Өтті дәурен осылай

Емдік өсімдіктерден жасалған табиғи дәрілер мен дәрумендер, балалар мен ересектерге арналған брендтік киімдер, косметика, т.б. төмендетілген бағамен тапсырыс бере аласыз, Қазақстанның кез-келген аумағына жеткізіп береді. Толық ақпаратты мына сілтеме арқылы алыңыз:

https://akikat01.com/internet-magazin/

Сөйтіп Қазақстан мемлекетін отыз жылдай басқарған Нұрсұлтан Назарбаев билігінен кетті. Жасыратыны жоқ, көп адамдар үшін Назарбаев Құдайдың сүйген ұлы саналып, «шіркін, біз де сол сияқты биіктерге жетсек» деп армандағандар аз болмағаны анық. Оның тасы әрдайым өрге домалап, мансап та, атақ-даңқ та, асып-тасыған байлық та көлеңкесі сияқты әрдайым бірге болды. Тіпті, Назарбаев қолын алған соң, бір жеті қолын суға жумай жүргенін айтқандар да болды. Балаларын ырымдап соған ұқсасын деп Нұрсұлтан қойғандар әр өңірден көбейді. Бүгінде қазақ елінде Нұрсұлтандардың саны 18 мыңнан асады екен.

Назарбаев туралы қаншама мақалалар, кітаптар жазылып, телехабарлар, кинолар түсірілді, тіпті оған арнап күй, жыр-дастан да шығарылды. Назарбаевтың есімі елдің астанасына, үлкен қалалардың көшелеріне, әуежайлар мен мектептерге, университетке берілді. Бір сөзбен айтқанда, ол жетпеген биік қалмағандай. Қазақ мұндай жандарды «армансыз» деп атайды.

Иә, Назарбаевтың Аллаға еш өкпе-реніші болуы тиіс емес. Тірі пендеге қажеттінің бәріне жетті, бәрін алды, бірақ оның биліктен кетуі мынадай ақиқатты барша жұртқа көзге шұқығандай етіп көрсетіп берді: мына фәни жалғанда еш нәрсе мәңгілік емес, бәрі де өткінші және бәрі жалған.

Түркіменнің сүлей жыршысы Мақтымқұлының «Рүстемдей жыртсаң жаудың жағасын, Ескендірдей алсаң әлем қаласын, бәрібір сен жермен-жексен боларсың» деп жырлағанындай, мына жалғаннан жеңілісті білмеген Рүстем сияқты талай батырлар, Ескендір сияқты жауынгер патшалар өткен. Олар да кезінде мәңгі жасардай, мәңгі бақи атағы аспандап тұра берердей көрген шығар, бірақ тоқтаусыз ағатын уақыт керуен жақсыны да, жаманды да, атақтыны да, атақсызды да – бәрін жалмап жұтып, жоқ етеді. Күні кеше мәңгі жасардай, мәңгі тұра берердей көрген Назарбаевты да уақыт-керуен ақырын ысырып, биліктен, қоғамдық белсенді тірліктен аулақтатты. Күндердің күнінде оның аты да, заты да түгел ұмытылып, бейне Назарбаев деген адам ешқашан болмағандай, ешқандай ел есінде сақталатын істер жасамағандай халық жадынан өшіп жоғалары анық. Өйткені, өмір-өзен тоқтамайды, ол бәрін де жойып, жоғалтады, ұмыттырады. 

Иса пайғамбар айтты деген мынадай сөз бар: «Барша әлемді жаулап алғаннан не пайда, егер адам мәңгілік жанын жоғалтса». Фәни дүниенің ертең адыра қалар игіліктерінің бәрі адамның өзі үшін, өз қызығы үшін ғана қажет. Оны дін тілімен нәпсі дейді. Яғни, нәпсі адамды байлыққа, мансапқа, атақ-даңқын шығаруға, бұл дүниенің басқа да қызықтарын армансыз татуға ынталандырады. Кез-келген пенденің алдында екі түрлі таңдау жолы тұрады: біріншісі, нәпсіге беріліп, фәни жалғанның қызық-шыжықтарын молынан татуға құлшыну; екіншісі, Құдайдың құлы болып, діни шарттарды орындауға, сауапты істер жасап, иманды болуға ынталану. Өкініштісі сол, адамдардың басым көпшілігі алғашқы жолды таңдайды. Сөйтіп, олар Иса пайғамбар айтқандай, барша әлемнің қызық-шыжығын татамын деп жүріп, мәңгілік жанын жоғалтып алады.

Адамның тағдыры қызметші болу, ол қожайын емес. Қожайын біреу-ақ, Ол барша әлемнің әміршісі – Алла. Басқалардың бәрі Оның қызметшісі, яғни құлы. Алланың құлы екенін ұмытқан пенде нәпсіге құл болады. Өйткені, адамның табиғаты қызмет ету. Аллаға қызмет еткен пендеге Жаратқан қанағат сезімін беріп, бұл дүниеде тыныш, бейғам тірлік кешуді, тәнін тастаған соң жұмаққа еніп, бақи дүниенің игілігін татуды нәсіп етеді. Ал нәпсіге қызмет еткен пенде өле өлгенше аласұрып, тойымды білмейтін нәпсіні қалай қанағаттандырамын деумен жаны тыныш таппай қиындықпен күн кешеді, ал өлгеннен кейін Алланы ұмытып, иманнан аулақ болғандықтан, тозақтың отына түсіп және тауқымет тартады.  

Назарбаев Қаңтар қасіреті атанған елімізде болған қайғылы оқиғаларға байланысты кештеу болса да, мәлімдеме жасады. Шынын айтқанда, бұл оның халықпен қоштасуы сияқты әсер қалдырды. Өйткені, ол енді бұрынғыдай лауазымды қызметтердің бірін де атқармайтын қатардағы жәй зейнеткердің бірі болып қалған еді. Парламент арнайы заң шығарып, оған мәңгілік қауіпсіздік кеңесінің төрағасы деген лауазым бергеніне қарамастан, ол елімізде орын алған жағдайларға байланысты заңды бұзып, қауіпсіздік кеңесі төрағалығын президентке тапсырған болатын.

1999 жылдың 31 желтоқсанындағы елмен қоштасқан Елциннің мәлімдемесінде Ресей президенті ағынан жарылып, халықтан жіберген кемшіліктері болса кешірім өтініп, жылы жүзбен қоштасып еді. Ал Назарабевтың сазарған жүзінен әлдекімдерге немесе тіпті, барша қазақстандықтарға деген өкпе-реніш табы сезілгендей болды және ол жасаған қызметтерін ғана айтып, кемшіліктері, олқылықтары болса халықтан кешірім сұрауды қаперіне алмады. Алла барша игілікті аямай берген адамның, отыз жыл бойы аспанға көтеріп, атағын шығарған, мансаптың биігіне жеткізіп, аста-төк байлыққа, өзін ғана емес, барша отбасын, туған-туыстарын түгел  молшылыққа бөктірген халыққа бір ауыз жылы сөз айтпағаны халыққа деген пейілін көрсеткендей болды.

Нәпсіге құл болған адамда қанағат болмайды. Нәпсі адамға ешқашан «тойдым, осы жетеді, енді демал» демейді. Ол тағы да әкел, көбірек әкел деп үнемі аузын ашып, пендені өле өлгенше аласұртып қояды. Жарты әлемді жаулап алған Ескендір патша туралы мынадай аңыз бар. Ол өлер кезі жақындағанын сезіп, жақын серіктеріне «мен өлген соң  оң қолым жоғары созылып көтеріліп қалады. Сол қалпымда жаулап алған елдерді аралатыңдар. Қай жерде қолым түссе, сол жерге жерлеңдер» дейді. Көп ұзамай Ескендір патша жан тапсырады. Патшаның өсиетін есіне алған серіктері қолы жоғары қарап көтеріліп қалған оның мүрдесін алып, жаулап алған елдерді аралайды. Бір күні шағын қаланың базар алаңына келген кезде патшаның мүрдесін көруге жиалғандардың арасында кішкентай қыз үлкендерден «бұл не жиын» деп сұрайды. Ескендір патшаның мүрдесімен қоштасып жатырмыз дегенді естіген соң жақындап келген қыз кебіннен шығып, жоғары көтеріліп тұрған патшаның қолын көріп  былай дейді: «Ей, Ескендір патша, жарты әлемді жаулап алдың, о дүниеге не әкетіп барасың, қолыңда түк жоқ қой». Осыны естігенде патшаның қолы сылқ етіп түсіпті дейді.

Жарты әлемді жаулап алған Ескендір патша о дүниеге ештеңе әкете алмаса, басқа пенделер не әкетпек. Фәни дүниенің барша игіліктері осы дүниеде қалады, адам тәнімен екі нәрсені ғана о дүниеге әкете алады: біріншісі – бұл дүниеде жиған жақсы істерінің сауабы, екіншісі – жасаған күнәлары.

Отыз жылдай елді басқарған Назарбаевтың жасы бүгінде 80-нен асты. Бұл аз жас емес. Соңғы жылдарда халық арасында көшеге шығып, наразылықтарын білдіретін адамдар қатары көбейіп кетті. Олардың ең басты тілегі «Шал кет», яғни жасы сексенге келгенше биліктен жабысып айрылмай отырған Назарбаевтың биліктен кетуі болды. Қаңтар қасіреті атанған оқиға кезінде де жұртшылықтың басты ұраны «Шал кет» болғандығы мәлім. Осылайша, мыңдаған, тіпті миллиондаған адам кет деп жатқанына қарамастан, сонша жыл билік басында отырса да оны қимай, кете алмай, ақырсында, қантөгіске ұрындырған, жүздеген жазықсыз жандардың, әсіресе он екіде бір гүлі ашылмаған жастардың өмірі қиылғаннан кейін ғана, басқа амалы қалмағандықтан лажсыздан биліктен кетуі, нәпсінің адамға қаншалықты қауіпті екендігін анық көрсетіп бергендей.

Біздің ауылда Дүйсеке деген қарт кісі тұрды. Оның жалғыз қызы болды. Қызына сенбеді ме, күш-қуаты бар кезінде ол жұрт «Қырық кепе» атайтын жердегі қорымнан орын алып, шым кесекпен кемпірі екеуін жерлейтін жерді қоршап қойды. Тірі адамның өзі өлген соң жерлейтін жер алып, зират орнатуы ақылға сыйымсыздау, тіпті әпенділеу іс сияқты көрінетіні белгілі. Дегенмен, бұның астарында қазақтың «малым жанымның, жаным арымның садағасы» дейтін даналығынан туған, тірлігін ғана емес, өлгенен кейінгі жайын да ойлап, қам жейтін ар туын биік ұстайтын азаматтық жатқаны даусыз шындық. Бүгінде екі-үш жоғары оқу орнын бітірген, ғылыми атақтары бар үлкен лауазымды қызмет атқаратындардың сол шала сауатты Дүйсеке қарт құрлы болашағын ойламай, бүгінгі күннің өлшемімен ғана тірлік кешетіні таңғалдырады.

Мансап пен атаққа, байлыққа Құдайдай табынатын пенделер үлгі, өнеге тұтып, «шіркін, біз де сондай дәрежеге жетсек қой» деп армандайтын адам – Назарбаев биліктен мәңгіге кетті. Жәй кеткен жоқ, мыңдаған адамдардың өкпе-ренішін, қайғы-наласын, тіпті қарғысын арқалап кетті. Мансабын бірер күн болса да ұзарту үшін ол небір қулыққа, арамзалыққа барды, барын салып бақты, бірақ барша тірлікті өшіріп, жоятын уақыт-әміршіге шамасы жетпеді. Назарбаев сияқты билікке ұстай қатып, тістей жабысқан Сталин, Брежнев, Чаушеску, Сухарто сияқтылар тарихта аз болмаған. Олардың бәрі де уақыт-әміршіден жеңіліп, атақтарынан да, мансаптары мен байлықтарынан да түгел айрылды. Осылай болып келді және мәңгі осылай бола береді. Тек өмірдің осы ащы ақиқатынан сабақ алсақ, қане.

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Оставить комментарий

Жарнама
Жарнама
Яндекс.Метрика