Шынайы өмір 63 жастан кейін басталады
Емдік өсімдіктерден жасалған табиғи дәрілер мен дәрумендер, балалар мен ересектерге арналған брендтік киімдер, косметика, т.б. төмендетілген бағамен тапсырыс бере аласыз, Қазақстанның кез-келген аумағына жеткізіп береді. Толық ақпаратты мына сілтеме арқылы алыңыз:
Кеңес заманында шыққан «Мәскеу көз жасына сенбейді» фильмінің бір кейіпкерінің «шын өмір 40 жастан кейін басталады» дейтін сөзі бар. Сол сияқты қазіргі кезде аталмыш фильм кейіпкерінің сөзін сәл-пәл өзгертіп «Шынайы өмір 63 жастан асқан соң басталады» деп айтуға болады.
Неге 63 жас? Өйткені, қазіргі заң бойынша ер адамдар 63 жаста, әйелдер 61 жаста зейнет демалысына шығады. Зейнет демалысына шыққаннан кейін ұзақ жылғы істеген еңбегіңнің зейнетін көріп, енді көңілің қалаған іспен айналысуыңа мүмкіндік ашылады. Дегенмен де, зейнеткерлік барлық адамдарға бірдей зейнет, қуаныш пен тыныштық әкелмейді. Кеңес заманында өмір кешкен аға ұрпақ өкілдерінің басым көпшілігі зейнеткерлік дегенді толыққанды өмірден қол үзу, ешкімге қажетсіз болып қалу, төрт қабырғаға қамалып, ішпысты тірлік кешу деп түсінеді. Ондай адамдар үшін өмірдің бар мәні – жұмыс, ал жұмыстан қол үздің екен, онда ешкімге қажетсіз болып, далада қаласың. Осындай түсінікті санасына мықтап сіңірген адамдарға зейнеткерлік толыққанды өмірден қол үзу ғана емес, жалғыздықтан жапа шегу, құлазу, ішпысты тірлік кешу түріндегі сүреңсіз өмір болып көрінері анық.
Толыққанды тірлік кешкің келсе, өміріңді өзгерт
Мен 2021 жылы зейнет демалысына шықтым. Өмір бойы жұмыс істеп, соған үйреніп қалғандықтан ба, жұмыстан кетсем бе, жоқ па деп біраз ойландым. Ақырсында, кетуге бел байладым. Сөйтіп, зейнет демалысына шығысымен бірден жұмысымды тастадым. Рас, алғашқы кезде біраз уақыт жаңа жағдайға бой үйрете алмай қиналып жүрдім. Жұмыстан кеткен соң өзімді ешкімге қажетсіз жандай сезініп, бар өмірім аяқталғандай, енді қалғаны кәрілік пен ажал шығар деген жаман ойлар да келе бастады.
Дегенмен де, мен күнұзақ төрт қабырғаға қамалып босқа отырған жоқпын. Бұрыннан жүргізіп келе жатқан сайтым бар еді, оған тағы бір жаңа сайт ашып қостым. Сонымен бірге, ұзақ жылдар бойы өз бетімше айналысып жүрген діни пәлсапа тақырыбында көкейде жүрген ойларымды қағазға түсіріп, кітап жазуға кірістім. Тамыз айында жұмыстан кеткеннен кейін жыл соңына дейін бір кітабымды жазып бітірдім. Сондай-ақ, бос уақытым болғандықтан, бұрын қарап қызығып жүрген инвестор Евгении Ходченковтың инвестицияға арналған ақылы курсын сатып алдым. Ол курстан инвестицияға қатысты көптеген пайдалы ақпараттар алдым. Жасаған ең пайдалы ісім, Телдери деп аталатын сервистен сайт сатып алып, жарнамамен ақша табуды жолға қойдым. Ол маған қосымша табыс түсіріп қана қоймай, бос уақытымда пайдалы іспен айналысуыма мүмкіндік жасады.
Осылайша бес-алты айдың ішінде мен жаңа жағдайға толық бейімделіп, бұрыңғы журналистік мамандығымнан қол үзіп, енді сайт арқылы тәп-тәуір табыс табатын интернет бизнес мамандығын игере бастадым. Ходченковтың курсынан инвестицияның біраз жаңа қырларын үйреніп, өз инвестициялық портфелімді жасадым. Бұл салада да ақырындап білімім мен біліктілігімді жетілдіріп, қосымша табыс табуды жолға қойдым.
Міне, қазір зейнет демалысына шыққаныма екі жылдай уақыт өтті. Осы кездің ішінде жаңа жағдайға бейімделіп алғаным сонша, ішпысарлық, зерігерлік уақыт қалмады. Жұмысым көбейді және ол жұмыстар өзіме ұнайтындықтан, рухани қанағат сезімін әкеледі, оған қоса жап-жақсы қосымша табыс түсіреді. Мамандығымды түбегейлі өзгерткендіктен, оның қыр-сырын үйрену, білімің мен біліктілігіңді ұдайы жетілдіру қажет болды. Тегін және ақылы курстар сатып алып, білімімді үнемі жетілдіріп отырамын. Осы жағдайдан ұққаным: оқып үйренуге, жаңа мамандық алып, өміріңді өзгертуге, білім танымыңды кеңейтуге кез-келген жаста мүмкіндік бар екен.
Бұдан бес-алты жыл бұрын Нұрлан Жанай деген жігіттің ағылшын тілін үйрену курсына жазылып, оқыған едім. Сол кезде осы курста 72 жастағы қазақ әжей де оқыды. 72 жасында ағылшын тілін үйрену бұл кісіге неге керек болды екен деп ойлаған едім сонда. Таяуда әлеуметтік желіден 70 жасында университет бітіріп, диплом алған әйел туралы ақпаратты оқыдым. 80 жасында каратенің жаттықтырушысы болған жапондық бұл мақсатын жүзеге асыруға 70 жасында ден қойғанын айтады. Мұндай мысалдарды өмірден көптеп кездестіруге болады. Орташа өмір сүру жасы жоғары Батыс елдерінде, Жапонияда қарт адамдардың дүниеден өткенше толыққанды тірлік кешіп, өздері қалаған іспен айналысып, мағыналы, қызықты өмір сүретіні жайлы ақпараттар жетерлік. Өкініштісі сол, біздің елімізде зейнет демалысына шыққан қарт адамдардың тірлігі мүлдем назардан тыс қалған. Мемлекет зейнетақы төлейді, сонымен бар шаруа біткен сияқты көреді. Ал белсенді жұмыстан қол үзген соң ешкімге қажетсіз жандай сезініп, төрт қабырғаға қамалып, ішпысты тірлік кешкен қарт адамдардың мәселесі ешкімді толғандыра қоймайды.
Төрт қабырғаға қамалған өмір
Бүгінде зейнет демалысына шыққан өзім қатарлы және бізден біршама жас үлкен аға буын өкілдерінің көпшілігі еңбектен қол үзген соң-ақ белсенді өмірден аулақтап, зейнет демалысы деген ұйқысы келгенде ұйықтап, тамақтанғысы келгенде тамақ ішіп алаңсыз қамсыз тірлік кешу деп ойлайды. Бұндай көзқарас адамдарды көп ұзамай жалқауландырып, денсаулығын нашарлатып, өзін қоғамнан аулақ, ешкімге қажетсіз жандай сезінетін ішпысты сүреңсіз тірлікке жетелейді.
Мен тұратын көп қабатты үйдің үшінші қабатында зейнеткерлікке шыққан жасы алпыстан асқан егде жастағы әйел тұрды. Ол түрлі шараларға ақша жинайтын белсенді еді. Дегенмен, үйінен шықпайтын, күнұзақ теледидар қарайтын әлгі әйел көп ұзамай буындары бүгілмей жүріп-тұрудан қалды. Қазір ол тек үйінің ішінде балдаққа сүйеніп әзер қозғалады.
Күн сайын бір мезгіл далаға шығып, таза ауада серуендеп жүріп қайтатын әдетім бар. Аялдаманың жанындағы орындықта жасы жетпістерге таяған қазақ кісі күнұзақ тапжылмай отыратын. Жалғыздықтан жабыққан қарттың қабағында үнемі мұң тұрады. Істейтін шаруасы жоқ, әбден іші пысқан қарияның зерігетіні, көңілі құлазып, түрлі ойларға берілетіні бет жүзінен көрініп тұрады. Өкінішке орай, осы сияқты адамдар қай жерде де аз емес. Жұмыстан қол үзген соң төрт қабырғаға қамалып, не істерін білмей абдырып қалған бұл адамдардың бар алданыштары анда-санда болатын тамыр-таныстарының той-томалағы мен қайтыс болған кісілердің дұғасында болу, кейде қонаққа бару, өз үйіне қонақ шақыру. Сондай сәттерде ғана таныстармен аздап әңгіме-дүкен құрып сергіген болады. Қалған уақытта қолдары алдарына симай, ішпысты тірлік кешеді.
Осыдан болса керек, аға ұрпақ өкілдерінің арасында мүмкіндік болса жұмысқа тұрып алуға тырысатындар көп. Қолдарынан келсе, бұрыңғы жұмыстарынан қуып жібергенше тырмысып кетпейтіндер бар. Олар үшін жұмыстан қол үзу – өліммен тең сияқты. Ұнасын-ұнамасын әйтеуір жұмыс істесең, ішің пыспайды, ол алданыш болады, ал жұмыссыз төрт қабырғаға қамалу, көңілді құлазытатын нағыз тамұқтың өзі деп санайды олар.
Толыққанды өмір сүрудің тәсілдері
Салауатты өмір салтын ұстанатын Бекболат Сәдуақасов деген ақсақал туралы ертеректе бірнеше мәрте газетке жазғаным бар. Ауру дегеннің не екенін білмейтін, ауруханаға жатып көрмеген, дәрі ішпейтін ақсақал жас кезінен бастап дене жаттығуын жасауды, жүгіруді, мұздай суға шомылуды берік әдетке айналдырады. Ол кісінің мақсаты – ұзақ жасау болатын. «Мен жүз жастан асқан кезде «Ұзақ жасаудың құпиясы» деген кітап жазамын дейтін. Бар ақыл-ойымен осы мақсатқа берілген қария тіпті, көшеде жәй жүргенде марафон желіске салып, қолдарын ербеңбетіп, жүгіріп жүретін.
Ол кісі жылына бір рет дәрігердің тексеруінен өтеді екен. Содан кейін денсаулығының қай жерінде аздап кінәрат болса, соны жою үшін амал-тәсілдер жасайды. Осылайша, бар ақыл-ойын салауаттылыққа, ұзақ өмір сүруге бағыттап, алдына соны мақсат етіп қойған Бекболат ақсақал басқа замандастары сияқты төрт қабырғаға қамалып, ішпысты тірлік кешкен жоқ. Ол кісі, тіпті өзіне тегін жолдама берген шипажайға да барудан бас тартады екен. «Оған барсам, күн тәртібім бұзылады» дейтін. Дегенмен де, Бекболат ақсақал жүзге жете алмады, 95 жасында қайтыс болды. Бірақ та, өмірі ауырмай, өле өлгенше салауаттылықты ұстанып, толыққанды өмір кешті…
Зейнетке шыққанша дәрігер болып істеген қалада тұратын бір танысым, қазір қала маңындағы ауылға көшіп алды. «Жылуы, суы ішіндегі жайлы пәтерде тұру адамды жалқаулыққа салып, ішін пыстырып зеріктіреді екен» дейді ол. Содан пәтерлерін үлкен ұлына қалдырып, әйелі екеуі қала маңындағы ауылдан жер үй сатып алып, сонда көшеді. «Қазір жақсы болды. Үлкен бақшалық жеріміз бар, сонда картоп, көкөніс егеміз. Екі сиыр ұстаймыз. Картоп, көкөніс өзімізден, сүт пен сары май, қаймақ та бар. Ең бастысы, қысы-жазы таза ауада бір ауық жұмыс істейсің, сергисің. Қазір іш пысатын уақыт жоқ, денсаулық та, көңіл күй де жақсарды» -дейді ол…
Зейнет демалысына шыққан тағы бір әріптесім өзі көріп, куәсі болған 1990-шы жылдардағы жекешелендіру, нарыққа көшу кезеңі жайында сериалы кітаптар жазуға кірісіпті. «Өзім көрген, өзгелердің аузынан естіген жайларды қаз-қалпында беруге тырысамын. Кеңес заманындағы мыңғырған бай кеңшарлардың қирап, көрінгеннің қолында кеткені, сол тұста белең алған ұйымдасқан қылмыс пен жемқорлық жайында жан-жақты ашып жазуға тырысамын» -дейді ол. Кітап жазуға беріліп кеткені сонша, ол шақырған жерлерге қонаққа да бармайды екен. Бір ауық таза ауа жұтып далада серуендеп келген соң күніне 4-5 сағат жазумен айналысады…
Зейнеткерлікке шыққаннан кейін іші пысып, қатты зеріккен бір қария велосипедпен серуендеуді әдетке айналдырады. Жаңа әдетке әбден үйреніп алғаны сонша, келе-келе велосипедпен ұзақ сапарларға шыға бастайды. Ол алдына Қазақстанның тарихи орындарын велосипедпен түгел аралап шығуды мақсат етіп қояды. Жүрген жерінде телефонымен суретке, видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге салуды, ютуб каналынан жеке канал ашып, соған видеоларын жариялауды да әдетке айналдырады. Осылайша, саяхатшы-блогер болған қарияның өмірі күрт өзгереді…
Дегенмен де, зейнеткерлікке шыққан соң өмірін өзгертіп, толыққанды тірлік кешетін адамдар оншалықты көп емес. Қариялардың басым көпшілігі зейнет демалысы дегенді жұмыстан түгел қол үзіп, үйде диванда жату, сериалдар қарап, өзі қатарластармен әңгіме-дүкен құру деп түсінеді. Бұндайлар көп ұзамай бәрінен жалығып, көп қозғалып, жұмыс істемегендіктен, көңіл күйі түсіп зерігіп, жалығады, бойларында түрлі ауру-сырқа көбейе бастайды. Ондайлардың барлық зейнетақысы түгел дәрі-дәрмек алуға кетеді және уақыттарының көбін ауруханада емделіп жатуға бағыштайды.
Түйін: Зейнетке шыққан соң қоғамнан мүлдем қол үзіп, белсенді жұмыстан аулақтап, төрт қабырғаға қамалатын адамдардың өмірі сүреңсіз, қызықсыз және көп қозғалмайтындықтан түрлі ауру-сырқауға бой алдырады. Ондай адамдармен кездесе қалсаңыз айтатын сөздері: бағаның шарықтап қымбаттағаны, зейнетақысының жетпейтіні, дәрі-дәрмек бағасының қымбаттығы, бойын алған түрлі ауру-сырқаулары. Ондай адамдардың көздерінен үмітсіздік пен шарасыздық, тірліктен жалығушылық анық байқалып тұрады. Ал жоғарыда айтқанымыздай, зейнетке шыққан соң өмірін өзгертіп, көңілі қалайтын іспен айналысуға ден қойған адамдар үшін зейнеткерлік жаңа мүмкіндіктер мен жаңа өмір сүруге ашылатын жол іспетті. Осы іспен айналыссам-ау деп армандаған шаруамен айналысуға мүмкіндік алған бұндай адамдар толыққанды өмір кешіп, зерігуден де, ауру-сырқаудан да аулақ болып, ұзақ ғұмыр сүруге мүмкіндік алады. Бұл екі жолдың қайссын таңдау, әр адамның өз еркіндегі шаруа.