Қазақстанда қашан біртұтас қоғам орнығады?
Емдік өсімдіктерден жасалған табиғи дәрілер мен дәрумендер, балалар мен ересектерге арналған брендтік киімдер, косметика, т.б. төмендетілген бағамен тапсырыс бере аласыз, Қазақстанның кез-келген аумағына жеткізіп береді. Толық ақпаратты мына сілтеме арқылы алыңыз:
Отаршылдардың бодандағы халықты ұстаудың ежелден қалыптасқан «бөліп ал да, билей бер» тәсілін әлемдегі бүгінгі таңдағы жалғыз отаршыл ел Ресей әлі күнге дейін қолданып келеді. Ресейдің осындай саясатының салдарынан қазақ елі тәуелсіздігін алғанына отыз жылдан астам уақыт өтсе де, бүгінгі күнге дейін біртұтас қоғам орната алмай отыр. Кеңес заманында қалыптасқан орыстілділер мен қазақтілділер болып бөлінген қоғам соңғы кезде әсіредіндарлар ұстанатын ұлттық болмысқа қарсы бағытталған арабтық бағытпен толықты. Мемлекеттің іргесі берік болуы үшін қоғам біртұтас болуы тиіс. Ал қоғамды біріктіретін құдыретті күш – ол тіл. Егер қазақ елінің барша азаматтары бір тілде – қазақ тілінде сөйлесе, онда мүддесі мен мақсаты бір біртұтас қоғам орнығар еді. Дегенмен, қазақтың басының қосылуына іргелес ресей жол бермей, барынша кедергісін жасап бағуда.
Өткен аптада ресейлік журналист ұлты грузин Тина Канделаки деген Қазақстанда орыс тілі шетқақпай болып, орыс ұлтының өкілдері қуғын көріп жатыр деген мазмұнда мақала жариялады. Оны ресейліктердің басым көпшілігі қолдап, қазақ еліне қарай жұдырық түйісті. Бұндай арандатушы мақалалар бірінші рет жазылып отырылмаса да, көрші елдің саясаткерлері мен журналистерінің тарапынан үнемі осындай арандатулардың жасалуы халықтың да әбден зықысын алып бітірді. Канделакиге жауап бергендердің әлеуметтік желілерде өте көп болуы да соны аңғартса керек.
Қазақстандағы жоқ қазақ ұлтшылдығы туралы Канделакидің бұл мақаласы тектен тек жазылмағаны анық. Оның сыртында журналистке тапсырыс беруші мүдделі топтың тұрғаны белгілі. Олардың көздегені қазақ елінің біртұтас қоғам болып бірігуіне, ұлттық тәуелсіз мемлекет орнатуына барынша кедергі жасау. Осы кезге дейін ресейдің бұл озбыр саясаты жүзеге асып келді. Елімізді отыз жылдан астам уақыт басқарған Назарбаев заң негізінде мемлекеттік мәртебе алған қазақ тілін орыс тілінен төмендетіп, өз дәрежесіне лайықты биікке көтермеді. Соның салдарынан тілге байланысты қордаланып қалған проблемалар шешілмей, оның саны уақыт өткен сайын көбейе түсті.
Соңғы санақ бойынша қазақ ұлты еліміздегі барлық тұрғындардың 71 пайызын құрайтыны белгілі болды. Оңтүстік облыстарда қазақ мектебін бітірген жастардың арасында орыс тілін мүлдем білмейтіндер көп. Ертең олар өз құқықтарын талап етіп, дауыс көтере бастайтыны анық. Өйткені қазіргі билікте отырғандардың 95 пайызы орыстілділер. Барлық алқалы мәжілістер түгел орыс тілінде өтеді, іс қағаздары түгел орыс тілінде жүреді, Парламент заңды негізінен орыс тілінде қабылдап, қазақша аударады. Осылайша орыс тілі әлі күнге дейін үстем тіл болып отыр.
Бұның өзі қарапайым халықтың ашу-ызасын туғызып, жыл өткен сайын мемлекеттік тіл мәртебесін алған қазақ тілінің қолдану аясын кеңейтуді барынша талап етуде. Жекелеген белсенділер жеке кәсіпкерлік нысандарға барып, қазақ тілінде қызмет көрсетуді талап етуі белең алды. Осы жағдайға орай қазақ тілін үйрену керек екен-ау деп ойлап, орыс тілділер тіл үйренуге көшудің орнына, керісінше мемлекеттік тілде қызмет көрсетуді талап етушілерге ата жауындай қарап, балағаттауға, тіпті жұдырық ала жүгіруге дейін барған жағдайлары ұшырасты. Рудныйда қазақ тілінде сөйлеуді талап еткен белсендінің үстінен қылмыс ашамыз деп қорқытып, кешірім сұратса, күні кеше павлодарлық тіл белсендісі Руза Бейсембаеваны біреулер күштеп жындыханаға жапқаны жұртшылықтың ашу-ызасын туғызды.
Осы оқиғаға байланысты Руза Бейсембаевнаның өзі әлеуметтік желіде былай деп жазады: «Үйімнің қасындағы Халық банктің бөлімшесіне кіріп бара жатыр едім, бір еркек артымнан «женщина, женщина постойте» деп айқайлады. Мен орысшаға жауап бермейтін әдетіммен жүре беріп едім артымнан келіп мені түртті. Бұрылып қарасам бір жас жігіт тұр екен. «Не подскажите Майры 29» деді.
«Қазақтың баласы емессің бе, неге қазақша сөйлемейсің деп едім, мемлекеттік тіл орыс тілі мен қазақ тілі. Менің орысша сұрағыма орысша жауап беруің керек» деп агрессиямен дөрекі жауап берді. Мен бұның подстава екенін түсіндім де телефонымды алып видеоға түсіре бастап едім полиция шақыртты. Полиция да жылдам келе қойды, артынан жедел жәрдем келді. Сөйтсем ол жедел жәрдем емес, психбольницаның қызметкерлері екен. Мені апарып аяқ қолымды байлап, жауып тастады. Қайта тікелей эфирге шығып үлгергенім жақсы болды. Сол арқылы кісілер мені іздеп дабыл қағыпты.
Мен үшін алаңдаған барша жұртқа Алғысым шексіз!!! Аман болыңдар! Қазақ барда қазақ тілі өлмейді».
Тіл белсендісі Руза Бейсембаеваның басынан кешкен оқиғасы қазақ қоғамындағы жағдайдың ушығып тұрғанын көрсетті. Кейін белгілі болғандай, белсендіні жындыханаға жабуға тапсырыс берген қалалық әкімдіктің аппарат меңгерушісі болып шықты. Ол жұртшылықтың айқайымен қызметінен босатылды.
Осыдан бірнеше жыл бұрын көпшілік мекемелерде мемлекеттік тілде қызмет көрсетуді талап еткен белсенді Ахметов деген азамат ресейлік ақпарат құралдарының арандатуымен үстінен қылмыстықө іс ашылып, шетелге кетуге мәжбүр болған еді. Сол тұста назарбаевтың шекпенінен шыққан кадры министр болып тұрған Дәурен Абаев ұлт белсенділерін «үңгірдегі ұлтшылдар» деп кемсіткені есімізде. Ресейдің ықпалымен абаев сияқтылардың айқайымен мемлекеттік тілдің мәртебесін көтереміз дегендері үшін тіл белсенділерінің қуғынға ұшырауы үнемі жалғасып келеді. Бұның астарында жоғарыда айтқанымыздай, отаршыл ресейдің тәуелсіз Қазақстанды уысынан шығармай, біртұтас қоғам орнатуына жол бермей араға жік салып, бөліп алып билеу ниетінің жатқаны айдан анық. Ресейдің бұл озбыр саясаты бүгінде әлем елдері басқыншы деп таныған импария қирағанда ғана тоқталатын түрі бар.