Ресей-Украина соғысы қашан, қалай бітеді?

Емдік өсімдіктерден жасалған табиғи дәрілер мен дәрумендер, балалар мен ересектерге арналған брендтік киімдер, косметика, т.б. төмендетілген бағамен тапсырыс бере аласыз, Қазақстанның кез-келген аумағына жеткізіп береді. Толық ақпаратты мына сілтеме арқылы алыңыз:

https://akikat01.com/internet-magazin/

Қазір барша әлем халықтарының назары Ресей мен Украинаның арасындағы соғысқа ауған. Күн сайын жүздеген адамның өмірін жалмап жатқан қанды қырғынның басталғанына екі айдан асыпты. Украинаның біраз қалалары жермен-жексен болып қиратылып, он мыңдаған бейбіт тұрғын қаза тапты. Өліп жатқан жауынгерлер де аз емес. Бірнеше рет бейбіт келісім туралы екіжақты келіссөз жүргенімен, ол нәтижесіз аяқталды, ал соғыстың жуық арада аяқталар түрі көрінбейді.

Интернетте ресей-украин соғысы туралы өз ой-пікірлерін білдіріп жатқан белгілі саясаткерлер мен қаржыгерлер, кәсіпкерлер, журналистердің пікірлері жетерлік. Сол пікірлерді ой таразысына сала отырып, қазіргі соғыстың екі тарапқа тигізіп отырған залалы мен оның қашан, қалай аяқталатыны туралы сараптама жасау оншалықты қиын емес. Ол сараптаманың нақты өмірде қаншалықты дәл жүзеге асатыны белгісіз, десе де, қазіргі жағдай көрсетіп отырғандай, соғыста қай тараптың басым болатыны айқындалып қалды.  Оны тіпті, әскери саланың маманы болмаса да, қарапайым жұртшылық та анық байқап, көріп отыр.

Ресейдің Рубиконы

Ресейдің тарихын болашақта жазатындар «2022 жылдың 24 ақпанына дейінгі және одан кейінгі кезең» деп екіге бөлетін болар, бәлкім. Өйткені, Путиннің басшылығымен ресей 2022 жылдың 24 ақпанында өз тарихында

болашақ елдің тағдырына үлкен әсерін тигізетін қадам жасады. «Әр адамның өз Рубиконы болады» деген түсінік бар. Кезінде Юлии Цезарь Рубикон өзенінің жағасында лагерін тігіп екі күн ойланып-толғанып, нақты шешімге келген екен. Оның алдында Рим республикасына қарсы соғыс ашып, досы әрі күйеу баласы Помпейді өлтіру, сөйтіп, диктатор болу мақсаты тұрды. Көп ойланып, толғанған соң ол нық шешімге келіп, өзеннен өтеді де, Римді жеңіп, Помпейді өлтіреді және  таққа отырады. Осы кезден бастап «Рубиконнан өту» деген ұғым ішкі күмәніңді жеңіп, болашақ тағдырыңды айқындайтын нық шешімге келу дегенді білдіретін сөзге айналды.

Путиннің Рубиконы мемлекеттік шекарадан өтіп, Укрианаға баса-көктеп кіру болған секілді. Иә, ол осылайша өзінің ғана емес, жалпы ресейдің болашағына қатысты нық таңдау жасады. Енді кері шегінер жол жоқ. Путин мен ресейдің алдында не Украинаны жеңіп, бағындыру, болмаса жеңіліп осы кезге дейін басып алған аумақтардан айрылу, жәй жеңіліп қоймай, әлем елдері салған санкция салдарынан оқшаулану, кедейшілік қамытын кию жолы тұр. Диктатор үшін соғыста жеңілу – бұл биліктен айрылумен бірдей. Сондықтан ресейді жиырма жылдан астам уақыт билеп-төстеп  келе жатқан Путин үшін жеңіліс – биліктен айрылумен тең болатыны анық.

АҚШ президенті Байденнің Путиннің Украинаға басып кіргелі отырғаны туралы ақпарат құралдарында айтқан сөздерін сол тұста көп адамдар шындық деп қабылдамаған еді. Өзіңіз ойлап қараңыз, біз өмір сүріп жатқан 21-ші ғасырда өзге елге баса көктеп кіру, соғыс ашу деген ақылға сиымсыз іс қой. Дегенмен, Ресей сондай қадамға барды. Бұның өзі барша әлем үшін, оның ішінде Украинаның өзі үшін де күтпеген қадам болғаны анық. Соның салдары болар, тұтқиылдан шабуыл жасаған ресей әскері алғашында біраз жетістіктерге жетіп, елдің ішкергі аймақтарына еш кедергісіз өтіп кетті, тіпті Херсон қаласы мен облысының көп аумағына бақылауын орнатып үлгірді. Ресейдің алыстан ататын ракеталары Киевтен бастап Украинаның көптеген қалаларының тек әлеуметтік, соғыс нысандарын ғана емес, тұрғынүйлерін де қиратып жатты.

«Сайқымазақ» Зеленскии қалай халық батырына айналды?

Сол тұста бір телеарнаның тілшісіне берген сұхбатында Белорусь президенті Александр Лукашенко «соғыс үш, ары кетсе төрт күнге созылады» -деген еді нық сеніммен. Алдында ғана Путинмен бірге ресей әскерінің жаттығуын көрген Лукашенко орыс қаруына Украинаның қарсы тұра алмайтынына кәміл сенген сияқты. Соғыс басталған тұста АҚШ президенті Владимир Зеленскииге бірнеше рет өз еліне келуді ұсынған болатын. Десе де, халық сайлаған президент, ресейлік БАҚ «сайқымазақ» деп келеке қылған Зеленскии ешкім күтпеген  батылдық, шынын айтқанда нағыз батырлық көрсетті. Ол елден кетіп, бассауғаламай қасық қаны қалғанша шайқасуға бел байлады. Рас, алғашқы күндері соғыс украиндар үшін үлкен қиындықпен, жеңілістермен басталғаны белгілі. 21-ші ғысырдағы соғыстың қандай болатынына барша әлем куә болды. Екінші жаһан соғысындағыдай «алдыңғы шеп, тыл» деген түсінік жоғалыпты. Украинаның барлық аумағы соғыс алаңына, алдыңғы шайқас шебіне айналды. Киевтен бастап үлкен қалалардың бәрі ракетамен атқыланып, ұшақтардан бомбаланды. 

Осындай тұтқиылдан шапқан күшті жауға украиндар батыл тойтарыс берді, жәй тойтарып қоймай, танктері мен өздігінен жүретін бронды қаруларын, ұшақтары мен тікұшақтарын, әскери кемелерін жойып жатты. Жарақтанып жайпап өтердей болып келген ресей әскері үлкен кедергіге кездесіп, жеңілістің ащы дәмін татып үлгірді. Көп жауынгерлері майданда қаза тауып, біразы тұтқынға түсті.

Украиналықтардың өтінішімен бірқатар мемлекеттердің басшыларының араласуымен Украина-Ресей арасында бірнеше келіссөздер жүрді. Алғашқы кездесуде ресей «денацификация, демелитаризация» деген ұранды ұстанса, Стамбулдағы кездесуде ол ұсыныстарынан бас тартып, Қырымды ресейдікі деп мойындау, ЛНР, ДНР республикаларын тану, бейтарап ұстаным ұстану сияқты шарттармен шектелді. Өйткені, бұл кезде ресей Киевті басып алу мақсатының жүзеге аспайтынына анық көзі жеткен еді.

Наурыз айының соңына қарай әскерлерін қайта топтастырған ресей соғыстың екінші кезеңін бастады. Бұл кезеңде ресейдің басты мақсаты Луганск мен Донецк облыстарының әкімшілік аумақтарына шығу, Херсон республикасын жариялау, Қырымға шығатын дәліз жасау сияқты міндеттерді шешу еді. Бұл жөнінде ресейлік БАҚ күндіз-түні айтып жатты. Дегенмен, қанша күшенсе де ресей әскері шайқастың екінші кезеңінде де жеңіске жете алмады. Украинаның Отан үшін жанын пида етуге дайын жауынгерлерінің жанқияр ерлігі орыстарды алға қарға адым бастырмай, жолын бөгеді.

Қымбатқа түскен соғыс

Қандай соғыс болмасын адамзатқа ешқашан пайда әкелмеген, ал келтіретін залалы айтып жеткізгісіз. Мәселен, ресей күн сайын соғыста 900 млн доллар шығынға батады екен. Украинаның шығыны да бастан асады. 400 мың адам тұрған облыс орталығы Мариуполь қаласы жермен-жексен болып қиратылды. 2,5 млн халқы бар Харьковтың 70 пайызы қираған. Қирап қалған шағын қалалар мен селолар қаншама. Оған қоса, қаза тауып жатқан бейбіт тұрғындар да аз емес. Мариуполь қаласының 20 мыңнан астам тұрғыны қираған үйлердің астында қаза тауыпты.

Қазіргі күнгі Украина қарулы күштерінің мәліметіне сай, 26 мыңнан астам ресей жауынгерлері қаза тапқан. Орыс солдаттарының мүрделері далада көмусіз қалуда. Осы кезге дейін ресей 199 ұшағы мен 155 тікұшағынан, 1025 танкісінен, 12 әскери кемесі мен 2 мыңнан астам бронды техникасынан айрылған.

Соғыстың ресейге тигізіп жатқан зардабы ұрыс даласында сарбаздары мен соғыс техникаларынан айрылумен ғана шектелмейді. Ресей Укрианағы баса көктеп кіргеннен кейін көп ұзамай БҰҰ-ға мүше елдер ресейге қарсы бұрын-соңды болмаған қатаң сакнция салуға шешім қабылдады. Бұл шешімді 145 ел қолдаса, 35 мемлекет бейтарап қалды, тек 4 мемлекет қана қарсы дауыс берді. Сөйтіп, бұрын да санкциядан көз ашпаған ресей енді қатаң санкцияға алынып, оқшау елге айнала бастады. Профессор Наталья Зубаревичтің айтуынша, санкция ресейдің барлық өндіріс саласын қамтиды және елдің экономикасына аса ауыр зардабын тигізбек. Осы санкцияның салдарынан қазірдің өзінде ел бюджетіне қомақты қаржы құйып, мыңдаған адамды жұмыспен қамтып отырған Автоваз, КамАЗ, Орал вагон жасау зауыты сияқты алып өнеркәсіп орындарының жұмысы тоқтап қалды. Ресейде біраз жылдардан бері табысты жұмыс істеп жатқан Макдональдс, Шелл, ЕххонМобил сияқты компаниялар елден кетті. Соның салдарынан жүздеген мың адам жұмыссыз қалды.

Санкцияның салдарынан қазіргі күні ресей сауда орындарынан шетелдік бренд тауарлар ақырындап жоғалуда. Ресейліктер енді бұрынғыдай  дүкендерден қалаған затын таңдап жүріп алатын жағдайдан айрылып, барына қанағат тұтуларына тура келуде. Оған қоса, соғыс қимылдары басталғалы бері халық тұтынатын тауарлар бағасы екі есеге жуық қымбаттады. Санкция салдарынан ресей аумағында қызмет ететін шетелдік әуе компанияларының кетуіне байланысты ендігі арада ресейліктердің шетелдерге ұшақпен ұшу мүмкіндігі тарылды. Соғыс басталғалы бері ресейден шет елдерге қоныс аударып жатқандар қатары өсуде.

Ленд Лиз – Ресейге шығарылған үкім бе?

Дәл жеңіс күні – 9 мамырда АҚШ президенті Джо Байден Ленд Лиз құжатына қол қойды. Ленд Лиз бұдан бұрын 1940 жылы Германиямен соғысып жатқан Ұлыбританияға көмек ретінде қабылданған еді. Содан кейін 1941 жылы оған КСРО қосылды. Бұл бағдарламаның мақсаты – соғысып жатқан елге барлық жағынан жеңілдіктермен көмек көрсету. Өкініштісі сол, КСРО тарихында АҚШ-тың соғыс жылдарында берген көмегі туралы нақты ештеңе айтылмайды. Шындығында КСРО-ның Германияны жеңуіне осы бағдарламаның тікелей көмегі тигенін жекелеген тарихшылардың еңбектерінен анық бағамдауға болады. Мәселен, соғыс жылдарында КСРО осы бағдарлама шеңберінде АҚШ-тан 400 мың жүк автокөлігін, 15 мың ұшақ, 7 мың танк және 4 млн тонна астық алған екен. Оған қоса, дәрі-дәрмек пен басқа да қажеттіліктер де берілген. Соғыстан кейін КСРО сол алғандары үшін оның құнының небары 7 пайызын ғана төлеген. Қалғаны кешірілген.

Ленд Лиз бағдарламасының ерекшелігі сонда, бағдарлама шеңберінде соғысып жатқан елге кредит негізінде жан-жақты көмек көрсетіледі. Соғыста жойылған техникалардың бәрі есептен шығарылып, оның ақысы алынбайды. Басқа да жеңілдіктері өте көп. Міне, АҚШ арада жетпіс жылдан астам уақыт өткен кезде енді осы бағдарламаны Украинаға қатысты қабылдап отыр. Бағдарлама шеңберінде АҚШ үкіметі 33 миллиард долардың көмегін көрсетуге шешім қабылдаған еді. Дегенмен, Конгресс депутаттары тағы да 7 млрд қосып, барлығы 40 млрд доллардың көмегі көрсетілетін болды.

Бұл көмектің 25 млрд-ы тікелей қару-жарақ түрінде берілмекші. Мынаны еске сала кетейік, Украинаның бір жылдық қорғаныс саласына бөлінетін қаржысы 1 млрд доллар екен. АҚШ Ленд Лиз бағдарламасы шеңберінде жыл соңына дейін 25 млрд доллардың қару-жарағын бермек, яғни Украина жылдық қорғаныс бюджетінен 25 есе көп  көмек алмақшы. Оған қоса, басқа батыс елдерінің беретін көмектері де баршылық.

Тағы бір атап өтерлік жай, Ленд Лиз бағдарламасы бойынша берілетін қару-жарақ 24-48 сағат ішінде Украинаға жедел жеткізілетін болады. Яғни, бағдарлама еш бөгеліссіз жедел қамтамасыз етуді жүзеге асырады.  Украина президенті офисінің кеңесшісі Алексей Аристовичтің айтуынша, украин әскерлері екі ай мерзім ішінде қазіргі заманғы ең озық үлгідегі қару-жарақпен толық жарақталатын болады. Ондай қарудың ішінде бұрын берілмей келген ұшақтар мен танктер, 500 шақырымға дейінгі қашықтықта атылатын ракеталық қондырғылар, ұшқышсыз ұшақтар бар. Осындай қарумен жарақталған украин әскері ендігі арада ресей әскеріне тойтарыс беріп қана қоймай, қарсы шабуылды ұйымдастыруына толық мүмкіндік ашылмақ.

Соғыс қашан аяқталады?

Бұл сауал бүгінгі күні тек Украина мен Ресейдің әскерилерін ғана емес, барша әлем халқын толғандырып отырған сияқты. Өйткені, әлемдегі бейбітшілік пен тұрақтылық тікелей осы соғыстың нәтижесіне байланысты болып отыр. Алғашында бірнеше күнде Украинаны тізе бүктіреміз деген ресей ақпарат құралдарының өкілдері одан әрі соғысты жалғастырып, орыс қаруымен бұрынғы КСРО-ны қайта қалпына келтіру мақсаттарын жасырмай айтып жатты. Ресейдің кейбір танымал саясаткерлерінің аузынан Украинадан кейін Молдова мен Балтық жағалуы елдеріне, одан кейін Қазақстанға соққы беру жайында әңгімелер айтылып қалды. Осыдан белгілі болғандай, Ресейдің мақсаты жалғыз Украина емес, бұрынғы КСРО елдерінің бәрінің басын қосып, Мәскеуге қайта баындыру болған сияқты.

Осыған орай, Украинадағы соғыс әлем елдерінің тыныштығы мен бейбітшілігіне төнген үлкен қатер ретінде бағаланды. Өмір бойы бейтарап бағытты ұстанып келген ресеймен мың шақырымнан астам ортақ шекарасы бар Финляндия кенеттен НАТО-ға мүше болуға шешім қабылдады. Польша да ресей тарапынан басқыншылық жасалса тойтарыс беруге әзірлене бастады.  Осылайша, ресейдің басқыншылық соғысы әлем елдерінің саясаттағы көзқарастары мен ұстанымдарын біршама өзгертуге итермелеуде.

Ресей әскерилері соғыстың бірінші кезеңі наурыз айының басында бітті, енді екінші кезеңі болады деп мәлімдеген. Осыған орай, Стамбулда өткен Ресей-Украина келіссөздеріне сай ресейліктер әскерлерін Киев, Чернигов аумағынан әкетіп, Донецк, Луганск бағытында топтастырды. Орыс әскерінің екінші кезеңдегі басты мақсаты қолдан ұйымдастырылған ДНР, ЛНР республикаларының аумағын бұрынғы әкімшілік аумақтық деңгейге жеткізіп, Қырымға қосатын дәліз жасау болғаны ресей телеарналарының хабарларынан белгілі болды. Путиннің тапсырмасына орай, соғыстың екінші кезеңі 9 мамырға дейін аяқталуы тиіс еді.

Дегенмен, ұрыстың алғашқы кезінде алдарына қойған мақсаттарына жете алмаған ресей әскерилері екінші кезеңде де ойларына алғандарын орындай алмады. Украина әскерінің жанқияр қарсылығына ұшыраған орыс әскері бірқатар аумақтарда аздап ілгері жылжығанымен, жалпы алғанда түпкі мақсат орындалмай қалды. Қазіргі күні де ұрыс қимылдары  жүріп жатыр. Дегенмен, әскери мамандардың пікірінше, көп ұзамай, ресей әскерилері әскерін қайта топтастырып,  соғыстың үшінші кезеңіне кіріседі. Бұрынғы барлау қызметінің өкілі, бүгінде АҚШ-та тұратын ресейлік Алексей Швецтің пайымынша, ендігі арада ресей генералдары ұзаққа созылатын соғысқа кіріседі. Осылайша Украинаны титықтатып, еріксіз келісімге келуге мәжбүрлемек. Дегенмен, мына жағдайды естен шығаруға болмайды: соғыстың алғашқы кезеңінде біраз жауынгерлері мен негізгі әскери техникаларынан айрылған Ресейдің күші күн санап сарқылып бара жатса, керісінше, шет елдерден көп қару-жарақ, басқа да көмек алып отырған Украина әскері күшейе түсуде. Екі  айдан кейін Украйна әскері жаңа қарумен жарақталып, күш жағынан ресеймен иық тіресер деңгейге жетеді. Міне, сол кезде Украина жаппай қарсы шабуылға шығады.

Алексей Аристович жаппай қарсы шабуыл шілде айында басталады деген пікір айтты. Яғни, осы кезеңнен бастап Украина әскері ресей басып алған аумақтарды, оның ішінде Луганск мен Донецк облыстарын және Қырымды азат етуге кіріседі. Сәуір айында Германияның Раймштаин қаласында өткен әлемнің 40 елінің қорғаныс министрлерінің басқосуында құрылған ресейге қарсы каолиция елдері Украина қарулы күштері арқылы  елге басып кірген ресей әскерін талқандап, толық жеңіске жетуді мақсат етіп отыр. Осыған орай, ендігі арада Украина билігі ресеймен бұрынғыдай басып алған аймақтарды қалдыра отырып, бейбіт келісімге келе алмайды. Яғни, ел аумағын түгел азат еткенше соғысты жалғастыратын болады.

Соғыстың қашан аяқталары қарсы шабуылға шыққан Украина әскерінің ұрыс қимылдарының нәтижесіне байланысты болмақ. Егер олар ресей әскерін жеңіп, қысқа мерзімде елдің барлық аумақтарын азат ете алса, соғыс тез арада аяқталады. АҚШ генералы Кларк Украина үшін соғыс қимылдарын биылғы жылдың қараша айының ортасына дейін аяқтау тиімді деген пікірін білдірді. Одан кешіксе, соғыс ұзаққа созылу сипатын алмақ.

Ал соғыста қай жақ жеңіске жетеді, деген мәселе қазір біршама анықталып қалғандай. Алғашында 3-4 күнде жеңеміз деп желпінген ресей генералдары соғыстың бірінші кезеңінде де, екінші кезеңінде де ойларына алған мақсаттарына жете алмады. Жасыратыны жоқ, соғыс басталған тұста ресей әскері сан жағынан болсын, сапалық деңгейде болсын Украина әскерінен біршама жоғары болғаны белгілі. Алыстан ататын қанатты ракеталар мен ұшақтары арқылы Ресей Украинаны түгел дерлік соғыс алаңына айналдырды. Дегенмен де, сол басымдығына қарамастан, Ресей жеңіске жете алмады. Қазір жағдай күн санап өзгеруде. Украйна әскері шет елдерден қазіргі заманғы қару-жарақ алып, қуатын арттыра түсуде. 40 мемлекетті біріктірген ресейге қарсы каолиция құрылды. Бұл мемелкеттер Украинаға қару-жарақ беріп, басқа да көмек жасап, жеңіске жетуін жан-жақты қамтамасыз етуде. АҚШ бастаған Батыс елдерінің негізгі мақсаты: Украина қарулы күштерімен ресейді толықтай жеңу, яғни ресей әскерін Украинадан түбегейлі қуып шығу, басып алған аумақтарды толықтай азат ету. Содан кейін ауыр санкциялар арқылы Ресейдің экономикасын тұралатып, енді ешқашан бөтен елге баса көктеп кіре алмайтындай ету, яғни АҚШ пен Батыс елдері үшін үлкен бақталас болған Ресейді халықаралық саяси аренадан түбегейлі сырып тастау. Осыған орай, ендігі арада Ресей бұрынғыдай шарттармен келісімге келуді ұсына алмайды. Сондықтан Ресей үшін соғысты аяғына дейін жүргізгеннен басқа амал жоқ. Ал уақыт өткен сайын санкция күшіне еніп, Ресейдің қарулы күштерінің қуаты азайып барады. Оның үстіне санкцияның салдарынан белең алған жұмыссыздық пен қымбатшылық, тапшылық салдарынан елде халық наразылықтарының болу мүмкіндігі де уақыт өткен сайын жоғарылай түспек.

Осы жайлардың бәрін ақыл таразысына сала келе, соғыста кім жеңеді деген сауалдың жауабын әрбір зерделі адам өзі бағамдауына болады. Ресей үгіт-насихатының жетекшілерінің бірі Владимир Соловьевтің өзі «Рас, біздің көктегі көңілімізді жерге түсірді, енді солай екен деп жылауымыз керек пе» деді. Орыс қаруына қарсы келетін әлемде күш жоқ деп астамсығандардың қазір жүні жығылып, жеңілістің жақындай түскенін сезіне бастады. Әрине, адамның қалауымен емес, бәрінің Алланың еркімен шешілетіні анық. Соғыстың қашан, кімнің пайдасына шешілетінін де төреші уақыт көрсетеді деген ойдамыз.

Қалкөз ЖҮСІП. 

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Оставить комментарий

Жарнама
Жарнама
Яндекс.Метрика