Ақпарат аймағымызды қорғамасақ – салдары ауыр болады
Емдік өсімдіктерден жасалған табиғи дәрілер мен дәрумендер, балалар мен ересектерге арналған брендтік киімдер, косметика, т.б. төмендетілген бағамен тапсырыс бере аласыз, Қазақстанның кез-келген аумағына жеткізіп береді. Толық ақпаратты мына сілтеме арқылы алыңыз:
Таяуда әлеуметтік желіде жарияланған жас қазақ келіншектің жанайқайы жұртшылық тарапынан үлкен пікір туғызды. Павлодарлық жас келіншек қаладағы фитнес клубта ойнап жүрген бес жастағы баласына қазақша сөйлегені үшін орыс келіншектің балағаттап, бар дауысымен айқайлауынан қорыққан сәбидің жүйкесі зақымданып, үш күннен бері дұрыс ұйықтай алмайтынын, қайта-қайта шошып ояна беретінін айтады. Соңғы кезде тәуелсіз Қазақстан елінде орыс ұлтының өкілдері тарапынан қазақша сөйлегендерге осындай қоқан-лоққы жасау әрекеттері әржерде көрініс беріп жүр. Бұның астарында ресейлік ақпараттың адам санасына тигізіп жатқан ықпалы тұрғаны дау туғызбас шындық.
«Ақпаратты билеген – әлемді билейді» деген түсініктің астарында үлкен ақиқат бар. Адам санасына тигізетін ақпараттың әсерін бүгінде психолог мамандар ғана емес, қарапайым халық та жақсы біледі. Осының нақты мысалы ретінде іргелес ресейдегі жағдайды айтуға болады. 2022 жылдың ақпанында тәуелсіз бөтен елге баса көктеп кірген ресейдің сыртқы саясатын осы елдің халқының 70 пайызы қолдайтынын ресми органдар айтып, жазған еді. Бұның жалған мәлімет емес екендігін қазіргі ресейдегі жағдай анық байқатып отыр. Соғыста күн сайын ондаған, жүздеген ресейлік жауынгерлер қаза тауып, ата-аналары қаралы қағаз алып жатса да, ақпараттық насихаттың әсерімен бұл соғысты Отан қорғау үшін болып жатқан әділ соғыс деп санайтындар аз емес екен. Ертеректе емеурінмен, тұспалдап айтып келген жайларды соңғы кезде Соловьев, Скабеева, Симонян сияқты тележүргізушілер ашық және өте дөрекі түрде айта бастаған жайы бар.
Таяуда болған бір хабарда Владимир Соловьев Украйнаға алысқа ұшатын ракеталарын берген Франция президенті Макронға айқайлап «Әй, Макрон, сен өткен ғасырда орыс жауынгерлерінің Напалеонды талқандап, Парижге кіргенін, фашистердің құлдығынан азат еткенін ұмыттың ба. Оны есіңе салып, Парижді орыс солдатының етігіне тағы да таптата аламыз» -деді. Ал Скабееваның шоуына қатысқан біреу ресейге тіл тигізген Польшаны жазалауды, оған қарсы соғыс ашып, қанға бөктіруді, одан әрі Германия мен Францияны талқандау қажеттігін аузы көпіре айқайлап айтып жатты. Жалпы, ресейлік телешоуларда оны жүргізуші журналистер де, оған қатысушылар да әлемде ресейге тең келетін ел жоқ, орыс солдатына қарсы тұрар қарулы күш жоқ, бәрін қырамыз, жоямыз, табанымызға салып таптаймыз, қан түкіртеміз деген сияқты ашық соғыс пен қантөгіске шақыратын лас сөздерді қарша борататын болды. Осындай насихат хабарларын көріп, тыңдағандардың санасында орыс ұлтының ерекше жаратылған өзгелерден артық екеніне, ресейдің әлемдегі ең құдыретті, күшті мемлекет болып отырғанына деген сенім орнығып, өзгелерге жеккөрініш ұлғая түсетіні анық. Осындай насихаттың теріс салдарын ресейлік ақпаратты тұтынушылардан анық байқап, көріп те жүреміз.
Ютуб каналында баласына өзбек тілінде сөйлеген өзбек келіншекке «орысша сөйле, неге өзбекше сөйлейсің» деп апыраңдаған орыс келіншегінің әрекеті туралы видео жарияланды. Ресейге тағдыр айдап барған өзбек келіншек аулада ойнап жүрген өз баласымен ана тілінде сөйлескені үшін жазықты болып, біраз намысына тиер сөздер естіді. Ресейде, көшеде өзге тілде сөйлеуге болмайды деген заң жоқ, жалпы бұндай түсінік өткен ғасырларда нәсілшілдік жайлаған елдерде болған. Бірақ, қазір бұндай астам ұлтшылыдық пен нәсілшілдік Құдайға шүкір жоғалды. Дегенмен, ресейлік ақпараттық насихат сол өткен ғасырларда жоғалған нәсілшілдік пен әсіре ұлтшылдықты қайта жаңғыртып жатқан түрі байқалады.
Әлеуметтік желіде жарияланған бір ресейліктің ел билігіне үндеуі осы жайды толық айғақтайды. Орта жастағы орыс азаматы ресейде көшеде немесе үй аулаларында, көпшілік орындарда өзге ұлт өкілдерінің өз ана тілдерінде сөйлеулеріне қатаң тиым салатын заң қажет дейді. Оның пайымынша, ресейде тұрдың ба, міндетті түрде орыс тілінде сөйлеуің қажет. Бұл енді ұлтшылдықтың ең дөрекі және шектен шыққан үлгісі десе болады. Әлемнің бір де бір елінде бұндай тиым салу жоқ. Өкініштісі сол, ресейде тұратын сол елдің ақпараттық насихатын саналарына сіңірген адамдардың басым көпшілігі дәл осылай ойлайды. Бір блогердің жүргізген сұрау салуында оған қатысқан жасы ұлғайған кемпір-шалдардан бастап, орта жастағы ер адамдар мен әйелдер және жастар соңғы кезде ресейге өзге ұлт өкілдерінің, оның ішінде өзбек және тәжік ұлты өкілдерінің көптеп келіп жатқандығы, олардың өз тілдерінде сөйлейтіндігі, орыстардай емес, көп бала табатындығы, т.б. жайларды айтып, бұлардың қаптауына кедергі қою керек, елден қуу керек деген ойларын ашық айтты.
Жә, бұның бәрі ресейде болып жатқан жайлар, оның бізге қандай қатысы бар деуге болар еді. Өкінішке орай, елімізде ресейлік ақпараттың таралуына еш кедергі жасалмай, мүмкіндік беріліп қоюының салдарынан күндіз-түні ресейлік арналардың хабарын тыңдайтындар көп. Олардың дені орыс ұлтының өкілі, өзге ұлттың өкілдері де бар. Міне, сол ресейлік ақпаратты саналарына сіңіргендер арасында қазақ еліне, қазақ тіліне, қазақ ұлтына деген жеккөрушілік, оның тәуелсіздігін мойындамау, солтүстік аймақтарды ресейдің атажұрты деп санау және ол аймақтар ресейге қосылуы қажет деп ашық айтатындар бар. Ондайлар өз ойларын ештеңеден тайсалмай ашық айтып та жатыр. Біздің құқық қорғаушылар сондайларды ұстап, «арақ ішіп мас болып қалыппын, кешіріңдер» деген былжыр сөздеріне сеніп, босатып жіберуде. Ал ара-тұра шектен шыққан бірлі-жарымдарын заң шеңберінде жауапқа тартқысы келсе, оған да түрлі кедергілер кездесіп жатады.
Мәселен, өткен жылы өзінің Вконтакте парақшасына қазақтың көптеген аймақтары мен ірі қалаларын түгел ресейге беру қажет деп жазған Максим Яковченко деген азаматты қылмыстық жауапқа тартқан еді. Бірақ ол жауапкершіліктен жалтарып, ресейге барып бой тасалаған. Ростов облысында жүргені анықталған соң еліміздің Бас прокуратурасы ресейлік әріптестеріне қылмыскерді қайтарыңдар деп сұрау салады. Қазақтарды жамандап, еліміздің тұтастығына қатер төндірген Яковченкоға ресей бірден «босқын» мәртебесін беріпті. Ондай мәртебе алған адамды қайтару мүмкін болмай тұр. Ал еліміздің тұтастығына қатер төндірген тағы бір орыс ұлтының өкілі сот алдында жауап берер кезде өтірік жынды бола қалды (бұрын ол психикалық дертпен ауырмаған). Содан кейін құқық органдары оны қылмыстық жауапкершіліктен босатып, жындыханаға емлделуге жіберді.
Өкінішке орай, осындай оқиғалар еліміздің әр аймағында жиі орын алып барады. Мақаламыздың басында жазып кеткен Павлодар қаласында болған оқиға да ұлтаралық қатынасқа байланысты туындағаны анық. Бес жастағы баласын қорқытып, жүйкесіне зақым келтіргені аздай, ашу қысқан орыс келіншек қазақ келіншекпен жаға жыртысып, бетін тырнап алған. Осының бәріне қарамастан, құқық қорғаушылар әлгі келіншекті әкімшілік жауапқа тартумен шектеліпті.
Бұндай оқиғалардың жиі көрініс бере бастауы құқық органдарын ғана емес, барша билікті ойландыруы қажет. Өйткені, ұшқыннан үлкен өрт шығатынын ескерсек, мұндай алауыздықтың ақыры ұлтаралық үлкен жанжалға айналып кетуі мүмкін. Сондықтан, бұндай оқиғаларға жол бермейміз десек, ең алдымен соған себеп болып отырған ресейлік насихатты таратып жатқан ресейлік ақпарат құралдарының жұмысына еліміздің аумағында толық тиым салынуы қажет. Егер ақпарат кеңістігімізді қорғай аламасақ, онда оның салдары ертең ауыр болуы мүмкін. Бүгін одан бірлі-жарым адамдар зардап шегіп жатса, ертең ол үлкен ұлтаралық жанжалға айналып кету қаупі бар. Іргелес өзге елдердің бәрі дерлік өздерінің ақпараттық қауіпсіздіктерін сақтау әрекетін жасап жатқанда, біздің бейқамдық танытуымыз жөн болмайды. Өртті сөндіргеннен гөрі, оның алдын алудың жеңіл болатынын естен шығармайық.