Алматыдағы жер  сілкінісі көп жайдың бетін ашты

Емдік өсімдіктерден жасалған табиғи дәрілер мен дәрумендер, балалар мен ересектерге арналған брендтік киімдер, косметика, т.б. төмендетілген бағамен тапсырыс бере аласыз, Қазақстанның кез-келген аумағына жеткізіп береді. Толық ақпаратты мына сілтеме арқылы алыңыз:

https://akikat01.com/internet-magazin/

«Апат айтып келмейді» дейді қазақ. Алматыда түн ортасында жер сілкінді. Сейсмикалық белсенді аймақ саналатын таудың етегінде орналасқан Алматыда жер сілкінісі ара-тұра болып тұрады. Бірақ та, үлкен апатқа ұшыратқан жер сілкінісі соңғы жүз жылдықта болмапты. Солай дегенмен де, қауіпті аймақта орналасқан қалада апат болмайды деп ешкім кепілдік бере алмайды. Өткен жылы Түркияда болған жер сілкінісінен мыңдаған адамның қаза тапқанын жақсы білеміз. Сондықтан қауіпті сейсмикалық аймақ саналатын екі миллион тұрғыны бар қалада тиісті қызметтер қатерге сақадай сай тұруы тиіс. Бірақ іс жүзінде олай болмай шықты.

Түнгі сағат екілерде болған жер сілкінісі кезінде көп қабатты үйлердің тұрғындары үйлерін тастап далаға шыққан. Апатты ескертетін қызметтер еш жұмыс істемеген. Кейін белгілі болғандай, бұл кәсіпорын экс президент Назарбаевтың немересі Нұралы Әлиевтің меншігінде екен.  Апатты ескертетін дабыл жұмыс істемеген. Ақауы болды ма, әлде қызметкерлерінің кінәсінен бе, белгісіз. Төтенше жағдайлар департаменті қатер туралы ақпаратты тек орыс тілінде ғана берген. Үйлеріне кіруге қорқып,  жер сілкінісі тағы қайталана ма деген қорқынышпен таң атқанша суықта далада жүрген  адамдарға бір де бір құзырлы орган өкілдері келіп, сөйлеспеген, істің жайын хабарламаған.

Бұның бәрі құзырлы органдар тарапынан жіберілген олқылықтар дейік, ал апат қаупі барысында қарапайым тұрғындардың өздері тарапынан  жол берілген келеңсіздіктер бұндай жағдайға халықтың мүлдем дайын еместігін көрсетіп берді. Әлеуметтік желілерде Алматыдағы жер сілкінісіне байланысты көп видеолар жүр. Соған қарап байқағанымыз, тұрғындар табиғат апатына мүлдем дайын еместігі, жайбарақаттығы анық көрінді.  Жер сілкінісі туралы видео түсірген бір қазақ блогері айтады, жалаңаш жалпы, тіпті ішкиімшең далаға шыққандардың бәрі қазақ деп. Аяғында тәпішке, бұтында трусигінен басқа лыпасы жоқ ақ қар көк мұзда бүрсең қағып тұрған қазақ жігітін көргенде,  қазақы жайбарақаттықты анық сезінгендей боласың. Фудболка, шортықпен жүргендер де бар. Ал орыс ағайындардың бәрі өздері де, балаларын да қалың киіндіріп, тіпті жылы киімдерін, басқа да қажеттерін салып алған сөмкелерін ұстап жүр.

Бұны енді қазақы жайбарақаттық дегеннен гөрі, ақылсыздық, есерсоқтық деуге болады. Есі дұрыс адам  трусигімен ақ қар көк мұзға шыға ма? «Малым жанымның, жаным арымның садағасы» дейтін қазақ ішкиімшең көшеге шыққанша, өлгенін артық санар еді. Бірер минут кідіріп, сыртқы киімін киіп алса, болмаса, тіпті қолына киімдерін ұстап далаға шығып, далада киініп алса да болар еді ғой. Трусишең  далаға шыққан әлгі жігіттің әрекеті, жаны үшін ештеңеден тайынбайтын қасиетсіздікті көрсетпей ме.

Жалпы, қазақтың өз ұлтының атына кір келтіретін мұндай теріс әрекеттері жалғыз бұл емес. Өткен жылы көктемде Наурыз көжеге  таласып,  ақ жаулықты кемпірлерге дейін жаға жыртыса  жаздаған еді. Оның алдында қазақтың жігіттері палауға таласып төбелескенін де әлеуметтік желіге салынған видеодан көрдік. Бұның бәрі тойшылдық деген тоғышарлықтың әкелген «жемісі» екені анық.  Ақыл-естен айрылып, той тойлап тегін тамаққа мәз болған қазақ ар-ұят пен намысты ұмытқан сияқты. Кеше көже мен палауға таласқан олар бүгін жер сілкінгенде турисишең көшеге шығып және намыстарын аяқ асты етті.

Жер сілкінісі кезінде жандары қысылған адамдар көп қабатты үйдегі пәтерлерінен безіп, жақын маңдағы жер үйде тұратын туыстарына қашқан. Содан таксиге деген сұраныс көбейіп, бұның өзі таксистердің осыны пайдаланып ақшаға қарық боламыз деген оймен жолақыны әлденеше есе қымбаттатуына соқтырыпты. Қала маңындағы Талғар, Ұзынағаш сияқты кенттерге 20-30 мың теңге сұраған. Қиындыққа тап болған осындай кезеңде  адамдар бір-біріне көмектесіп, қол ұшын беруі тиіс емес пе. Ал алматылық таксистер керісінше жерлестерін жаудай тонаған.

Осылайша Алматыдағы жер сілкінісі көптеген келеңсіздіктердің бетін ашты. Жайбарақат жағалары жайлау болып жүрген қарапайым тұрғындар жандары қысылғанда үйлерін тастап жалаңаш қашса, апатқа қарсы қызметтер өздерінің  міндеттерін орындауға мүлдем дайын еместігін көрсетті.  Ақ қар көк мұзда көшеде түнеген халыққа келіп жанашырлық сөз айтып, ыстық шәй ұйымдастырып,  басқа да көмектер көрсетуге тиіс құзырлы органдардың қызметкерлері жеке меншік үйлерінде жәйбарақат ұйықтап жатқан. Халықтың қысылғанын пайдаланып, қалталарын қампитқылары келген ашкөз таксистерді жөнге шақыру да құзырлы органдардың міндеті емес пе. Тиісті мөлшерден бағаны еш негізсіз әлденеше есе қымбаттату – бұл заң бұзушылыққа жатпай ма. Оны тексеріп, ашкөз такси жүргізушілерін тәубесіне келтіруге де құзырлы органдар құлықсыздық танытты. Кеңес заманында мұндай жағдайларда партия белсенділері халықтың арасына барып, солармен бірге болар еді. Күні кеше сайлауда үйіп-төгіп уәде берген Аманат партиясының бір белсендісі халық арасына барып төбе көрсетпеген.

Мамандардың айтуынша, Алматыдағы жер сілкінісі 2,5-3 балдың шамасында болған. Егер де 5-6 балдық жел сілкінісі болғанда, апаттың  көкесі сонда болар еді. Соңғы жылдарда сыртын жылтыратып салып жатқан көп қабатты үйлердің арасында жер сілкінісінсіз жәй тұрып та құлап қалып жатқандары бар. Ал 5-6 балдық жер сілкінісі кезінде ондай үйлер сіріңке қорабындай қирап қалмай ма. Құдай бетін аулақ қылсын, ондай жағдайда мыңдаған адамның  опат болуында шәк жоқ. Осы жер сілкінісінің эпицентірі болған қытайда апаттан 70-ке жуық адам қаза тауып, көптеген үйлер қирап қалыпты.  Бұл жағдай  апаттан әрдайым сақ болып, қажетті сақтық шараларына үнемі және жеткілікті дәрежеде көңіл бөлу керектігін көрсетеді. Сондай-ақ, қарапайым азаматтар да «Сақтансаң сақтайды» деген  даналықты есінде ұстап, әрдайым сақтықты естен шығармауы қажет-ақ. Бұл әсіресе, сеисмикалық қауіпті аумақ саналатын Алматы тұрғындарына қатысты.

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Оставить комментарий

Жарнама
Жарнама

"Ақиқат" сайтының Кітап дүкенінен әдеби, танымдық қызықты кітаптар ала аласыз. Ол кітаптардан сіз көптеген пайдалы ақпараттар тауып, оны нақты өмір тәжірибеңізге қолдануыңызға болады. Толық ақпаратты мына сілтеме арқылы алыңыз: https://akikat01.com/kitap-d%d2%afkeni/

Яндекс.Метрика