Шет ел асқан ұрланған ақшаны қайтара аламыз ба?
Емдік өсімдіктерден жасалған табиғи дәрілер мен дәрумендер, балалар мен ересектерге арналған брендтік киімдер, косметика, т.б. төмендетілген бағамен тапсырыс бере аласыз, Қазақстанның кез-келген аумағына жеткізіп береді. Толық ақпаратты мына сілтеме арқылы алыңыз:
ҚР Парламенті Мәжілісінің қарауына «Заңсыз алынған активтерді мемлекетке қайтаруға қатысты» заң жобасы келіп түсті. Өткен жылғы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша дайындалған бұл заң жобасы шет елдерге заңсыз шығарылған, яғни ұрланған халықтың байлығын кері қайтаруды іске асыруы тиіс. Осыған орай, аталмыш заң жобасы барша халықтың көкейінде жүрген маңызды мәселені шешуге ықпалын тигізеді деп үміттенген жұртшылық оны асыға күткен еді. Дегенмен де, қазіргі күні бірқатар депутаттар мен саясаткерлер заң жобасының шикі тұстарының көп екенін айтып, дабыл қаға бастады.
Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи ҚР Бас прокуроры Берік Асыловқа сауал жолдап, шет елдерге кеткен ел байлығын қайтаруға қатысты Мемлекет басшысының тапсырмасын ашық жүргізуді сұрады. «Халық қазынасынан ұрланып-жырланған активтерді елге қайтаруға қатысты зарықтырған заң жобасы ақыр соңы Мәжіліске түсті. Әзірге көз жүгіртіп шыққанда, оның шикі тұстары аз емес. Бірақ біз – егер шынайы халықтың депутаттары болсақ, бұл заңды елде әділет орнатудың бір инструментариі деңгейіне жеткізіп, қабылдауымыз керек болады. Бұл принципті және күн тәртібінде тұрған ең маңызды мәселе. Біз клепократ ұрылар 30 жыл бойы талан-таражға салған халық байлығын, тым құрығанда, оның тең жартсын елге қайтарымыз керек. Бұл кемінде 150 млрд доллармен өлшенетін қазына» -деген депутат өз сауалында.
«Елге қайтару қорының» өкілдері Болат Әбілев пен Оразалы Ержанов «Заңсыз алынған активтерді елге қайтаруға қатысты» заң жобасының кемшіліктерінің көп екенін айтып, сынға алды. Жобада елден шығарылған активтердің сомасы 45 млрд теңгеден, яғни 100 млн доллардан кем емес тұлғаларды ғана тізімге енгізуді көздейді. Болат Әбілевтің айтуынша, бұның өзі 100 млн долларға дейін шенеуніктердің қорықпай ұрлауына жағдай жасайды. Сондай-ақ, жобада егер азамат заңсыз алынған активтерді өз еркімен мемлекетке қайтарса, қудалаудан босатылатыны тұжырымдалған. Қор өкілдері бұл баппен де келіспейтінін мәлімдеді. Халық байлығын ұрлаған қылмыскерлер қандай жағдайда да жазаға тартылуы тиіс.
Еліміздің экс Премьер-министрі шет елде жүрген саясаткер Әкежан Қажыгелдин заң жобасы осы күйінде қабылданса, ешт ел асқан миллиардтаған ұрланған ақшаны қайтаруға еш мүмкіндік болмайтынын ашық айтты. Заң жобасында активтерді заңсыз шетелге асырғандарға қатысты азаматтық, әкімшілік істер ашылатыны айтылған, тбірақ қылмыстық іс ашу қарастырылмаған. Қажыгелдиннің пайымынша, оларға қатысты қылмыстық іс ашқанда ғана сот шешіміне орай шет елдерге сұрау салуға және ақшаны қайтаруға мүмкіндік бар. Олай болмаған жағдайда, бұл мәселенің бәрі өз еліміздің аумағында және сөз жүзінде ғана айтылып, қаралумен шектеледі.
Қазақстандық биік лауазымды шенеуніктер мен олигархтардың шет елге асырған ұралған ақша мәселесімен көптен бері айналысатын Әкежан Қажыгелдиннің мәлімдеуінше, қазір Назарбаевтар отбасы мен айналасындағылардың шет ел асырған ақшасының ауқымы 300 млрд доллардың маңайында. Бұл қыруар қаржыны елге қайтару арқылы тұралап қалған еліміздің экономикасын көтеруге ғана емес, кедейшіілік тауқыметін тартқан халықтың әл-ауқатын еселеп көтеруге де жағдай жасалар еді. Тіпті, депутат Ермұрат Бапи айтқандай, сол ұрланған қаржының жартсын, яғни 150 млрд долларды қайтарған күннің өзінде оның еліміздің экономикасы мен халықтың тұрмысын көтеруге тигізер ықпалы аз болмайтыны айдан анық. Сондықтан да, бұл ел үшін де, халық үшін де өте маңызды мәселе.
Күні кеше халыққа алтыннан тау тұрғызардай биік уәде беріп, сайланған депутаттар халық үшін маңызы зор осы заң жобасын олқылықтарын түзеп, шет ел асқан ақшаны қайтаруға және қылмыскерлерді жазаға тартуға мүмкіндік беретін деңгейге жеткізіп қабылдайды деп үміттенеміз. Олай болмаған жағдайда, Жаңа Қазақстан құрамыз деген идея ешқашан жүзеге аспайтын құрғақ қиял болып қалады.