Емдік өсімдіктерден жасалған табиғи дәрілер мен дәрумендер, балалар мен ересектерге арналған брендтік киімдер, косметика, т.б. төмендетілген бағамен тапсырыс бере аласыз, Қазақстанның кез-келген аумағына жеткізіп береді. Толық ақпаратты мына сілтеме арқылы алыңыз:
Атаулары әртүрлі айтылатындықтарына қарамастан, барлық халықтарда адамдардың санасына әсер ететін көзге көрінбейтін қараңғы күштердің болатындығы жайында түсінік бар. Ағылшындар оны гном, трол деп атаса, орыстар домовои, черт дейді. Қазақтар жын, пері, сайтан деп атайды. Ондайлар көзге көрініп, адамдармен қатар өмір кешпегендіктен, бұны ойдан шығарылған ертегі санайтындар бар. Әсіресе, атейстік түсінік үстем болған кеңес заманында адамдар ондайларға мүлдем дерлік сенбейтін.
Өз басым сондай қараңғы күштердің барлығын дәлелдейтін бірқатар жайлардың куәсі болған едім. Енді соған тоқталайын. 1990-шы жылдардың ортасы, ол кезде Атбасарда аудандық газетте қызмет ететінмін. Әкімдік екі бөлмелі пәтер берді. Дүкендердің бәрі босап қалған тапшылық кез. Жихаз деген атымен жоқ, оны тек жеке адамдардан ғана сатып алуға болады. Содан аудандық газетке шыққан жарнама арқылы ағаш керует сатып алдым. Иесі орыс екен. Керуетті үйге әкелген соң сол күні түнде сонда жаттым. Көзім іліне бере әлдебір күштің өзімді тұншықтырып баса бастағанын сезіндім. Жандәрмен оянып орнымнан тұрдым. Қайта жатсам, әлгі кеудемді басып тағы тұншықтыра бастайды. Анда-санда бастырылып қалатыным болатын еді, сол екен деп ойлағанмын. Бірақ олай болмады. Көзімді жұма бергенімде кеудеме мініп алған бірдеңе бар күшімен езгілеп тұншықтыра бастады. Оны анық сезініп жатырмын. Орнымнан тұрайын десем, қозғала алмаймын. Содан «бісміллә, бісіміллә» дедім жандәрмен. Сол кезде ғана мені басқан күш әлсіреп, көзімді ашып орнымнан тұрдым. Содан қорқайын дедім. Бұның жәй бастырылу еместігін сеземін. Есіме біреулерден естіген отпен аластау туралы әңгіме түсті. Ол кезде свет жиі өшетіндіктен шырақ алып қойғанмын. Сол шырақты жағып төсегімді айналдырып «алас-алас, бісіміллә-бісіміллә» деймін күбірлеп. Осылайша төсегімді аластаған соң енді сол бөлмені, одан әрі бүкіл пәтердің ішін отпен аластап шықтым. Міне, содан кейін барып бастырылмай еркін ұйықтадым. Сол жағдайдан кейін әлгі пәле мені қайтып мазаламады.
Орыстарда домовои деген болады екен дегенді еститінмін. Арақ ішіп, темекі тартатын, зина жасайтын лас адамдардың арасында сондай қараңғы күштер бірге тұрып, бірге өмір кешетін болса керек. Ол әлгі орыстан сатып алған төсекпен бірге келген сияқты. Танымайтын жанды тұншықтырып, реті келсе ішіне еніп алғысы келген болуы керек. Өйткені, ондай қараңғы күштер нәзік тәнді болады. Нәзік тәнмен олар арақ-шарап ішіп, зина жасап, тән рахатын ала алмайды. Сондықтан реті келсе рухы әлсіз, лас адамдардың астралды өлшеміне еніп, оның ақыл-ойын билеп алып, әлгі адамның тәнін рахатқа бату құралы ретінде пайдалануды армандайды. Мен сатып алған керуетпен бірге келген де сондай нәзік тәнді мақұлық болса керек.
1990-шы жылдарда экстрасенс, емші дегендер көбейіп кеткен еді. Сондай бір қазақ емші әйел Атбасарда болып, біраз уақыт емдеу сеанстарын өткізді. Журналист ретінде қалаға келген емші-көріпкелдермен кездесіп, мақалалар жазып жүретінмін. «Атбасар» қонақүйінде жатқан әлгі емші әйелмен жолығып, сұхбат алдым. Оның бойына емшілік қасиет кеңес заманында енген екен, дегенмен ол кезде атеистік түсінік үстем болғандықтан, энергияның күшімен емдеу дегенге ешкім сенбеген. Ол тек жақын таныстарын ғана анда-санда емдеп жүріпті. Ал кеңес үкіметі құлаған соң емшілікке ашық кіріскен. Құзырлы органдардан алған арнайы лицензиясы бар.
Емші әйелден мен бізбен бірге өмір кешетін қараңғы күштер туралы естідім. Оның көзіне сондайлар көрінеді екен. Олар адамдардан аумайды, адамдар сияқты киінеді дейді ол. Әсіресе, арақ-шарап ішетін, темекі тартатын дінсіз адамдарға үйір болатын көрінеді. Маскүнемдікке салынған адамдардың көзіне әлдене көрініп, солармен сөйлесіп, кейде жанжалдасып жататыны болады. Оны медицина тілімен «белый горячка» дейді. Шындығында бұл тәнді қоршап тұратын аура аталатын қорғаныш қабаты әлсіреген маскүнемдікке салынған адамдардың энергиясын соратын нәзік тәнді мақұлықтардың әрекеті екендігі анық.
Тағы бір мысал. Алматыда «Қазақстан мектебі» журналында қызмет етіп жүрген кезімде қала маңындағы елді мекенде тұратын бір жолдас жігіт туған күніне шақырды. Туыстары мен сырттан келген мен ғана болдым. Күн кешкіріп қалғандықтан, қалаға қайту қиын болды. Содан сол үйге түнеп қалдым. Оның төсек тартып жатқан ауру анасы бар екен. Түн баласына ол зарлап сөйлеп шықты. Даусы анық естіледі. «Қойсаңдаршы, қинамаңдар мені, болды ғой, жетті. Бұлар айтқан тілді алмайды, осылай есіріп кетеді ғой енді» дейді кейуана зарлап. Көрші бөлмеде төсекте жалғыз жатқан ол кіммен сөйлескені белгісіз. Жолдасымнан сұрағанда ол анасының ақыл-есінің дұрыстығын, бірақ түн болса осылай сөйлеп шығатынын айтты.
Шығыс Қазақстан облысында тұратын эзотериктер «үшінші көз» деп атайтын параллел нәзік әлемді көре алатын энергия орталығы ашылған бір жігіт біздің әлеммен қатар өмір сүретін параллел нәзік өлшемді көретінін, бізге көрінбейтін түрлі мақұлықтардың адамдардың қуатын соратынын айтады. Кейбір адамда біреу, кейбірінде үш-төртке дейін болатын әлгіндей мақұлықтар ол адамның тәніне жабысып алып, кәдімгі қанын соратын кенелерше энергиясын сорып жатады дейді ол.
Осы жайлардан не түйіндеуге болады? Егер біз көзімізбен көріп, сезім органдарымызбен сезіне алмасақ, онда ондай құбылыс жоқ деуге бола ма? Тіпті, ғылым барлығын дәлелдеген көзге көрінбейтін микробтар мен бактериялар, вирустардың барлығына біз көрмесек те сенеміз ғой. Ендеше, ертедегі әулие, бақсы, көріпкел сияқты қасиет дарыған адамдар бар деп айтатын және қарапайым халық сенетін параллел өлшемдегі нәзік тәнді мақұлықтардың болатынына неге сенбейміз? Шындығында солардан зардап шегетін адамдарды көріп, біле жүре біздердің соған сенбейтініміз, күмәнмен қарайтынымыз өкінішті. Өйткені, сол саладағы білімсіздігіміздің салдарынан көбіміз әртүрлі залал тартып жатамыз.
Жоғарыда мысал ретінде айтқан жолдас жігіттің ауру анасының түнімен әлдекімдермен сөйлесіп, жанжалдасып шығатыны тектен тек еместігі анық. Ол интуициясы арқылы өз дертінің иесі энергиясын сорып жатқан нәзік тәнді мақұлықтар екендігін сезетін болса керек. Сөз арқылы оларды тоқтатуды ойлап, тіпті қорқытып, немесе жалынып сөйлеп, бетін қайтарғысы келетін тәрізді. Егер де нәзік өлшеммен жұмыс істей алатын маман эзотерик болса, ол мақұлықтардан қалай құтылуға болатынын білер еді. Ертеде қазақтардың арасында адам тәніне кіріп кеткен жынды қуатын бақсылар болған. Ислам дінін ұстанатын молдалардың арасында да Құран аяттарымен сондай жынды қуа алатындары бар.
«Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде» деген сөз бар. Бойыңдағы қуатыңды сорып, ауруға ұшырататын нәзік тәнді мақұлықтардан сақ болудың жолдарын білсек, одан үлкен пайда табарымыз анық. Эзотерик мамандардың айтуынша, ондай қуатсорғыш нәзік тәнді мақұлықтар ауру жатқан бөлмеде, арақ-шарап ішілетін орындарда, моншаларда болады екен. Сондықтан ондай жерден аулақ жүрген жөн болады. Ал түрлі себептермен сондай орындарға бара қалсаңыз, түрлі сақтану шараларын жасаған жөн. Ең дұрысы іштей Құран аяттарын оқып, жаман нәрселерді ойламай, ақыл-ойыңа бақылау қойған дұрыс болады. Өйткені, бұндай мақұлықтар адам нәпсіге беріліп, жаман нәрселер ойлайтын болса, оның ойы арқылы әсер етіп, ақыл-ойын билеп түрлі жамандықтарға итермек. Нәпсіге еріп ар ұялар жаман істер істейтін пенделердің көбі оны неліктен жасағанын білмей, кейін өкініште қалып жатады. Бұл да сол нәзік тәнді мақұлықтардың адам санасына тигізер әсері арқылы жасалатыны белгілі.
Сондай-ақ, өзіңіз тұратын бөлмені, төсегіңізді отпен аулақтап, тазартып алғаныңыз жөн. Жатар орынға аяқ-қолыңызды, аузыңызды шайып, жуып жатқан дұрыс. Арақ, темекі сасыған ауызға әлгіндей мақұлықтар үйір болады дейді эзотерик мамандар. Жалпы, дәстүрлі діндердің бірін ұстанып, тән және жан тазалығын сақтауға көңіл бөлген адам қуатсорғыш нәзік тәнді мақұлықтардың ықпалынан аулақ болады.
