Хан. Қолбасшы. Батыр.

Үш жүздің басын қосқан қазақтың ханы, бар өмірін жоңғар шапқыншыларына қарсы күреске арнап, жоңғарлар басып алған көп жерлерімізді қайтарған батыр қолбасшы Абылай ханның қазақ еліне сіңірген еңбегі аз емес. Бірақ та, осы тарихи тұлғамыздың есімін ел есінде сақтау, лайықты құрмет көрсету мәселесі өз деңгейінде болмай отырғаны өкінішті.

Абылай ханның елге сіңірген еңбегі

1985 жылы ҚазМУ-дің тарих факультетінде оқып жүрген кезімде  Қазақ-жоңғар соғыстары туралы курс жұмысын жазған едім. Жұмысты жазу барысында біраз әдебиеттермен танысып, мәліметтер жинауыма тура келді. Ресейде 18-19 ғасырларда ай сайын шығып тұрған «Сибирскии вестник» деп аталатын журналдан хан Абылайға қатысты біршама деректер таптым. Абылай ханды көзімен көріп, сол кезде өмір сүрген орыс офицерінің жазбаларынан  қазақ ханының ел үшін сіңірген еңбектерінің бір сарасы анық көрініс берген.

Абылай ханның ордасында бір айдай болған орыс офицері  сонда жоңғар  сұлтаны Әмірсананы көргендігін айтады. «Әмірсананың жүзі өте сынық  сезілді.  Күзетшісі бар жеке киіз үйде тұрған ол ханның қонағынан гөрі, тұтқынға ұқсап көрінді» -дейді орыс офицері.  Жоңғар хандығы үшін таққа таласқан Әмірсананы қолдаған Абылай хан әскерлері жоңғар еліне шабуылдарға қатысып, көптеген мал-мүлік, қыз-келіншектерді олжалап отырған. Бұл туралы орыс офицері жан-жақты тізбелеп жазады.

Сонымен, Абылай ханның қазақ халқының тарихына қандай еңбегі сіңді? – деген сауалға толығырақ жауап беретін болсақ, ең алдымен, жоңғарлар басып алған қазіргі Шығыс Қазақстан, Жетісу өңірлерін түгел қазақ еліне қосуын ауызға алуға болар еді.  

Қаратаудың басынан көш келеді,

Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді.

Ел-жұртынан айрылған жаман екен,

Мөлдіреп қара көзге жас келеді, -деп басталатын Елім-ай әні  туған қазақ тарихында «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» атанған кезеңде жоңғарлар бір миллионнан астам қазақты қырып, Шығыс, Оңтүстік аймақтарды түгел басып алған еді. Тарихи деректерге назар аударсақ, сол тұста қазақтардың саны 4 миллиондай болса, жоңғарлардың саны 700 мыңға жетер-жетпес болыпты. Сол 700 мың жоңғар қазаққа қарсы 70 мың әскер шығарып, бір миллиондай қазақты қырып салды. Ру-руға бөлініп, бастары піспей ыдыраған қазақ  жоңғардан жеңіліп, Батысқа қарай босты. Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би сияқты қазақтың аузы дуалы ақсақалдары елдің басын қосып, жауға тойтарыс беруді ойлады. Үлкен құрылтай өтіп, бас қолбасшы етіп кіші жүздің ханы Әбілхайыр сұлтанды сайлады. Осыған ренжіген Барақ сұлтан сияқты бірқатар сұлтандар мен рубасылары соғысқа қатыспай кетіп қалды. Осындай  қара бастарының абыройын ел мүддесінен биік қоятындардың кесірінен қазақ тар саны аз жоңғардан жеңіліп, көп бейнет тартуына тура келді. Ең өкініштісі, қазақтың ең шұрайлы жерлері жоңғарлардың иелігінде қалды.

Орта жүздің ханы болған Абылай сұлтан жоңғарларға қарсы соғыстарда  жанқияр батырлығымен де, қол бастар қолбасшылығымен де көзге түсті.  Шын мәнінде оның жастық шағы түгелдей соғыста, ат үстінде өтті деуге болады.  Шарыш атты жоңғардың батырын жекпе-жек шайқаста жеңген алғашқы шайқастан кейін де ол талай қанды соғыстарды басынан өткерді. Ал хан тағына отырғаннан кейін өзінің  сұңғыла саясаткер екендігін  жан-жақты көрсете алды.

Қалдан Сереннің кезінде жұдырықтай жұмылған бірлігі күшті жоңғар хандығы ол өлген соң таққа таласқан сұлтандардың кесірінен  әлсірей бастады. Алдымен Дебашыға дос болып, оны таққа отырғызуға көмектескен Әмірсана кейінірек араға жік түсіп, оған қарсы шықты. Міне, осы алауыздықты пайдаланған Абылай хан Әмірсананы үгіттеп,  Дебашымен соғысқа итермеледі. Қазақтардың әскеріне сүйенген Әмірсана кешегі досы жоңғар ханы Дебашымен соғысқа кіріседі. Қазақтар үшін бұл соғыстың тиімді жағы – ең басты жаулары болған жоңғарларды әлсіретіп, оған қоса соғыстан  мол олжа тауып отырды.

«Сибирскии вестникте» орыс офицері осындай соғыстың бірінен оралған Абылай ханның қора-қора қой мен жылқы, дүние мүлік және  жоңғарлардың жас қыз-келіншектерін олжалап оралғандығын жазады.  Әмірсана ақырсында Абылай ханның көмегімен Дебашыны жеңіп, таққа отырды. Оны қолдап, жеңіске жеткізген Абылай хан соғыста тапқан олжамен ғана шектеліп қалмай, бір кезде жоңғарлар басып алған Тарбағатай мен Жетісу өңірін түгел қайтарып алды.  Ал ұйғырларды бағындырып, жоңғар хандығына шабуыл жасаған Қытаймен жоңғарлардың соғысып жатқанын пайдаланып Абылай хан тіпті, бірқатар шұрайлы жоңғар жерлерін де қосып алды. Салыстыра айтар болсақ, Абылай хан қазіргі қазақ жерінің үштен біріндей аймақты қазақ еліне қосты. Міне, Абылай ханның тарихи еңбегі осындай.

Алғашқы жеңілістен соң бағынып, бодан боламын деп, соңынан қайта қарсы шыққан Әмірсананың қылығына ызаланған Қытай императоры Канси Сюан Е  генерал Хун  Ли бастаған 150  мың әскерді жоңғарға қарсы аттандырады және бүлікшіл жоңғарларды аяусыз қыруды бұйырады. Осылайша, бір кезде қазақтың жерін тартып алу үшін бір миллиондай адамды қырған жоңғарлар  қытай әскерінің қолынан өздері де қырғынға ұшырайды.

Қытайлар жоңғарларды аяусыз қырып, тіпті әйел-балаларын да аямады. Әмірсана аз ғана сарбазымен қашып шығып, Сібірдегі орыс бекінісіне жетеді. Сонда сүзектен қайтыс болады. Осылайша, жоңғар хандығы атанған мемлекет жер бетінен түгел жойылып кетті.

Абылай ханның  қазақ үшін жасаған тағы бір үлкен ісі – жоңғарды талқандаған генерал Хун Лидің қалың әскерін тоқтатуы еді. Қазақ даласына енсе жоңғарларға істегенін істеп, халықты қынадай қыратынын білген Абылай хан әскеріне қасық қаны қалғанша шайқасуды бұйырады. Қазақтар биік жотаның басына кәдімгідей ор қазып бекініс жасайды. Шайқас үш күнге созылады. Жан аямай шайқасқан қазақ сарбаздарын ала алмасын түсінген Хун Ли кісі жіберіп, бітімге келуге мәжбүр болды. Абылай хан императорға аз мөлшерде салық төлеп отыруға міндеттенді.  Абылайға «ван» деген дворяндық атақ беріп, басқа да біраз сый-сыяпат көрсеткен генерал Хун Ли әскерімен кері қайтты. Осылайша, Абылай хан бастаған қазақ сарбаздарының жанқияр ерліктерінің арқасында қазақ қытайға бодан болудан аман қалды.

Бар өмірін ат үстінде қанды жорықтарда өткізген, үш жүздің басын қосқан қазақ елінің ханы болған, батыр, қолбасшы Абылай ханның қазақ тарихында алатын орны ерекше. Егер Абылай хан болмағанда, қазіргі Шығыс Қазақстан, Жетісу аймақтары түгелдей жоңғардың қолында қалып, кейін қытайға  өткен болар еді. Генерал Хун Лидің жер қайысқан әскеріне тойтарыс беріп, тоқтатпағанда ұйғырлар сияқты бүгінде Қытайдың боданы болар ма едік, кім білсін. Міне, қазақ халқы үшін осындай зор еңбек сіңірген тарихи тұлғамыз Абылай ханның есімін ел есінде сақтау, атын ардақтау өз деңгейінде жасалып отыр ма?  Өкінішке орай, ардақ тұтар тұлғамызды  ұлықтай алмай отырған жайымыз бар.

Ханның Қызыл ағашы

Абылай хан ордасын тіккен Бурабайда Ханның қызыл ағашы деген жер бар. Көл жағасындағы осы жерде Абылай ханның ордасы 48 жыл тұрыпты. Бұл туралы ертеректе Бурабай кентіндегі Абылай хан музейін басқарған белгілі өлкетанушы Әмина Тұрсынбаева апамыз айтқан еді. Жазушы Естай Мырзахметовтың «Арқа ажары» газетінде жарияланған мақаласында да Ханның қызыл ағашы туралы, онда Абылайдың 48 жыл табан аудармай отырғаны жөнінде жазылған.

Бурабай кентіндегі Абылай хан музейін халықтан өз қолымен мұрағат жинап ашқан, 1988 жылы кішкентай бөлмеде музей құрып, кейінірек 1999 жылы жеке жайға көшіріп, толыққанды музейге айналдырған Әмина Тұрсынбаева апамыздың айтуынша, музейде аса құнды мұрағаттар көп болған. Оның ішінде Абылай ханның ордасының кескіндемесі де бар екен. Қазір ол сақталды ма, жоқ па білмеймін.  Ол кісі мұрғаттарды сақтау үшін әкімшіліктен қаншама рет көмек сұрап, жазғанымен, ол әрекеттері нәтижесіз болды. Сақтайтын орын болмағандықтан, көп мұрағаттар бұзылып барады, деген еді ол қатты күйініп. Бұл – 2002 жылдың жазы болатын.  Ал 2005 жылы үлкен бір алқалы басқосуда Әмина апай мұрағаттарды сақтайтын бір шошала салып беріңдерші деп қатты ашына айтқан. Десе де, сол тұстағы мәдениет бсқармасының басшылары еш қолдау көрсетпеді.  Тек 2018 жылы төбесінен су ағатын, ескі тар жайдағы Абылай хан музейі  Визит-орталығы ғимаратына көшірілді.

Бурабайда Абылай ханның ордасынан басқа да көптеген тарихи орындар бар. Қарауыл төбе, Кенесары үңгірі, Абылай ханды құлдықтан құтқаруға көмектескен Ораздың бұлағы деген орындар бар. Дегенмен, олардың ешқайссына да арнайы белгі немесе ескерткіш тақта орнатылып, қорғауға алынбаған. Бурабайдағы жалғыз ескерткіш нысаны – Абылай хан алаңы.

Облыс орталығы Көкшетау қаласында Абылай ханның ескерткіші бар. 1999 жылы Елбасы Н.Назарбаев келіп өз қолымен ашқан орталық алаңдағы ескерткішті дегенмен, ұлы тұлғаға оншалықты лайықты ескерткіш деп айтуға болмайды.  Қазақстанда Абылай ханға орнатылған үш ескерткіш бар екен: салт атта отырған биік ұстынға орнатылған Алматы вокзалының алдындағы ескерткіш пен Петропавлдағы Абылай хан мұражайының алдындағы ескерткіш біршама сәтті жасалған  еңселі ескерткіш деп айтуға болады. Ал Көкшетаудағы  адалбақанға сүйеніп отырған хан ескерткіші  сәтсіз жасалған.  Уикипедияда адалбақан деген киім ілетін киімілгіш түріндегі ежелгі қазақтар қолданған үй жихазы деп жазылған.  Үш жүздің басын қосқан хан, қазақтың көп жерін қайтарып алу үшін болған соғыстарға қатысқан қолбасшы Абылай ханды киімілгішке сүйендіріп  жерге отырғызып қою – бұл соншалықты керемет тапқыр идея еместігі анық.  Аласа ескерткішке жаз айларында осы жердегі субұрқаққа шомылатын жас балалар шығып алып ойнап жүретінін талай көрдік.  Жалпы, ескерткіш деген еңселі, тұғыры да, өзі де биік көз тартатындай және белгілі бір идеяға құрылып, сол тұлғаның тарихи орнын ашып тұруы қажет қой. Өмірін қанды жорықтармен өткізген хан әрі қолбасшыны киімілгішке емес, найзаға сүйендіріп отырғызса аздап жарасымды болар ма еді дейсің.  

Ақмола облыстық «Арқа ажары» газетінде  Көкшетаудағы Абылай хан даңғылының ұзындығы  800 метр екендігі туралы жазылған мақала жарияланды. Ақтөбеде Әбілхайыр ханның даңғылының ұзындығы 32 шақырым екен. Абылай ханға 800 метрлік шолақ көше емес, қаланың ең үлкен көшелерінің бірі берілгені  лайықты болар еді.

Олқылықты қалай жоюға болады

Петропавл қаласында Абылай хан 6 жылдай тұрған ханның ағаш үйі қалпына келтіріліп, Абылай ханға арнап  сәулетті музей ашылды. Музей алдындағы алаңға салт атта отырған еңселі ескерткіші орнатылды.  Ал Абылай ханның 48 жыл табан аудармай отырған ордасы – Ханның қызыл ағашы тұрған жерден де дәл сондай музей ашып, батыр бабамыздың өмірі мен елге жасаған қызметі жөніндегі мұрағаттар жинақталса, халық көп баратын мәдени орынға айналар еді-ау деген ой келеді.

Ақмола облысында орыстанып кеткен бірқатар елді мекен атаулары соңғы жылдарда қайта қалпына келтіріле бастады. Дегенмен де, аудан атауы өзгертіліп, орталығы болып отырған елді мекеннің атының ескіше сақталып қалу жағдайлары бар. Мәселен, Жарқайың ауданының орталығы әлі күнге дейін Державин деп аталады, Бұланды ауданының орталығы Макинск, Сандықтау ауданының орталығы бір кезде қазақтарды қынадай қырған казак офицері Балкашиннің атымен аталып келеді. Бурабай ауданының атауы өзгертілгенмен, қала бұрынғыша Щучинск болып қалды. Қырық жылдан астам Абылай ханның ордасы тұрған  өңірдегі қаланы Абылайхан деп атауға болмас па еді. Қапшағайға Қонаев есімі берілді, астанамыз Нұр-Сұлтан аталды, ал Абылайға неге аудан орталығын қимаймыз?

Көкшетаулық есімі елге танымал қоғам қайраткері, журналист Арман Шораевтың  qamchy.kz  сайтында Абылай ханға арналған биіктігі 54 метрлік алып ескерткіш жобасы қолға алынып жатқаны туралы мақаласын оқыдық.  Бүгінде елге танымал болған «Қазақ барысы» жобасын дүниеге әкелген Арман Шораевтың Абылай ханға арналған ескерткіш жобасын да жүзеге асыратынына сенім мол. Егер бұл жоба жүзеге асып, Абылай ханның алып ескерткіші орнатылатын болса, ардақты тұлғамызға арналған лайықты сый болар еді бұл.

Осы арада айта кетер жай, Арман Шораев бұл ескерткіш Бурабай кентіне орнатылады деп жазыпты. Бурабай кенті шетте жатқан шағын елді мекен, оған тек жаз айларында ғана демалушылар келеді де, басқа мерзімде ешкім бара қоймайды.  Осындай елдігімізді танытатын үлкен өнер туындысының шетте еленбей қалып қойғаны дұрыс болмас еді. Сондықтан, ескерткішті облыс орталығы Көкшетау қаласында орнатса, бұл Көкшетаудың  атын шығаратын брендіне айналары анық. Бұқпа тауының басындағы  «Көкшетау» деген жазу тұрған орынға биіктігі 54 метрлік, тұғырында  кітапхана, музей, конференция залы бар, ханның қолына ұстаған аса таяғы лифт қызметін атқаратын, ұшар басында көру алаңы орналасқан ескерткіш қойылса, қала тұрғындары мен келушілердің көп баратын сүйікті орнына айналары даусыз.

Абылай хан екі алып көрші: Қытаймен де, Ресеймен де дипломатиялық оңтайлы қатынас жасап, қазақ халқының тәуелсіздігін сақтауға көп еңбегін сіңірді. Ол хан болған тұста қазақ жеріне бір де бір орыс бекінісі салынбады.  Қазір Қазақстан Абылай хан армандаған тәуелсіз мемлекет болды. Еліміздің тарихында елеулі орны бар тұлғамыздың есімін есте сақтау, ұрпаққа ұлағаттау – баршамыздың міндетіміз екенін естен шығармасақ екен.

Қалкөз ЖҮСІП.   

Пікір қалдырыңыз

Share to MyWorld
Share to Odnoklassniki

Leave a Reply

Жарнама
Жарнама
Яндекс.Метрика