Алаяқтарға ақшасын алдырғандар қатары азаяр емес
Емдік өсімдіктерден жасалған табиғи дәрілер мен дәрумендер, балалар мен ересектерге арналған брендтік киімдер, косметика, т.б. төмендетілген бағамен тапсырыс бере аласыз, Қазақстанның кез-келген аумағына жеткізіп береді. Толық ақпаратты мына сілтеме арқылы алыңыз:
ҚР Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, биылғы жылдың басынан бері қазақстандықтардың есеп-шотынан алаяқтар 7 млрд теңге ақшаны ұрлап алып кеткен. Жыл басынан бері 12 мыңнан астам алаяқтық қылмыс тіркеліп, 571 алаяқ қолға түсіпті, олардың ішінде 17 алаяқтық ірі топ бар.
Осы цифрлардан байқап отырғанымыздай, алаяқтық қылмыс жыл санап өршіп барады және жеңіл жолмен ақша табудың оңай түрі санап, алаяқтықпен айналысқысы келетін адамдардың саны да еселеп көбеюде. Жыл басынан бері өткен 7 айдың ішінде ғана 571 алаяқ қолға түссе, әлі қаншасы адамдарды сан соқтырып, қылмыстық әрекеттерін жасап жатыр, ал соларға қарап мен де осындай кәсіппен айналыссам қалай болар еді дейтіндер де жетерлік.
Мен біраз жыл бұрын интернет кәсіпкерлікпен айналысып, ғаламтордан ақша табудың бірқатар тәсілдерін үйреніп көрген едім. Біраз табыс та таптым, алаяқтардың қармағына түсіп, ақшамнан айрылған сәттер де болды. Осы жайлардан түйгенім: интернет дамыған сайын интернет арқылы жасалатын алаяқтық та еселеп көбейіп барады. Және бір қызығы, алаяқтар түрлі салалар бойынша маманданып, нағыз кәсіби биік деңгейге жеткен. Олардың әрекеттеріне қарап, таңдай қағып таңғалмасқа амалың жоқ. Соншама таланттары мен қабылеттерін әттең адал кәсіп етуге бағыттаса, елге де, өздеріне де үлкен пайда әкелер еді-ау деген ойға қаласың.
Мен біраз жылдар республикалық «Заң газетінде» меншікті тілші болып жүріп, көптеген қылмыскерлердің, оның ішінде алаяқтық қылмысқа қатыстылардың соттарына қатысып, тіпті түрмеде де болғаным бар. Сонда мына жайға көзім жетті: алаяқтықпен біраз айналысқан адам, енді қайтып түзу жолға түсе алмайды екен. Құмар ойынына еліккен жан сияқты алаяқтық қылмыспен айналысып, оңай олжаның дәмін бір татқан пенде одан енді ешқашан бас тарта алмастай болып, психикалық дертке шалдығады. Ол үнемі біреулерді алдап, ақшаларын алғысы келіп тұрады.
Аляқтық қылмыспен үш рет сотталған әйелдің түрмеден шыға сала тағы да ескі әдетіне басып, тіпті өзінің туыстарын алдап, қолхат беріп ақшаларын қайтармай кеткен оқиғасына куә болдым. Осылардан байқалғандай, алаяқтық жазылмайтын психикалық дерт. Онымен кәсіби психолог арнайы ұзақ уақыт айналыспаса, ем қонуы екіталай. Осыған орай, алаяқтар қоғам үшін өте қауіпті болып барады. Өйткені, біздің заңнамамызда алаяқтық қылмысқа қатысты жазалау шаралары өте жеңіл қарастырылған және түзеу мекемелерінде де темірдей тәртіп жоқ. Олар ауыр қылмыскерлердің өзін «үлгілі тәртібі» үшін мерзімінен бұрын босатуға әбден еттері өліп кеткен. Осыған байланысты алаяқтар түрмеге бір емес, он рет түссе де қорықпайды, өйткені жазаның жеңіл екендігін, түрме тәртібінің бостығын олар өте жақсы біледі және соны өз пайдаларына тиімді пайдаланады.
Таяуда Щучинск қаласында тұратын әріптесім Жеңіс Оспанов хабарласып, алаяқтардан алданған адамдарға қатысты жағдайға байланысты кеңес сұрады. Қалада тұратын біршама бақуатты әйел екі жылдай бұрын ресейлік бір компанияға кіріп, инвестиция салу арқылы мол ақша таппақ болады. Әлгі компания адам шақырғандарға табысты еселеп төлейді екен. Содан мол ақшаға қарық боламын деген әлгі әйел тамыр-таныстарын, одан қалды бөгде адамдарды да компанияға тартуға білек сыбана кіріседі. Жұмысы нәтижесіз де болмапты. Оның сөзіне иланған адамдар жиған-тергендерін мол пайызбен қайтаратын инвестициялық компанияға салады. Тіпті, үйін сатып, одан қалды кредит алып ақша салғандар да болыпты. Әйел олардың бәріне «мынаншама ақшаны қарызға алдым, оны қайтарып беремін» деп кепілдік хат беріп отырған. Ол берген кепілдік хатқа, одан қалды әйел көсреткен ресейлік компанияның сертификатына, клиентпен жасалатын екіжақты келісім-шартына имандай сенгендер бұны алаяқтық деп мүлдем ойламаған.
Дегенмен, уақыт өте келе ақшаны қайтаратын мерзімі өткеніне қарамастан, үстіндегі өсім проценті түгілі, өз ақшаларын ала алмағандар әлгі әйелдің қыр соңынан қалмайды. Күнде телефон шалады, ақша қайда деп сұрайды. Дегенмен, әйелдің айтар жауабы да дайын: «міне, аз қалды, сәл-пәл күтсеңіздер, өсімімен қайтарамын».
Әріптесім Жеңіс Оспанов жіберген ақша бергендердің тізімінде 2 млн, 5 млн, тіпті 22 млн теңге салғандар да бар екен. Қыруар ақша. Сонша ақшаны жинап алып, ресейлік компанияның есепшотына салған әлгі әйелдің өзінің қанша салғаны белгісіз. Ат шаптырым екі қабатты үйі бар ол әйел де аз ақша салмаған сияқты. Жеңіс айтады, мен хабарластым, оның айтуынша, ресейлік компания өте сенімді және ақшаны міндетті түрде қайтарады.
Бірқатар осындай инвестициялық компанияларға хал-қадарымша ақшамды салып, айрылып қалған тәжірибем бар және мұндай алаяқтардан әрдайым аулақ жүруге тырысатын болған мен бурабайлықтар ақша салған ресейлік компанияның қандай компания екендігін анықтау үшін интернеттен біраз ақпараттар іздедім. Таптым да. Енді соған назар аударып көрелік.
Аталмыш компанияның ұйымдастырушысы Павел Крымов деген алаяқ болып шықты. Ол бір компанияны құрып, сонымен адамдарды тақырға отырғызған соң, атын сәл өзгертіп екінші компанияны құрады екен. Осылайша айналдырған 5-6 жылдың ішінде ол адамдардың 30 млн доллардай ақшасын қалтасына басады. Алданғандардың арасында ресейліктер ғана емес, Украина, Белорусь, Қазақстан азаматтары да бар. Алаяқ адамдардың сеніміне кіру үшін кәсіби деңгейі жоғары сайт жасайды, онда ақшадан ақша жасаудың керемет тәсілін ұсынып, тіпті адамдардың пікірлерін де береді. Компания қайда тіркелгені, сертификаты, екіжақты келісім-шарт – бәрі бар. Соны көрген адам компанияның байыпты инвестициялық ұйым екендігіне шәк келтірмейді.
Щучинск қаласында тұратын әйелдің ақша салған компаниясы туралы көп пікірлерді оқыдым, бәрі алданып қалған адамдар туралы, алаяқтық компания екендігі жайлы нақты деректермен жазған. Әлгі алаяқ Крымов қанша қулығын асырмақ болса да, құқық қораушылардың құрығына ілініпті. Қазір ол түрмеде. Қамақта отырған алаяқтың алған ақшаны қайтара алмасы белгілі. Ендеше, бурабайлықтардың жоғары өсім аламыз деген үміті ғана емес, өз ақшаларын қайтарып алу үміті де үзілетін секілді. Олардың жалғыз амалы бар, өздерін ресейлік компанияға ақша салуға азғырған әйелді сотқа беріп, шығынды содан өндіріп алу. Бұған қолдарындағы әлгі әйел берген қолхаттың көмегі тиюі мүмкін.
Маған ай сайын кем дегенде 5-6 алаяқ телефон шалады. Айтатын әңгімелерінің әуені бір: «мен пәлен деген инвестициялық немесе консалтингтік компанияның өкілімін, ақша табудың керемет тәсілі бар» деп сайрай жөнелгенде телефонды өшіре саламын. Бірақ олар да бір саппас екен, қайта-қайта телефон шалуларын қоймайды. Жақында үнемі телефон соғып жүрген бір әйел хабарласты. Менің даусымды танып қалды ма, күліп жіберді. Мен де күлдім. «Иә, қалай, алаяқтық жұмыс қиын емес пе, табыс түсе ме өзі» деймін. Ол да айылын жыяр емес: «Иә, түседі, өмірге өкпе жоқ» дейді. «Ойпырым-ай, ашықауыз ақымақтар әлі де көп пе соншама» -деймін таңырқап. «Жетерлік» дейді ол.
Алаяқтықты кәсіп етіп, сонымен күн көретіндер санының азаймауына қарағанда, алдануға бейім ашықауыздар ел ішінде көп болса керек. БАҚ арқылы үнемі алаяқтардан алданғандар жайында айтылып, жазылып жатады, әлеуметтік желілерде де ондайлар туралы әңгіме көп, соның бәріне қарамастан, алаяқтардың қармағына түсетіндер де азаяр емес. Аляқтарға жол ашатын жалғыз қақпа бар: ол адамдардың ашкөздігі. Иә, ашкөз адам оңай табыс табасың, мол өсім аласың десе, соған елп ете түседі. Әлгі әріптесім Жеңіс айтқан адамдардың бәрі де солай жедел мол ақша табамын деген үмітпен сондай күмәнді жобаға ақшаларын салғандар екендігі анық. Енді міне, мол өсім түгілі, салған ақшаларын қайтарып алудың өзі күмәнді болып отыр.
Ал телефон арқылы хабарласқан бөтен адамның айтқандарына имандай сеніп, төлқұжаты мен банк картасы туралы мәліметтерді оңай айта салатындар да сол ашкөздіктің құрбандары. Күні кеше менің поштама облыстық прокуратурадан хабар келді. Онда қаржы пирамидаларының көбейіп кеткендігі, одан сақтану шаралары жайында айтылыпты. Иә, алаяқтардан сақ болыңдар деп аз айтылып, жазылып жатқан жоқ, десе де, алданушылар санының азаймауы, адамдарды ескерту, ақпараттандыру бағытында әлі де көп жұмыстар жүргізу қажеттігін көрсетсе керек.
Әрбір өзін сыйлайтын адам мына ақиқатты есінде мықтап ұстағандары жөн: «Тегін ірімшік қақпанда ғана болады». Яғни, оңай ақша табасың деген сөздің астарында міндетті түрде алаяқтық тұрады.
Қалкөз ЖҮСІП.