739 көрілім

исламҚазақта «өзің диуанасың, кімге пір боласың?» деген сөз бар. Ертеректе сопылардың арасында тәкаппарлықтан арылып, кішіпейілді болу, өзін әрдайым Алланың құлы сезіну үшін ерікті түрде қайыршы болып, үй жағалап диуаналық ету жағдайлары кездескен. Міне, сондай қайыршылық күйге түсіп, диуана болған адамның шәкірт алып, ұстаз болуы, біреуге білім беруі жарасымсыз деген мағынада айтылған сөз бұл.

Дін ілімі адамды өзгертеді

Дін тақырыбында біраз кітаптар жазып, діни пәлсапаны зерттеп, өзімше ізденіп жүргеніме міне, жиырма жылдан асыпты. Бір кезде арақ ішіп, нәпсінің жетегіне де ергенмін, мансап, атақ, байлық деген пендешілік игіліктерге қызығып, соған еліккен жайларым аз болмаған. Дегенмен, діни пәлсапаға бой ұрып, ілім-білімге үйір болған соң-ақ жаман әдеттерден арыла бастадым.

Қазір біреу қол-аяғымды байлап аузыма арақ құймаса өздігімнен арақ ішпеймін. Зинадан да аулақпын. Мансап, атақ-даңқ, байлық деген де онша қызықтыра қомайтын болды. Бұның бәрі діни ілім арқылы келген өзгерістер екенін іштей сеземін.

Өзімнің бойымдағы өзгерістерге қарап мынадай тұжырым жасадым: дін ілімін санаңа неғұрлым терең сіңірген сайын, бойыңдағы жаман әдеттерден арылып, Аллаға деген сенімің күшейіп, иманың арта түседі. Ал, егер бойыңызда кішіпейілдік, сабырлылық, қайрымдылық, жомарттық, нәпсіден аулақ болу, кешірімшілдік сияқты жақсы қасиеттер орнықпаса, онда сіздің жүрегіңізге білім нұры сәулесін төкпегені.

Діндарлықтың тасасындағы нәпсіқұмарлық

Таяуда маған редакциядағы жұмысыма елулерден асқан жасамыстау қазақ әйелі келді. Дін тақырыбын жазып жүрген журналист екеніңізді білемін, айтатын бір шаруам бар деді ол. Содан әлгінің әңгімесіне құлақ түрдім.

Әлгі әйелдің айтуынша, күйеуі кәсіпкерлікпен айналысады екен және тәп-тәуір дәулеті бар. Балаларының алды отыздан асқан, немере сүйіп, ата-әже атанған. Күйеуі намаз оқып, мешітке барып жүріпті. Әйел бұған арақтан, зинадан аулақ болады деп ішінен қатты қуанып жүріпті.

Содан кейін келе ол араласатын адамдардың айтуымен, елуден енді асса да, қауғитып сақал қойып, үстіне шапан киетін болыпты. Жә, мұсылман болған соң бұл да дұрыс шығар деп әйел үндемейді. Өткен жылы ол Меккеге барамын деп, содан біреулерге еріп қасиетті жерге кетеді.

-Меккеден ол мүлдем басқа адам болып келді, — дейді әйел. – Бұрынғыдай емес, отырсам опық, тұрсам сопық дейтін болды. Шалбар киме, омырауыңды жауып жүр, намаз оқы дейді. Намаз оқуға дайын емеспін, ол үшін жүрегіңде Аллаға деген нық сенімің болуы керек десем, сен кәпірсің деп айтпағанды айтып, балағаттайды.

Осылайша, ерлі-зайыптылардың арасы күннен күнге алшақтай береді. Таңертеңнен кешке дейін мешіттен шықпайтын күйеуі кәсіпкерлігін де тастайды. Содан жұмыс істеп тұрған кәсіпті жауып алмайын деген әйел амалсыз дүкенде тұрып, сауда жасап, бұрын жасамаған іспен айналысуына тура келеді.

-Бір күні ол мешітке барамын деп кеткен, -дейді әйел. –Содан мен де бір шаруаларыммен шыға қалдым. Мешіттің жанынан өтіп бара жатып, бір жаққа асығып кетіп бара жатқан күйеуімді көрдім. Бұл қайда барады екен деп соңынан түстім. Ол автобус аялдамасына келіп, автобусқа отырды. Білдірмей арт жағынан келіп автобусқа мен де міндім.

Содан автобус қала сыртындағы «автогородок» деп атап кеткен ауданға келді. Автобустан түскен күйеуім бұрын жатақхана болған, қазір жекешелендірілген үйге барып кірді. Мен де соңынан білдірмей еріп отырдым. Бұл жатақханада бір кезде күйеуімнің ашынасы болған орыс келіншегі тұратын. Күйеуімнің арақ ішіп, зина жасайтынын сезсем де, шаңырақты шайқалтпайын деп үнсіз көніп келген едім. Күйеуім қажылыққа барып, намаз оқып жүрсе де, әлгі орыс әйелмен заңсыз байланысын үзбепті.

-Өзі намаз оқиды, қажыға барған соған қарамастан, зина жасайды, ал маған намаз оқымайсың, кәпірсің дейді, осынысы дұрыс па? – дейді әйел. Ол мешіттің имамына барып, осы жайларды айтыпты. Имам әлгінің араласып жүрген ұстаздарына айтып, сөйлесіп көріпті. Бірақ, күйеуінің бойында еш өзгеріс болмапты. Ол бұрынғыша үйінде әйеліне қит етсе айқайлап, кәпірсің, имансызсың деп балағаттап, сыртта зинасын жасап жүріп жатыр екен. Әйел меннен осы жайды газетке жазуымды сұрады. Адамдар білсін, мұсылманмын деп жүргендердің қандай шаруа жасайтындарын дейді ол.

Сайтан санасын улағандар

Дін жолында жүрміз деп, шапан киіп, сақал қойып, намаз оқып, қажыға баратындардың теріс әрекеттерін, жаман мінездерін көргенде былайғы қарапайым жұрт «ислам дінінің сыйқы осы ма» деп ойлайтыны анық. Шынында мұндай пенделер Алланың жолында емес, сайтанның жолында жүргендерін сезбейді.

Діннің атын жамылып, жазықсыз адамдардың қанын төгіп жатқан экстремистер, оқыған батасын ақшаға сататын молдалар, сақал қойып, шапан киіп, намаз оқи жүре теріс қылықтар жасайтын адамдар – ислам дінін қорлаушылар. Олардың барар орны тозақ. Оларға Алланың екі дүниеде де қарғысы бар. Бұлай деп баға беру үшін ДАНЫШПАН болудың еш қажеті жоқ.

Мысалы: «Нұр Отан» партиясының атын жамылып, жемқорлық жасап жүрген шенеуніктерді билік қалай жазалап, сотқа тартып, абақтыға қамап жатыр. Оларды партияласымыз, қызметтесіміз деп аяп жатқан ешкім жоқ. Өйткені, ондайлар сол әрекеттері арқылы партияның атына кір келтіруде. Алла жолында жүрміз деп, теріс әрекет жасаушылар да сол сияқты. Олар да Алланың жазасына міндетті түрде тартылады.

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір қалдырыңыз

Яндекс.Метрика