Емдік өсімдіктерден жасалған табиғи дәрілер мен дәрумендер, балалар мен ересектерге арналған брендтік киімдер, косметика, т.б. төмендетілген бағамен тапсырыс бере аласыз, Қазақстанның кез-келген аумағына жеткізіп береді. Толық ақпаратты мына сілтеме арқылы алыңыз:
Күні кеше әлеуметтік желілерде 11 жастағы өз қызын зорлаған Ақтауда қызмет істеген бұрынғы әскери қызметкерге қатысты сот шешімінің шыққаны туралы ақпарат таралды. Әскери қызметкер әйелімен ажырасып, басқа әйелге үйленген екен. Баласымен кездесіп тұру құқығын пайдаланған ол 11 жастағы қызын жалдап алған пәтерге апарып зорлайды. Бұндай зорлық бірнеше рет қайталанған. Осы жайды білген қыздың анасы бұрынғы күйеуін сотқа берген. Астана қаласының әскери соты өз қызын зорлаған қылмыскерге өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасын кесті.
Алматы облысында кәмелетке толмаған өгей қызын зорламақ болған 1981 жылы туған азамат ұсталып, терегу изоляторына қамалды деп жазады облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі. Бұдан бұрынырақта өз қыздарын зорлады деген күдікпен Ақмола облысында бір азамат ұсталған еді.
Өзегін жарып шыққан өз қызын немесе өзін әке деп атайтын өгей қыздарын зорлаушылар қатары жыл санап көбейіп барады. Осыдан бірнеше жыл бұрын өз қызын бірнеше жыл бойы зорлап келген, ақырсында жүкті қылып қойған бір азамат сотталған еді. Оны айтасыз, Түркістан облысында мектеп директоры өзінің жетінші сыныпта оқитын ер баласын бірнеше жылдан бері зорлап келгены анықталып, қылмыскер сотталды.
Осылайша, елімізде болып жатқан кәмелетке толмаған ұл-қыздарға жасалып жатқан зорлық пен арсыздықтар туралы тізбелеп жаза беруге болады. Ертеректе, кеңес заманында шетелдік кинолардан ғана көретін осындай арсыздықтардың елімізде жыл өткен сайын көбейіп бара жатуының себебі неде?
Бұның ең басты себебі ретінде бүгінде жас баладан бастап қарияға дейін пайдаланатын интернетке қосылған телефонның өмірімізге кең енуінен деп айтуға толық негіз бар. Интернеттен қазір қалаған ақпаратыңды, оның ішінде арсыздықтың не түрін көрсететін парносайттар мен видеолардың түр-түрін табуға болады. Ондай сайттар мен видеолардың бәрі қолжетімді, яғни бесіктегі баладан қаусаған қарияға дейін пайдалана алады деген сөз. Міне, сондай лас ақпараттарды саналарына сіңірген адамдар нәпсінің құлақ кесті құлына айналып, адамның ақылына симайтын неше түрі сұмдықтарды жасауға әзір тұрады.
Осыдан бірнеше жыл бұрын Түркістан облысында тұратын орта жастағы бір кісі мектепе оқитын екі ер баланы бұзылған үйге апарып зорлап, ойына келген арсыздықтың бәрін жасайды. Кейін белгілі болғандай, ол бұл әрекетті интернет арқылы көрген видеолардың әсерімен жасапты.
Кеңес заманында жақсы ма, жаман ба кім білсін, шет елдерден ақпарат мүлдем алынбайтын. Мемлекеттің рұқсатымен аударылған шет елдік фильмдерден басқа шекараның арғы жағындағы елдерде не болып жатқанынан қалың жұртшылық мүлдем бейхабар болды. Ал жалған болса да адамгершілікке негізделген мемелкеттік идеология адамдарды шектен шықпай, біршама дұрыс өмір сүруге ықпалын тигізді. Бүгінде шет елдермен шекара ашып тасталып, ақпарат та, тірі адамдар да бөгетсіз келіп, мидай араласып кетті. Батыс елдерінде заң арқылы рұқсат етілген бір жыныс өкілдерінің некеге тұрып, отбасы құруы, жария жезөкшелік түріндегі жаман әдеттер бізге де ақырындап келіп жатыр. Бүгінде қоғамымызда белең алған азаматтық неке, яғни некеден тыс байланыс – зинақорлық пен арсыздыққа бастайтын басты қадам десе болады. Қазір Қазақстан ажырасушылардың саны жағынан әлемде ең алдыңғы орындардың біріне шықты.
Кәмелетке толмаған жас балаларды зорлайтын педофильдер қатары жыл санап көбейіп барады. Оны айтасыз, енді өздерінің өзектерін жарып шыққан балаларын, қыздарын зорлайтын әкелер шықты. Бұны енді арсыздықтың ең төменгі шегі десе болар. Хайуан екеш, хайуан да өз төліне шаппайды.
Еліміздегі арсыздықтардың белең алып бара жатуына тағы бір себеп: оларды жазаға тартатын заңдарымыздың шамадан тыс жұмсақтығы және сондайлармен күресетін құқық органы қызметкерлерінің өз міндеттерін дұрыс орындамайтындығы, жемқорлықтың белең алуы деп айтуға болады. Осыдан біраз жыл бұрын «Көкшетаудың маньягы» аталған, түн болса жалғыз жүрген қыз-келіншектерді таса жерде ұстап алып арсыздықтың бәрін жасайтын Боқынов деген азамат сотталды. Ол бұрын да қыздарды зорлағаны үшін екі рет сотталған екен. Екі жолы да судьялар жеңіл жаза кескен және абақтыдағы «үлгілі тәртібі» үшін мерзімінен бұрын босатылған. Ол түрмеден шыға сала баяғы әдетіне тағы басқан. Кем дегенде онға тарта қыз-келіншекті зорлаған сол азаматқа судья 19 жыл бас бостандығынан айыру жазасын кесті. Жасы сол кезде отыздарға жетпеген жігіт 19 жылдан соң түрмеден шығып, баяғысынан да жаман әдеттерге барып, талайдың сорын қайнататыны айдан анық.
Жалпы біздің еліміздің қазіргі қылмыстық заңдары сол қылмыскерлердің мүдделерін қорғауға арнап жасалғандай әсер қалдырады. Көкшетаудың іргесіндегі Гранитный кентінде орналасқан түзеу мекемесінде жазасын өтеп жатқандардың 70 пайызы екінші, үшінші рет сотталғандар екен. Түрмедегі жағдайдың бостығы, жұмсақтығы соншалық, бір сотталған адам абақтыны туған үйіндей көріп алатын сыңайлы. Олар қайта сотталудан еш қашпайды. Өткен жылы Экспоның ақшасын жеп сотталған Ермегияевтың виб камерада шалқып жүргендігі туралы интернетте ақпарат таралды. Жалпы түрмеде «вип камера» дегеннің болуы ақылға сыйымсыз есуастық. Түрме деген қонақүй немесе курорт емес, онда неге вип камералар болады? Түрмеде отырып шыққан бір азамат ақшаң болса қыз-келіншектер әкеп береді, арақ-шарап, есірткі алу да оңай дейді. Яғни, түрмеде адамдар бостандықта жүргендей ойларына келгенді жасап емін-еркін демалатын сияқты. Мұндай түрмеден қылмыскерлер қалай қорқуы керек?
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні: елімізде жыл өткен сайын белең алып, асқынып бара жатқан педофильдік деген кесапатты жоямыз десек, ең алдымен мектеп оқушыларының телефон ұстауына тиым салынуы қажет және интернеттегі парносаит дегендердің бәрін бұғаттап, үлкен де, кіші де көре алмастай еткен жөн. Ақпараттық кеңістігімізді арсыздықтан қорғай алмасақ, ертең ұрпағымыз азып, елдігімізге қатер төндірері даусыз. Екіншіден, осындай арсыздықты жасағандарды жазалайтын заң барынша қатаңдатылуы тиіс. Өлім жазасы жоқ болғандықтан, педофильге берілетін жалғыз жаза – өмір бойына бас бостандығынан айыру болуы қажет. 15-20 жыл деп былжыратудың еш жөні жоқ, қайта түзелуден кеткен мұндай арсыздар қоғамнан өле өлгенше аласталсын. Үшіншіден, мектептердің бәрінде бала құқығын қорғайтын және балаларды қатерлерден сақтайтын кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторлар мен психолог штатын ашып, енгізу керек.
Еліміздің ертеңгі болашағы қазіргі жас ұрпақтың қолында екенін ескеріп, оларды қорғаудың барлық шараларын жасамасақ, ертең өкініште қаламыз.
