Қаржылық білім – өмірлік қажеттілік

Емдік өсімдіктерден жасалған табиғи дәрілер мен дәрумендер, балалар мен ересектерге арналған брендтік киімдер, косметика, т.б. төмендетілген бағамен тапсырыс бере аласыз, Қазақстанның кез-келген аумағына жеткізіп береді. Толық ақпаратты мына сілтеме арқылы алыңыз:

https://akikat01.com/internet-magazin/

Кеңес заманында  адамдардың көбі «байлық – мұрат емес, кедейлік – ұят емес» деген қағидамен өмір сүрді. 1990-шы жылдары нарыққа көшкеннен  кейін заман талабы да, адамдардың көзқарасы да күрт өзгерді. Қазір адамдардың көпшілігі байлықты өмірдің  басты мұраты деп санайды. Өйткені қазір кеңес заманында тегін берілетін баспана, білім мен денсаулық қызметі – бәрі де ақылы. Ақшаға қалағаныңның бәрін де сатып алуға болады.  Осыған орай, ақшаның қадірі артып, байлыққа деген адамдардың қызығушылығы да күшейе түсті.

Ғасырлар бойы нарықтық, яғни капиталистік қоғамда өмір кешіп келе жатқан Батыс елдерінің халқы қаржылық білімге үлкен көңіл бөледі және ертеңгі күніне бей-жай қарамайтын әрбір адам  өзінің  табысы мен шығынын қатаң есептеп, бақылап отырады. Яғни, әр  отбасының өз бюджеті болады. Онда жалпы табыс пен шығындар есепке алынып, ертеңгі күні қиын жағдай бола қалғанда қажетті  біздің еліміздегі Ұлттық қор сияқты «қаржылық жастық» жасалады. Батыс елдерінің тұрғындары әрбір тиынын үнемді пайдалануға, басы артық шығынға жол бермеуге, ақшаларын сақтап, көбейтуге, яғни инвестициялауға жете мән береді. Олардың бақуатты өмір сүруінің басты себебі де осы сауатты  қаржылық  әрекеттерді пайдалануында болса керек.

Қазақ көшпенді феодалдық қоғамнан бірден социалистік қоғамға өтіп, ақша санауды, оны үнемдеуді үйренбей өмір кешті. Енді нарыққа көшкеннен кейін де сол  ертеден қанға сіңіп қалған ескі әдетпен ысырапшылдықтан арыла алмай келеміз.  Соңғы кезде тойшылдық көбейіп кетті. Баласы мектепке барса той, мектеп бітірсе той, оқуға түссе той, сүндет той, тұсау кесу тойы, мерейтойлар – әйтеуір той көп. Өзгелерден қалмайық деп жалған намысқа тырысқан қазақ банктен пәлен пайыз өсіммен кредит алып, той жасап жатады. Ондай тойға бес-он адам келмейді, кем дегенде жүз, одан да көп адам шақырады. Сондай ұлан-асыр тойларға қыруар ақша жұмсалады.

Қазір жасыратыны жоқ, әр адамда кемінде  екі-үштен кредит бар. Кредитті кешіру керек деп әлеуметтік желілерде дабыл қағып жатқандар  аз емес. Бірақ бас пайдасын ойлайтын банк кредитті қалай кешіре салсын. Биылғы жылы күшіне енген банкроттық туралы заңды бір басында пәлен кредиті бар қысылған адамдар өздерін тығырықтан шығаратын жол деп қабылдап,  жапа-тармағай банкроттыққа өтініш беруде. Оның салдары қалай болады – онда қарызға белшеден батқандардың шаруасы жоқ. Банкрот болған адам біраз жыл ешбір банктен кредит ала алмайды. Бұның өзі жалғыз кредитпен жан баққан қазаққа  оңай тимесі анық.

Соңғы жылдарда азық-түлік дүкендерінде азық-түлік тауарларын  жаздырып қарызға алатындар қатары көбейіп кетті. Дүкенге барғанда алған тауарларының бағасын есептетіп, журналға жаздырып кетіп жататындарды жиі көремін. Олар бүгін тегін алған сияқты болғанымен, ертең жалақыларын алғанда бар тапқанын  дүкендерге қарыздарын жабуға тастап кетеді. Содан кейін тағы да қарызға жаздырып алуға мәжбүр болады.  Бұндай әдеттің тағы бір залалы – қалтасынан ақша шығарып жатпағандықтан, қарызға алатындар керегі бар ма, жоқ па – оған қарамайды, көңілі қалағанның бәрін ала береді.  Орта жастан асқан қазақ келіншектің он мың теңгеден астам ақшаға үлкен пакетті толтырып түрлі азық-түлік тауарларын алғанын көрдім.  Ай аяқталып, жалақысын алған кезде ол бар жалақысын түгел қарызын жабуға тастап кететіні анық.

Қазақта «тарта жесең, тай қалады, тоя жесең түйе де қалмайды» деген сөз бар. Бәрі сатылатын нарық заманында әр тиынды есептеп, үнемді пайдалануды үйренбесең, көрінгенге жем болып, өле өлгенше қаржы патшылығынан құтыла алмайтының  дау туғызбас шындық.  Қазір әлеуметтік желілерде ұяттың бәрін жиып қойып, түрлі себептерді айтып ақша сұрайтындар көп. Соңғы кезде қол-аяқтары балғадай жас ер адамдар мен қыз-келіншектердің қайыр сұрап жүргендігін көп көретін болдық.

Таяуда орталық базардағы сауа үйінің алдында алақанын жайып қайыр сұрап тұрған жап-жас қазақтың келіншегін көргенде жүрегім ауырды. Үйдің маңындағы бір сауда үйінің жанында  жасы қырықтарға енді келген аяқ-қолы бүтін қазақ жігітінің кім көрінгенге алақан жайып, ақша сұрап жүретінін үнемі көремін. Қол-аяқтары бүтін,  дендері сау жас адамдардың қайыр сұрап жүретіні  көзге тым оғаш көрінеді. Өйткені жарнамалық газеттер мен сайттарды былай қойғанда, аялдамаларда  жұмысқа шақырған құлақтандырулар көп.  Соған қарап, егер ынта болса жұмыс табылатынын бағамдауға болады.

«Заманға жаман күйлемек, замана оны илемек» дейді ұлы Абай. Әр тиынды үнемді пайдаланып, ертеңгі болашағыңды ойлауды қажет ететін нарық талабына мән бермей, той тойлап, банктерден үлкен өсіммен кредит алып ашылып-шашылып жүрген адамдарды нарық заманы табанға салып илеп жатыр. Той жасау үшін үйлерін кепілге қойып, кредит алғандардың кредитін қайтара алмай баспаналарынан айрылып, далада қалғандарын да көрдік. Кредитін қайтаруға шамасы жетпегендіктен, үйін тартып алуға келген сот орындаушыларын мылтықпен атып, сотталғанды да естідік. Бұның бәрі қаржылық білімнің жоқтығынан десек, шындықтан алыс кетпейміз.

Біз үлгі тұтып, ондағы өмірді сілекейіміз шұбырып мадақтайтын Батыстың азаматтары жалақылары көп болғандықтан бақуатты өмір кешіп жатқан жоқ, қаржыны үнемді пайдаланып, ақшадан ақша жасау әдісін білетіндіктен молшылықта өмір кешуде. Германияда тұратын,  бүгінде өзін өзі дамыту ғылымының сарапшысы болып жүрген миллионер  Бодо Шефер өзінің басынан кешкен жайы туралы былай деп баяндайды.

-Мен де басқа замандастарым сияқты тапқан табысымды түгел жұмсап, өмірде көбірек қызық көруді мақсұт еткен адамдардың бірі болдым. Бірде күтпеген жерден қысқартуға ұшырап, жұмыссыз қалдым. Қалтамда азын-аулақ ақшадан басқа жан бағар ештеңем болмады. Жұмыс та бірден табыла қоймады. Осындай қиын күндердің бірінде көшеде үй қабырғасына ілінген жарнаманы көрдім. Онда қалай бақуаттылыққа жетуді үйрететін  кәсіби сарапшы лекциясын оқитыны жазылыпты. Ақылы лекцияға барып, байлыққа жетудің құпиясын білгім келді. Оның бір сағаттан артық айтқан лекциясынан шынымды айтсам, ештеңе ұға алмадым. Лекция біткесін оның өзіне жеке жолығып, көкейде жүрген сұрақтарымды қойдым. Ол мені үнсіз тыңдап алып, жұмыссыз қалған жағдайда  жан бағуға қажетті ақшаң бар ма және ол қанша уақытқа жетеді деп сұрады. Жоқшылықтың зарын тартып жүрген маған оның мына сұрағы мазақ қылғандай өте ерсі естілді. Жұмыс істемей шалқамнан түсіп жатып күн кешуге жететін ақшам болса, одан ақыл сұраймын ба? Бірақ мен ашуымды тиып, ондай ақшам жоқ екенін айттым. Сонда ол маған «байлыққа жеткізетін басты қадам, жұмыссыз қалған кезде жан бағу үшін ақша жинаудан басталады» деді. Мен осы кеште одан  бұрын білмейтін, мүлдем мән бермейтін біраз жайларды естіп білдім. Кейін соларды тәжірибе жүзінде пайдаланудың арқасында бақуаттылыққа қол жеткіздім, -дейді ол.

Бодо Шефердің айтуынша, байлыққа жеткізетін  басты қадам алатын жалақыңның кем дегенде 10 пайызын ай сайын сақтап отырудан басталады. Егер мән бере қарайтын болсаңыз, жалақыңыздың 10 пайызын алып қалып сақтайсыз ба, жоқ түгел жұмсап жібересіз бе – ол сіздің өміріңізге анау айтарлықтай әсерін тигізбейді. Мәселен, 150 мың теңге жалақы алатын болсаңыз, ай сайын 15 мың теңгесін алып қалып, 135 мың теңгемен де күн көруге болады. Бұл сома сізге анау айтқандай көп әсерін тигізбейді. Оның есесіне, ай сайын сақтап отыратын 15 мың теңге сіздің болашақ бақуатты өміріңізге жасалған іргетас болады.

Мәселе тапқан табыстың көп-аздығында емес, дейді өзін өзі дамыту ілімінің сарапшысы. Айына миллиондап табатын адам егер ақшасын сақтап, көбейту тәсілін қолданбаса, онда тапқандарын түгел жұмсап, үнемі жоқшылықта өмір кешеді. Керісінше, аз жалақымен табысының бір бөлігін үзбей сақтап, көбейтуді әдетке айналдырған адам біршама уақыттан соң бақуаттылыққа қолы жетеді. Бұл 2х2=4 деген сияқты ақиқат.  Өкініштісі сол, осындай ақиқатты адамдардың көбі білмейді және оған мүлдем мән бермейді.

Әлеуметтік желіде тұрмысқа шықпаған пәтер жалдап тұратын жас қыздың айына 500 мың теңге жалақы алатынын, табысы мүлдем жетпейтінін айтып жазған жазбасын оқыдым. 500 мың теңге жалақы жетпесе, оған айына миллион теңге алса да жетпейтіні анық. Қазақ «ұл таппас әйел болмас тұрарын айт, мал таппас жігіт болмас, құрарын айт» дейді. Бодо Шефердің айтқанындай, мәселе  табыстың көп-аздығында емес, бар гәп сол тапқан ақшаны қалай пайдалана білуде.

Осы жайлардан не түйіндеуге болады?  Егер ақыл таразысына салып, байыптап қарайтын болсаңыз, қазір елімізде тұратын адамдардың  кедейшілік тауқыметінен құтылып, біршама бақуатты тірлік кешуіне  әлеуметтік желілерде кейбіреулердің айтып, жазып жүргеніндей жалақының аздығы мен  тауар бағасының қымбаттауы басты себеп емес, ең негізгі себеп – қаржылық білімнің жоқтығы екенін бағамдар едік. Германия сияқты бақуатты елде тұратын жоғарыда мысал ретінде келтірген Бодо Шефердің тапқан табысын түгел жаратып қойып, кедейшілікте тұрмыс кешкені осыны айғақтайды.  Италияда отбасылық бюджетті қалай жасауға болатыны туралы ақыл-кеңес беретін арнайы журналдар бар екен. Сондай-ақ, соңғы кездерде отбасылық бюджетті жасауға арналған арнайы сайттар қатары көбейді.

«Ақша есепті ұнатады» деген түсінік бар. Егер адам өз табысы мен шығынының нақты есебін жүргізіп отырмаса, қанша ақша тапса да құмға құйған су сияқты ақшасының қайда кетіп жатқанын білмей  үнемі тапшылықта жүреді. Ал өз бюджетіңізді жасап, кіріс пен шығысыңызды есептейтін болсаңыз, қажетсіз шығындарды азайтып, табысыңызды үнемдеуге және артығын сақтап, көбейтуге мүмкіндік аласыз. Отбасылық бюджет, ақшаны үнемді пайдалану туралы интернетте ақпараттар жетерлік. Соны қолданып, өз бюджеттерін жасап, ақшаларын есептеуге көшкен адамдар да жоқ емес.

Соңғы кездерде дүкендерде қолдарында қағазға жазылған азық-түлік тауарларының тізімі бар адамдарды көретін болдым. Олар сол тізімге қарап азық-түлік алып жатады. Яғни, ол адамдар ай сайын қанша ақшасы азық-түлікке жұмсалатынын және қандай тауарды алу қажеттігін алдын ала есептеп, тізімін жасап алған. Олар тізімде көрсетілмеген тауарларды сатып алмайды және азық-түлікке ай сайын қанша ақша жұмсайтынын алдын ала есептеп қойған. Міне, осындай есеп жүргізудің арқасында біршама ақшаны үнемдеуге және оны депозитке, басқа да құралдарға инвестициялау арқылы көбейтуге мүмкіндік бар.

Мектептерде балаларға  қанша жастан бастап жыныс жақындығына бару керек, қауіпсіз жыныс жақындығы туралы айтып, бастарын ауыртқанша, қаржылық  білім алуларына жағдай жасасақ, оның пайдасы зор болар еді. Қазіргі ақша билеген нарық заманында қаржылық білім – өмір талабы.

Қалкөз ЖҮСІП.

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Оставить комментарий

Жарнама
Жарнама
Яндекс.Метрика