Емдік өсімдіктерден жасалған табиғи дәрілер мен дәрумендер, балалар мен ересектерге арналған брендтік киімдер, косметика, т.б. төмендетілген бағамен тапсырыс бере аласыз, Қазақстанның кез-келген аумағына жеткізіп береді. Толық ақпаратты мына сілтеме арқылы алыңыз:
Ақыл таразысына сала, өз өміріңіз бен өзгелердің тірлігін салыстыра талдап байқар болсаңыз, адам өмірінің астарында тылсым мән бар екенін ұғынуға болады. Ол қандай мән? Енді соған кеңірек тоқталайық.
Жалпылама сипатта баяндар болсақ, барша адамдардың өмірі ұлтына, нәсіліне, дініне қарамастан былайша өрбитінін бағамдар едік. Дүниеге келген сәби өсіп ержете бастаған шақта мектепке барып, білім алады. Мектеп бітірген соң колледжге немесе жоғарғы оқу орнына түсіп, білімін жалғастырады. Мектеп бітірген соң оқымай, бірден жұмыс істеуге баратындар да бар.
Колледж, университетті бітіріп, мамандық алған жас енді үйленіп, отау құрады және еңбекке араласып отбасылық өмірдің ащысы мен тұщысын татады. Балалары ержетіп, отбастарын құрған кезде егде жасқа жеткен адам белсенді еңбектен қол үзіп, пенсияға шығады. Одан әрі қарттыққа жетіп, Жаратқанның берген жасын жасап, ақырсында дүниеден өтеді. Адамдардың өмір жолын жалпы алғанда осылай беп баяндауға болады. Әрине, әр адамның өмірінде өзіне тән ерекшеліктер болады, дегенмен де, жалпылама алғанда барша адамның өмір жолы осы сценарии бойынша өрбиді.
Жан-жануарлар мен аң-құстардың өміріне назар аударсаңыз да осыған ұқсас алдын ала белгіленген өмір жолының барлығын аңғарасыз. Ақыл таразысына сала қарасаңыз, бұның астарында белгісіз бір күштің тіршілік иелерінің тірлігін алдын ала жобалап, жоспарлап қойғанындай әсер қалдырады. Адамдардың көбі өмір жолының жоспарланып қойылғанына тағдыр деп ат қойып, бәрін Жаратқанның маңдайға жазған жазмышына балайды. Баршы тіршілік иелерінің тірлігін тар ауқымды жолға салып, сол жолмен жүруге еріксіз мәжбүрлейтін қандай күш және оның пенделерінен қалайтыны не? Осы сауалға жауап берсек, өмірдің терең мәнін ұғынып, тірліктің астарында жатқан тылсым сырды түсінетін боламыз.
Қасиетті Құранда “Бір-біріңе мейірбанды болсын деп, өз жыныстарыңнан жұбайлар жараттық” деген аят бар. Бұл аяттың мәні неде? Оны түсіну үшін қасиетті Құранның басқа да аяттарына назар аударуымыз қажет болады. Құранда Алла алдымен еркек жынысты Адам атаны жаратқаны, содан кейін ол ұйықтап жатқанда қабырғасынан әйел — Хауа ананы жаратқаны айтылады. Тағы бір аятында көктегі бір күннің жердегі 50 мың жылға татитыны да айтылған. Енді осы жайларды ақыл таразысына сала талдайтын болсақ, оның астарындағы тылсым мәнін ұғына бастаймыз.
Құранда айтылғандай, алдымен Алла еркек жынысты Адам атаны жаратқан. Сосын күн бітіп түн болғанда, яғни Адам ата ұйықтап жатқанда қабырғасын сездірмей кесіп алып, одан әйелді жаратады. Өз жыныстарыңнан деген аяттың мәні осы болса керек, яғни, әйелді ерекектің қабырғасынан жарату арқылы бір адамды екіге бөлген. Көктегі бір күннің жердегі 50 мың жылға тең екенін ескерсек, Адам ата ұзақты күн, яғни мыңдаған жылдар бойы әйелсіз жалғыз өмір кешкен. Құран аяттарының бәрі аңыз түрінде берілгенін, оның астарында терең мәні барлығын назарға алар болсақ, онда әйелдің тек ұрпақ жалғастыру үшін ғана жаратылмағанын, негізгі мақсат адамдардың бір-біріне мейірбанды болуы екендігі де осы аятта анық айтылып тұр.
Бізге аңыз түрінде жеткен ежелгі грек мифтерінде андрогин деген тіршілік иелері жайында айтылған әңгімелер бар. Андрогиндер ер жынысты болған, оларда әйел деген болмаған. Еркектер кәмелет жасына толған кезде артқы тесігінен сұйық ағып, ол жұмыртқаға айналған. Белгілі уақыт өткен соң жұмыртқадан кішкентай андрогин өсіп шыққан. Еркек жынысты тіршілік иелерінен құралған андрогиндер осылайша ұрпақ жалғастырған және ол үшін әйелдің қажеті болмаған.
Андрогиндер жұмыртқадан шыққан сәбилерді бөліп-жармай бірге асырап, қауым болып өсірген. Бала ортақ болғандықтан, оларда сәбиге деген махаббат, мейірбандық сезім болмаған. Ұрпақ тәрбиелеп өсіру андрогиндер үшін ішіп-жеу, ұйықтау, қорғану сияқты табиғи қажеттілік болып саналған.
Грек мифтерінде айтылған андрогиндер Құрандағы Адам ата нәсілі болса керек. Адам ата да еркек жынысты болды және бір күн бойы әйелсіз жалғыз өмір кешті. Ол ұрпақ жалғастырмады, жалғыз болды деуге негіз жоқ. Құранның рәмізді аңыздан құралғанын, оның астарында тылсым сырлардың барлығын ескерсек, Адам ата деген грек мифтеріндегі андрогин аталатын нәсілдің өкілдері екенін ұғуға болады.
Андрогин — Адам ата әйелге тәуелді болған жоқ және отбасы құрудың да оларға қажеттігі болмады. Андрогиндер қауым болып бірге өмір кешті, кәмелеттік жасқа толған соң жұмыртқа басып, ұрпақ жалғастыруға барлығы қатысты. Яғни, ұрпақ өрбіту олар үшін еш қиындықсыз, кедергісіз табиғи түрде жүзеге асты. Балаларын қауым болып бірге өсірді. Дегенмен де, бұның бір теріс жағы — адамдар бір-біріне мейірбанды болмады, олар тек қажеттілік үшін ғана қауым болып бірге өмір сүрді, бірақ өз ара қатынасында сүйіспеншілік, махаббат деген сезім мүлдем болған жоқ.
Махаббат, мейірбандық сезімнің болмауы — адамдарды жоғарғы вибрацияға көтермей, төменгі тербеліс шеңберінде қалуға мәжбүрлейді. Жаратқанның Адам атаны екіге бөліп, оның қабырғасынан әйел жынысты тіршілік иесін жаратуының астарында олардың бойында жоғарғы вибрация туғызатын мейірбандық, сүйіспеншілік сезімін орнықтыру мақсаты жатқаны анық.
Адам түгілі, барша жан-жануарлар, аң-құстар өз ұрпақтарын жақсы көріп, олар үшін жандарын құрбандыққа шалуға әзір тұрады. Сәби дүниеге келгенде әлжуаз әлсіз және қорғансыз болады. Сәбидің денесі өте жұмсақ, нәзік, сондай-ақ, сүйкімді болады. Ата-анасы ғана емес, сәбидің түр-келбеті мен қылықтары айналасындағы барша адамдардың жүректерін елжіретіп, сүйіспеншілік сезімдерін оятады. Осылайша, Жаратқан пенделерін бір-біріне мейірбанды болып, сүйіспеншілікте өмір сүруі үшін бір жынысты екіге бөліп, еркек және әйел етті және дүниеге келген сәбиді олар үшін аса сүйкімді етіп көрсетіп, жүректеріне мейрім, махаббат салды. Бұның бәрі адамдарды жоғары вибрацияға көтеріліп, сана деңгейін жоғарылатуға мүмкіндік ашты.
Енді мына жайға назар аударып қараңыз: дін деген адамзатпен бірге жасасып келе жатқан құбылыс. Археолог ғалымдар осыдан он, тіпті жүздеген мың жыл бұрын өмір кешкен алғашқы адамдардың да діни сенім-нанымдарының болғандығын жерлеу рәсімдеріне қарап анықтауда. Тарихта тас ғасыры аталған ежелгі заманда өмір кешкен адамдарды жерлегенде бір қырынан жатқызып, қасына тастан жасалған қарулары мен басқа да бұйымдарды бірге көмген. Оның астарында өлген адамға қарулары мен бұйымдар бақи әлемде қажет болады деген түсінік жатқан сияқты. Яғни, бұл ежелгі адамдардың санасында діни сенім-нанымның болғандығын көрсетеді.
Ал кез-келген дінде адамдардың өмір сүру жағдайына әсер ететін шарттар бар. Ол шарттар істеуге тиісті міндеттер мен бас тартатын тиымдар түрінде баяндалады. Міне, осылайша адамзат баласы ежелден діни сенім-нанымдары арқылы өмір сүруіне қажетті шарттар мен ережелерді ұстанып келді. Бұның бәрі адамдардың санасына ғана емес, өмір сүру салтына, тұрмысына, қоғамдық ахуалына да тікелей әсерін тигізіп отырды.
Егер осы жайға ақыл таразысына салып, оның астарында не бар екендігіне назар аударып қарайтын болсақ, кәдімгі өзіміз оқып білім алатын мектептің ереже-шарттарына ұқсайтынын аңғаруға болар еді. Мектепте оқыған баланың басты және негізгі мақсаты — білім алып шығу. Ал дін немесе табиғи қажеттіліктер арқылы белгісіз тылсым күштің сырттан мәжбүрлеп таңған өмір сүру шарттары да адамдарды өмір жолымен жоғары дамыту, ғылыми тілмен айтқанда олардың вибрацияларын көтеруге бағытталғанын бағамдауға болады.
Қазіргі адамзат ұстанатын дәстүрлі діндердің бәрінде өтірік айтпа, жамандық жасама, ұрлық істеме, қиянат жасама, зинадан аулақ бол, қайрымды, әділ, жомарт, кешірімді, байыпты бол дейді. Яғни, олардың бәрі адамдарды төменгі тербеліс шеңберіне түсіретін зинақорлық, ашкөздік, нәпсіқұмарлық, қатыгездік сияқты эмоциялардан аулақ болуға, керісінше байыптылық, қайрымдылық, жомарттық, кешірімшілдік, махаббат сияқты жоғары вибрация деңгейіне көтеретін эмоцияларды бойларына сіңіруге ынталандырады.
Егер ақыл таразысына салар болсақ, өмір жолы түгелдей сынақтардан тұратынын аңғарамыз. Мектепте оқыған баланың білімін тексеру үшін мұғалім үй тапсырмасын беріп, соны сұрап баға қойып отырады. Ал жыл соңында бала емтихан тапсырып, сол арқылы өз білімін көрсетеді. Мектеп бітірерде мемлекеттік емтихан тапсырып, өз білім деңгейін сол арқылы дәлелдейді. Осыдан кейін оған мектеп бітірді деген аттестат беріледі. Егер бала емтиханды тапсыра алмаса, онда жоғары сыныпқа көшірілмейді, оқыған сыныпты қайталап оқуына тура келеді.
Мектептегі осы шарт өмір мектебінде де бар. Өмір мектебінде де адамдар үнемі сынаққа тартылып, одан ойдағыдай өтсе, биік деңгейге көтеріледі, ал өте алмаса қайта сынаққа тартылады. Ең соңғы сынақ — ажал алдындағы сынақ. Бһагавад Гитада адам өлер алдында қандай сана деңгейінде болса, келесі өмірі сол деңгейде болатыны айтылады. Яғни, адамның келесі өмірінің қандай болмағы ажал сәтіндегі сана дәрежесіне тікелей байланысты болмақ. Егер пенде вибрациясын көтере алмаса, төменгі тербеліс шеңберінде қалса, онда келесі өмірінде төменгі деңгейге құлдырайды. Адам емес, енді жануарлар әлемінде тууы мүмкін. Керісінше, вибрациясын жоғары деңгейге көтерген адам келесі өмірінде жоғарғы планеталарда туып, жоғарғы тіршілік иелерінің арасында өмір сүреді.
Осы жайлардан не түюге болады? Өмір мектебінің ең басты мақсаты мен мәні: адамды неғұрлым жоғары вибрация деңгейіне көтеру. Мектептің бірінші сыныбына барған оқушы ойдағыдай білім алып, сынақтардан сүрінбей өтер болса, белгілі уақыттан соң мектепті бітіріп, аттестат алып шығады. Сол сияқты адамдар өз вибрацияларын көтеріп, өмір сынақтарын ойдағыдай тапсыра алса, онда жоғарғы вибрация аумағына көтеріліп, келесі өмірінде жоғарғы ғаламшарларда өмір сүру мүмкіндігіне ие болады. Қасиетті Құрандағы адамдарды жұмаққа ынталандырып, діни шарттарды дұрыс орындау арқылы жұмаққа жетуге болатынын қайта-қайта еске салуының астарында осындай мән жатқаны анық.
