2 156 көрілім

Адам мен адамның қарым-қатынасы сөз арқылы жүзеге асады. Сондықтан, біздің айналамызбен жақсы немесе жаман қатынаста болуымыз, соған орай өміріміздің жеңіл, болмаса ауыр болуы – айтатын сөзімізге байланысты қалыптаспақ. Өкінішке орай, адамдардың басым көпшілігі сөздің осы құдыреті мен қызметі жайында жете біліп, оған көңіл бөле бермейді.

Сөз құдыреті.

Осыдан бірнеше жыл бұрын бір инфобизнесменнен бейнеролик алдым. Қысқаша оқиғасы мынадай. Көпшілік көп жүретін көшеде алдына тиын салатын картон қорап, жанына «мен соқырмын, көмектесіңдер» деп жазылған жазуы бар қатырма қағаз қойып бір кісі қайыр сұрап отырады.

Жанынан жүздеген адам өтіп жатса да, кемтар пендеге олар оншалықты назар аудара қоймайды. Бір кезде оның қасынан өтіп бара жатқан жас келіншек аялдап, соқырдың жанындағы қатырма қағаздың екінші жағына басқа жазу жазып қояды. Сол-ақ екен әлгі кемтар қайыршының жанынан өткендердің бәрі дерлік тоқтап, қорапқа тиын тастай бастайды.

Кешкілік келіншек үйіне қайтып келе жатып, картон қорабы ұсақ ақшаға толған қайыршының жанына келіп тағы аялдайды. Көрмесе де оның таңертеңгі жазуды ауыстырған келіншек екенін білген кемтар «сен не істедің, маған бұрын қарамайтын адамдардың бәрі тоқтап, ақша салды, бұның сыры неде?» деп сұрайды. «Оның еш құпиясы жоқ, мен бар болғаны қағаздағы сөзді «мына дүние қандай тамаша, бірақ мен оны көре алмаймын» -деп ауыстырып жаздым» дейді келіншек.

Жылы-жылы сөйлесең, жылан іннен шығады…

Қазақтың осы мақалынан ұғарымыз — тіпті, жылы сөзге ең қаскүнем мақұлық саналатын улы жылан да елігеді екен. Жылы сөз арқылы жұрттың көңілін тауып, ойымызға алған арман-мақсаттарымызға жететінімізді көпшілік өкінішке орай біле қоймайды. Жылы сөздің құдыретін сіз өз өміріңізде талай көрген де боларсыз, бірақ адамдардың көбі оған онша көңіл аудармайды.

Таяуда бір жұмыспен Атбасар қаласына бардым. Билетім қалтамда, автобусқа отыруға беттеген адамдармен бірге мен де автобустың есігіне қарай жылжыдым. Жолаушылар көп екен. Арғы жақ бүйірден келген бір әйел кішкентай баланы менің алдымды орап есікке қарай итермеледі. Алдымды орап кезексіз енгені аздай әлгі шығарып салып тұрған әйел маған «көмектессейші, көтерсейші сөмкені» деп әмір бере сөйлегені.

Бетіне жалт қарадым. Жасы алпыстан асқан жасамыс әйел екен. Келіп қалған ашуымды басып, жасын силап үндемедім. Бірақ үлкен сөмкені мықшия көтерген балаға да көмек бермедім. Егер әлгі әйел «қарағым, балаға көмектесіп жіберші» десе бір ауыз сөзге келмей оның сөмкесін отыратын орнынан дейін көтерісіп апарар едім. Алпыстан асқанша адаммен адам сияқты жылы сөйлесе білмейтін әйелдің қылығы оның жылы сөздің құдыретін мүлдем түйсінбейтінін көрсеткендей.

Жылы лебізіңді аяма, ол өзіңе оралады.

Өткен құрбан айтта мен біраз таныс адамдарыма «Құрбан айт құтты болсын!» деген төрт ауыз сөзді смс арқылы жібердім. Нәтижесі қандай болды дейсіз ғой? Бұрын ешқашан түрлі мерекелермен құттықтап, жылы лебіздерін білдірмейтін біраз жақын таныстарым құрбан айтпен құттықтап, жүрекжарды ыстық ықыластарын жаудырды. Егер мен оларды құттықтамасам, олардың маған жылы лебіз білдірмейтіні анық еді.

Сіз біреуге жылы лебізіңізді білдірсеңіз, ол өзіңізге міндетті түрде қайтады. Яғни, өзіңізге жақсылық тілегіңіз келсе, өзгелерге жылы лебіз білдіруді есіңізден шығармаңыз. Туған күн, мерейтой, түрлі мерекелер, басқа да қуаныштар бола ма, тамыр-таныстарыңызды жылы сөзбен құттықтауды әдетке айналдырыңыз. Сонда сіз жақын-жуықтарыңыз тарапынан ешқашан ескерусіз қалмайсыз. Олар сізді түрлі қуанышты сәттермен міндетті түрде құттықтап, жылы лебіздерін білдіретін болады.

Ал бар жақсылықтың бастауы – адал көңілден шыққан алғаусыз ыстық тілектерде жататыны даусыз шындық Қазақ «алтын алма алғыс ал, алғыс алтын емес пе» дейді. Сізге айналаңыздағылар неғұрлым көп жылы лебіздерін білдірсе, соғұрлым өмір жолыңыз ашылып, игіліктерге кенелесіз. Бұл – дау туғызбайтын ақиқат. Қасиетті Құранда «Кімде кім біреуге жамандық жасаса, өз зиянына, жақсылық жасаса, өз пайдасына. Жақсылық жасаған адамға соншалықты жақсылық бар, жамандық жасаған адамға да соншалықты жамандық тиесілі. Әр нәрсеге Алланың күші басым» деген аят бар.

Өзіңізге жақсылық тілесеңіз, өзгелерге жылы лебізіңізді айтып, жақсы тілек тілеуді өмірлік ұстанымға айналдырыңыз. Сонда өмір жолыңыз жеңілдеп, бақыт ауылының тұрақты тұрғыны боласыз.

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір қалдырыңыз

Яндекс.Метрика