4 көрілім

Емдік өсімдіктерден жасалған табиғи дәрілер мен дәрумендер, балалар мен ересектерге арналған брендтік киімдер, косметика, т.б. төмендетілген бағамен тапсырыс бере аласыз, Қазақстанның кез-келген аумағына жеткізіп береді. Толық ақпаратты мына сілтеме арқылы алыңыз:

https://akikat01.com/internet-magazin/

Қазақта «қолмен істегенді мойынмен көтеру керек» деген түсінік  бар.  Жасаған теріс әрекетін түсініп, соны мойындау – екінің бірінің қолынан келмейтін қиын іс. Оны бүгінде «нағыз еркек» деп аталатын ер мінезді адамдар ғана жасай алады. Өкініштісі сол, ондай ер мінезді нағыз еркектер қазір мүлдем дерлік жоғалып кеткен сияқты. Басқа қарапайым пенделерді былай қойғанда, милиардтап ақша ұрлап, сотталып жатқан екі-үштен дипломы, ғылыми дәрежесі бар үлкен лауазым иелерінің өзі сотта  кінәларын мойындамай, жазықсызбын деп бетбақтырмай тұрып алатынын көріп, естіп жүрміз.

Күні кеше әйелін ұрып өлтіріп, ұзақ мерзімге сотталған экс министр Бишімбаев  қашан сот үкімі шыққанша өзінің жазықсыздығын дәлелдеу үшін жанталасып бақты. Ал ол қомақты ақша ұрлап, жемқорлық қылмысы үшін алғаш рет сотталғанда «жазықсыз адамды соттады, оның еш кінәсі жоқ еді, саяси ойынның құрбанына айналды» деп жазғандар көп болғаны есімізде. Сотталған түрлі деңгейдегі әкімдер мен министрлер, олардың орынбасарлары сияқты биік зауазымды қызмет атқарған адамдардың бір де бірінің сотта өз кінәсін мойындап, өкініш білдірмегені, тағайындалған жазаның әділ болғандығын айтпағаны еріксіз ойға қалдырады. Сонда біздің судьяларымыз еш жазықсыз жандарды соттап жатыр ма, деген ойға қаласың?  Қылмыс жасады деп айыпталып, сотталып жатқандардың ешқайссы өз кінәларын мойындамаса, онда жазықсыз болғаны ғой. Сонда бұл қалай болды?  Сотталғандардың сөзіне сенсек, олар сүттен ақ, судан таза, еш жазығы жоқ.  

ЭКСПО-ның милиардтаған ақшасын жеп сотталған Талғат Ермегияевті жазығы жоқ, саяси ойынның құрбаны болып кете барды деп біреулер бықсытып жазып жатыр. Осыдан бірнеше жыл бұрын сол Ермегияевтің  түрменің вип камерасында шалқып өмір кешіп жатқаны туралы видео таралған еді. Және де сол мемлекеттің қаржысын қаптап жеген жемқорлардың бәрінің аса үлгілі тәртібі үшін мерзімінен бұрын босап шығып, түк болмағандай бизнестерін айналдырып, шалқып жүргендерін көріп, естиміз. Осыларға қарап, біздің еліміз жемқорлар мен қылмыскерлер үшін нағыз жұмақ мекен екен-ау деген ойға қаласың. Барлық заң солардың мүддесіне лайықтап жасалып қойғандай.

Дәстүрлі діндердің бәрінде бар «тәубаға келу» түсінігі адамның өз күнәсін мойнына алып, соған өкінуі, сол үшін Жаратқаннан жалбарынып кешірім сұрау арқылы  ондай күнәні алдағы уақытта ешқашан жасамауға бекінген игі қасиеті жатқаны анық.  Өзі жасаған қателігін түсінгенде ғана адам сол үшін өкінеді, ал шын жүрегімен өкінген адам ондай қателікті болашақта ешуақытта қайталамайды. Жасаған қателігін мойындамаған адам, өз әрекетінің теріс залалын сезінбеген болып табылады және ондай жан сондай қателікті алдағы уақытта ебі келгенде он, тіпті жүз рет қайталап жасауға әзір тұрады.

Сол жоғарыда айтқан экс министр Бишімабевты алып қарайық. Мемлекет қаржысын қымқырды деген айыппен біраз жылға сотталды. Бірақ еш өкініш білдіріп, өз кінәсін мойнына алған жоқ.  Бостандыққа шыққан соң  одан да жаман ауыр қылмыс жасап екінші қайтара сотталды. Тағы да алғашқы жолғыдай кінәсін мойындамады, яғни тәубесіне түсіп, өкінген жоқ. Ал теріс әрекетін түйінбеген екен, онда алдағы уақытта да сондай қылмыстарды жасауға әзір деген сөз.

Шынын айтқанда көре көзге бәрі көрініп тұрған, айғақтар мен куәлардың көрсетуімен анықталған қылмыстың өзін мойындамау қазір берік дәстүрге айналып бара жатқаны  қынжылтады. Өйткені, бұндай құбылыстың артында қылмыс жасаған адамдардың өз қателіктерін түсінбегендігі және болашақта одан еш сабақ алмайтыны тұр. Яғни, ондай адам ертең бостандыққа шыққан соң әлгіндей қылмысын тағы да қайталап жасауға әзір деген сөз.

Барша қазақстандықтардың назарын аударған өткен жылы 16 жастағы бозбаланы бірнеше адамның ұрып-соғып өлтіру оқиғасына байланысты өткен сотта да кінәсін мойындамау, тіпті кінәлімін деп сезінбеу  әрекетінің орын алғандығын  көріп, куәсі болдық.  Жәбірленуші тараптың адвокаты  Мейірман Шекеев  «Орда» басылымына берген сұхбатында былай дейді:

«Сот үкімін шығаратын күніТалдықорғанға барар жолда әріптесім Бағдагүл Әжіғалиевамен сөйлестік. Шыны керек, жүрегімізде бір қиналыс болды. «Мейірман, қалай болар екен, шынымен жазықсыз біреу кетіп қалмай ма екен» деді ол. Алайда үкім оқылған кезде олардың шынайы бетбейнесін көрдік. Бізге қарай ұмтылған кезде әйнек бері қарай шығып кете жаздады.  Қасымда тұрған Бағдагүл ханымның аяқ-қолы дірілдеп кетті. Қаншама күзет, халық тұр сол жерде, соған қарамастан бізге қоқан-лоққы көрсетіп тұрса, демек ол оқиға болған түні де өздерін дәл солай ұстады деген сөз.  Сот залында олардың әрекеттерін көргенде шынын айтқанда , иығымыздан жүк түскендей болды. Себебі сол әрекеттен қылмыскерлердің шынайы бетбейнесін көрдік».

16 жастағы бозбаланы жабылып ұрып, пышақтап өлтірген қылмыскерлердің әрекетін айғақтайтын видео бар, оған қоса осы оқиғаға куә болған куәлар да жетерлік. Қылмыскерлер бозбаланы оның ата-анасының көз алдында өлтірген. Міне, осыншама айғаққа қарамастан, пышақ ұстаған басты айыпкерден бастап, барлық қылмысқа қатысты 8 адамның бір де бірі қылмыстарын мойындамаған. Ал олардың адвокаты, тіпті оқиғаға қаза тапқан баланың әкесі Қаржаубай Полаттың өзі кінәлі деп, оны жауапқа тартуды сұрап арыздануы, жұрттың жағасын ұтсатты.

Бұл жағдай нені көрсетеді?  Бар өмірі алдындағы өрімдей жасты өлтіргендеріне еш өкінбеген қылмыскерлер тіпті, өздері жасаған қылмысты сезінбеген сияқты.  Осыған қарап, ертең жазаларын өтеп, бостандыққа шыққан соң олардың қылмыстық әрекеттері одан әрі жалғасын табады деуге толық негіз бар. Қатесін мойындап, соған өкінбеген адамның сол қателікті он, жүз рет қайталап жасайтыны сияқты, жасалған қылмысын мойындамаған адам да ертең сондай қылмысты қайталайтынын өмір тәжірибесі анық көрсетуде.  Ел басқарған шенеуніктерден басталған қылмысты мойындамау синдромы қазір елімізде жазылмас дертке айналып кеткен түрі бар. Ал бұл ертеңгі болашағымыз үшін өте қауіпті құбылыс.

Қалкөз Жүсіп.  

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір қалдырыңыз

Яндекс.Метрика