32 көрілім

Емдік өсімдіктерден жасалған табиғи дәрілер мен дәрумендер, балалар мен ересектерге арналған брендтік киімдер, косметика, т.б. төмендетілген бағамен тапсырыс бере аласыз, Қазақстанның кез-келген аумағына жеткізіп береді. Толық ақпаратты мына сілтеме арқылы алыңыз:

https://akikat01.com/internet-magazin/

«Заманына қарай адамы» демекші, әр заманда өмір кешкен адамдардың сол дәуірге тән көзқарастары мен ұстанымдары болады және ол үнемі өзгеріп отырады. Кеңес заманында адамдардың көзқарасы  қазіргіден мүлдем басқа болды және өкініштісі сол, кеңес дәуірінде өмір сүрген аға ұрпақ өкілдерінің басым көпшілігі сол ескі көзқарас пен ұстанымда қалып қойды. Олар сондай-ақ, сол өздерінің ұстанымдарын жастардың да санасына сіңіріп, соның салдарынан бұрынғыша, яғни ескіше ойлайтын, ескіше өмір сүретін жастар да қалыптасты.

Ескі көзқарас

Егер айналаңызға ақыл таразысымен байыптап қарайтын болсаңыз, адамдар көзқарастары мен ұстанымдары бойынша екі топқа жіктеліп, бір тілде сөйлеп, бір елде өмір сүргендеріне қарамастан, екі басқа әлемде тірлік кешіп жатқандығын бағамдауға болады.  Ескі көзқарастағы адамдар деген кімдер және олар қалай сөйлеп, қалай әрекет жасайды? 

Ескі көзқарас пен ұстанымдағы адамдар негізінен кеңес дәуірінде қалыптасқан көзқарастарын сақтап және оны жас ұрпақтың санасына сіңіруге әрдайым талпынып жүреді. Олардың ең басты ерекшелігі: ешқандай жауапкершілікті мойындарына алмайды, бәрін кеңес заманындағыдай партия мен үкімет шешеді деп, өз  тағдырларын түгел билікке, құзырлы органдарға, тіпті болмаса дін қызметкерлеріне артып қояды.

Олар әдетте, денсаулықтары үшін өздері емес,  медицина қызметкерлері жауап береді, ал тұрмыс жағдайларының жақсы-жаман болмағы  билік басында отырғандардың жалақы мен зейнетақыны көп-аз беруіне  және түрлі игіліктерді кеңес заманындағыдай тегін пайдалануға мүмкіндік беруіне байланысты дегенді саналарына сіңіріп алған. Олар денсаулықтарын мүлдем күтпейді, ауыра қалса дәрігерге барып, сол жазып берген дәріні ішеді, ине салдырады, қатты науқастанса ауруханада жатып емделеді.  Олар үшін денсаулықтарын сақтауға жауапты – медицина қызметкерлері жәні бұл солардың ең басты міндеті.

Ал жалақысы немесе зейнетақысы жетпей жатса, бәріне билікті кінәлайды, ақша мәселесін шешудің бірден бір оңтайлы жолы – біреуден қарыз алу немесе банктен кредит алу деп санайды. Ескі ұстанымдағы адамдар бүгінгі күннің өлшешімен өмір сүреді: бүгін бар, тамағым тоқ болса болды, ертең күл болмаса, бүл болсын деп ойлайды. Сондықтан ондай адамдар ешқашан ақша жинап, банктерге депозит салмайды, инвестиция дегенмен мүлдем айналыспайды.

Кеңес заманынан, тіпті оған дейінгі дәуірден қалған тағы бір жаман әдет: мансапқа табыну. Қолында билігі бар адамға  пайдасы тие ме, жоқ па қарамай, жағынғысы келіп тұрады. Бұл ертеден қалыптасқан құлдық психологияның салдары болса керек.  Әйтеуір мансабы бар адаммен жалпылдап амандасып, асты-үстіне түсіп, бетіне қарсы келмей, не айтса бас шұлғуға бейім тұрады. Сондай-ақ, ондайлар  өздері де мансапқа жету үшін барын салып бағады. Олар үшін мансап – бұл ең үлкен игілік және бақыт.  Мансапқа ие болса-ақ, мұрындарын шүйіріп, кісімси қалады. Бұрын араласып жүрген адамдарды көзіне ілмей, жоғарыдан тәкаппарси қарап, сызданып әзер амандасады.

Атағын шығару да олар үшін үлкен мәртебе болып саналады. Атақ шығарудың бір оңтайлы жолы – той жасау. Ондайлар сыныққа сылтау тауып, той жасауға бейім тұрады. Тойды қарыз алып, болмаса кредит алып жасайтындар көп. Тойға жиналғандар тегін тамақ беріп, қонақ қылған той иесін жер-көкке сиғызбай мақтайды және өтірікті шындай етіп, неше түрлі тілектер айтады. Осылайша, той иесі жұрт алдында мақтанып, өзінің дәрежесін бір рет болса да көтеріп қояды және соны үлкен жетістік санайды.

Кеңес заманынан қалған тағы бір ауру – орден-медаль, атақ алуға деген шексіз құмарлық. Орден-медальдарын сылдырлатып тағып алып, жер-көкке симай мақтанып жүретіндер көп. Біз құрып жатқан демократиялық, құқықтық аталатын нарықтық қоғамда жүздеген жылдардан бері өмір сүріп келе жатқан Батыс елдерінде орден-медаль деген өте сирек беріледі және оны ешкім мақтаныш көріп, біздегідей салдыратып тағып жүрмейді.

Ескі көзқарасты ұстанатын адамдардың тағы бір ерекшелігі: ысырапшылдығы. Олар қажет пе, жоқ па – оған қарамай қызыққан нәрсесін ала береді және ақшаларын үнемдеу, орнымен жұмсау дегенді мүлдем білмейді. Жалақы алған кезде ақшасын шашып жіберіп, сосын келесі жалақыға дейін біреулерден жалынып қарыз сұрап жүретіндер көп.

Жаңа көзқарас

Қазақстанның тәуелсіздігін алғанына отыз жылдан астам уақыт өтті. Осы кезең ішінде бүтін бір ұрпақ өсіп қалыптасып келеді. Дегенмен де, олардың арасында аға ұрпақ өкілдерінің мінез-құлқын, ұстанымын саналарына сіңірген ескі көзқарастағы жастар да бар. Бірақ, сонымен бірге, заман талабына бейімделіп, уақыт ағымын дұрыс түсінетін, соған орай жаңа көзқарасты саналарына сіңірген жастар да жетерлік.

Жаңа көзқарас деген не? Бұл – заман ағымы мен уақыт талабын дұрыс түсіну, соған бейімделіп, оңтайлы әрекет жасау.  Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейін бірден нарыққа, тарих тілімен айтқанда капитализмге көшті. Ал капиталистік қоғамның өз ерекшеліктері бар. Ұзақ жылдар кеңестік социалистік қоғамда өмір сүрген аға ұрпақ өкілдерінің басым көпшілігі нарық талабын түсінбей, ескі көзқараста қалып қойды.

Нарық талабын дұрыс түсіну үшін осындай қоғамда ғасырлар бойы өмір сүріп келе жатқан Батыс елдерінің қазіргі жайына ой жүгіртіп қарасақ жеткілікті. Бұл елдердің үлкені де, кішісі де мемлекетке қарап алақан жаймайды, өз күндерін өзлдері көреді және әр тиындарын үнемді жұмсауға бала кезінен бейімделген. Олар нарық сұранысына ие мамандықтар алуға және кәсіби біліктіліктерін әрдайым көтеріп отыруға ынталы. Сондай-ақ, атақ-мансап, мақтаншылық деген еш пайдасыз әдеттерден әрдайым аулақ жүреді. Олардың  басты ұстанымы: көңілі ұнататын кәсіби мамандық алып, еңбек ету, тұрмысын түзеу, бос уақытын мәнді және көңілді өткізу, денсаулығын сақтау, заман талабынан қалып қоймау үшін әрдайым білімі мен кәсіби біліктілігін жетілдіріп отыру, ертеңгі күні үшін инвестиция салып, қаржылық қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

АҚШ-та үлкен де, кіші де  таңертең спорт киімін киіп алып жүгіреді,  үй аулаларында, саябақтарда спорттық тренажерлар орнатылған, жұртшылық соны пайдаланып, денсаулықтарын шыңдап жатады.  Олар үшін кумир біздегідей қарны қампиған, беті жалпиған жемқор бай шенеуніктер емес, қол-аяғы балғадай, бұлшық еттері бұлт-бұлт ойнаған Шварцнегер, Жан Клод ван Дамм сияқты спортшы актерлер.  Бұл елде әрбір ақыл-есі дұрыс адам ертеңгі күні үшін депозитке ақша салып, құнды қағаз сатып алады.

Өркениетті және бақуатты Батыс елдеріндегі осындай жайларды көріп, сол туралы әртүрлі ақпарат ала жүріп, санасы қалыптасқан біздің жастар да солар сияқты көзқарасты саналарына сіңірген. Жастардың арасында салауаттылықты ұстанатын, бірнеше тіл білетін және бірнеше кәсіби мамандықтар игерген, ақшаларын үнемді пайдаланып, инвестициялап отыратындар баршылық.

Мен өткен жылы ақылы питюпи арбитраж курсында оқыдым. Сонда оқығандардың бәрі қазақтың жап-жас қыз-жігіттері болды және оқу түгел қазақ тілінде өтті. Криптовалюта рыногында сауда жасап жүргендердің 90 пайызы қазақ жастары. Олар өте жақсы табыс табады. Жаңа көзқарастағы адамдар мансапқа, атақ-даңқын шығаруға құлшынбайды. Олар үшін жаны сүйетін кәсіппен айналысып, содан рахат алу және жақсы табыс тауып,  бақуатты тірлік кешу – басты мақсат. Олар аптасына бір немесе бірнеше рет спорт нысандарындағы тренажерлармен жаттығады, дендерін шынықтырады. Салауаттылық арқылы денсаулықтарын сақтауға болатынын, ал ауырмау – бұл табысқа жетудің басты кілті екендігін жақсы түсінеді.

Жаңа мен ескінің арасындағы қайшылық

Қоғамымызда екі көзқарасты саналарына сіңірген адамдар арасындағы қайшылық әрдайым көзге ұрып көрініп тұрады. Біраз жыл бұрын экс президент назарбаевтың қызы Дариға ұлын үйлендіріп, тойға атақты әншілерді шақырды. Александр Серов деген ресейлік әншіге бір ән салғаны үшін 350 мың АҚШ долларын беріпті. Ал АҚШ-тан келген тағы бір жұлдызға, тіпті 1 млн доллар сыйлапты. Ақшасы тасып бара жатса шашсын, онда ешкімнің шаруасы жоқ, дегенмен де, мұндай әрекетті басқа емес, президенттің қызы және сол тұста лауазымды қызмет атқаратын саясаткердің  жасауы жұртшылық тарапынан біраз теріс пікір туғызды.

Сол Дариғаның ұлының тойымен қатар Шымкентте өткен екі жастың тойы керісінше, жұртшылық тарапынан интернетте өте жоғары бағаланды.  Әлгі жас жұбайлар тойға жұмсайтын ақшаларына жетімдер үйінің балаларына дастархан жасап беріпті. Оған көп шығын кетпеген, есесіне жетім балалар үшін есте қаларлықтай тамаша мейрам болған. Осы тойды әлеуметтік желілерде жұртшылық  жылдың ең үздік тойы деп бағалады. Миллиондаған долларды шашқан Дариға Назарбаеваның ұлының тойы емес, ешкімге белгісіз шымкенттік екі жастың тойы жылдың ең үзік тойы атанды. Жаңа мен ескінің арасындағы түсінбестіктің бұл бір айқын көрінісі.

Әнші Димаш Құдайбергеннің есімін қазір барша әлем біледі. Атақ-даңққа ұмтылмайтын, кеудесіне орден-медаль тақпайтын, әрдайым қарапайым, кішік қалпында жүретін Димаш атақ үшін бірін-бірі жағадан алып, таласып жататын, мансапқа жетемін деп бет жыртысып, ар ұялар істерге баратын ескі көзқарастағы адамдарға мүлдем қарама-қайшы тұлға.

Бірде дәріханаға барғанымда елу мың теңгеден астам ақшаға бір пакет дәрі-дәрмек сатып алған әйелді көрдім. Ол өзіне, күйеуіне және баласына деп сонша ақшаға дәрі сатып алды. Біраз жыл бұрын Көкшетауда тұратын «морж» әйел Ирина Чичкарева дегенмен сұхбат алған едім. Жазылмайтын дерттен мұздай су құйыну арқылы жазылған ол салауаттылықты берік ұстанады және емханаға баратын жолды мүлдем ұмыттым дейді. Көкшетауда «морждар клубы» бар. Оны қазақ келіншек басқарады. Олар сенбі-жексенбі күндері Қопа көлінен ойық жасап, сонда барып шомылуды әдетке айналдырыпты. Қыстың қақаған аязында суға шомылып, рахаттанып жатады.  Бұл адамдар ауырмайды және ақшаларын дәрі сатып алуға жұмсамайды.

Дүкендерде журналға жаздырып, қарызға азық-түлік алып жататын адамдар көп. Олар әдетте қалтасынан ақша төлемегесін бе, көзіне түскен тауарды талғамай ала береді. Ертең жалақы алғанда жалақыларын түгел қарыздарына беріп, содан кейін тағы қарызға батады. Бұлар — ескі көзқарасты ұстанатын адамдар. Сондай-ақ, дүкендерде қағазға жазып алған тізім бойынша тауар алып жататындар да бар. Олар тек қағаздарында жазылған тауарларды ғана алады және қолма-қол ақшаларын төлейді. Яғни, бұл адамдар дүкенге қандай тауарды, қанша ақша төлеп алатынын алдын ала біліп келеді, өздерінің отбасылық бюджеттері бар, әр тиындарын үнемдеп, дұрыс пайдалануды меңгерген. Бұлар – жаңа көзқарасты ұстанатын жандар.

Заман ағымын дұрыс түсініп, соған бейімделген жаңа көзқарастағы адамдар той тойлап, қонаққа барып уақыттарын текке өткізбейді. Пайдалы іспен айналысуға, өздерін жетілдіруге тырысады.  Шет елдерге барып жұмыс істеп, жақсы табыс тауып жүрген жастар көп. Олар бірнеше тіл біледі және олардың көзқарасы, ұстанымдары бейқамдыққа, ысырыпшылдыққа, мақтаншылыққа бейімделген біздегі ескі көзқарасты адамдардан мүлдем басқа.

Түйін: Қазір Президент ұсынған Жаңа Қазақстан идеясын жүзеге асыруға байланысты  билік өкілдері тарапынан әдеттегідей жалаң ұран түріндегі қолдаулар жиі айтылып, жазылып жүр. Назарбаевтың кезінде де сондай қаптаған идеялар болған, бірақ олардың бәрі сөз жүзінде қалды. Жаңа Қазақстан идеясы да сөз жүзінде қалмай, іске асырылуы үшін  ең алдымен, жоғарыда айтып өткеніміздей, жаңа көзқарасты қоғамымызға орнықтыруымыз қажет. Меніңше, Жаңа Қазақстан дегеннің өзі жаңа көзқарасты ұстанатын адамдардан құралған қоғам. Саналары өткен ғасырдан қалған ескі-құсқы  түсініктен арылмаған ескі көзқарастағы адамдар  ешқашан Жаңа Қазақстан құра алмайды, олардың биік мінберлерден айтқан сөздері жәй ұран болып қалады.  Еліміздегі өзгеріс ең алдымен адамдардың санасындағы өзгеріске байланысты  жүзеге асады. Ал санадағы өзгеріс деген – бұл заман талабына бейімделген жаңа көзқарас, жаңа ұстаным.  

Қалкөз Жүсіп

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір қалдырыңыз

Яндекс.Метрика