523 көрілім
Сайтқа ақысын төлеп, мақалаңызды жариялауға мүмкіндік бар. Қазақ тілінде кез келген тақырыпта мақала жаздыруға болады. Ақысы келісімді. Тапсырыс беру үшін kalkoz25@mail.ru поштасына немесе 87013001474 телефонына (вадсап бар) хабарласуыңызға болады.

28Бай-кедей болып аражігі ашылған, тамақ тауып, күнкөрудің өзі үлкен өзекті мәселеге айналған қазіргі шақта мыңдап-миллиондап шашып той жасау қисынға салсақ, ақылға симайтын шаруа. Өкініштісі сол, адамдар, оның ішінде қазақтар, қит етсе той жасап, ашылып-шашылуды берік дәстүрге айналдырып алған сыңайлы.

Тойда адам жалғыз мақсатпен: мақтаныш үшін жасайды

Адамзат баласының сонау ескі заманнан бері санасына сіңген түрлі салт-дәстүрлері болса, олардың бәрінің астарында мән болады. Ертедегі қазақтардың қыз ұзату, шілдехана, ұлыстың ұлы күні сияқты атап өтетін салт-дәстүрлерінің бәрі өмірлік қажеттіліктен туындаған және астарында адамдарды жақындастыратын, отбасылық өмірге дайындайтын, т.б. мәні бар шаралар болды. Ал қазіргі тойлардың астарында жалғыз ғана мән бар: ол мақтаншылық.

Иә, бүгінде адамдар тойды тек мақтаныш үшін: мені көрдіңдер ме, қандай баймын, туыстарым көп, бәрі сыйлап, құрметтейді, қолым ашық жомартпын, балаларым, туыстарым үшін ештеңені аянбай шашылып той жасап жатырмын, мен құрмет тұтуға лайықты нағыз мырза емеспін бе, деген астам пиғылмен жасайды. Біреуден біреу асырғысы келіп, ашылып-шашылып, банктерден кредит алып, қарызға белшеден батып жататындар көп.

Жә, тойды келістіріп жасадыңыз, екі-үш жүз, тіпті мың адам шақырып, аста-төк дастархан жайдыңыз. Ал, енді осыдан қалыңдық пен күйеу балаға, оның туыстарына қаншалықты игілік келеді? Ешқандай да. Тырнақ астынан кір іздейтін қазақ сіз қанша шашылсаңыз да бір кемшілік тауып сынап кетеді. Міне, сіздің сонша шығындалып жасаған тойыңызға берілген баға осы болмақ.

Одан қалды, қазіргідей нарық қысқан қиын заманда кредит алып той жасайтындар ертең жас отбасының баспанасыз, өмірге қажетті басқа да игіліктерсіз өмірді қарызбен басайтындықтарын, тұрмыс тауқыметін тартатындықтарын, оған шыдамай ажырасып кетіп жататындықтарын ескермейді.

Той жасау – ысырапшылдықтың негізі

Ысырапшылдықтың ең үлкен үлгісі – той жасау. Қарызға батқыңыз, шашылғыңыз келсе, онда той жасаңыз. Бір күндік қарын тойғызу үшін сонша шашылып, шығындануды ақылды адамның ісі деуге болмайды. Қасиетті Құранда «Алла ысырапшылдықты ұнатпайды» деген аят бар. Яғни, ысырапшылдық жасап, шашылу арқылы Алланы риза етемін деу АҚЫМАҚТЫҚ.

Ақылы бар адам ең алдымен, «бұл нәрсе маған қаншалықты пайда әкеледі» деп соның жайын ойлауы тиіс. Таяуда ютубтен біздің елімізде тұратын бір алпауыт тойына шақырып ән салдырған ресейдің әншісі Александр Серовтың сөзін тыңдадым. Шіреніп отырған ол кекесінмен өзіне бір ән салғаны үшін әлгі байшыгештің сағат сыйлағанын, оны кейін білгендей бағасы 350 мың доллар екендігін айтты. Әншінің даусынан осындай бағалы сыйлық сыйлаған адамға деген разылық емес, керісінше кекесін анық сезілді. «Мынаң қараңдар, ақымақ қазақты, бір ән салғаным үшін 350 мың доллар тұратын сағат сыйлаған ЕСУАСТЫ КӨРДІҢДЕР МЕ» деген әуен үнінен анық сезіліп тұрды.

Бір таныс кісі 60 жасқа келуін тойлап, екі жүз адам шақырып, мейрамханада той өткізді. Соған қатысқан біреуден «сойған жылқысы арық екен, қазысы да жоқ, биыл қыс жылы ғой, балконда тұрып иістене бастаған екен, ұшынып қала жаздадым» дегенді естідім. Міне, әлгінің ашылып-шашылып жасаған тойына берілген баға.

Таяуда бір әріптесіміз пәтер алып, қоныстойын жасады. Иә, бүгінде қит етсе той жасау көбейіп кетті: баласы мектепке барса той, бірінші сыныпты бітірсе той, сүндетке отырғызса той, мектеп бітірсе той, сөйтіп тойға әйтеуір сылтау көп.

Содан әлгі танысымыздың қоныстойына бардық. Үзіліске шыққанда тойға келген бір кісі: залдары сопайған коридор сияқты ебедейсіз екен, жалпы планировкасы өте нашар» деді. Иә, сөйтіп, ет асып, мол дастархан жасап, үйін көрсетіп мақтанбақ болған әлгі танысымыздың тойына берілген баға осындай болды. Жалпы, қандай тойда да соған көңілі толмайтын әйтеуір біреулер табылып жатады. Ондайлар үнсіз кете салмай, міндетті түрде кейін жүрген жерінде әлгі өкпелері мен реніштерін айтып жатады. Таяуда Шымкентте біреу той жасап, 59 млн. теңгеге торт жасатқаны туралы әлеуметтік желіде жазылып, той иесін жұрттың бәрі сынап-мінеп, ит терісін басына қаптады. Міне, шашылған тойға берілген ЖҰРТТЫҢ БАҒАСЫ.

Түйін: Қазіргідей күнкөріс қиындаған, барлық нәрсе сатылатын нарық заманында АҚЫЛЫҢЫЗ БОЛСА ешқашан той жасамаңыз. Қуанышыңызды бөліскіңіз келсе, ең жақын достарыңыз бен туыстарыңызды шақырып, шағын дастархан жасап, солармен өткізіңіз. Сонда шығын да болмайды, ешкім сізді сынап-мінемейді де.

Артық салмақтан арылу, сұлу, сымбатты болып, өзіңізді әрдайым сергек сезіну, аурулардан аулақ болып, денсаулықты нығайту, халық емшілігі - осылардың бәрін сіз мына сайттан таба аласыз (сілтемені басып сайтқа кіріңіз): https://eatsdiet.ru/

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Пікір қалдырыңыз

Яндекс.Метрика