Теріс ағымдарға тиым салатын заң қажет

Емдік өсімдіктерден жасалған табиғи дәрілер мен дәрумендер, балалар мен ересектерге арналған брендтік киімдер, косметика, т.б. төмендетілген бағамен тапсырыс бере аласыз, Қазақстанның кез-келген аумағына жеткізіп береді. Толық ақпаратты мына сілтеме арқылы алыңыз:

https://akikat01.com/internet-magazin/

Соңғы айда жан-жақтан жаппай бас көтеріп,  түрлі талаптарын қойып, ұлттық салт-санамызға шабуылдаған сәләфиттердің әрекеті жағдайдың ушығып, ектен шыға бастағанын көрсеткендей болды. Алдымен, мектепке балаларымызды орамал тағып баруға рұқсат етіңдер деген талаптан басталған теріс ағымды ұстанушылардың шабуылы ұлттық аспабымыз домбыраны харам деумен жалғасып, өрши түсті.  Ал Мәжіліс депутаты Ринат Зайытовтың журналистке берген сұхбатында айтқан алаяқтардың 80 пайызы намазхандар дегеніне шамданған сәләфиттер депутатқа телефон шалып, ашық қоқан-лоққы жасап, әлеуметтік желіде ауыздарынан ақ ит кіріп, көк ит шығып не түрлі ғайбаттарды айтты.

Осы жайлардың бәрі әсер еткен болуы керек, бұрын дін тақырыбына онша жуи қоймайтын бірқатар депутаттар теріс ағымдардың теріс әрекеттеріне қатысты ой-пікірлерін ашық айтып тастады. Мәжіліс депутаты Ермұрат Бәпи: «Тіпті, қоғамның шырқын бұзып, мемлекеттік тұтастыққа ауыз сала бастаған бұл жарықшақ қазақ халқының ұлттық бірлігі мен ұлттық даму дәстүріне және мың жылдық қазақи ислам салтына қарсы шабуылға айналған сыңай танытады. Бұл теріс діни үрдіс саяси сипат алып бара жатқан жоқ па деган де қатер бар. Себебі халықтың кемшін діни білім-танымын пайдаланған теріс топ жанталасып, бізге жалған рухани құндылықтар мен бөтен дәстүрлерді сіңіру қамын

жасауда. Мысалы, бір ғана соңғы дерек: Парламент депутаты Ринат Зайытовтың азаматтық пікіріне қарсы шабуылдар осындай саяси қатердің сипатын сездірсе керек. Қоғамды арабтық-уахабтық діни ұстаным негізде бөлшектеуге бағытталған бұл әрекеттерге біздер – депутаттар жайбарақат қарап отыра алмаймыз. Біз мың жылдық домбыраны харам қылуға жол бермейміз. Бұл әрекеттер елдің ұлттық құндылықтар жүйесі мен рухани негізіне жасалып жатқан шабуыл деп түсіну керек» -деді.

Тағы бір Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай: Күнделікті көшеде, қоғамдық орындарда қара жамылып, паранджамен бетін тұмшалап алған қаршадай қыздарымызды, сақалының ұшына қайшы тигізбей жалбыратып, балағын кесіп шолтитып, екі көзі қанталап келе жатқан ұлдарымызды көргенде қабырғаң қайысып, көңілің құлазиды. Соқыр сенімнің, білімсіздіктің, діни фанатизмнің, радикалды ағымның кесірінен Сирияға кетіп, қыршынынан қиылған, құнсыз нысанаға айналып, оққа ұшқан ұлдардың тағдыры, содырлардың қолжаулығына айналып, апта сайын талақ болып абыройынан айырылған қазақ қыздарының тағдыры бүгінгі қоғамға сабақ болуы тиіс еді. Бірақ біз сабақ алмадық. Қазір қазақты намаз оқитын қазақ, оқымайтын қазақ, мешітке баратын қазақ, бармайтын қазақ, хиджаб киетін қазақ, кимейтін қазақ деп бөліп жардық, -деп теріс ағымның күш алып бара жатқанын және қоғам үшін қауіпті сипатқа айнала бастағанын айтып, алаңдаушылық білдірді.

Еліміздің қауіпсіздігіне, мемлекеттігімізге ислам экстремистері тарапынан қатердің бар екенін ашық айтатын уақыт жетті. Ертеректе Ақтөбеде, содан кейін Жамбыл облысында болған бірлі-жарым қарулы қақтығыстарға кезінде  жеке адамдар тарапынан жасалған қылмыс ретінде қарап, мән бере қоймасақ, қазір қатары қалыңдап, үлкен саяси күшке айнала бастаған теріс ағым өкілдерін елемеуге болмайды. Депутат Ермұрат Бәпи  сәләфиттерді жақтап, оларға қолдау көрсетіп отырған лауазымды тұлғалардың бар екенін айтты. «Бұл исламдық секта Қазақстанның біраз аймағында, әсіресе Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау, Ұлытау, Алматы өңірлерінде етек жайып барады.

Бұл өңірлердің шағын бизнесін, әсіресе базар саудасы төңірегін уахабшылар – салафизмге табынушылар басып барады. Яғни, бұл теріс сектаның дамуына кеңінен мүмкіндік беріп, жан-жақты жағдай жасап отырған жергілікті билік өкілдері бар деген сөз. Жасыратыны жоқ, уақытында елге танымал азаматтар, оның ішінде депутаттар да қоғамға салафизм мен арабизацияны енгізуді тырысты. Жақтаушылар іздеп, қолдаушылар тапқандары да бар. Сондай-ақ мемлекеттік биліктің өз ішінде де, уахабизм мен жат ағымдарды насихаттауды қолдайтын лауазымды қызметкерлер бар деген дерек менің құлағыма жетті» -деді Мәжіліс депутаты.

Сәләфиттер ересектерді қойып, мектеп оқушыларына да ауыз сала бастады. Қазір ораза айында ауыз бекітіп, ораза ұстау мектеп оқушыларының арасында сәнге айналған сияқты. Жұма намазына баратын оқушылар саны күрт артқан. Осы арада балаларымыз имандылыққа жүзін бұрса, оның несі жаман деуге болар еді, бірақ жастарымыз  шынайы имандылыққа емес, дін атын жамылған теріс ағымға бой алдыруда. Сәләфиттердің сөзіне еріп, намаз оқымайды деп туыстарынан безіп жатқан жастар көп кездеседі. Хиджап киген қаршадай қыздар сақалды діндарларға тұрмысқа шығып, көп ұзамай талақ болып, екінші, үшіншісімен отбасы құрып, қолжаулыққа айналып жатқан жайлары бар.

Соңғы кезде теріс ағым өкілдері тарапынан қазақтың салт-дәстүрлеріне, ұлттық ұстанымына шабуыл өте күшейіп барады. Бір сақалды жігіт қандас туыстардың қызын алу тұқымды тазартады деп соқты. Ата-ананың зиратының басына барып дұға жасау, анаңмен зина жасағанмен бірдей деген «ұстазсымақтың» сөзіне не айтуға болады. «Қазақта тәңіршілдік деген болмаған, қазақ хандарының бәрі мұсылман болған» деген діндардың сөзінің астарында қазақты ұлттық тарихынан, ұстанымы мен дәстүрінен бездіріп, арабтандыру, ұлтсыздандыру ниеті жатқан жоқ па.

Ертеректе өзбек елінің сол тұстағы президенті Ислам Каримовтың тікелей бұйрығымен Самарқанда  саяси талаптарын қойып, өз ұстанымдарын мәжбүрлеп қабылдаттырғысы келген сәләфиттерді пулеметпен қырып салған еді. Сол қырғында үш мыңнан астам әсіредіндарлар мерт болыпты. Міне, осыдан кейін елде күш алып, шектен шыға бастаған әсіредіндарлар ауыздарын жауып, тынышталған болатын. Енді сол сәләфит, уахабиттер біздің елімізде бой көрсетіп,  теріс пиғылдарын ашық айта бастады. Бұның алдын алмаса, елімізге үлкен қатер төндіретіні айдан анық.

Өткен аптадағы бір топ депутаттың әсіредіндарлардың әрекетіне алаңдаушылық білдіріп, олардың теріс әрекетіне тосқауыл қояр заң қабылдау қажеттігін айтып, мәселе көтергені көңілімізге үміт ұялатады. Ауғанстан, Иран, Сирия елдеріндегі әсіредіндарлардың әрекеттері  «жау жоқ деме, жар астында» деген халық даналығын еске салады. Теріс ағымдарды тыятын қатаң заң қабылдамасақ, ертең еліміздегі жағдайдың ушығып кетуі әбден мүмкін.  

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Оставить комментарий

Жарнама
Жарнама

"Ақиқат" сайтының Кітап дүкенінен әдеби, танымдық қызықты кітаптар ала аласыз. Ол кітаптардан сіз көптеген пайдалы ақпараттар тауып, оны нақты өмір тәжірибеңізге қолдануыңызға болады. Толық ақпаратты мына сілтеме арқылы алыңыз: https://akikat01.com/kitap-d%d2%afkeni/

Яндекс.Метрика