Жалған үміт

Емдік өсімдіктерден жасалған табиғи дәрілер мен дәрумендер, балалар мен ересектерге арналған брендтік киімдер, косметика, т.б. төмендетілген бағамен тапсырыс бере аласыз, Қазақстанның кез-келген аумағына жеткізіп береді. Толық ақпаратты мына сілтеме арқылы алыңыз:

https://akikat01.com/internet-magazin/

Құран-Кәрімде сайтанның мекені ет пен терінің арасы екендігі айтылады. Ет пен терінің арасын мекен еткен сайтан-лағын ой арқылы адамды азғырып, жалған үмітпен алдайды. Сайтанның ең сенімді қаруы да осы жалған үміт болса керек. Өйткені, алданып, жер соғып қалып жатқандардың жайына талдау жасағанда олардың жалған үміттің жетегіне еріп алаяқтардың арбауына түсетіндігі анық байқалады.

Нарық кезеңінде алаяқтық қылмыс деген мүлде белең алып кетті. Смағұлов деген біреу бес теңгелеріңді күні ертең он теңге етіп қайтарып беремін деп талайларды зар қақсатып, ақырсында шет ел асып қарасын жоғалтты. Міндетті медициналық сақтандыру қорының бұрынғы төрағасы да миллиондарды қалтасына басып, тайып тұрды. Осындайлардың бәрін көре-біле тұра адамдар неге алданады? Оның негізгі себебі біз әңгімелеп отырған жалған үмітке тікелей байланысты екендігі күмәнсіз. Алдап кетуі мүмкін-ау деген күмән барына қарамастан, сайтанның азғыруына ерген адамдар жалған үміттің жетегімен әлгіндей алаяқтардың арбауына түсіп жатады. Оның ақыры үлкен өкінішке ғана емес, ертеңгі күндерін ойлап, ендігі халіміз не болады деп алаңдаумен өтетін үрей мен қорқынышқа да ұшырататыны анық.

Астанада тұратын бір таныс кісі жиған-терген біраз ақшасын үлкен өсіммен қайтарамын деген бір пысықай кәсіпкерге беріп, онысы алаяқ болып шығып, жер соғып қалды. Мұның әлгі танысыма қатты әсер еткені сонша ол инфаркт алып, ажал аузынан қалды. Үй аламыз деп жинап жүрген бар ақшасынан бір-ақ сәтте айрылып қалу оңай ма?!

Соңғы жылдарда халық емшісіміз, ауру біткенді түгел әп-сәтте жазып береміз деп кеуде соғып, өздерін өздері жарнамалап жүретін алаяқтар да көбейіп кетті. Қарапайым көпшілік сондай емшілердің алдауына түсіп ақшаларынан бір, денсаулықтарынан екі айрылып, сан соғып қалып жатады. Ондайлар туралы ақпарат құралдары да аз жазып, айтып жатқан жоқ. Сонда да жалған үміттің жетегіне ерген жұртшылық әлгіндей емшісымақтарға  барып, арбауларына түсуде.  

Сондай бір керемет емші біраз жыл бұрын Алматыда үлкен залдарда халыққа емдеу сеанстарын өткізді. Бір танысым шақырған соң мен де барған едім. Әбдіғани Тәліпов деген «Орта Азияның Кашпировскиі» атанған керемет екен-міс. Ол сеанс өткізіп, гипноздалып қалған біраз адамдармен «кереметтер» жасап, жиналғандарды  айран-асыр қалдырды. Сеанстың соңында халық қырылысып әлгі емшінің суретін де пәленбай теңгелерін шығарып сатып алып жатты. Ол суретті ауырған жеріңе қойып жатсаң, қолмен қойғандай сауығып кетеді екен-міс. Әлгі танысымның тілі мүкіс інісі бес сеансқа қатысып, біраз ақшасын шығарды. Сахнаға шыққандардың кекештері сайрап сөйлеп, тас кереңдері құлақтары ашылып, не түрлі кереметтерді жасап жатқан емшінің емі бірақ әлгі танысымның інісіне қонбады. Ол сол кекеш күйінде қалды.

Бүгінде тастанды бала дегендер қатары мүлде көбейіп кетті. Балалар үйі дегендердің бәрі аузы-мұрнынан шыға толған соң, жергілікті үкімет енді әр аудан орталығынан уақытша балалар баспанасы дегендерді ашты. Онда әлгіндей тастанды балаларды мемлекет өз қамқорлығына алып, тәрбиелеп өсіреді. Тастанды балалар қайдан шығады? Жалған үміттің жетегімен жігіттердің алдау-арбауына түсіп, аяғы ауыр болып қалған қыздар өздерінің алданғандарын білген соң дүниеге шақырусыз келген бейкүнә сәбилерді балалар үйіне тапсырып жатады. Тіпті, кейбір ертеңгі күнін ойлап, үрей мен қорқынышқа бой алдырғандары сәбилерін көшеге тастап немесе өлтіріп, қоқысқа тастай қашатын жағдайлары да кездесіп қалады.

Жалған үмітке еріп, сайтанның арбауына түсіп, өкінішке ұрынып жататындардың жайын осылайша онан әрі  тізіп айта беруге болады. Жалған үміттің жетегімен құмар ойындарын ойнап, барынан айрылып, бір-ақ сәтте мол байлыққа кенелеміз деп қылмысқа барып, сотты болып, басқа да сондай келеңсіз жайларға ұрынып жататындар қаншама?!. Жалған үміт жоғарыда айтқанымыздай тек өкінішке ғана емес, үрей мен қорқынышқа да ұрындырып, адамдарды ақыл-естен айырып неше түрлі жаман істерді жасауға еріксіз мәжбүрлейді.

Осылардың бәрінен түйетініміз: жалған үміттің жетегіне еріп өкінішке бір, қателікке екі ұрынып, өз өміріңізді қиындатып алмаңыз, «тегін ірімшік қақпанда ғана жатады» дегенді есіңізден шығармаңыз, әрбір ісіңізді он ойланып, жүз толғанып барып жасаңыз, ең бастысы адал еңбегіңізбен күн көруді басты қағидаңызға айналдырыңыз. Сонда өкініштен де, қателіктен де және сол арқылы келетін үрей мен қорқыныштан да аулақ боласыз.

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Оставить комментарий

Жарнама
Жарнама
Яндекс.Метрика