балалы екеуі дастархан басында ұзақ отырар еді.

«Аллаху акбар» деген ұнамсыз жуан дауыс көз алдына келген тәтті көріністі тас-талқан етіп алыстатып жіберді. «Ау, өліп қалғаннан саумысың, таң намазына тұрмайсың ба» деген қауға сақалды жуан қараның зәрлі үні үстіне мұздай су құйып жібергендей бойын тітіркентті. Ол төсегінен сүйретіліп әзер тұрды. Ұйқысын, жылы төсекті қимағаннан емес, алыста қалған анасымен бірге отырған тәтті көріністен көз жазғысы келмеген.

Күніне бес уақыт намаздарын қаза жібермейтін қауға сақалдылар сырт қарағанда діндар тақуа сияқтанғандарымен, іс жүзінде жүректері мұз боп қатқан қатыгез адамдар-тын. Олармен етене араласқан бірнеше айдың жүзінде  көз көріп, құлақ естімеген талай сұмдықтардың куәсі болды. Өздері сияқты ет пен сүйектен жаралған жазықсыз жандарды жүзі алмастай селебе ұзын пышақпен малша бауыздай салатын сақалдыларда аяныш деген атымен жоқтай. Шапшып аққан адам қанын құрбандығының киіміне сүртіп, селебелерін қынына салып алшаң басып үлкен шаруа тындырғандай кетіп бара жатқандарын көргенде Ерболдың бойын айтып жеткізгісіз үрей билейтін. Қанша көріп жүрсе де, ол осындай көрініске еш үйрене алмай-ақ қойды.

Анасы осыдан екі күн бұрын да түсіне кірген еді. Неге екені белгісіз, бұған мұңая қарап тұр екен. «Апа, мен жақында барамын, қорықпа, бәрі де жақсы болады» деп жұбатқанмен, өз еркімен түскен тамұқтан ешқашан құтылып шыға алмасын сезіп, жүрегі сыздап кеткен. Анасы ләм деп үн қатпай, теріс айналып жүре берді. Оның қарасы алыстап, көрінбей кеткенше, соңынан телміре қарап мелшиіп тұрды.

Қос қабағы бірдей тартты. Жамандық жақын сияқты. Мұндағы өткен әрбір күні жамандыққа толы болса да, іштей бәлкім Алланың маған бұйырған бір жақсылығы болар деп, таңғажайыптан үміт күтетін. Еңсесін әлдене езіп бара жатқандай көңілі қатты құлазып кетті. «Алла-ай, бұндай халге неге түстім?» деді іштей түңіле күрсініп.

Адамның адасуы бір-ақ сәт екен ғой. Әкенің жоқтығын сездіртпей жалғыз ұлын ешкімнен кем етпей өсірген анасынан басқа сүйенері болмаса да, ол өмірден көп ауыртпалық көрген жоқ. Өзгелер сияқты жоғары оқу орнына түсіп, бастық боламын деп талпынбады. Өзі тұратын аудан орталығындағы кәсіптік лицейді бітіріп, электрик деген мамандық алып шықты. Жұмыс та оңай табыла кетті. Бәрі де жақсы жүріп жатқан. Мектепте бірге оқыған Ахмет деген жігіт мұның осындай үйреншікті бірсарынды өмірін астан-кестең етіп күрт өзгертті.

Жасына қарамай сақал қойған Ахмет «намаз оқы, сонда Алла бәрін де береді» деп әуелі намазға ұйытты. Ұлының намаз оқып, мешітке барғанына анасы алғашында кәдімгідей қуанып жүрді. Бірде Ахмет бұған бірнеше бейнетаспа берді. «Діни  лекциялар, қара, көп пайдасы бар» -деді ол. Әлгі таспаларды тыңдаған соң-ақ неге екені белгісіз көзқарасы күрт өзгере бастады. Енді ол айналасындағы адамдарды «мынау намаз оқиды, яғни мұсылман, ал мынау намаз оқымайды, сондықтан кәпір» деп бөліп қарауға көшті. Намаз оқымайтын анасы да бөтен адам сияқтанды. Анасына әлденеше рет намаз оқы дегенімен, кеңес мектебін бітірген ол намазға құлықсыз еді. Ахмет қайдан алатыны белгісіз көп бейнетаспалар беріп жүрді. Соларды көріп, тыңдаған сайын санасын билеген ойлар белгісіз жаққа жетелеп, анасынан да, күнделікті үйренген өмірінен де аулақтатып әкетті. Ал оның ақыры Сирияда  дін жолымен жүргендігі үшін ғана кәпірлерден зомбылық көрген мұсылман бауырларды құтқару үшін туған жерден кетумен аяқталды.

Олар Қазақстаннан құрамында бес адамы бар топпен келген еді. Алғашында Түркияда біраз күн болып, қысқа мерзімді дайындықтан өтті. Содан кейін шекара асып, Сирияға жетті. Келе сала бірден қанды қырғынның арасына түсіп кеткен. Мұсылман бауырларды кәпірлердің тепкісінен құтқарамыз деп келгендер, аз күнде-ақ өздерінің алданғандарын, кәпірлермен емес, керісінше жазықсыз бейбіт жандарды қырумен айналысып жүргендердің санатына қосылғандарын сезді. Міне, сол кезден бастап оның өмірі нағыз тозаққа айналып еді.

Бес қаруын сайланып, комуфляж киген қауға сақалдылардың түстері   тым сұсты. Езу тартып күлу дегенді білмейтін сақалды жігіттердің бар қызығы басып алған елді мекендерді тонап, төмен етектілерді зорлау ғана. Жазықсыз, қорғансыз жандарды кейде автоматпен атып, ал қаны бұзылғандары ұзын селебе пышақтарымен малша бауыздап өлтіргеннен де тәп-тәуір рахат алатындар бар. Олардың істерін көре жүре дін үшін бастарын бәйгеге тіккен жихадшылар емес, кәдімгі қандықол қарақшылар, ардан безген қылмыскерлер екендігін жан жүрегімен сезіне түсетін. Осының бәрі Ерболдың жүрегін ауыртып, өзінің сонша ашықауыздықпен осындай содырлардың құрығына қалай түскенін ойлап, өзегін өкінішті ойлар  кернейді.

Бұлар мінген темір құрсаулы көлік кілт тоқтады. Алты адамнан тұратын топтың басшысы қауға сақалды тәжік люкті ашып, басын сыртқа шығарды. Содан кейін ол үн-түнсіз бронды көліктен шығып, колонннаның бас жағында жиналған шоғырға беттеді. Кідірістің тектен тек еместігін түйсінген сақалды сарбаздар жан дүниелерінде болып жатқан дауылды сездіргілері келмей сазарып өздерімен өздері отыр. Бір кезде топбасы тәжік те келді. «Қане, қуаныңдар, Махдидің сарбаздары, дін үшін жан қиятын бақытты сәт келді» деді ол қабақтары түсіп, тұнжырап отырғандарға кекете қарап. «Қазір жеребе тартамыз, кімге түссе сол шахид болады». Командирдің бұл сөзінің астарында не жатқанын бірден ұққан сарбаздардың жүзі онан сайын бозара түскен.

Алғаш рет шахид болған өзбек жігітін ол осында келгеннен кейін үш күн өткенде көрген еді. Онда да осылай бронды көліктегі топ сарбаздары арасында жеребе тартылып, ол әлгі өзбек жігітіне түскен-ді. Өзгелер сиятқы қауға сақал қойып, жихадшы болып жүрген әлгі ажалды сәт келгенде онша қуана қойған жоқ.  Ал, енді бірде осындай «бақыт» бұйырған қырғыз жігітінің  өлімнен қорқып жылағанын да көрген. «Бауырлар, аяңдар мені, елде екі балам, жарым қалды, бар өмірім алда, әлі жаспын ғой» деген бейшараның зарына құлақ асқан пенде болмады. Командир  қауға сақалды шешен «қане, орында бұйрықты, әйтпесе иттей қылып өзім атып тастаймын» деді зәрлене сөйлеп. Байғұс қырғыз жігіті амалсыз бронды көлікпен мина төселген жолмен жүріп кете барды. Сәлден кейін жарқ еткен от көрініп, минаға түсіп жарылған көлік лапылдап өртенді. Сақалды жихадшылар мина төселген алқаптан өтудің осындай оңай жолын тауып, адам өмірін тиын құрлы көрмей құрбандыққа шала салатын.

Еңсесін таңертеңнен бергі езген ауыр күйден арыла алмаған Ербол өзінің ақырғы сәтінің жеткенін іштей түйсініп еді. Жеребе өзіне түскенде еш таңырқаған да, үйрейленіп қорыққан да жоқ. «Қуан, қазақ, еліңнің даңқын шығарып, дін үшін шәхид болатын кез жетті, көп ұзамай үрдің қыздарын құшып, рахатқа белшеден бататын боласың» деп екі езуі жаялықтай жайылған тәжік командирдің мазағын да елең қылмады.  Тек көз алдынан жатаған дөңгелек үстел басында анасы құйып берген тәтті қою шәйді сораптаған сәт кетер емес. Бронды көлік ақырын жүріп келеді. Таңертең көрген тәтті түсті  көз алдына елестетіп, бар дүниені ұмытқандай күйге түскен Ербол кенет  бронды көліктің дөңгелегі астынан шыққан қатты дүмпуді сезді…

Қайда кеткені белгісіз, хабар-ошарсыз ізім-қайым жоғалған ұлын іздеп, бәлкім келіп қалар деген үмітін үзбей жүрген кейуананың жүрегі пышақ салып алғандай кенет сыздап кетті. Еңсесін езген белгісіз сезім де жерге жапсырып жіберердей  төмен тұқыртып барады. Жанарынан ыстық жас үзіліп түскен ана жалғыз ұлынан мәңгі айрылғанын іштей анық түйсініп еді…

 

 

 

 

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Оставить комментарий

Жарнама
Жарнама
Яндекс.Метрика