Қарағандының 22 жастағы тұрғыны Алика Мұхамадиева әлеуметтік желідегі парақшасында қазақтарды «мәмбеттер, калбиттер» деп балағаттап, мұсылмандарды шошқаға теңеген. Оның бұл жазбасы көп адамдардың ашу-ызасына тиіп, белсенділер жедел құқық органдарына шағымданды. Осыған орай, полициядан ескерту алған А.Мұхамадиева көз жасын көлдетіп халықтан кешірім сұраған еді. Тәубесіне түсіп, қатесін мойындаған шығар деген жұртшылықтың ойы дегенмен, ақталмады. Жауапкершіліктен қашқан Мұхамадиева шетелге ұшқалы тұрған жерінде ұсталып, сот шешімімен екі айға қамаққа алынды. Оның үстінен 174 баптың 1-тармағы бойынша ұлтаралық араздықты қоздырғаны үшін қылмыстық іс ашылды.
Қазақстанда тұрып, қазақтың нанын жеп жүріп, жергілікті ұлтты жеккөретіндер, оны айтасыз тіл тигізіп балағаттайтындар қатары көбейіп барады. Қазақтардың бар жазығы орыс тілінде сөйлейтін өзге ұлт өкілдерінен түрлі қызметті мемлекеттік тілде көрсетуді талап етуінде болып тұр. Бұның өзі орысша сөйлейтіндердің арасында наразылық туғызып, тіпті сол үшін қазақтарды «ұлтшылдар» деп атап, айыптаушылар шықты. «Бұрын бәрі тамаша еді, қазақтардың бәрі білсін-білмесін орысша сөйлейтін, ешкім тілге қатысты ештеңе айтпайтын, енді келіп, қазақша сөйле деп талап қоюды шығарыпты» дейтіндердің реніштері әлеуметтік желілерде көп айтылып, жазылуда. Қазақтар қазақ тілінде сөйле десе, бұл ең алдымен заңға сәйкес талап. Өйткені, Қазақстандағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Сондықтан барлық қызмет мемлекеттік тілде көрсетілуі тиіс. Бұның екінші бір себебі, соңғы жылдарда елімізде орыс тілін білмейтін қазақша білім алған адамдар қатары көбейіп барады. Мәселен, өткен жылы мектеп бітірген жастардың 70 пайыздан астамы қазақ мектептерінде оқығандар екен. Олар орыс тілін шетел тілі деңгейінде оқығандықтан, орысша дұрыс білмейді. Міне, сондай орысша білмейтін қазақтар өз елінде жүріп мемлекеттік тіл саналатын қазақ тілінде қызмет ала алмаса, бұл заң бұзушылық емес пе?
(далее…)