Ардагерлерімізді ардақтап жүрміз бе?
Емдік өсімдіктерден жасалған табиғи дәрілер мен дәрумендер, балалар мен ересектерге арналған брендтік киімдер, косметика, т.б. төмендетілген бағамен тапсырыс бере аласыз, Қазақстанның кез-келген аумағына жеткізіп береді. Толық ақпаратты мына сілтеме арқылы алыңыз:
Жылына бір рет келетін Халықаралық қарттар күні мерекесіне орай, елімізде зейнет жасындағы ардагерлерге азды-көпті көмек көрсетіп, құрметтеген боламыз. Бірақ оны сый-құрмет деп ауыз толтырып айтуға онша келе қоймайды. Мәселен, өмір бойы ел үшін еңбек етіп, зейнетке шыққан қарияға 5-10 мың теңге ақша беріп, азын-аулақ дастархан жасап шәйға шақыруды үлкен құрмет немесе қаржылық көмек деп айтуға бола ма?!
Биылғы жылы Астана қаласының әкімдігі зейнеткерлерге Қарттар күні қарсаңында бір реттік жәрдемақы ретінде 2,5 есептік көрсеткіш көлемінде немесе 9230 теңге жәрдемақы берген, ал Ақмола облысында 2-5 есептік көсреткіш аралығында, яғни 7384-18450 теңге аралығында жәрдемақы көрсетілген. Жылына бір келетін мерекеге орай көрсетілген көмек-қолдаудың деңгейі осындай.
Қазір еліміз бойынша 2,6 млн-нан астам зейнеткер бар екен. Олар жалпы халықтың шамамен 13,2 пайызын құрайды. Еліміздегі орташа өмір сүру жасының алдыңғы қатарлы дамыған елдермен салыстырғанда көп төмен екендігін ескерсек, зейнет демалысына шығып, ұзақ жылғы еңбегінің зейнетін көретіндердің қатарының оншалықты көп еместігін бағамдауға болады. Ал сондай жалпы халыққа шаққанда 13 пайыз ғана болатын зейнеткерлердің алатын зейнетақысының мөлшері де анау айтқандай көп емес. Биылғы жылдың маусым айындағы мәліметке сай орташа зейнетақы мөлшері 132399 теңге болған. Зейнетақының ең төменгі мөлшері 57853 теңге. Қазіргі жағдайда мұндай ақшаға тарықпай өмір сүру де қиын.
Кеңес заманында зейнетақы көлемі аз болғанымен, зейнеткерлерге берілетін жеңілдіктер көп болатын. Сол жеңілдіктердің арқасында зейнеткерлер тарықпай, қысылмай тірлік кешетін. Бәрі сатылатын қазіргі нарық жағдайында орташа 132 мың теңге зейнетақыға қалай өмір сүруге болады. Қартайған сайын адамның денсаулығының нашарлайтынын ескерсек, зейнетақыларының көбін дәрі-дәрмек алуға жұмсайтын қариялардың қыдырып, қызық көрмек түгілі, тойып тамақ ішуі үлкен проблема болатыны жасырын емес.
Рас, еліміздің кейбір өңірлерінде жергілікті әкімшіліктер хал-қадерлерінше зейнеткерлерге жеңілдіктер беруде. Мәселен, Астанада зейнеткерлер қоғамдық көліктерде тегін жүреді. Бұның өзі үлкен көмек екені даусыз. Көкшетауда зейнеткерлер моншаларға жарты бағасына баруына болады. Бірақ басқа жеңілдіктер жоқ.
Біздің елімізде зейнетақы мөлшері орташа жалақы мөлшерінен екі еседен астам аз екен. Орташа зейнетақы мен жалақы арасындағы мұндай үлкен айырмашылық зейнеткерлерге елімізде қаншалықты көңіл бөлетінін көрсетсе керек. Зейнетке шыққан соң бұрын алып жүрген жалақының жартсына да жетпейтін зейнетақы алу адамның тұрмысына да, көңіл күйіне де бірден кері әсерін тигізетіні анық. Ал дамыған шет елдердегі жағдай қандай? Енді соған назар аударайық.
Данияда орташа зейнетақы 3000 доллар болса, орташа жалақы 3810 доллар екен. Ал тағы бір бақуатты елі Лихенштейнде зейнетақы 3510 доллар болса, орташа жалақы 5850 доллар, айырмасы 1,66 пайыз. Жапонияда 1700 доллар, 2750 доллар, айырмасы 1,74 пайыз. Осыдан байқап отырғанымыздай, бұл елдерде зейнетақы мен жалақының арасындағы айырмашылық деңгейі оншалықты жоғары емес. Яғни, ол елдерде зейнеткерлердің жағдайына дұрыс көңіл бөлінеді деген сөз.
Қазақта «жас кезімде бейнет бер, қартайғанда зейнет бер» деген сөз бар. Жас кезінде қоғам үшін аянбай еңбек етіп, ел байлығын арттыруға бір адамдай үлесін қосқан қарияларға қартайған шағында қысылып-қымтырылмай еркін өмір сүруі үшін қажетті жағдай жасау мемлекеттің міндеті. Десек те, қазіргі күні зейнеткерлерімізге мемлекет тарапынан толымды дұрыс жағдай жасалып отыр деп айта алмаймыз. Орташа зейнетақы алатындарды жәрайды түсінуге болар, ал түрлі себептермен еңбек өтілі болмай, басқа да жағдайларға сай төменгі деңгейде зейнетақы алатын қариялардың жағдайы қалай болмақ? 60-70 мың теңгеге қазір өмір сүруге бола ма?
Осы орайда, жергілікті әкімдіктер жылына бір рет келетін Қарттар күнінде 5-10 мың теңгемен алдаусыратып қоя салмай, зейнеткерлерге түрлі салалар бойынша жеңілдіктер қарастырса, оның біршама көмегі тиер еді. Бұны шешуге жергілікті әкімдіктердің құзыры жетеді. Жалпы тұрғындарға шаққанда саны оншалықты көп емес ардагерлерге сондай жеңілдіктер қарастырып, аздап қаржы бөлсе, бұдан қазына қаржысы ортайып қалмайтыны анық.
Қалкөз Жүсіп.