Петропавлдық сепаратистер жазалана ма?!

Емдік өсімдіктерден жасалған табиғи дәрілер мен дәрумендер, балалар мен ересектерге арналған брендтік киімдер, косметика, т.б. төмендетілген бағамен тапсырыс бере аласыз, Қазақстанның кез-келген аумағына жеткізіп береді. Толық ақпаратты мына сілтеме арқылы алыңыз:

https://akikat01.com/internet-magazin/

Қазір әлеуметтік желілерді Петропавл қаласында болған бір топ сепаратистердің  Петропавл қаласы жұмысшыларының халық кеңесі деген ұйым құрып, өздерін  Қазақстаннан тәуелсізбіз деп жариялағаны туралы хабар кезіп жүр.  Бұл видеоүндеу 19 наурызда – елімізде сайлау болып жатқан күні жасалыпты. Қатысып отырған 19 адамның  арасында жастар да, орта жастағы адамдар да бар, бәрі де орыс ұлтының өкілдері.

Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейінгі жылдарда ресей тарапынан елімізге қоқан-лоққы жасау жағдайлары әр жылдарда әр өңірде болып тұрды. Тіпті, Шығыс Қазақстан облысында көтеріліс жасап, билікті басып алғысы келген сепаратистер де болды. Ал ресейдің жекелеген саясаткерлерінің аузынан шыққан  Солтүстік Қазақстанның облыстары түгел ресейдің атақонысы деген сөздерге құлағымыз үйреніп алғаны сонша, оған қазір назар аудармайтын болдық.  Соңғы кездерде украиналық блогерге сұхбат беріп, қазақтарды жеті атасынан бермен сықпыртып боқтап, балағаттап, егер ресей соғыс ашса ресейді қолдап соғысамын деген азаматтардың бәрі дерлік «білмей қалыппын, арандап қалдым, кешіріңіздер» деген жаттанды сөздермен жауапкершіліктен құтылып кетіп жатыр. Осы жайлардың бәрі «жау жоқ деме – жар астында» деген халық даналығын еске салады. Әсіресе, қазіргі Украинада болып жатқан басқыншылық  соғыс жағдайында  қазаққа аса сақ болу қажет.

Петропавлдық сепаратистердің видеоүндеуіне қатысты түсірген бір бейнероликте «бұның артында ресейдің ФСБ қызметі тұруы мүмкін» деген сөз айтылып қалды. Бұл сөздің жаны бар. Әлгі әртүрлі жастағы әйелдер мен ер адамдарды  өз ақылдарымен бас қосып, осындай мәлімдеме жасады деу ақылға сыймайды.  Яғни, оларды осындай қадамға баруға үгіттеп, арандатып отырған біреулердің бар екені анық. Бұл оқиғаның сыртында ФСБ-ның қуатты қолы тұруы әбден мүмкін.

Телеграм каналында осындай ұйымдардың ресейдің әртүрлі өңірлерінде құрылып, жұмыс істейтіндігі туралы жазды. Өздерін бұрынғы КСРО азаматтарымыз деп санайтын және қазіргі мемлекеттілікті мойындамайтын олардың көксегеендері КСРО-ны қалпына келтіру екен. Осындай ұйымдар ресейде аз емес, қызығы сол, олардың ешқайссына  билік тиым салмайды.  Сондай ұйымдардың бірі МОД деген ұйымды басқаратын Думаның экс депутаты Федоров  заң бойынша КСРО тараған жоқ,  оның құрамындағы бұрыңғы республикалар заң жүзінде тәуелсіз ел емес деп ашық жариялап, биік мінберлерден айтып келеді. Өкініштісі сол, бұл ұйымның филиалдары Қазақстанда да бар. Ал петропавлдық сепаратистердің  видеоүндеуінің мазмұнына назар аударсақ, бұл ұйым да Қазақстанның тәуелсіздігін мойындамайды және өздерін осы елдің азаматымыз деп те санамайды.

Қазір интернетте жүрген ақпараттарға назар аударсақ, Батыстан үлкен әскери көмек алған Украин әскері сәуірдің ортасына қарай қарсы шабуылға шықпақ.   Қазіргі заманғы Леопард танкілері мен бронды техникалар, ұшақтар алған 1 млн әскері бар Украинаның қарсы шабуылына  сотталғандар мен еш дайындығы жоқ  ақша үшін келгендерден құралған әскермен, 60-70 жылдары шыққан ескі қарумен  төтеп бере алмайтынын түсінген ресей жанталасып  кез-келген мүмкіндікті пайдалануға тырысып бағуда. 

Осы орайда, ресей  соғыс өртін айналасына барынша  кең жаюға мүдделі болып отыр деуге негіз бар. Үш күннің ішінде Киевті алып, бір жетіде Украинаны тізе бүктіреміз деп лепірген ресейлік ақпарат құралдары қазір халықты қалай алдаусыратуды білмей бастары қатуда. Ал таяудағы Гаага сотының ресей президенті Путинді тұтқынға алу туралы ордер беруі  отқа май құйғандай әсер етті. Бұрын Путинге құдайдай табынатындар енді одан теріс айнала бастады. Күні кеше Путиннің ең жақын жақтастарының бірі саналатын «Вагнер» жеке меншік әскерінің басшысы Пригожин мен миллиардер Ахмедовтың телефондағы әңгімесі  ресейліктер тарапынан үлкен шу туғызды. Путиннің ең жақын жақтасы деп аталып жүрген Пригожиннің  президент туралы айтқан ғайбат сөздері оның  көзқарасын нақты айқындап бергендей. Егер Путиннің айналасындағы жақын адамдары одан осылайша теріс айналып жатса, бұл оның жағдайының нашарлап кеткенін айқын көрсетсе керек. Міне, осы жайлардың бәрі Путинді өзі таңған, қазір қалай тоқтатуды білмей отырған Украйнамен соғыста жеңіске жетудің, тіпті болмаса жаулап алған бірқатар аумақтарды сақтай отырып, келісімге барудың кез-келген мүмкіндіктерін пайдалануға ынталандыратыны анық.  Сондай мүмкіндіктің бірі соғыс өртін жан-жаққа барынша кең жайып, қаулата түсу. Бұл жағдайда Украинаны  қолдап отырған Батыс елдері  үшінші жаһан соғысының басталуынан сескеніп, ресейдің шарттарына көніп, келісімге баруы ықтимал.

Ресейлік ФСБ-ның осы бағыттағы әрекеттері биылғы жылдың басынан бері аса белсенділікпен жүріп жатқаны байқалады. Осыдан бірнеше ай бұрын тып-тыныш жатқан Молдова бұзылып,  орыс ұлтының өкілдері көшеге шығып, билікке қарсы ашық үн көтерген еді. Оларға Түркия, Германия сияқты елдерден барған ФСБ агенттері қосылып, елдегі тыныштықты бұзғысы келді. Дегенмен де, Молдова үкіметі сабырлылық танытып, арандауға  жол бермеді. Содан көп ұзамай ресейлік бағыттағы Грузия парламенті депутаттары алдында ғана ресей қабылдаған контрагент туралы заңды  бірінші оқылымда асығыс қабылдады. Батыс елдерімен қатынасқа бөгет қоятын бұл заңға грузин жастары жаппай қарсы шықты. Күндіз-түні  алаңда тұрған қалың халықтың қаһарынан қорыққан Грузия парламенті аталмыш заңды қайтарып алуға мәжбүр болды. Бұл екі оқиғаны да кездейсоқ болды деуге болмайды. Оның сыртында ресейдің ФСБ қызметі тұрғанын көкірек көзі ашық саясаткерлердің бәрі жасырмай атты.

Молдова мен Грузиядағы әрекеттері сәтсіз аяқталған ФСБ енді Қазақстанның жайын байқап көрмекке кіріскен секілді. Петропавлдық сепаратистердің әрекеті осыны айғақтайды. 19 наурызда, яғни он күннен астам уақыт бұрын жарияланған бұл видеоүндеуге ҰҚК неге назар аудармаған деген сауал көкейге оралады. Белсенділер бейбіт митингіге шығамын деген сайын үйінің маңын торуылдап күзетіп, митинг болардан бұрын еш себепсіз қолына кісен салып абақтыға тоғытып жататын құқық қорғаушылардың ашықтан ашық еліміздің қауіпсіздігі мен тұтастығына қатер төндірген сепаратистердің үндеуіне мүлдем назар аудармауы таңғаларлық жай.

Ұлтжанды азаматтардың айқайымен құқық қорғаушылар әуіпіріммен қозғалып, осы іске қатысты қылмыстық іс ашып, алдын ала тергеу жасалатынын мәлімдеді. Осы кезге дейін еліміздің тұтастығына, тәуелсіздігіне қарсы арандату әрекеттерін жасаған талай азаматтардың еш жазасыз жәй кешіріммен құтылып жатқанын алға тартқан бірқатар белсенділер петропавлдық сепаратистердің заң алдында қатаң жазаға тартылатынына сенімсіздік білдіруде.

Еске сала кетейік, осыдан бірнеше ай бұрын ресейден келген жастардың алдында сөйлеген Мухоряпов деген қазақстандық кәсіпкер «егер ресейлік орысқа қазақ қазақ тілінде сөйлейтін болса, бұл мәдениетсіздік» деп қазақ тілді қазақтарды түгел мәдениеттен жұрдай тағы деңгейіне түсіріп тастаған еді. Осыған ашынған бір топ белсенділер, содан кейін бірқатар депутаттар Бас прокуратураға арызданып, оның үстінен қылмыстық іс қозғауды сұраған болатын. Ал Бас прокуратура  қылмыс құрамы жоқтықтан қылмыстық іс ашылмайды деп жауап берді. Осылайша, барша қазақ халқын мәдениетсіз тағы  деп атаған кәсіпкердің әрекеті қылмыстан ада, заң бұзушылық емес  болып шықты. Қазаққа келгенде қатайып кететін заңның ресейліктерге келгенде жұмсарып сала беретінін талай көріп куәсі болған жұртшылық петропавлдық сеператистердің заң алдында  жауап беретініне күмәнмен қарайды. Құқық қорғаушылардың аталмыш видеоүндеудің жарияланғанына он күн өткенше үнсіз отыруы, тек халықтың қысымымен амалсыз қылмыстық іс ашуға кіріскені осыны айғақтайды.

Ата-бабаларымыз үш ғасыр бойы армандаған тәуелсіздікке қолымыз енді жеткенде, іргеден шыққан алып елдің қайта-қайта арандатушылыққа барып, тәуелсіздігімізге көз алартуы сақтық шараларын ешқашан назардан тыс қалдырмау керектігін көрсетеді. Осы іспен тікелей айналысуға тиісті құқық қорғау органдары мен ҰҚК өз міндеттерін барынша дұрыс орындауы қажет. Мұндай сеператистік арандатуларды дер кезінде  қатаң тыйып  отырмаса, ертең Украинадағы жағдайдың бізде де орын алуы әбден мүмкін.

Қалкөз ЖҮСІП.

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Оставить комментарий

Жарнама
Жарнама

"Ақиқат" сайтының Кітап дүкенінен әдеби, танымдық қызықты кітаптар ала аласыз. Ол кітаптардан сіз көптеген пайдалы ақпараттар тауып, оны нақты өмір тәжірибеңізге қолдануыңызға болады. Толық ақпаратты мына сілтеме арқылы алыңыз: https://akikat01.com/kitap-d%d2%afkeni/

Яндекс.Метрика