398 көрілім
Сайтқа ақысын төлеп, мақалаңызды жариялауға мүмкіндік бар. Қазақ тілінде кез келген тақырыпта мақала жаздыруға болады. Ақысы келісімді. Тапсырыс беру үшін kalkoz25@mail.ru поштасына немесе 87013001474 телефонына (вадсап бар) хабарласуыңызға болады.

 

Тәуелсіздігімізді алғаннан кейінгі жылдарда реформа қамтымаған бір де бір сала жоқ десе де, білім және медицина  ең көп реформаға ұшыраған салалар болып саналады. Сонау 90-шы жылдардың ортасындағы міндетті медициналық сақтандыру қоры құрылып, жұрттың ақшалары жинақталып, бұл сала ақырсында қазіргі заман талабына сай өзгереді деп күтіп жүргенде қор басшылығы миллиардтаған ақшаны жымқырып, шетел асып кеткені есімізде. Кеңес заманында «ақ халатты абзал жандар» деп аталатын медцина қызметкерлерінің қатарында да ұрылардың шыққаны көңілімізді жүдеткенмен, мұндай шіріген бірлі-жарым құмалақтар бір қарын майды шіріте алмас деп өзімізді жұбатқандай болғанбыз.

Міндетті медициналық сақтандыру деген нәрсе тағы да бірнеше жыл бұрын қолға алынып, қазір енді нақты жүзеге аса бастады.  Қарапайым адамдардың табан ет, маңдай терімен тапқан ақшаларының бір бөлігі әлгі қорға аударылуда. Реформа авторларының сөзіне сенсек, қор қаржысы тұралап қалған саланы дамытып, қызмет сапасын көкке көтермек. Тамаша. Сапалы қызмет алып, шекеміз шылқитын болды деп бұл саладағы былық-шылықтардан әбден қажыған жұрт тағы да елеңдесіп қалған. Әрине, енді ғана құрылып, жұмыс істей бастаған қордың қызметіне баға беруден аулақпыз. Ол уақыттың еншісіндегі шаруа. Дегенмен, дәл қазіргі медицина саласындағы қызмет сапасы жайында өз көзіммен көріп, куәсі болған жайлар жайында әңгіме етпекпін. Баяғыда, бала кезімізде мектепте оқыған Ана тілі оқулығында «Зерделі» деген әңгіме болушы еді. Соның кейіпкері: өтірік пен шынның арасы қанша? –деп сұрағанда, «төрт елі, көзбен көрген рас та, құлақпен естіген өтірік» деп жауап беретіні бар-ды. Сондықтан, құлақпен естіген жайларды тізбелемей, тікелей көзбен көріп, өзім куәсі болған оқиғаны айтып шығайын.

Мен соңғы рет 2007 жылы ауырып,  аурухана қағазын алған екенмін. Содан кейін өмірі емханаға барған емеспін. Анда-санда есігіме флюорографиядан мына уақытта өту қажет деген қағазды қыстырып кетіп жатады. Содан жылына бір рет рентгенннен өтіп тұрамын. Соңғы рет өткен жылдың мамырында өткенмін.

Таяуда шөл қысып бара жатқасын газдалған минералды сусын алып, жұмыста соны іштім. Кабинет суық, үй де салқын. Содан ба, таңертең оянғанда тамағым ауырып, температурам көтеріліп шықты. Жұмысқа барғаныммен, онда қалу мүмкін болмағандықтан, түстен кейін үйге қайттым. Жылы оранып жатып, өзімше жұрттан естіген халық емін қолдандым. Ыстық сүтке бал қосып, соны іштім. Құданың құдіретімен, борша-борша болып терлеп, ертеңіне кішкене жеңілденіп қалғандай болдым. Дегенмен, жөтел басылмай, бойымды билеген әлсіздік те жұмысқа баруыма кедергі жасады. Содан емханаға барып, дәрігердің қабылдауына кірдім. Ол дәрі жазып беріп, больничный ашты.

Бәрі дұрыс сияқтанған, бірақ бар пәле әлгі больничныйды жаптырған кезде шықты. Ауырғаны туралы анықтама беру үшін компьютердегі мәліметтер базасынан науқас туралы мәліметтер алу қажет болады екен. Ал соңғы рет 2007 жылы емханаға барған менің аты-жөнім мәліметтер базасында жоқ болып шықты. Содан дәрігер тұрғылықты жеріңе барып, тіркел деді. Ауруымнан толық жазылып кетпесем де амалсыз үйдің жанындағы Көкшетау қаласының Сайн көшесіндегі дәрігерлік амбулаторияға бардым. Пәленің бәрі осы жерден басталды.

Жасы 25-30-дағы толық қара келіншек «Что тебе надо?» деп келген бетте арып етіп жағама жармасты. Жасымның алпыста екеніне, әкесімен жасты екеніме пысқырған да жоқ. «Маған тіркелу қажет, басқа ештеңе керек емес» деймін». Менің қазақшама орысша жауап беріп, тергеп-тексерген әлгі келіншек 13-кабинетке барып, талон ал деп барқ ете қалды. Барсам, Алла сақтасын, мұнда иінтіреске халық. Іздеп жүріп соңын әзер таптым. Түске дейін кіре алмай, әлгі кабинетке түс қайта әзер кірдім. Менің мекен-жайымды естіген сәт дәрігер «ол 4 учаске, сонда бар» деп бір-ақ қайырды. «Ау, маған тек тіркелу ғана қажет» дегенімен құлақ та асқан жоқ.

Ал 4 учаскенің дәрігерлерінің қабылдауы өтіп кетіпті, енді тек ертең сағат 16-19 арасында болады екен. Содан «жазған құлда шаршау жоқ» деп ертеңіне түстен кейін төрттер шамасында тағы бардым. 16 кабинеттің алдында иінтіресіп кезек күткен адамдар. Жастары да, жасамыстары да бар. Содан бір сағаттан астам отырдым. Ішке кірген бір орыстың кемпірі «интернеті жұмыс істемейді екен, бір сағаттан кейін кел дед» -деп шықты. Соны естігенде мен де текке отырғанша, алтыларда келейін деп үйге қайттым. Сағат алтыда дәрігерлік амбулаторияға тағы бардым. Кезек көбеймесе, азаймаған. Аурулар көп пе, әлде қызметті өте баяу көрсете ме, әйтеуір қайда қарасаң, қаптаған кезек. Содан амалсыз орындыққа байланып бір сағаттай отырдым. Кешкі сағат жеті болды. Сол кезде кабинеттен шыққан медбике: «бүгін қабылдау аяқталды, ертең келіңдер» деп шолақ қайырды. Осыны естігенде енді шыдай алмадым. Қаным басыма шапты. Жәй тіркелу үшін екі күн сандалтқаны есіме түсіп, дереу дәрігерлік амбулаторияның меңгерушісіне кірдім. Ол қазақтың жап-жас қызы екен. Менің қазашамды шала-шарпы ұққан сияқты әлгі «почему повышаеш голос» дейді дікеңдеп. Соны естігенде тіпті, күйіп кеттім. «Ау, мен жалақыман ай сайын міндетті медицияналық сақтандыруға ақша аударып, сен сияқтыларды асырап отырмын. Ал сен «клиент всегда прав» деген нарық талабын білесің бе? Әдеп деген қайда. Әкеңмен жасты маған «ты» деп кеудемнен неге итересің. Тым болмаса адамдармен қалай сөйлесу қажеттігін анау базардағы шемішке сатып тұрған орыстың кемпірлерінен үйренбейсіңдер ме. Банкке барсаң, қызметкерлері іші-баурыңа кіріп кете жаздайды. Ал сауда үйлеріне кірсең, сатушы-кеңесшілер асты-үстіңе түсіп, алатын тауарыңның сипатын айтып, жік-жапар болады. Солардан неге адамдармен дұрыс сөйлесуді үйренбейсіңдер» — деймін.

Олар банк қызметкерлері, біз дәрігерлерміз, — дейді әлгі орыстілді қазақ қызы міз бақпастан. «Ау, сонда банк қызметкерлері басқа мемлекетте өмір сүріп жатыр ма?» -дедім күйініп. Қысқасы, екі күн табанымды тоздырып жүріп мен өзім тұратын ауданның учаскелік дәрігеріне тіркеле алмадым. Сенсеңіз де, сенбесеңіз де шындық осы. Ал денсаулық сақтау саласы басшыларының айтуынша, электронды қызмет жолға қойылған, қызмет көрсету сапасы мен жеделдігі еселеп артқан, халық дән риза. Іс жүзінде бәрі басқаша болып шықты. Дән риза болып жүрген адамдарды көрмедім. Иінтіресіп, сағаттар бойы тар дәлізде кезек күтіп отырғанға кім разы бола қойсын. Оның  үстіне, мұндағы қызметкерлердің бәрі бірнеше күн ашықтырып, торға қамап қойған аңдар сияқты кісіге ашу-ызамен қарайды екен және сөздері ӨТЕ ДӨРЕКІ. Жалпы, кеңес заманында қалыптасқан адамдармен өте дөрекі қарым-қатынас медицина саласында еш көбесі сөгілмей 100 пайыз сақталып қалған.

Өзім көрген осы жайдан мынадай  қортындыға келдім: ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов мырза салада реформа жасау, жемқорлықпен күрес туралы көп айтады. Бірақ ол кісінің ең басты айналысатын шаруасы: Медицина қызметкерлерінің Әдебі кодексі сияқты бағдарлама қабылдау дер едім. Бұндай Әдеп кодексі судьяларда бар және ол өте табысты жұмыс жасауда. Сотқа кіргенде дәл емханадағыдай дөрекілік пен әдепсіздікті ешқашан сезінген емеспін. Қысқасы, Біртанов мырза сізге кешіктірмей Медицина қызметкерлерінің Әдеп кодексін қабылдап, онда қызметкерлердің аурулармен қарым-қатынасын реттейтін шарттар мен ережелерді нақты белгілеу қажет болады. Дәл қазіргі күні медицина қазыметкерлерінің ӨТЕ ДӨРЕКІ және ӘДЕПСІЗ қарым-қатынас жасауға әбден еттері өліп алған. Оны екі күнде өз көзіммен көріп, куәсі болдым. Егер сіз бұны жүзеге асырмасаңыз, сіздің жасаған реформаларыңыздың бәрі бос сөз күйінде қалады.

 

Артық салмақтан арылу, сұлу, сымбатты болып, өзіңізді әрдайым сергек сезіну, аурулардан аулақ болып, денсаулықты нығайту, халық емшілігі - осылардың бәрін сіз мына сайттан таба аласыз (сілтемені басып сайтқа кіріңіз): https://eatsdiet.ru/

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір қалдырыңыз

Яндекс.Метрика