Қазақстанға Ресейден қауіп бар ма?

Емдік өсімдіктерден жасалған табиғи дәрілер мен дәрумендер, балалар мен ересектерге арналған брендтік киімдер, косметика, т.б. төмендетілген бағамен тапсырыс бере аласыз, Қазақстанның кез-келген аумағына жеткізіп береді. Толық ақпаратты мына сілтеме арқылы алыңыз:

https://akikat01.com/internet-magazin/

Ресейлік журналистер мен саясаткерлер тарапынан оқта-текте қазақ еліндегі орыстардың құқығы аяқ асты болып жатқаны, Қазақстанның солтүстік облыстарының ресейдікі екендігі жайында даулы мәлімдемелер жасалып жатады. Бұндайды ести-ести құлағымыз үйреніп кеткен сияқты. Десе де, біздің кейбір ұлтжанды белсенділеріміз ара-тұра сондай арандатушыларға қарсы пікірін айтып, жауап беріп жататыны бар. Бірақ  есірген ресейлік ұлтшылдарға қарапайым белсенділердің сөзі шыбын шаққандай да әсер етпейді. Ал ресми билік ондай арандатуларды естісе де, естімегенсіп, бейтарап қалады.

Өткен аптада да сондай бір ресейлік журналист Тина Канделаки деген біреу Қазақстандағы  орыстардың құқы аяқ асты болып жатқандығы, орыс тілін қудалау әрекеттері белең алып кеткендігі, бір сөзбен айтқанда қазақ ұлтшылдығы жайында әңгіме көтеріп, әлеуметтік желіде жариялады. Оның бұл арандатуына бірлі-жарым белсенділер жауап қатқан болды. Әдеттегідей билік ресейлік журналистің қазақ халқына қарсы айтылған бұл пікірін естімегенсіп, сырт қалды.

Осының алдында бір айдай бұрын Федеров деген Думаның бұрынғы депутаты, полковник дәрежесіндегі әскери шені бар ресейлік азамат Қазақстан КСРО ыдырағанда Ресейден бөліну жөніндегі заңдық шараларды сақтамады, сондықтан оның тәуелсіздігі заңсыз деген пікір айтып, әлеуметтік желіні біраз шулатты. Федеровтың бұндай пікірді бірінші рет айтып отырмағанын жұртшылық жақсы біледі. «Әй дейтін әже, қой дейтін қожа болмағандықтан, федоровтар ауыздарына келгенді айтып, қазақ елін де, ұлтын да кемсітіп, қорлауын жалғастыра береді. Өкініштісі сол, дәл сондай әңгімені бір қазақ айтсыншы, ресейліктер ресми өкілдері бар, белсенді ұлтшылдары бар лап қойып, түтіп жей жаздайды.

Осыдан бірнеше жыл бұрын мекеме, ұйымдарда аяқ асты болған мемлекеттік мәртебесі бар қазақ тілінің мүддесін қорғаймын деп шырылдаған белсенді Ахметов деген азаматқа ресейліктер жан-жақтан жауша тиісіп, ақырсында біздің құқық қорғаушылар оның үстінен қылмыстық іс ашты. Содан Ахметов амалсыз туған елін тастап, шетел асып бой тасалауға мәжбүр болды. Ал федеров, никонов сияқты қазақ елін, ұлтын кемсітіп, қорлаушыларға біздің  өкілетті орган өкілдері ләм деп ауыз ашуға қауқарсыз.

Канделакидің мәлімдемесіне қайта оралайық. Жалпы, бұндай бір мемлекетке, оның байырғы ұлтына қара күйе жағып, айыптау қарапайым журналистің дәті баратын шаруа емес. Оның сыртында саяси ойын түріндегі ресей билігінің құйтыртқы әрекеті жатқаны анық. Канделаки, федоров, никонов сияқтылар жоғарыда отырған әлдекімдердің айт дегеніне айтақтап қосылатын жәй қуыршақтар ғана. Осындай сөздерді әлгіндей біреулердің аузымен айтқызып отырған ресей билігі Қазақстанға қоқан-лоққы жасап, бізге қарсы келсең, ертең Украинаның кебін құшасың деген дөңайбатын көрсететін сияқты.

Отаршылдық жүйе өткен ғасырда ыдырап, Ұлыбритания, Франция сияқты біраз  державалар отарларына тәуелсіздік беріп, Африка мен Азия құрлығының бірқатар елдері тәуелсіздік алған еді. Қазіргі күні отар иеленіп отырған әлемдегі жалғыз отаршыл держава – ресей. Автономиялық республика атанғанымен, ешқандай құқықтық бостандығы жоқ Татарыстан, Башқұртстан, Бурятия, Якутия сияқты жер астығы байлығы мол, жер аумағы да үлкен  республикаларды місе тұтпай, енді ресей патша заманындағы империя аумағын қалпына келтіруді мақсат етіп отырған сияқты. Ресейлік журналистер мен саясаткерлер бұл ойларын жұртшылықтан онша жасыра да қоймайды. Өзге елдердегі орыс ұлтының мүддесін қорғаймыз деу сол басқыншылық саясатты жүргізудің сылтауы болса керек.

Әлемдегі бір де бір ел өз азаматтарының өзге елдердегі мүддесін қорғаймыз деп, бөтен елдің ішкі ісіне араласпайды. Қазақстанда көптеген немістер, украиндар, өзбектер тұрады. Бірақ Германия, Украина, Өзбекстан тарапынан біздің азаматтарымыздың тілін, дәстүрін дамытуға кедергі жасап жатырсыздар деп айыптау айтылған емес. Ресейде қазір 600 мыңнан астам қазақ ұлтының өкілдері тұрады. Ресейде қазақ мектептері жоқ, жастар өз ана тілдерін білмейді. Бірақ біздің билік тарапынан ресейге қазақтардың ұлттық тілін дамытуға жағдай жасамай отырсыздар деген айыптау бір де бір рет жасалған емес. Керісінше, орыс тілді мектептері бар, Конституцияда ресми тіл мәртебесі беріліп, іс қағаздары жүргізіліп жатқан орыс тіліне қатысты байбаламдар ресейліктер тарапынан үнемі жасалып жатады. Бұның астарында  бұрынғы империялық өктемшіл саясаттың жатқаны анық байқалады.

Қазір барша әлем елдері ресейді соғыс қаупін тұтатушы агрессор мемлекет ретінде танып,  қатаң санкция салды. Күн сайын жүздеген, мыңдаған адамның өмірін жалмап жатқан Украинадағы соғысқа тікелей айыпты ресейдің алдағы уақытта басқыншылық соғыстарын одан әрі жалғастыру қаупі күшті. Канделаки сияқтылардың арандатулары осыны айғақтайды. Қазір ресейге кедергі болып тұрған жалғыз нәрсе – Украинадағы соғыс. Украинаны жаулап алу үмітінен айрылған ресей қазір уақытша тыныс алу үшін келісім жасауға  барын салып жатыр. Ондай келісім жасала қалса, ресейдің тыныш отырмай басқа көрші елдерге басқыншылық жасауы әбден мүмкін. Сондықтан, Канделакидің сөзін жәй сандырақ деп қабылдамай, билік қорғанысты дамытуға қатты көңіл бөлуі қажет. Напалеонның айтқан «бейбітшілікті қаласаң, соғысқа дайындал» деген қанатты сөзін естен шығаруға болмайды. «Орыстан досың болса, жаныңда айбалтаң болсын» деп қазақ атамыз тектен текке айтпаған.

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Оставить комментарий

Жарнама
Жарнама
Яндекс.Метрика