Ақша – азғындық құралы
Емдік өсімдіктерден жасалған табиғи дәрілер мен дәрумендер, балалар мен ересектерге арналған брендтік киімдер, косметика, т.б. төмендетілген бағамен тапсырыс бере аласыз, Қазақстанның кез-келген аумағына жеткізіп береді. Толық ақпаратты мына сілтеме арқылы алыңыз:
Пәлсапалық ұғыммен алып қарасақ: ақша айырбас құралы және оны жақсы да, жаман да деп айтуға болмайды. Ақшаны түрлі қайрымдылық шараларына, баспана, киім, көлік, басқа да қажеттіліктерді алуға пайдалануға болады. Сонымен бірге, ақшаға адам өлтіретін қару сатып алуға, жезөкше қыздарды жалдап алып, зинақорлық жасауға, пара беріп, заң бұзуға, тіпті киллер жалдап, кісі өлтіртуге де болады. Қазір жасыратыны жоқ, ақшаны жақсы ниеттерге емес, жамандыққа пайдаланушылар қатары көбейіп кетті.
Ақша адамның санасына қандай өзгерістер әкеледі?
Менің балалық және жастық шағым социалистік қоғам аталатын кеңес заманында өтті. Ол кезде білім, денсаулық, баспана алу – бәрі тегін болатын. Коммуналдық қызмет бағасы да өте төмен еді. Жалпы, киім-кешек, азық-түлік – бәрі де қазіргімен салыстырғанда әлдеқайда арзан болды. Мысалы, сіз 50-60 тиынға кез-келген асханадан тойып тамақ іше алатынсыз.
Кеңес заманында қазіргідей жұмыссыздық деген атымен болған жоқ. Жұмыс өте көп болды және қалағаныңды таңдап алуға болатын. Мен сол тұста сырттай оқыдым және Алматы қаласында біраз мекемелерде жұмыс істедім. Жұмыс ұнамай, оны жиі ауыстырып жататынмын. Жұмысқа орналасу өте оңай еді және бірден жатақхана беретін.
Осы жайлардан болар, кеңес заманында адамдар қазіргідей ақшаға қатты құныққан жоқ. Шынын айтқанда, ақшаның оншалықты қадірі де болмады. Өйткені, қол-аяғы бүтін, дені сау кез-келген адам қалаған жұмысын істеп, ақша таба алатын. Ал жұмысқа орналасқан сәтте жатақханасын береді, бірнеше жыл кезекте тұрғасын пәтеріңді аласың. Бәрі тегін. Экономикалық кризис, қаржы инфляциясы деген атымен болмады және ондайды халық мүлдем түсінбейтін. Баға бүгін де, кеше де, ертең де еш өзгеріссіз бірқалыпты тұратын. Соған орай, халықтың ертеңге деген сенімдері үлкен болды, уайым-қайғысыз еркін өмір сүрді.
1992 жылы нарыққа көшкен соң жағдай күрт өзгерді. Ақша бірінші орынға шықты. Ақшаға бәрін де сатып алуға болатын болды және жұмыссыздық, кризис, инфляция деген нарықтың көлеңкесі сияқты үнемі бірге жүретін қоғамдық дерт елді жайлады. Мұның бәрі адамдардың санасына қатты әсерін тигізді. Кеңес адамы мен қазіргі адамдардың арасында ат пен түйедей үлкен айырма бар.
Ақша адамды бұзады
Ақшаға қалағаныңды түгел сатып алуға болатындықтан, оған құдайдай табыну белең алды. Иә, Аллаға емес, ақшаға табынатындар көп бүгінде. Ақша үшін тәнін сатып жүрген жас қыздар аз емес. Ақша табамыз деп туған үйінен, елінен безіп қаңғып жүрген гастарбайтер дегендер де жетерлік. Қазақтың қаншама жас қыз-жігіттері қазір шет елдерде күні үшін ауыр жұмыстар істеп елінен, отбасынан аулақта жүр.
Бір емес, бірнеше жоғары білімі бар азаматтар ақшаға арын сатып, пара алып, жемқорлықпен айналысады. Шынын айтқанда, біздің елімізде қоғамды жегі құртша жеп жатқан жемқорлық қазір әл бермейтін құдыретті күшке айналды. Бүгінде жемқорлықты ақырған арыстанға теңесек, билік сонымен күрескісі келетін арық әлжуаз мысық кейпінде. Яғни, бүгінгі билік тамырын тереңге жайған жемқорлықты ешқашан да жеңе алмайтын ахуалға жетіп отыр.
Ақшаны былай алып қарағанда жақсы да, жаман да деп айтуға болмайды, тек мәселе оны кімнің қалай пайдаланатындығына байланысты. Десе де, адамдардың 95 пайызы ақшаны теріс мақсатта, яғни жаман ниетте пайдаланады. Мәселен, Қазақстанда үш жүзден астам миллионерлер мен миллиардерлер бар екен. Міне, сол ат төбеліндей аз адамның қолындағы бар ақшасы басқа халықтың ақшасынан әлденеше есе көп. Сол байшыгештер ақшаны қалай пайдаланады? Қайрымдылыққа ма, адамдарға жақсылық жасау үшін бе, мұқтаж жандарға көмектесуге ме? Жоқ, қара бастары мен отбастары үшін, одан қалды тойымсыз нәпсілерін қанғаттандыруға пайдаланады.
Яғни, еліміздегі бар ақшаның кем дегенде 90-95 пайызы теріс мақсаттарға пайдаланылуда. Одан қалды, белең алған көлеңкелі бизнес дегенде де қыруар қыржы айналымда жүреді. Көлеңкелі бизнес деген бұл тек салықтан жалтару емес, қолдан адамдарды улайтын сапасыз өнімдер, оның ішінде азық-түлік, спирт ішімдіктерін шығару, есірткі саудасы, денсаулыққа, қоршаған ортаға залал келтіретін өнімдерді сырттан әкеліп, тарату, т.б. бар.
Осылардан не түюге болады? Бүгінде ақша адамдарға залалын тигізетін аса қатерлі құралға айналды және адамдардың санасын бұзып, бай-бақуатты жандарды өздерін құдайдай сезінетін, заңнан биік тұратын қатыгез, ашкөз, нәпсіқұмар пенделерге, ал кедей-кепшікті ертеңгі күнінен үміт үзген, басқаларға тәуелді, үнемі қорқыныш пен үрейден көз ашпайтын әлсіз, әлжуаз, қорқақ, жалтақ жандарға айналдырды. Міне, біздің қоғамдағы ақшаның ықпалы осындай болып тұр.