Записи с меткой «намаз оқу»
Ілім-білім үйрену – парыз
Ислам дінінің тарата айтар болсақ 40 парызы, яғни орындауға тиісті міндеті бар екен. Солардың бірі – ілім-білім, оның ішінде дін ілімін үйрену. Дін ілімін үйренбеген адам мұсылмандық парыздарын қанша тырысып орындағанымен, уақыт өте келе санскрит тілінде апарадха деп аталатын дінді қорлауға ұшыратады. Ал дінді қорлау діни шарттар мен парыздарды ұқыпты орындағанға қарамастан, имандылықтан айырып, күнәға батырады, ақырсында діннен бездіреді.
Пайғамбардың хадистерінде біліммен жасалған тағат ибадаттың білімсіз жасалған ибадаттан мың есе артық екені айтылған. Неге мың есе артық? Мысалы, намазды алып қарайық. Білімсіз адам да дәретін алып, жайнамазға тұрып, жүзін құбылаға қарата намазын оқиды, білімді адам да дәл солай жасайды. Соған қарамастан, неге білімсіз адам уақыт өте келе иманынан ажырап, намаз оқығанына қарамастан жүрегі бітеліп, құрдымға құлайды?
Осы арада мына жайға назарыңызды аударғым келеді: мына фәниде кез-келген пендешілік әрекетті жасағанда оның нәтижелі болмағы білімге байланысты болатынын ешкім теріске шығара алмайды. Мәселен, үй салдыңыз делік. Сіз құрылысшы емессіз, бірақ үйді қалай тұрғызатынын біреулерден естіп, сырттай бақылап көре жүре көкірегіңізге түйгендеріңіз бар. Міне, соларды есіңізге алып, үйді өз күшіңізбен, өзіңіз салуға бекіндіңіз. Сөйтіп, құрылыс материалдарын алдыңыз, іргетасын құйып, қабырғасын көтердіңіз, есік-терезесін салып, әрлеу жұмыстарын жүргіздіңіз. Бәрі дұрыс сияқты. Үй бітті. Бірақ сіздің үй салу тәжірибеңіз, осы саладағы біліміңіз болмағандықтан, құрылыс барысында біраз қателіктерге жол бердіңіз. Іргетасын дұрыс құймадыңыз, кірпіш қалағанда байланыстырмадыңыз, есік-терезесін ық, күнгей жақтан емес, жел соғатын теріскейден шығардыңыз. Міне, осындай қателіктерден уақыт өте келе түрлі қиындықтар туа бастайды. Есік-терезеден жел улейді, қабырға жарылып, үйдің іргетасы шөгеді. Осылайша бірнеше жылдан кейін ол үйде тұру мүмкін болмай қалады. Бұл сіздің білімсіздігіңіздің нәтижесінде орын алған қиындық.