816 көрілім

71Біздің өміріміз түгел дерлік айналамыздағы адамдармен белгілі бір қарым-қатынаста өтеді. Осыған қарап, өмірдің өзі – қарым-қатынас па деген ойға қаласың. Адамның екі дүниедегі, яғни осы жалғандағы өмірі мен өлгеннен кейінгі тірлігі – айналасындағы жандармен қарым-қатынасына тікелей байланысты болмақ. Жақсы қарым-қатынас жасасақ, екі дүниенің де игілігіне кенелеміз, ал жаман қарым-қатынас жасасақ, екі дүниенің тауқыметіне тап боламыз.

Қарым-қатынас діннен де биік

Пайғамбарымыздың өмірі жайында мынадай әңгіме бар. Бірде бір кісі Пайғамбардан «Маған көрші бір әйел тұрады, өзі күндіз-түні намаз оқиды, өте тақуа, бірақ айналасындағы адамдармен үнемі ұрыссып жүреді, мінезі жаман. Соның өлгеннен кейінгі ахуалы қандай болады?» деп сұрайды. Сонда Пайғамбар: «Ол әйелдің орны тозақ» деп келте жауап қайтарыпты.

Алла барша адамдардың, тіршіліктің Жаратушысы және Иесі. Өзі жаратқан пенделерінің бәрін Алла бірдей көреді, біреуден біруді артық санап, алаламайды. Алалау адамға ғана тән кемшілік. Алла бұндайдан пәк. Егер Алла барша пенделеріне бірдей қараса, онда пенделерінің бірін-бірі ренжітіп, қиянат жасауына қалай қарамақ? Әрине, өзі жаратқан тіршілік иелерінің қиянат көріп, зомбылыққа ұшырауын Жаратқан ұнатпайтыны анық.

Осы қисын тұрғысынан алғанда, Алла Өзі жаратқан пенделерінің бір-біріне қайырымды, кешірімді болып, тату-тәтті тірлік кешкенін қалайды. Ендеше, біреулерді ренжітіп, қиянат немесе әділетсіздік жасап жүретін пенде қанша намаз оқып, ораза ұстаса, садақа берсе де бұның бәрі оның өзі сияқты ет пен сүйектен жаратылған адамға жасаған қиянатын жуып-шая алмайтыны анық. Мұндай пенде мұсылмандық парыздарын өте жақсы орындағанына қарамастан, тозаққа түсіп, мәңгі өртенетіні даусыз.

Керісінше, құдайға да, оның кітаптары мен пайғамбарларына да сенбейтін, тағат ибадат жасамайтын, бірақ айналасындағы жандардың бәрімен өте жылы қатынаста болған адам – міне, ЖҰМАҚТЫҢ ТҰРҒЫНЫ сол болмақ. Осыған қарап: адамдармен қарым-қатынастың ДІННЕН де биік тұрғандығын бағамдайсыз.

Діннің міндеті адамдардың бойындағы жақсы қасиеттерді дамыту

Кез келген дәстүрлі діндердің мәніне терең үңіліп қарайтын бослаңыз, оның астарында адамдардың бойындағы қайрымдылық, байсалдылық, кішіпейлділік, қарапайымдылық, жомарттық сияқты жақсы қасиеттерді орнықтырып, дамыту екендігін бағамдауға болады. Ал, мұндай қасиеттер адамға не үшін қажет?

Дін арқылы бойыңызға орныққан жақсы қасиеттердің бәрі, ең алдымен айналаңыздағы адамдармен  жылы қарым-қатынаста болуыңызға ықпалын тигізбек. Осыған қарап, діннің ең басты мәні – адамдармен жылы қарым-қатынаста болуды үйрету ме деген ойға қаласың.

Пайғамбарымыздан көптеген өнегелі сөз түріндегі – хадистер мен ол кісінің әрекеттері, өзгелермен қарым-қатынасы, айтқандары жайындағы сүнни деп аталатын әңгімелері қалды. Соларға назар салсаңыз, Пайғамбарымыздың айналасындағы барлық пенделермен өте жұмсақ, жылы мәміледе болғандығын, ешкімді ренжітпей, керісінше өзіне дөрекілік жасағандарға әрдайым кешіріммен қарағандығын түсінуге болады. Өзінің сөзімен, іс-әрекетімен, айналасындағылармен жасаған қарым-қатынасымен өмір бойы үмметтерін оқытумен өткен Пайғамбардың бұл әрекетінен қарым-қатынастың қаншалықты маңызды екендігін түсіну қиын емес.

Жылы-жылы сөйлесең, жылан іннен шығады

Қазақта «жылы-жылы сөйлесең, жылан іннен шығады, қатты-қатты сөйлесең, мұсылман діннен шығады» деген сөз бар. Жылы сөйлегенді, тіпті улы жылан да сезеді екен. Ал, қатты сөз керісінше, тақуа мұсылманның өзін діннен шығарады екен. Міне, қарым-қатынастың өмірімізге тигізер әсерінің құдыреті.

Менің бір танысым бар. Ол бұрын айналасындағы жандармен жылы қарым-қатынаста болатын және кішіпейіл еді. Оның бойындағы жалғыз жаман қасиет – өте мансапқор болды. Содан біреудің қолтығының астына кіріп жүріп, қызметі өсіп мансапқа қолы жетті. Сол-ақ екен оның мінезі күрт өзгеріп шыға келді.

Ол қарамағындағы адамдардың бәріне ұрсып-жекіп, әрдайым тұқыртып отырады. Осыған орай, бағыныштыларының бәрі оны жалпақ тілмен айтқанда, иттің етінен жек көреді. Сыртынан мазақ қылып, ашу-ызаларын айтып жүргендердің сөзін талай естідім. Бұрын дос-жар болған адамдармен арасындағы қатынасты бұзып,  көрместей болып кеткен, бүгінде сопайып жалғыз қалған әлгі пендеге мансап үлкен бақыт әкелмегендігі оның үнемі қабағын түйіп, ашулы жүретін түрінен байқалатындай.

Түйін: Егер сіз екі дүниенің де игілігіне кенеліп, бақытты боламын десеңіз, ең алдымен айналаңыздағы барлық адамдармен жылы қарым-қатынаста болуға күш салыңыз. Бақытқа жеткізер жалғыз жол – осы.

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір қалдырыңыз

Яндекс.Метрика