Байлану

Емдік өсімдіктерден жасалған табиғи дәрілер мен дәрумендер, балалар мен ересектерге арналған брендтік киімдер, косметика, т.б. төмендетілген бағамен тапсырыс бере аласыз, Қазақстанның кез-келген аумағына жеткізіп береді. Толық ақпаратты мына сілтеме арқылы алыңыз:

https://akikat01.com/internet-magazin/

Адамды ұдайы қорқыныш құрсауында ұстайтын қорқыныш сезімінің қайнар көздерінің бірі – байлану. Байлану деген не? Адам тірлігінде отбасына, дос-жарандары мен туған туыстарына, өзі мекен еткен жерге, үйі мен мал-мүлкіне, атақ-мансапқа, байлыққа және басқа да осындай нәрселерге әбден бауыр басады. Тіпті, ол өзі бауыр басқан нысандарсыз өмір сүре алмайтындай күйге түседі. Міне, байлану дегеніміз осы. Яғни, бала-шағасына, үй-жайы мен туған туыстарына, ауылы мен туып өскен жеріне, қызметіне, жинаған мал-мүлкіне байланып, оған әбден бауыр басу арқылы ол өзін сол қоршаған осынау рахаттану нысандарынсыз өмір сүре алмайтындай сезінеді. Солардан айрылып қалармын-ау деген ойдан зәре-құты қалмай қорқып, үнемі үрей құшағында жүреді. Жоғарыда айтып кеткеніміздей, дәулетті адамдардың үйлерін биік қоршаумен қоршап, күзетші ұстайтындықтары, лауазымды қызметкерлердің өзінен жоғары адамдарға жағымпазданып, қалай көңілін табамын деп әуреге түсетіндігі, ата-ананың баласы сәл кешіксе-ақ мазасы кетіп, уайымдай бастайтындығы – осылардың бәрі де байлану арқылы келетін үрей мен қорқыныш сезімдері екендігі анық.

Байланудың адамға әкелетін қуаныш-бақыт сезімдеріне қарағанда үрей мен қорқынышы, уайым-қайғысы әлдеқайда көп болатындығын қай-қайссымыз да өмірден көріп, естіп жүреміз. Бірақ, соған онша мән бере қоймаймыз. Өйткені, біз байлану деген адамның кәдімгі табиғи және ажырамас болмысы деп жаңсақ түсінеміз. Тәтті жар, тәтті бала, тәтті дүние-мүлік, тәтті атақ-мансап – бұлардың бәрін біз өмірлік қажеттіліктер, Жаратушының о баста адамның игілігі үшін мәңгілік берген сыйы деп қабылдаймыз. Сондықтан, өмірдің мәні де осындай көп «тәттілерді» мелдектей татып, сондай «тәттілермен» өзімізді айналдыра қоршап қою деп ойлаймыз. Шындығында, әлгіндей «тәттілердің» бізге берер рахатынан гөрі, тартқызар азабы мен тауқыметінің көп екендігін, сол «тәттілерсіз»-ақ өмір сүруге боатындығын  онша сезінбей жататынымыз өкінішті.

Астанада қызмет істеп жүрген кезімде бір жатақханада бөлме жалдап тұрдым. Менімен бірге құрылыста жұмыс істейтін орта жастағы кісі тұрды. Бірде жұмыстан кештеу қайтқан әлгі кісімен бірге елулердің үстіндегі біреу келді. Жалақы алған болуы керек, екеуі де аздап ішіп алыпты. Содан әрнәрсені айтып, стол басында ұзақ отырды. Әлгінің әңгімесінен ұққаным жалғыз ұлы осыдан бес жылдай бұрын пойыздан құлап мерт болған. Өзі қала маңындағы бір ауылда тұрады. Жұмыс болмағасын күнкөріс қамымен қалаға келген жайы бар. Әлгі кісі қайтыс болған ұлын айтып, қайта-қайта аһылап-үһілеумен болды.

Ертеңіне күн сенбі еді. Кештеу тұрдым. Қасымда тұратын адаммен бірге келген кісі де оянып, екеуміз отырып шәй іштік. Ол тағы да кешегі әңгімесін жалғастырып, өлген ұлы жайында айта бастады. «Егер ұлым тірі болса осылай қаңғып жүрер ме едім. Келін түсіріп, немере сүйіп, үйде рахаттанып отырар едім ғой. Ұлым мені ешқашан мұндай қара жұмысқа түсірмес еді» -дейді ол көкірек жара күрсініп. Қайтыс болған баласы туралы қайта-қайта айта бергесін бір кезде шыдай алмай: «бес жыл бұрын қайтыс болған ұлыңызды жоқтай бергеннен не шығады, жасыңыз елуден енді ғана асыпты, ұл керек болса толып жатқан жалғызбасты әйелдердің біріне үйленіп, бала таптырмайсыз ба» дедім.

-Ойбай-ау, ол бала маған қаза тапқан ұлымдай бола ма? Оған ешкім тең келмейтін. Бойы екі метр, еңгезердей, адамды силайтындығы, кішіпейілдігін айтсаңшы. Ондай бала енді қайда маған. Ана жақта әйелім жылайды, мында мен жылаймын. Ендігі қалған өмірім осылай жылап-сықтаумен өтер, -деді ол көкірегін жара күрсініп. Баласына әбден бауыр басып, байланып қалған бейбақтың оны ешқашан да ұмыта алмайындығын, өле өлгенше осылай зарлап өтетіндігін ұққан мен онан әрі дауласпай, үнсіз қалдым.

Ауылда туып өскен, сол ауылдан ешқашан алыс ұзап шықпаған бір шалдың қызы тұрмысқа шығып, Шымкентке тойға барып қайтты. Құдалары жібермей, төрт-бес күн сонда болыпты. Сонан ауылға оралған әлгі қария: «туһ, ауылды сағынып өліп қала жаздадым ғой, ығы-жығы адам, адаспай қалай жүреді екен өздері? Бара жатқанда қанша ауыл мен қаланы көрдім. Бірақ ешқайссы өзіміздің ауылға жетпейді екен» -дейді. Ол Шымкентке барамын деп ауылды сағынғанын аузынан тастамай көп уақыт бойы айтып жүрді.

Арақ ішсе-ақ ақиланып шыға келетін бір ағамыз болды. Арақ ішіп алған күні әлгінің бала-шағасы ауыл жағалап қашып-пысып кететін. Әйелін сабап, балаларын қырып жібере жаздайтын оның осы ожар мінезінен мезі болған үлкен қызы шешесіне «күнде таяқ жеп, осылай қор болып жүре бересің бе, балаларың ержетіп қалды, онсыз да аштан өлмеспіз, ажырасып басыңды босатып алмайсың ба» дейді. Оған шешесі «Ойбай-ау, ұрса да, сабаса да ол сендердің әкелерің, осы отбасының иесі, асыраушысы ғой, ер азаматсыз қалай күн көреміз» -дейді без-без етіп. Талай көзі көгеріп, тісі сынып, көкала қойдай болып таяқ жеп жүрсе де, байғұс әйел бәріне шыдап, тіпті қыздарының бірі қолына аламын десе де бармай, өле өлгенше сонымен болды.

Бауыр басу, байлану дегеннің құдыреттілігі сондай, қанша қорлық көріп, үрей мен қорқыныштан титықтаса да адам сол байланған нәрседен айрылса-ақ құрдымға құлардай сезініп, ұстай қатып, тістей жабысып айрылмай жататындығын талай көріп, куәсі болып жүреміз. Бірін бірі жек көретін, тіпті ит пен мысықтай үнемі ырылдасумен күн өткізетін ерлі-зайыптылардың талайын көрдім. Қызығы сол, олар сонша ұрыс-керіспен, ит тілік кешіп жүрсе де айрылысу жайын мүлде ойламайды. Олардың өміріне қарап отырып, ұрыс-керіске еттерінің өліп, әбден үйреніп  кеткендері сонша, өмірдің мәнінің өзі сол айқай-шу, ұрыс-төбелес деп түсінетін сияқты сезіледі.

Адамдардың байланған нысандары неғұрлым көп болса, оның өмірі де соғұрлым үрей мен қорқынышқа толы болмақ. Сырт қарағанда үлкен қызметі, мол байлығы, әйелі мен бала-шағасы, оған қоса ашыналары бар бүгінгінің «жаңа қазақтары» сондай «тәттілердің» ортасында рахат тірлік кешіп жатыр деп ойлауға болатындай. Дегенмен, олардың тірлігіне тереңірек үңілсең рахатынан гөрі, азабы мен тауқыметінің көп екендігін, ең бастысы, сонша бейнеттеніп жүріп өздерін қоршаған «тәттілерден» айрылып қалармын-ау деген үрейдің құшағында уайым-қайғымен күн кешетінін бағамдауға болады. Бұл өздерін сондай «тәттілермен» қоршап, солардың рахатын мелдектей татып жүрген жандардың «бақытына» деген қызаныш, іштарлықтан туған сөз емес, өмірдің өзі көрсетіп отырған ақиқат жай.

Бүгінде екінің бірінде табақша немесе желілі телеарна бар. Сол қаптаған шет елдік телеарналардан бай-бақуатты адамдар мен атақ-мансапқа қол жеткен тұлғалардың өмірі жайлы түрлі хабарлар беріліп тұрады. Ойдан шығарылған емес, нақты айғақтарға құрылған сондай хабарларда қарапайым жұрт үшін қол жетпестей жұмақта тірлік кешіп жатқандардың шынайы өміріндегі қайғы-қасыреттер мен тауқыметтерді естіп, білгенде айран-асыр қаласың. Қайғы мен қорқыныштан көз аша алмайтын, бірақ жұрттың алдында өздерін бақытты адамдардай ұстап, өтірік күліп, маңғаздана қалатын әлгіндей жандардың  шынайы өміріндегі шындықтарды естігенде көкірегіңді еріксіз аяныш сезімі кернейді.

Осылардың бәрінен туындайтын ой: байлану нысандары бізге аздаған қуаныш пен бақыт береді, оның есесіне өмірімізге әкелетін қайғысы мен тауқыметі, үрейі мен қорқынышы бастан асады.

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Оставить комментарий

Жарнама
Жарнама
Яндекс.Метрика