ҚАСЕН АҚСАҚАЛДЫҢ ӘҢГІМЕСІ

Емдік өсімдіктерден жасалған табиғи дәрілер мен дәрумендер, балалар мен ересектерге арналған брендтік киімдер, косметика, т.б. төмендетілген бағамен тапсырыс бере аласыз, Қазақстанның кез-келген аумағына жеткізіп береді. Толық ақпаратты мына сілтеме арқылы алыңыз:

https://akikat01.com/internet-magazin/

                

…Әр өңірдің өзіне тән тарихы, құпиялары бар. Біз білмейтін зар замандағы оқиғаларды алдыңғы буын ағалардан естиміз. Олар ғасыр қойнауына кеткен небір құнды дүниелерді бүгінгі ұрпағына жекізеді. «Ауылыңда ақсақалың болса, жазылып қойған шежіре» деген сөзді бабаларымыз бекерге айтпаған. Ел қадірлеген  ақсақалымыз Қасен Тықанұлының көргені мен тоқығаны көп  шежіреші ме дерсің. Әңгіме тиегін ағытқанда беріле тыңдағаныңды байқамай қаласың. Халқымыздың арғы-бергі тарихынан ой толғағанда құды сол дәуірге барып келгендей әсер аласың…

      «…Әрғы аталарымыз орта жүз найман, бағаналы. Оның ішінде жырық атадан тарайды. Атбасар дуанының аға сұлтаны Ерден би Сандыбайұлының  тікелей ұрпағымыз. Бергі аталарым Байдәулет, одан Төбет, Қалменде, Шайкен, Нұреке есімді төрт ағайынды болған. Қалменде (Қалменбай) жасынан өнерпаз, қыран бүркіт, құмай тазы, жүйрік ат ұстаған сері болыпты. Ол кісі сауық сайранмен жүріп қырық тоғыз  жасқа келгенде он үш жастағы Бөпежан есімді жас қызға үйленеді. Он төрт жасқа келгенде тұңғыштары дүниеге келеді. Есімін Тықан деп атайды. Бөпежан он үш баланы өмірге әкелген. Оның екеуі егіздер. Он үш баланың төртеуі-Тықан, Зәрер, Мұқыш, Шекер тірі қалады. Алпыс жеті жасында атамыз Қалменде өмірден өтеді.

      

Шекер апамыз Алматыда сән үлгісінің киімдерін тіккен. Тігіншілер ұжымының меңгерушісі болды. Тоқсан үш жасында 2002 жылы дүние салды. Жолдасы Нұрбай Құсайынұлы ауылшаруашылық министрлігінің орынбасары қызметін атқарған. Жоғары партия мектебін бітірген білімді азамат. Елу сегіз жасында мына жарық дүниемен қош айтысты. Әкеміз жасынан малсақ, әсіресе жылқы баласын өте жақсы көретін. Негізгі еліміз Ұлытау өңіріндегі Қаракеңгір жайлауы. Бабаларымыз Талдықорған жақта көшіп-қонып жүріпті. Ақтабан шұбырынды алқакөл сұлама заманында Ұлытауға қоныс аударады.

    Әкем Тықан Қалменұлы он үш жасында Атбасар уезінің атақты көпесі Александр Беловтың малшысы болып еңбек етеді. Кейін жылқышы, одан кейін атқосшы болып сеніміне кіреді. Көпестің сенгендігі соншалық қарамағындағы шаруашылықты басқартып қояды. Көпестің  Ақмола, Көкшетау, Қостанай, Қызылжар, Өскемен, Қарқаралыда сауда жасайтын дүкендері бар еді. Осы сауда дүкендерін айына, кейде екі айда бір рет аралап шығып саудадан түскен қаражатты жинайтын. Аттар болдырмас үшін жолда ауыстырып отырған. Көпестің араб тұқымдас иттері де керемет еді-ау. Сол иттері ауырғанда үш пар атты жегіп  сонау Қызылжар қаласына барып емдедіп алып келеді. Әкей көпестің әйелін «бәйбіше» деп атапты. Атбасар қаласының қақ ортасында көз тартатындай, ғажап салынған орыс шіркеуі болыпты.  Көпес бүкіл отбасымен құлшылық жасауға осы ғибадатханаға барады екен. Оларды пәуескеге  отырғызып шіркеуге апарып, одан кейін үйіне жеткізіп салып отырған.  Сол кездің байлары атқосшы баланы қалай күткен. Күніне үш мезгіл киімін ауыстырып үстін таза ұстаған. Жомарттығына таң қаласың. Кеңес үкіметі орнаған соң, большевиктер шіркеуді быт-шыт қылды.  Жермен жексен етті. Қазір орны да қалған жоқ. Кенесары ханның оң қолы болған әйгілі (Арғын-Сүйіндік-төртуыл) Жанайдар батырдың баласы Атбасарға аты шыққан болыс, әрі бай, ауқатты тұратын Мейрам қажының немересі Сейілбек көпес Беловтың үлкен қызына үйленеді. Әкем айтатын. Көпестің қызы керемет сұлу. Ай десе аузы, күн десе көзі бар нағыз періште. Адам баласы жүзіне қарағанда шыдамайтын. Хор қызындай алма мойын, ақша маңдайдың өзі еді. Аумалы-төкпелі заман басталғанда әлгі сұлуы Сейілбекке қарамай басқамен кетіп қалады. Сонда, Сейілбек өмірінің соңына дейін «ит те болса өзімнің қазағымнан  алуым керек еді, өмірлік жарды шіркін-ай» деп өзегі өртене өкініпті. Беловтың бәйбішесі әкеме: «сен арақ ішпе, темекі тартпа, карта ойнама. Картаны кім ойнайды, шылымды кім шегеді, арақты кім ішеді? Әрине ақымақтар» деп ақылын  айтады екен.

     Он жеті жастағы атқосшы әкем  Тықан шылымды жәшіктеп шегеді. Соның салдарынан өкпесі бітеліп, көк жөтелден алқынып жүре алмайды. Қазіргі пошта ғимаратының алдындағы көпестің ағаштан салғызған екі қабатты үйіне әкейді  жеткізеді. Беловтың баласы, есімін ұмыттым. Жер төлесіне алып барып, екі қолын екі жаққа керіп байлап тастайды. Татар емші қолтығының астын тесіп, өкпесінен екі кесе іріңді алып шығады. Іріңді алып жатқанда өзін жайлы сезінеді. Содан бері шылымды шекпей кетеді. Анадан жаңа туғандай, дүние есігін қайта ашқандай күйге түстім деп әкей есіне алатын.

     1925-1927 жылдары бай-кулактарды кәмпескелеу басталғанын білесіздер. Бұл кезде кеңес үкіметі орнап жер-жерлерде ұжымдастыру науқаны жүріп жатты.  Беловтың жалғыз ұлы оқыған, білімді, көреген, алды артын болжай, бағдарлай білетін  саналы азамат екен.  Большевиктердің түбінде жеңетінін біліп қызылдарды жақтайды. Сол үшін туыстары өштеседі. Айнаға қарап шашын тарап тұрғанда ту сыртынан келіп атып өлтіреді.

     Көпестің әйелі және кіші қызы үй шаруашылығымен айналысып жүреді. Қызыл әскер киімді  белінде асынған тапаншасы бар, түсі сұсты   татар ұлтының өкілі кіріп келіп: «Кеңес үкіметі атынан сіздердің барлық мүліктеріңіз тәркеленеді. Мемлекет қарамағына өтеді. Өздеріңізге керекті киім-кешек тағы да басқа жабдықтарыңызды алуға рұқсат» деп бұйыра сөйлейді. Одан кейін қос өгіз жегілген он екі арбаға қоймадан парсы, иран, бұхар кілемдерін алып шығып тиейді. Не деген байлық десеңізші.

       Сондағы көпестің бәйбішесінің айтқаны: «Маған төркінімнен алып келген үш пар атымды және пәуескемді беріңіздер» дейді. Үйден екі чемодан мен бір буманы алып шығады. Киім-кешектері болуы керек. Әкемнің досы Әбен деген жігіт қызы екеуін Қызылжарға жеткізіп салады. Қайтарында Әбенге бір атты мінгізіп жібереді. Кетіп бара жатқанда әкеме күміспен апталған жүген және алтынмен әшекейленген ертоқымды сыйлапты. Байларды тұтқындап қудалау басталғанда әкей қорқып ертоқымды әбдіреге салады.  Кәлен ауылы маңындағы Сарытау деген жерге көміп тастайды. Ел тынышталып заман түзелгенде бірнеше рет ізеп барып жәдігерді таба алмады. Ал, күміспен апталған жүгенді сұрағандарға бермей жүрген. Базыл нағашысы сұрап қоймаған соң берген екен. Ол  жүгенді бір биеге ауыстырып жібереді. Сөйтіп соңғы жәдігерден айрылдық. Тықан әкей 1888 жылы туған. Жасы сексен екіден асқанда ауырмай-сырқамай 1970 жылы қайтыс болды. Інілері Зәрер, Мұқыш та ұзақ жасаған жандар. Қарындасы Шекерді әңгіменің басында айтқанмын. Тоқсан үш жасқа келіп кетті. Зәрер ақсақал сексен бес жасқа келгенше аттан түспей өтті. Жылқыны қазақ жеті қазынаның біріне жатқызады. Ішсең қымызы, жесең еті ем  денсаулыққа тигізетін пайдасы өте зор. Жылқының тағы бір қасиеті қорыққан адамды біледі, қорықпаған адамға көнеді. Аталарымыздың ұзақ жасауының бір себебі ат үстінде жүргендіктен болар…» деп Қасен Тықанұлы әкесінен естіген аймағымызға  байланысты өткен ғасырдағы оқиғаларды айтып берген болатын. Атбасар шаһарының  170 жылдық  мерейтой қарсаңында әңгімені жазып алған едім…

Темірбек Қасымжанов.

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Оставить комментарий

Жарнама
Жарнама
Яндекс.Метрика