Ақпарат кеңістігін қорғап, мемлекеттік қуатты ақпарат таратуды қалыпастырмаған елдің болашағы бұлыңғыр

Емдік өсімдіктерден жасалған табиғи дәрілер мен дәрумендер, балалар мен ересектерге арналған брендтік киімдер, косметика, т.б. төмендетілген бағамен тапсырыс бере аласыз, Қазақстанның кез-келген аумағына жеткізіп береді. Толық ақпаратты мына сілтеме арқылы алыңыз:

https://akikat01.com/internet-magazin/

Ұлы Абайдың айтқан «Тіл тас жарады, тас жармаса бас жарады» деген сөзі тілдің қуаты мен құдыретін анық көрсеткендей. Ақпарат арқылы адам санасын қалаған жағына бағыттап, өз дегеніне бағындыруға болатынын дәлелдейтін жайлар өмірде аз кездеспейді. Соның нақты бір айғағы ретінде Ресей мен Украйна арасындағы соғысқа қатысты адамдардың екіге жарылған көзқарастары мен ұстанымдарын алып қарауға болар еді.

Бір оқиғаға қатысты қарама-қайшы екі көзқарас

Биылғы жылдың 24 ақпанында Ресей әскері Украинаға баса көктеп кіріп, бейбіт қалалар мен елді мекендерді ұшақтармен бомбылап, қанатты ракеталармен атқылап, қанды қырғынға ұшыратты. 21-ші ғасырда бір елдің екінші тәуелсіз елге басып кіруі, қару қолдану арқылы қырғынға ұшыратуы ақылға сыйымсыз шаруа. Содан болар, АҚШ барлау қызметінің мәліметіне сүйенген осы елдің президенті Джо Байденнің Ресейдің Украинаға басып кіретіндігі туралы мәлімдеген хабарына алғашында ешкім сене қоймаған. Өкініштісі сол, бұл хабар рас болып шықты. Ресей соғыс жарияламастан, 24 ақпанда Украинаға тұтқиылдан шабуыл жасады.

Ақпараттың адам санасына қаншалықты зор әсер ететінінің айғағы ретінде осы оқиғаға қатысты жұртшылықтың екі түрлі қарама-қайшы пікір мен көзқарасты ұстануынан анық бағамдауға болады. Ресейлік ақпарат құралдары әу бастан бұл ресей қарулы күштерінің Украина халқын қысымшылықта ұстап отырған ұлтшыл неофашистерге қарсы арнайы операциясы деп түсіндіріп, өз аудиториясын осы ұстанымға бағыттады.

Ақпаратты негізінен мемлекеттік теларналар мен баспасөзден алатын ресейліктердің 80 пайызға жуығы өз мемлекетінің қарулы күштерінің Украйнадағы арнайы операциясын толық қолдайтындықтарын білдірді. Сонымен бірге, бұрынғы КСРО аумағындағы ресейлік телеарналардан ақпарат алатын орыстілді азаматтар да осы ұстанымды ұстауда. Олардың түсінігінше, президент Путин бұндай қадамға амалсыздан барып отыр. Ресейлік ақпарат құралдарының мәліметінше, НАТО қаруландырып отырған украйналық ұлтшылдар Ресейге баса көктеп кіруге әзірленген. Егер ресей арнайы операцияны ақпанның 24-де бастамай, сәл кешіккенде, украйналық неофашистердің ресейге басып кіріп, қанды соғысты бастары анық еді дейді ресейлік ақпарат көздері. Орыс тілді аудиторияның көпшілігі осы ұстанымды қабылдайды.

Ал ақпаратты интернеттен алатын ресей азаматтары (жастар жағы) мен ТМД елдерінің тұрғындары бұл оқиғаға мүлдем басқаша көзқараста. Қазір екінің бірінде смартфон бар және телефон арқылы болып жатқан жағдайларды видеоға түсіріп, сол сәтінде интернетке салудың еш қиындығы жоқ. Осыған орай, соғыс қимылдары басталған алғашқы күннен бастап оқиғаны көріп, куәсі болғандардың интернетке салған видеоайғақтары оның ресейлік ақпарат құралдары айтқан жайларға мүлдем ұқсамайтынын көрсетті.

Ресейлік ақпарат құралдарында айтылған қарулы күштер алыстан ататын қанатты ракеталармен нақты соғыс нысандарын ғана атып жатқаны туралы хабар шындыққа жанаспайтын болып шықты. Қанатты ракета тиіп, жарылған тұрғынүйлер, әлеуметтік нысандар, тіпті ауруханалар мен әйелдер босанатын үйлерде болған жарылыстар мен жараланып, қаза тапқан бейбіт тұрғындар туралы жантүршігерлік видеоларды көрген жұртшылық ресейге қарсы ашық наразылықтарын айтып жатты.

Жалпы, мына нәрсе анық: интернеттің қолжетімділігі және соған орай оқиға орнынан жедел ақпарат тарату мүмкіндігі ресей қарулы күштерінің арнайы операциясының қантөгістік және қатыгездік сыйпатын алғашқы сәттен бастап анық көрсетіп берді. Бұның өзі АҚШ пен Батыс елдерінің БҰҰ мәжілісінде Украйнаға басқыншылық жасаған Ресейге қарсы қатаң санкция салу жөніндегі бастамасының жаппай қолдау табуынан анық байқалды. Дауыс беру нәтижесінде 145 мемлекет санкцияны қолдаса, 35 ел бейтарап қалды, тек 4 мемлекет қана ресейге санкция салуға қарсы шықты. Осылайша, ресейдің бұл арнайы операциясы Украйнаға жасалған басқыншылық соғыс деп саналып, ресейге қарсы қатаң санкция салу, оны оқшаулау саясаты қолға алынды.

Әрнәрсені өз атымен атамай, сау адамды жынды қылу оп-оңай

Белгілі сыншы, қаламгер Асқар Сүлейменовтың осы сөзінің қаншалықты ақиқат екендігін қазіргі жағдай анық көсретіп отыр. Ақпарат құралдарының сөзіне имандай ұйыған ресейліктердің басым көпшілігі өз елдерінің қарулы күштерінің өзге тәуелсіз мемлекетке баса көктеп кіріп, бейбіт халықты қырғынға ұшыратқан соғысын қолдап қана қоймай, бұны ұлтшыл неофашистерден қысым көрген Украйна халқын құтқару үшін жасалып жатқан игі шара деп қабылдауда. Олар, тіпті әлем елдерінің Ресейге қатаң санкция салуын, шетелдік ақпарат құралдарының бұл оқиғаға қатысты басқаша ұстанымын, интернет арқылы таралып жатқан ақпараттардың бәрін Ресейге қарсы жасалып отырған АҚШ пен Батыс елдерінің қызғаныштан туған алаяқтық әрекеттері деп санайды.

Интернет арқылы Украинадағы болып жатқан қанды оқиғалардан ақпарат алған әрбір ақыл-есі дұрыс адам бұның басқыншылық соғыс екендігін, одан бейбіт тұрғындар үлкен зардап шегіп жатқандығын түсінеді. Дегенмен, ресейлік ақпаратты саналарына сіңірген ресейліктер ғана емес, басқа елдердің орыстілді тұрғындары (оның ішінде қазақстандықтар да аз емес) үшін бұл соғыс Украйнаның орыстар мен орыс әлеміне жаны қас ұлтшыл неофашистеріне және олардың қолтығына су бүркіп, қолдап отырған НАТО елдеріне қарсы бағытталған орыс жауынгерлерінің жанқияр ерлікке толы шайқасы болып қабылдануда.

Интернетте қаптап жүрген Украйнаның қираған қалалары мен қаза тауып жатқан бейбіт тұрғындары, зар жылаған аналар мен балалар, тіпті Ресей азаматтығы бар Украйнада тұрып жатқан орыстардың жанайқайы – бәрін ресейлік ақпаратты тұтынушылар «феик», яғни қолдан жасалған жасанды видеобаяндар деп санайды. Олардың түсінігінше, Украйнаның қалаларын бомбалап, ракетамен атып қиратып жатқан, бейбіт тұрғындарды өлтіріп, қыз-келіншектерді зорлап, тонап жатқандардың бәрі де Украйнаның ұлтшылдары. Ал ресей жауынгерлері бейбіт халықты құтқару үшін жан аямай шайқасып, майдан даласында ерлікпен қаза табуда. Ресейдің арнайы операциясының мақсаты елді неофашистерден азат ету, сөйтіп елдегі халықтың билігін, демократияны қалпына келтіру.

Көкшетауда тұратын бір орыстілді әріпесім айтады, ресейлік телеарнаны көріп, содан ақпарат алатын немере інім екеуміз Украйнадағы соғысқа байланысты қатты сөзге келіп қалдық. Ол мені «ұлтшыл фашистерді жақтайсың, Ресей басқыншы НАТО мен одақтастарына қарсы жалғыз шайқасып жатыр, егер ұлтшылдар жеңсе, ресейден кейін бізге шабуыл жасайды, осыны неге түсінбейсің» -деп айыптап, қатты-қатты сөздер айтты. Интернетте беріліп жатқан шынайы ақпараттар туралы айтқанымды құлағына да қыстырмай, оның бәрі «феик» деді. Қанша айтсам да түсіндіре алмай қойдым, -дейді ол  түңіліп.

Ресейлік ақпарат құралдарын тыңдаған адамдардың бұл оқиғаға қатысты пікірінің қандай болатындығын таяуда Елордада баласын қазақ мектебіне бермеймін деп шу шығарып, ақырсында «Путинге хат жазамын» деп қорқытқан қазақ келіншектің әрекеті анық көрсетіп бергендей болды. Ол келіншектің күйеуі офицер, яғни Қазақстанның қарулы күштерінде еңбек етеді екен. Баласын орыс мектебінде оқытуға мүмкіндік бермеген мектеп басшылығының үстінен шағымданып, бөтен мемлекеттің президентіне көмек сұрап хат жазамын деген әйелдің санасының қаншалықты уланғанын осыдан-ақ ұғуға болады.

Өкінішке орай, ресейлік телеарналарды көріп, саналары уланған мұндай адамдар елімізде аз емес. Олар әредік өз ойларын ашық айтып, еліміздің қауіпсіздігіне тас лақтырып қояды. «Вова ағамнан көмек сұраймын» деп әлеуметтік желіге жазған журналист қыз, Путинге хат жазып, Украйнадан кейін Қазақстанға қарулы күштерін енгізіп, солтүстік облыстарды денацификациялау туралы ұсынысын айтқан қостанайлық орыс тілі пәнінің мұғалімі, көшеге қызыл жалауларын желбіретін шығып, ұрандайтындар – бәрі де Украйнадағы соғыстан бейбіт халықтың зардап шегіп жатқандығын, мыңдаған жазықсыз жандардың қаза тапқанын  ұғынғылары келмейді. Өйткені, олардың саналары ресейлік телеарналардың насихатымен уланған. Міне, ақпараттың адам санасына әсері осыдан анық көрінеді.

Ақпарат кеңістігін қорғаудың маңызы

Әлемдегі қарулы күштері жағынан ең қуатты мемлекеттің бірі саналатын Ресейдің Украйнаға шабуылы басталған тұста әлем жұртшылығы көп болса бір жетіде Украина әскерін күйреткен Ресей елді түгел басып алады деп болжамдаған еді. Дегенмен, жағдай басқаша бағытта өріс алды. Ең алдымен, Ресей ақпарат құралдары айтқандай ұлтшыл неофашистерден мезі болған орыс тілді украиндар мен орыстар ресей жауынгерлерін гүл ұстап қарсы алады деген сөз жалған болып шықты. Украиндар да, орыстар да ресейліктерді басқыншылар ретінде қарсы алып, жасы да, кәрісі де қолдарына қару алып шайқасуға әзірліктерін танытты. Соғыстың алғашқы күндерінде қарапайым адамдардың ресейліктерге қарсы жанқияр ерліктері күші басым жаудың бетін қайтарып, ойларына алған мақсаттарын орындауға жол бермеді. Орыс тілді украиндар мен орыс ұлтының өкілдері көп елдің жұдырықтай жұмылып, Отандарын қорғауда осыншама белсенділік танытуының сыры неде?

Есімі елге танымал блогер Игорь Гончаренконың пікірінше, 2014 жылы Ресей Қырымды аннекциялап алғаннан кейінгі жылдарда Украина ең алдымен өзінің ақпарат кеңістігін қорғауға қатты көңіл бөлген. Ресейлік телеарналардың хабары ел аумағында мүлдем таратылмайтын болған, ресейлік басылымдарға да шектеу қойылған. Осының арқасында Украина ақпараттық қауіпсіздігін толық қамтамасыз еткен. Биылғы жылдың ақпан айында Ресейдің шабуылы кезінде ресейлік ақпаратпен санасы уланбаған халық жат елдің әскерін жау ретінде қарсы алды. Бұл ең алдымен ақпараттық қауіпсіздіктің нәтижесі дейді Гончаренко.

Қазіргі Украйнадағы жағдай ақпарат кеңістігін қорғаудың және мемлекеттік идеологияға негізделген өз ақпаратымен елді қаматамасыз етудің қаншалықты маңызды екендігін анық көрсетіп отыр. Осы арада мына ақиқатқа назарымызды аударған артық болмас еді: АҚШ, бұрынғы КСРО мен фашистік Германия, Ұлыбритания сияқты алпауыт мемлекеттер өз идеологиясын тарататын ақпарат құралдарының қызметіне қатты көңіл бөлді. Бұл мемлекеттердің әлемге үлкен ықпал ететін қуатты елдерге айналуына да мықты ақпарат құралдарының көп көмегі тигені тарихтан мәлім.

1980-ші жылдардың ортасында Алматыда Ұлы Отан соғысынан кейін жеңуші елдердің басшыларының жеңілген Германияның тағдырын шешуге арналған басқосуы туралы баяндайтын екі сериялы «Жеңіс» фильмінің премьерасы болды. Күндізгі сеансқа уақыт тауып барған едім. Фильм біткен соң зал толған көрермен орнымыздан тік тұрып екі минуттай қол шапалақтадық. Премьераға ешқандай мемлекеттік қызметкер, биліктің өкілі қатысқан жоқ, ешкім сөйлеп, жиналыс та өткізбеді, бірақ фильмнен алған әсерге бөленген көрермендер өз сезімдерін осылай қол шапалақтап білдірді. Отанға деген сүйіспеншілік, еліңнің жетістігіне деген мақтаныш сезімі – бүгінде көп айтылатын жалаң ұрандар мен флешмоб сияқты шаралармен келмейді, ол ақпарат құралдары арқылы халықтың санасына сіңірілетін мемлекеттік идеология арқылы орнығады. Оны кеңес заманында өмір кешкен аға ұрпақ өкілдерінің бәрі жақсы біледі.

Қазіргі біздің еліміздегі ақпарат кеңістігімізді шетелдік ақпараттардан қорғау, мемлекеттік идеологияға негізделген ақпарат тарату жайы қатты алаңдатады. Шынын айтқанда, бұл бағытта бізде ілгері жылжушылық емес, керісінше кері кетушілік жыл санап күшейіп келе жатқандай.

Осыдан бірнеше жыл бұрын Жақсы ауданына іссапармен барған едім. Аудандық газеттің редакциясына соғып, аудандық газеттің жайымен таныстым. Бір адам ғана газет шығарады екен, орыс-қазақ тілінде шығатын төрт беттік апталық газетте оқылатын ешқандай материал жоқ. Ресми хабарлар мен теледидар апталығынан басқа ештеңе көре алмадым. Редакцияда біраз жылғы газет тігінділері сақталыпты. Кеңес заманындағы газет тігінділеріне қарап, қазіргі газетпен салыстырып, қатты қайран қалдым. Кеңес заманында аудандық газет төрт беттік көлеммен аптасына үш рет шығып тұрыпты. Газетте қарапайым хабарлар мен мақалалардан бастап, суреттеме, очерк, өлеңдер мен әңгіме, тіпті фельетонға дейін жарияланған. Газеттің дизайны да, мазмұны да қазіргі деңгейден көш ілгері.

Өкінішке орай, бұндай жағдай тек Жақсы ауданында ғана емес, Ақмола облысының барлық аудандары мен қалаларының газеттерінің жайы дәл осындай. Аудандық газеттердің таралымы төмен, аптасына бір-ақ рет шығады, қызметкерлерінің саны ары кетсе екі-үш адам ғана. Бұл газеттерді ақпарат құралдары дегеннен гөрі, кеңес заманында түрлі қоғамдық мекемелер шығаратын қабырға газеттері десе, сол дұрыс болар еді.

Аудандық газеттер ғана емес, облыстық газеттердің жайы да жетісіп тұрған жоқ. Кеңес заманында аптасына бес рет шығатын облыстық газеттер бүгінде аптасына екі-үш  рет қана шығуда. Кеңес заманында қазіргі «Арқа ажары, сол кездегі «Коммунизм нұры» газетінде елуден астам адам еңбек етті, бас редактордың екі орынбасары, жауапты хатшы, оның орынбасары мен төрт-бес бөлім және оған қоса біраз аудандарда меншікті тілшісі болды. Ол кездегі газет таралымы 14-17 мың шамасында болатын. Қазіргі «Арқа ажарында» техникалық, шығармашылық қызметкерлерді түгел қосқанда онға тарта адам еңбек етеді. Яғни, газет қызметкерлерінің саны бес есеге қысқарған. Газеттің мазмұны мен дизайны да кеңес заманындағыдан әлдеқайда төмен. Ресми хабарлардан басқа газеттен тұщынып оқитын материал таппайсыз. Кеңес заманында Қима ауданында газетте қызмет істеген менің «Коммунизм нұрында» хабарлар мен мақалаларды былай қойғанда, бірнеше әңгімелерім мен очерктерім жарық көрген еді. Ол кезде газетте көркем шығармалар, оқылатын түрлі дүниелер көп беріліп тұратын.

Жалпы, аудандық, облыстық газеттердің кеңес заманымен салыстырғанда көп төмендеп кету жайы біздің облысымызға ғана тән емес, бүкіл  елімізде болып отырған құбылыс. Бұның өзі біздің еліміздегі ақпарат құралдарының қазіргі жайын анық байқатады. Мемлекеттік тіл мәртебесін алған қазақ тілінде таратылатын телехабарлар жалпы ақпараттың ары кетсе 5-10 пайызын ғана қамтиды. Қалғандары түгел орыс тілді хабарлар және олардың басым көпшілігі ресей мемлекетінің телеарналары. Яғни, қазақстандықтардың көпшілігі ресей ақпаратын тұтынуда. Жоғарыда аталған Путинге хат жазамын деп қорқытқан қазақ келіншектің жайы ақпарат кеңістігіміздің қазіргі жағдайын анық көрсетеді.

Теріс ақпараттың зардабы

Жақында «Жас алаш» газетінде Білім және ғылым министрінің бұйрығымен мұғалімдерді баспасөзге күштеп жаздыруға тиым салу жағдайының мемлекеттік басылымдарға, оның ішінде балаларға арналған «Балдырған» сияқты басылымдарға кері әсерін тигізіп отырғаны туралы мақала жарияланды. Автор министрдің бұл пәрмені қазақ газеттерін көрге көмуге дайындап қойған жағдай екендігін айтады. Газет-журналдарды шығаруға бөлінетін қаржы көлемін қысқартып қана қоймай, мемлекетіміз енді баспасөздің негізгі тұтынушылары болып саналатын мұғалімдер мен дәрігерлерді, басқа да бюджет мекемесінің қызметкерлерін мәжбүрлеп жаздыруға тиым салу арқылы, ақпарат құралдарының тынысын одан ары тарылтып отырғанын түсінбейтін секілді.

1987 жылы ҚазМУ-ді бітіріп, жолдамамен бұрынғы Торғай облысының Жанкелдин ауданына мектепке мұғалім болып бардым. Жұмысқа шыққан күні оқу ісінің меңгерушісі маған «мынадай басылымдарға жазылуың керек» деп бір құлаш тізімді қолыма ұстатты. Тізімде қазақ тілінде шығатын «Қазақстан мектебі» журналы мен «Қазақстан мұғалімі» газетінен басқа «Преподование истории в школе», «Методика преподование истории»  деген орыс тіліндегі одақтық журналдар, аудандық, облыстық және республикалық газеттер, басқа да біраз газет-жорналдар бар екен. Сомасы 20-25 сомдай болады. Бұл ол кезде біраз ақша. Оқу ісінің меңгерушісі менің келісімімді сұрап жатпады, яғни мұғалімдердің бәрі жыл сайын сонша басылымға міндетті түрде жазылады деген сөз. Осылайша, мен бұрын оқымаған біраз басылымдарды алатын болдым. Шынын айтқанда, одан еш ұтылғаным жоқ, керісінше көп пайдалы ақпараттар алдым.

Кеңес заманында мұғалімдерді ғана емес, мектеп оқушыларын да күштеп газет-журналдарға жаздыратын. Мен бастауыш сыныптарда оқған кезімде «Балдырған» журналын, кейінірек «Қазақстан пионері» газеті мен «Білім және еңбек» журналын алып тұрдым. Кеңшарда жұмысшы болып істейтін әкем «Жұлдыз» журналынан бастап, біраз газет-журналдарды жыл сайын жаздырып алатын. Мектеп қабырғасында жүргенде сол газет-журналдардың бәрін оқып, көптеген пайдалы ақпараттар алып, білім көкжиегімді кеңітуге мүмкіндік болды.

Қазір мұғалімдердің жалақысы 200-300 мың теңге көлемінде. Олар үшін жылына бір рет 40-50 мың теңгеге түрлі басылымдарға жазылу қалтаға салмақ салатын үлкен шығын емес. Оның есесіне көптеген пайдалы ақпараттар алып, білім-танымын кеңейтіп және ең бастысы, отандық ақпарат құралдарын дамытуға үлесін қосар еді. Өкінішке орай, газетке мәжбүрлеп жаздыруға болмайды деген түсініктің салдарынан мұғалімдер баспасөзге мүлдем дерлік жазылмайтын болды. Бұдан олар не ұтты?

Енді мына жағдайға назар аударып қараңызшы: Газет-журналға жазылмайтын мұғалімдер сабақтарын оқулықтың шеңберінде ғана түсіндіретіні, білім көкжиегін кеңіте алмайтыны өз алдына, интернеттен теріс ақпараттар алып, саналарын улауда. Бұлай деп айтуға негіз болатын жайлар жеткілікті. Мысалы, бірер жыл бұрын Түркістан облысындағы бір мектеп директорының оқу-тәрбие жөніндегі орынбасары болып қызмет ететін жап-жас қазақ келіншегінің аузына ақ ит кіріп, көк ит шыққан, боғауызды сыпыртып, боқтаған видеосы интернетте жарияланып, сол жұртшылық тарапынан үлкен пікір туғызды. Тағы бір оңтүстік аймақтағы мектеп директоры өзінің 8-ші сыныпта оқитын ер баласын зорлап келгендігі анықталып, сотталды. Ал таяуда бір мұғалім 9-шы сыныпта оқитын ер баланы зорлағаны туралы әлеуметтік желіде жұрттың ашуын туғызан хабар таралды. Естір құлаққа ерсі мұғалімдер тарапынан жасалып жатқан осындай жайлар еліміздің барлық өңірлерінен ауық-ауық кездесіп қалады. Кеңес заманында ондайды ешқашан естіген де, көрген де емес едік. Қазақ «ет сасыса, тұз себерсің, тұз сасыса не себерсің?» дейді. Жас ұрпаққа тәлім-тәрбие береді деген мұғалімдер азғындыққа барса, онда ұрпағымыздың жайы не болмақ?

Мұғалімдер арасында кездесіп жататын осындай теріс әрекеттерге олардың газет-жорнал оқымағандығы ғана кінәлі деуге болмайды. Дегенмен, мына жай анық: адам қандай ақпарат алса, санасы соған сай қалыптасады, ал оның сөзі мен әрекеті сол санасының деңгейіне байланысты болмақ. Кеңес заманында газет-жорнал, кітап оқып, сол оқығандарын сабақтарында пайдаланып, таным көкжиегін кеңейтуге үнемі көңіл бөлетін мұғалімдер мен қазіргі ештеңе оқымайтын, барлық ақпаратты интернеттен, әлеуметтік желілерден алып, сабақтарын оқулықтың көлемінде ғана түсіндіретін мұғалімдердің арасында жер мен көктей айырма бар. Яғни, мектептегі келеңсіз жайларға мұғалімдер мен балалардың алып жатқан ақпараттарының тікелей әсері бар десек, артық айтқандық болмайды.

Осыдан бірнеше жыл бұрын облыстық газеттерге жергілікті әкімдіктер мен кәсіпорын, мекемелердің бос жұмыс орнына арналған хабарландырулары жарияланатын. Тек осындай хабарландырудан ғана облыстық газет жылына 20 млн. теңгедей ақша тауып жүрді. Содан кейін әлдебір білгіш бұның қате екендігін айтып, бос жұмыс орындарына арналған жарнамаларды енді мекемелер жергілікті әкімдіктердің сайтына тегін салатын болды. Бұл облыстық газеттердің қаржылық жағдайын күрт түсіріп жіберді. Ал бюджеттік мекеме қызметкерлерін газетке мәжбүрлеп жаздыруға тиым салу  мемлекеттік газеттердің таралымын түсіріп, жағдайларын одан әрі ауырлата түсті. Оның үстіне жыл өткен сайын бюджеттен бөлінетін қаржы көлемі қысқарып, сол аз ақшаның өзін тендер арқылы біраз уақытқа созып, әзер беретін болды. Осылардың бәрі жергілікті басылымдардың жағдайын ауырлатып, соның салдарынан газеттердің сапалық деңгейі де түсіп кетті.

Мәселен, соңғы бес-алты жылда «Арқа ажары» газеті қызметкерлерінің жалақысы мүлдем өспепті. Ал бюджет қызметкерлерінің жалақысы бұл кезде әлденеше рет көтерілді. Жалақының аздығынан және сол аз жалақының өзін уақытында бермеудің салдарынан биылғы жылдың басынан бері «Акмолинская правда» газетінде еңбек етіп жүрген бірнеше белді журналистер жұмыстан кетіп қалды. Бір кезде елуден астам адам еңбек ететін облыстық газеттерде бүгінде үш-төрттен ғана шығармашылық қызметкер қалды. Облыстық газетке маман табу қазір қиын болып отыр, өйткені жалақысы мардымсыз редакцияға келуге ешкім құлық танытпайды.

Қазіргі жағдайларға қарап, жергілікті басылымдар енді үш-төрт жылда жұмыстарын мүлдем тоқтатуы мүмкін деген ойға қаласың. «Жас алаш» газеті авторының жазғанындай, қазір мемлекеттік жергілікті басылымдар жабылуға жақындап, жалпақ тілмен айтқанда көрге түсуге дайын тұрған сияқты. Аудандық, қалалық газеттердің көпшілігі жекешеленді, бірақ жеке меншікке көшкен басылымдардың жағдайлары жақсарып кеткен жоқ. Көкшетаулық кәсіпкер Старков сатып алған қалалық «Көкшетау» және «Сетпнои маяк» газеттерінің қазіргі жайы кісі аярлық дәрежеде. Газеттерді екі-үш адам ғана шығарып жатыр. Журналистер жұмысқа қашан келеді, қашан кетеді, бәрін жазып, қатаң тексеріп отырады. Ау, шығармашылықпен айналысатын адамға еркіндік керек қой. Бірақ оны кәсіпкер түсінсін бе, оған керегі тек  ақша. Егер табыс келтірмейтін болса, Старков мырза күні ертең екі газетті қажетсіз заттай қоқысқа лақтыра салатыны анық.

Тобықтай түйін:

Егер мемлекет өз идеологиясы мен саясатын халыққа жеткізетін, түсіндіретін ақпарат құралдарын ұстауға, ақпарат кеңістігін жат елдердің залалды ақпараттарынан қорғауға жете көңіл бөлмесе, қаржылай қолдау көрсетпесе, онда бұл жағдай мемлекеттің қауіпсіздігіне қатер төндіруі мүмкін. Ақпаратты мемлекеттік ақпарат құралдарынан емес, жат елдердің ақпарат көздерінен, одан қалды интернет пен әлеуметтік желілерден алудың қаншалықты залалды екендігін дәлелдейтін жайлар аз емес. Адамдардың азғындыққа салынуы, сондай азғындық пен қылмыстардың жыл санап көбейіп бара жатқаны осыны айғақтайды.

Мынаған ой жүгіртіп қараңызшы: қазір интернет пен әлеуметтік желілерде бұрынғы Мемлекет басшысы, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың атына небір ғайбат сөздер, тіпті мазақтаулар айтылып, жазылуда. Оны қойып, бүгінгі президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевқа да тіл тигізетіндер аз емес. Депутаттар мен Үкімет мүшелерін, әкімдерді сынап-мінегені аздай, ар-намыстарына тиетін небір сөздер айтылып, жазылып жатады. Жастарымыздың бәрі дерлік ақпаратты интернеттен алатынын ескерсек, мемлекетімізді басқарып отырған адамдардың халықтың алдындағы абырой-беделін түсіретін осындай ақпараттарды саналарына сіңірген жұрт билікті сыйлай ма? Жоқ, әрине. Ал ел алдында беделі жоқ билік елді билеп, жаңа биіктерге бастай ала ма? Жаңа Қазақстанды біз қалай құрамыз? Билік басындағыларды балағаттап, мазақ қылатын адамдармен бе?

Биліктің беделін көтеретін, халықты отансүйгіштік пен елжандылыққа үндейтін күш – мемлекеттің саясаты мен идеологиясын жүргізетін кәсіпқой білікті журналистерден құралған мықты ақпарат құралдары. Ендеше мемлекет ақпарат құралдарынан ақшаны аямауы керек. Мемлекеттік мықты ақпарат құралдарынсыз мемлекеттің саясаты мен идеологиясын жүргізу мүмкін емес. Осы ақиқатты естен шығармасақ екен.

Қалкөз ЖҮСІП.  

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Оставить комментарий

Жарнама
Жарнама
Яндекс.Метрика