692 көрілім
Сайтқа ақысын төлеп, мақалаңызды жариялауға мүмкіндік бар. Ақысы келісімді. Тапсырыс беру үшін kalkoz25@mail.ru поштасына немесе 87013001474 телефонына (вадсап бар) хабарласуыңызға болады.

Мен сол түні шала ұйықтап, таң алдында ғана көзім ілінді. Ертеңіне мал бағу кезегі менікі еді. Кешке дейін мал соңында жүрдім. Тәнімнен шығып, Күләнда кемпірдің үйін байқап көрсем қайтеді деген ой болғанмен, оған жүрегім дауаламады. Кеше түнде көрген жай қатты әсер етсе керек, бойымды билеген үрей-қорқыныштан арыла алмай қойдым. Дін жолына түсіп, намазға жығылсам да, шынын айтқанда осы кезге дейін үлкендерден анда-санда естіп қалатын сайтан дегеннің бар-жоқтығына, оның не мақұлық, табиғаты қандай дегенге мүлдем мән бермей келген екенмін. Түнде  өзім куәсі болған оқиға төбемнен жай түсіргендей сұмдық қатты әсер етті. Тұңғыш рет сайтан, жын дегендер жайында ойлап, соның  мән-мағынасына бойлағым келді. Десе де, адам маймылдан жаралды деген мектеп бағдарламасындағы там-тұмдап алған ақпараттарымнан басқа ештеңе білмейтін маған ол беймәлім құпия болып қала берді.

Содан кешкісін шәйімді ішкен соң Қосымбек молданың үйіне бардым. Маңызды шаруам болмаса  арнайы ат ізін сала қоймайтынымды жақсы білетін ол сәлемімді алған соң не айтатынымды күтіп әдетінше сақалын тарақтап үнсіз отыр. Неден бастарымды білмей апалақтаған мен аузыма түскенді айтып, әйтеуір кеше көрген жайларымды бірдеңе етіп түсіндіргендей болдым. Өз ойын бірден лақ еткізіп ақтара салмай, асықпай баппен және әр сөзін ойлана сабырмен айтатын Қосымбек ата сол әдетімен едәуір уақыт өз ойымен болып мені ұмытқандай сақалын қайта-қайта тарақтай берді.

-Иә, жын деген бар. Құранда жын деген бір сүре де бар. Пайғамбарымыздың өзі адамның көзіне көрінбейтін жын атты мақұлықтың барлығын айтқан, -деп бір қойды әлден уақытта.

-Жынның да мұсылманы, кәпірі болады, -деді содан кейін. –Оттан жаратылған жын бетбейнесін өзгертіп, түрлі сипатқа ене алады дейді. Бақсы дегендер болатын бұрын. Осы өңірде де Орман деген бір бақсы болған. Бала кезімде көзім көрді. Еңгезердей қауға сақалды өр тұлғалы кісі еді. Әлгі жыны ұстағанды жанып тұрған оттың шоғын алып  аузына салып шақыр-шұқыр шайнайды дейтін көргендер. Бірақ ол жынын шақырып, біреуді емдепті дегенді естіген емеспін.

Қосымбек молда сақалын тарақтап өз ойымен болып тағы бірқыдырау уақыт үнсіз қалды. Содан кейін: «Мына Күланда  кемпір біздің ауылға басқа өңірден келін болып келген еді. Оның арғы тегінде бақсы-балгер болған-болмағанын білмеймін. Болса мүмкін болған да шығар. Сенің айтқаныңа қарағанда ол жынды шақырып, соның көмегімен сыйқыр жасайтын сияқты. Жынның көмегін алған адам оның айтқанын істеп,  түптің түбінде соның құлына айналады. Олардың бар шаруасы:  дуа жасап ерлі-зайыптылардың арасын ажырату, біреуге дерт жапсыру немесе тіпті, өлтіру. Әлгі осы ауылдың қаршадай қызын да сол кемпір дуалапты деп жүр жұрт. Бұл сөз рас та болуы мүмкін. Сенің айтқаныңа қарағанда қыздың ішіне жын кірген сияқты.

-Жынды Құран дұғасымен қуып шығуға болады дейді, сол рас па? –дедім мен шыдай алмай.

-Иә, болады. Бірақ та, оны білетін, сол іспен айналысатын адам болмаса, бұл екінің бірінің қолынан келмейді. Мен өмірімде ондай шаруаны жасаған емеспін, -деді күрсініп.

Бөлме ішін тағы да үнсіздік басты. Сақалан таулап, қалың ойға батқан Қосымбек молда бір кезде: «Алланың қарғысына ұшырап жұмақтан қуылған, ет пен терінің арасын мекен етіп, адамды алжастыруды мақсат еткен сайтан деген мақұлық жын нәсілінен дейді.  Күланда кемпір байланысқан жын да сол сайтан нәсілінен болса керек. Ауылдағы мешітті жапқызып, адамдарды аздырғысы келіп жүрсе, бұл оның сайтан нәсілінен екенін көрсетеді, -деп бір тоқтады.

-Сонда не істейміз? Күланда кемпір қарап жатпай бірдеңе жасайтын шығар енді? –дедім мен.

-Иә, ол енді қарап отырмайды. Оның қолынан бар келері дуа жасап, адамдарды аздыру, теріс жолға салу. Менің естуімше, ол ешкіммен араласпайды, оның сөзін де ешкім тыңдай қоймас. Сондықтан, Күланда кемпірдің дінге қарсы жалғыз амалы – сыйқыр ғана. Ең бастысы, біз таза жүріп, шариғат жолынан айнымай күнадан аулақ болсақ, ол кемпірден келер залал бола қоймас. Сен енді абай бол, қасиетіңді пайдаланып ол кемпірді аңдимын дегенді қоя тұр. Кемпірдің жындары бір залалын тигізіп жүрер, -деп сақтыққа шақырды.

Мен Қосымбек молданың үйінен бойыма үлкен қайрат құйылғандай жақсы көңіл күймен шықтым.

Назарларыңызға «Бостан мен сыйқыршы» кітабынан үзінді ұсынылып отыр. Кітаптың толық нұсқасын сатып алғыларыңыз келсе kalkoz25@mail.ru поштасына немесе 87013001474 телефонына (вадсап бар) хабарласуларыңызға болады.

Қазақ тілінде кез-келген тақырыпта мақала жазуға, мәтінді орыс тілінен қазақшаға аударуға, өз атынан кез-келген тақырыпта кітап жаздыруға тапсырыс беруге болады. Ақысы келісімді. 8-701-3001474 телефонына немесе вадсапқа хабарласыңыз.

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір қалдырыңыз

Яндекс.Метрика