Алаяқтардың 80 пайызы намазхандар ма?
Емдік өсімдіктерден жасалған табиғи дәрілер мен дәрумендер, балалар мен ересектерге арналған брендтік киімдер, косметика, т.б. төмендетілген бағамен тапсырыс бере аласыз, Қазақстанның кез-келген аумағына жеткізіп береді. Толық ақпаратты мына сілтеме арқылы алыңыз:
«Отыз тістен шыққан сөз отыз рулы елге тарайды» дейді қазақ. Бүгінгідей телефоны, интернеті жоқ ерте заманның өзінде отыз тістен шыққан сөз отыз рулы елге таралып жатса, қазіргі ақпараттық технологиялар шарықтап дамыған заманда айтылған әр сөздің әп-сәтте барша әлемге таралатыны ешкімге құпия емес. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, танымал айтыскер ақын Ринат Зайытовтың журналистке берген сұхбатында айтылған «алаяқтардың 80 пайызы намазхандар» деген сөзі шамдарына тисе керек, өздерін намазхан санайтындар оған жан-жақтан түтіп жердей дүрсе қоя берді. Ақынды жақтап, қолдағандар да аз болмады. Бұл текетірес қазіргі қазақ қоғамындағы ашық айта қоймай бүркемелеп келген ащы шындықтың бетін ашып тастады. Қазақстан деп аталатын тәуелсіз мемлекетті құрып жатырмыз десек те, қазақ қоғамында біртұтас бірлік жоқ екен.
Депутат Ринат Зайытов журналистке берген сұхбатынан кейін болып жатқан жайлар туралы блогердің сұрақтарына жауап бере отырып, өзіне үзбей қоңырау шалынып жатқанын, «құртамын, өлтіремін, айырамын» деп қорқытқандардың көптігін тілге тиек етті. Айтыскер ақын Балғынбек Имашев Ринатқа арнап өлең жазып, намазхандарға тіл тигізгенің үшін Алланың қахарына ұшырайсың деп қорқытты. Мхамеджан Тазабеков те Зайытовқа осы айтқандарың үшін Алланың алдында жауап бересің депті. Жәрайды, олардың бәрі әсіредіндарлар, түрлі теріс ағымдардың өкілдері делік, тіпті ресми дін өкілі де намазхандардың 80 пайызы алаяқ деген жалған жала, олардың арасында бірлі-жарым күнәлілер бар шығар, бірақ ақынның айтқаны шындыққа жатпайды деп мәлімдеді.
Жалпы, кейінгі кезде ислам діні төңірегінде орын алып қалатын түрлі келеңсіз жайлар айтылып, жазылып жатқан кезде дін өкілдері тарапынан үнемі «бұның бәрі жалған, шындыққа жатпайды» деген ақталу ғана естілетін болып жүр. Ауғанстанда, Сирияда соғысып, қолдарын қанға малған мұсылмандарды біздің діндарларымыз «олар исламға еш қатысы жоқ, теріс ағымның өкілдері» деп өздерін олардан бөліп алып, солай жасау арқылы ислам дінін қорғаймыз деп ойлайтын болса керек. Бірнеше жыл бұрын Алматының үлкен бір мешітінде 17 жастағы бозбаланы мешіт күзетшісі қол-аяғын байлап қойып, төрт сағат зорлағаны туралы оқиға жұртшылыққа белгілі болып, содан үлкен шу шықты. Журналистің сұрағына мешіт имамы «Ол адамның мешітке еш қатысы жоқ, күзет мекемесінде істейді» деп жалтара жауап берді. Мешіттің ішінде осындай сорақы оқиға болғанын ести тұра бет-аузы бүлк етпей, оған еш мән бермей, жанталасып мешіт басшылығы мен діни басқарманы қорғаштаған имамның мына әрекеті көңілге кірбің ұялатты. Егер мешіт имамының орнында басқа бір қатардағы мекеме немесе ұйымның басшысы болса, өз мекемесінде сондай оқиғаның орын алғанына қымсынып: «бұл ұят, масқара іс болған екен, оны анықтап, заң арқылы кінәліні міндетті түрде жауапқа тартамыз, бұған қолдан келгенше қолдау жасаймыз» дер еді.
Биыл жазда қажыға барған біраз отандастарымыз намазхан алаяқтардың құрбаны болды. Қасиетті Меккенің полицайлары 40 градустық ыстықта қажылыққа барған отандастарымызды автобустан шығармай, тіпті, дәрет алуға жібермей екі күн бойы қамап ұстапты. Әбден қорлығы өткен қажылыққа барғандар енді қайтып Меккені желкеміздің шұқыры көрсін, дегенге дейін барды. Жалпы, қажылық төңірегіндегі алаяқтықтар туралы жиі айтылады, бірақ та одан еш нәтиже шығып жатқан жоқ. Алаяқтар жазасын да алмайды және ол жыл сайын қайталанып жатады.
Әлеуметтік желілерде хиджапқа оранып алған мұсылман қыз-келіншектердің талайларды алдап, тақырға отырғызып кеткендері жайлы видеолар жетерлік. Заңгер, блогер Айгүл Орынбек Балғынбек Имашевқа «адамдарды кооперативке шақырып, бар жиған-терген ақшаларынан айырдың, сол үшін заң алдында жауап бересің» деп айыптады. Бұл оқиғаның ақ-қарасын заң органдары анықтай жатар, бірақ та, Ринат Зайытовты намазхандарды алаяқ дедің деп кінәлап, өлең жазған ақынның өзінің де заң бұзушылардың қатарында барлығы жұртшылыққа белгілі болып қалды.
Әлеуметтік желілерде осы жалғыз ауыз сөзі үшін Ринат Зайытовқа шүйліккендердің әрекеті қазақ қоғамының арасында үлкен жік бар екенін анық көрсетіп берді. Еркектері жалбыратып сақал қойып, әйелдері хиджап киіп, бастан-аяқ паранжымен тұмшаланып алып ерекшеленетін әсіредіндарлардың ұлттық, мемлекеттік мүддеден мүлдем аулақ, таза дінге саналарының түгел ауып кеткенін көрсетті бұл оқиға. Мүйізі қарағайдай Мәжіліс депутатына «басыңды аламын, айырамын» деп қоқан-лоққы жасағандар қарапайым азаматтардың бір ауыз сөзі үшін басын кесіп алудан тайынбас деп ойлайсың.
Соңғы кезде діндарлар тарапынан түрлі теріс әрекеттер жиі көрініс беріп жүр. Қыздарымыз мектепке орамал тағып баруы тиіс деп талап қоюмен басталған әсіредіндарлардың әрекеті «домбыра харам» деп қазақтың үні саналатын домбырасына шүйлігумен жалғасуы тектен-тек болмаса керек. Бұның астарында әлдебір жат лас саяси пиғыл жатқандай әсер қалдырады.
Ютуб каналында хиджабқа оранған жап-жас қазақтың қызының «хиджап таққаным үшін маған қомақты ақша төлейді, барлық хиджап кигендер ақша алады және бұны ақша үшін істейді» деген видеосы таралды. Бұдан бұрын да бір блогер келіншек хиджабты ақша үшін тағып жүрмін деп мәлімдеген еді. Қазақтың жас қыздарына хиджаб киіңдер, сол үшін ақша төлейміз деп ақша төлеп жүрген кімдер және олардың көздеген мақсаттары не? Еліміздің қауіпсіздігімен айналысатын ҰҚК ұйықтамай, сергек болуы қажет. Дәл қазір әсіредіндарлардың тарапынан әлдебір лас саяси ойындар басталып жатқандай әсер қалдырады. Оның сыртында шетелдік қалталы саяси үлкен күш бар секілді.
Бір кезде Арабия түбегінде көшіп-қонып жүрген көшпелі бәдәуилердің арасынан шыққан ислам діні барша әлемге таралды. Қарудың күшімен таратылған дін көптеген ежелгі халықтарды жойып, жұтып қойды. Мысалы, Египет мемлекетін құрушы ежелгі копт халқы бүгінде өз елдерінде азшылық болып қалды және бұл елдің мемлекет құрушы ұлты – арабтар болып отыр. Сол сияқты ежелгі Вавилон мемлекеті бүгінде Иракқа айналып, түгел арабтанды. Оған қоса, Судан, Алжир, Марокко, Ливия сияқты елдердің бәрі арабтанып кетті. Дін арқылы өзге ұлттардың ұлттық тілі мен салт-дәстүрін, тарихы мен мәдениетін түгел жойып, жұтып қоятын арабтық дәстүр әлі жалғасып келеді. Өздерін намазхан атайтындардың киім киісі, сөзі, жүріс-тұрысы қазақтан аулақтап, арабтанып бара жатқанын аңғару қиын емес. «Сұхбан Алла», Иншалла», «Машалла» деп сөйлеуді әдетке айналдырғандар, тіпті намаз оқымайды деп туған бауырларынан, ата-аналарынан безіп, қит етсе «харам, бидғат, куфр» деген сөздермен өздерін өзгелерден оқшаулауда. Бұндай теріс пікірлердің ақырының қандай нәтижеге жеткізетінін Ауғанстан мен Иран сияқты елдердің тәжірибесінен анық көруге болады.
Сәләфит, уахабит сияқты теріс ағымды ұстанатындар қатары көбейіп, олар өздерінің талаптарын қоя бастаған тұста өзбек елінің бұрынғы президенті Ислам Каримов шектен шыққан әсіредіндарларды пулемет оғымен қырып салуға бұйрық берген еді. Әндіжан оқиғасында үш мыңнан астам сепаратистер қаза тапқан екен. Осы қанды қырғыннан кейін сәләфиттер өзбек елінен қашып, жан-жаққа босып кетті. Олардың біразы Қазақстанға келіп, жәй келмей теріс ұғымдарын ала келді. Міне, қазір соның нәтижесі анық көрініп отыр. Қатары қалыңдап, күш ала бастаған сепаратистер енді талаптарын ашық қоя бастаған түрі бар. Егер оларды тыятын қатаң шара қолданылмаса, ертең бұл арам ниеттілер елімізді екінші ауғанстанға айналдыруы әбден мүмкін. Ол үшін сәләфизм, уахабизм сияқты теріс ағымды ұстануға заң арқылы қатаң тиым салынуы тиіс.
Көрші Өзбекстанның дін басшысы елде әйелдердің паранжы, хиджап киюіне, ер адамдардың сақал қоюына тиым салынады деп мәлімдеді. Күні кеше әлеуметтік желіде өзбек полициясының жас сәбиі бар хиджап киген әйелді баласына қарамай күшпен автокөлікке мінгізіп алып кеткені туралы видео жарияланды. Ал қырғыз елі де көптеген мешіттерді жауып, теріс ағымдарды ұстанушыларға қарсы қатаң шаралар қолдануда. Бізде де осындай шаралар қолға алынуы қажет. Әйтпесе, милары теріс насихатпен уланған әсіредіндарлардың күні ертең еліміздің қауіпсіздігіне үлкен қатер төнідретін әрекеттерге баруы әбден мүмкін.