Жұма күні балалар мектептен мешітке қашады
Емдік өсімдіктерден жасалған табиғи дәрілер мен дәрумендер, балалар мен ересектерге арналған брендтік киімдер, косметика, т.б. төмендетілген бағамен тапсырыс бере аласыз, Қазақстанның кез-келген аумағына жеткізіп береді. Толық ақпаратты мына сілтеме арқылы алыңыз:
Қазақстанда 3 мыңнан астам мешіт бар екен. Біз мешіттің саны жағынан Өзбекстан мен Қырғызыстанды басып оздық. Орта Азиядағы ең үлкен мешіт, медресе Қазақстанда. Ресми мәліметтерге сай елімізде бүгінде 3 млн намазхан бар. Кеңес заманында кемпір-шалдар ғана намаз оқитын болса, қазір жас мемлекеттік қызметкерлер, ғалымдар, кәсіпкерлер, студенттер, тіпті мектеп оқушылары намаз оқиды.
Әлеуметтік желіде бір оқырман былай деп жазады: «Кезінде қазақ оқу үшін медресе жағалап еді. Себебі оларда оқуға, білімге, білуге деген құлшыныс болды. Ал қазір мектептегі балалар мешітке қашып жүрген көрінеді. Мұғалімдеріне ескертпей. Бұның алдын алмаса опат. Ұлт үшін қауіпті. Мектепті тастап сабақ уақытында жұма намазға кеткен балалармен психолог жұмыс істеуі керек. Неге десеңіз, ол мешітке бару үшін, ұстазды да, білімді де, тәртіпті де бәрін ысырып тастады. Бұл желідегі псевдомұсылман, лаққан әнші блогерлердің жұмысының жемісі. Сосын қаптап шығып жатқан дін молдаларының (ұстаз) жұмысының нәтижесі. Елді шатастыру, қазақы қалыптан кетіру. Оқитын балаларымызды білімнен алыстату деген мәуелі бәйтеректің діңгегі мен бұтақ жапырағына тимей тамырын кескенмен бірдей. Түбіне балта шабу. Бұндайларды тыю керек».
Кеңес заманында атеистік көзқарасты санаға сіңірген аға ұрпақ үшін балалары мен немерелерінің дін исламға жүздерін бұрып, мешітке баруы қуанарлық және қолдарлық жағдай. Бірақ та, әсіредіндарлардың теріс әрекеттерін көріп, ести жүре балалардың дінге жаппай жүздерін бұруы жұртшылықты алаңдатуда. Биылғы ораза айында бір сыныптың балаларының сабақ үстінде түгел партаға бастарын қойып ұйықтап жатқан суреті әлеуметтік желіде жарияланды. Ораза ұстаған балалар аштықтан әлсіреп, сабақ үстінде қалғып-шұлғып отырады дейді мұғалімдер.
Балалардың мешітте жұма намазына қатысуы, ораза ұстауы, Құранды жатқа айтуы қазір ешкімді таңғалдырмайды. Имандылыққа жүзін бұрған бала имани қасиеттерді бойына сіңіріп, жақсы тәлім алып жатса әңгіме басқа. Бірақ екі сөздерінің бірі жұмақтағы үр қыздарын құшу, тоқал алу сияқты пендешілікке негізделген бүгінгі қаптап кеткен ұстаздардың сөзін тыңдаған балалар қандай тәлім-тәрбие алмақ?
Қазіргі күні әлемде 57 ислам дінін ұстанатын мемлекет бар екен, жалпы мұсылмандардың саны 1,5 млрд болады. Сол 1,5 млрд мұсылманның ішінен жаңа технология ойлап тауып, Нобел сыйлығын алған бір адам жоқ. Ислам елдері өзгелер жасаған дайын технологияны тұтынушы ғана болып отыр. Өздері ештеңе жасамайды. Біріккен араб әмірлігі, Катар сияқты мұнай арқылы байыған бірлі-жарым елдер болмаса, қалған мұсылман мемлекеттері өте кедей, халқының көбі тойып тамақ ішпейді.
Негізгі діні буддизм болғанымен, халқының басым көпшілігі дінді мүлдем ұстамайтын жапондарды қарашы. Қазақстанның бір облысындай ғана болатын аумақта 170 млн адам тұрады және халқын үлде мен бүлдеге орап, байлыққа белшесінен батырып отыр. Жапондардың ең шалғай деревняларында тұратын шаруалар екі-үш қабатты котедждерде біздің түсімізге де кірмейтін жайлы үйлерде тұрады. Көшелері түгел асвальттанған, жарықтандырылған.
Ал мұнайдан басқа байлығы жоқ Норвегия мемлекетінде тұратындар христиан саналғанымен, діндарлар өте аз. Шіркеулерге ешкім бармайды. Бұл елдің халқы әлемдегі ең бақуатты деп саналады. Норвегияда тіпті, көше және жағажолдарды электрқыздырғыштармен жылытады екен. Қыстың қақаған аяздарында жолларда қар жатпайды, адамдар мұзға тайып жығылып, біздегі сияқты жарақат алмайды. Ал көлемі біздің бір ауданның аумағындай ғана Люксембург мемлекетінде қоғамдық көліктер түгел тегін қызмет көрсетеді. Автобус, тролейбус, трамвайға отыр да қалаған жағыңа тегін жүре бер. Оны айтасыз, қалааралық электр пойыздары да тегін.
Германияда сатушысы жоқ шағын дүкендер өте көп кездеседі. Гүл сататын дүкенге келген адам қалаған гүлін алып, ақшасын жәшікке салып кетеді. Ешқандай камера, сатушы жоқ. Бұндайды біз көз алдымызға елестете де алмаймыз. Сатушының көзі тайып кетсе, заттарын қағып кетуге дайын тұратын біздің қасаңданған санамыз үшін сатушысыз дүкен деген ақылға сыймайтын жай.
Әлемдегі ең бақуатты бай елдер, технологиясы шарықтап дамыған мемлекеттердің бәрі зайырлы елдер. Яғни, бұл елдерде дін мемлекеттен бөлек және халқының көбі дінді мүлдем ұстанбайды. Соған қарамастан, экономикасы шарықтап дамыған, қылмыс аз, адамдар мәдениетті, ибалы.
Ислам діні адамдардың бойында имани қасиеттерді орнықтырады, мұсылман болса жамандықтан аулақ болады дегенді біздер санамызға сіңіріп келдік. Ал соңғы жылдардағы әсіредіндарлардың әрекеттері, ислам мемлекеттеріндегі жағдайлар адамдардың бұл дінге деген көзқарастарын түбегейлі өзгертуде.
Биылғы Құрбан мейрамында Меккеге қажылыққа барған бір топ қазақстандық құжаттары дұрыс болмай, автобуста екі күн бойы қамалып отырғандығы туралы ақпарат құралдары айтып, жазды. Олардың арасында жасы 70-тен асқан қариялар болған. Соған қарамастан, жергілікті үкімет отандастарымызды автобустан тіпті, дәрет алуға шығармапты. Ислам дүниесінің астанасы қасиетті жер санайтын Меккені осыдан кейін ешқашан көрместей болып қайтты әлгі отандастарымыз.
Өткен жылы жазда әскерден қашқан ресейлік жастар елімізге келген кезде шекаралық аумақтағы қалалардың тұрғындары ресейлік жастарға баспана ұсынып, тегін шәй ұйымдастырып беріп, қонақжайлылығын танытты. Бұны жасаған діннен аулақ қарапайым адамдар. Ал қасиетті Меккенің ресми өкілдері қажылыққа барған қазақстандықтарды қауіпті қылмыскерлердей автобуста қамап ұстап, қара су да татырмады. Осындай жағдайлардан кейін дін исламға деген сенім мен құрмет қандай болуы керек?
Қазақстан зайырлы демократиялық құқықты мемлекет. Сондықтан дін біздің елімізде мемлекеттен бөлек болуы тиіс. Осыған орай, сабақты тастап, мешітке намазға бару – бұл тәртіп бұзушылық болып саналады. Бұндай тәртіпсіздікке мектептерде жол берілмеуі тиіс. Сондай-ақ, еліміздің ертеңгі болашағын ұстайтын жас ұрпақтың заманауи білімді меңгерудің орнына намаз оқып, ораза ұстап, дін жолына түсуі – құптарлық іс емес. Ислам дінін ресми дін ретінде ұстанған Иран, Ауғанстан, Сауд арабиясы сияқты елдердің қазіргі жағдайына қараңыз. Олар өркениеттен аулақ, орта ғасырлардағы түсінікпен өмір кешуде. Қазақстан бұндай жолдан аулақ болып, дамыған Жапония, Норвегия елдері сияқты өркениетке ұмтылуы қажет.