Жеті жылдан кейін ашылған қылмыс

Емдік өсімдіктерден жасалған табиғи дәрілер мен дәрумендер, балалар мен ересектерге арналған брендтік киімдер, косметика, т.б. төмендетілген бағамен тапсырыс бере аласыз, Қазақстанның кез-келген аумағына жеткізіп береді. Толық ақпаратты мына сілтеме арқылы алыңыз:

https://akikat01.com/internet-magazin/

-Маған келіп кетші, -деген қысқа әмірлі дауысты Санат бірден таныды. Қалалық ішкі істер басқармасы  қылмыспен күрес бөлісмінің бастығы подполковник Орал Жақыпов бұл оқу бітіріп жұмысқа енді кіріскен дезде-ақ осы қызметте істеп жүрген еді. Ол кезде шені майор болатын. Енді подполковник. Бар өзгеріс сол ғана.

Анда-санда ғана шақыратын бастығының бұл шақырысының себебін түсіне қоймаса да, бір шұғыл іс болатынын түйсінген.  Қылмыспен күрес бөлімінде күтпеген неше түрлі істер болып жатады. Алғаш жұмыс істей бастаған кезінде бәрі де қызық көрініп, сол тұста телеарналардан жиі көрсетілетін полиция қызметкерлерінің өміріне қатысты ресейлік сериалдардың әсерімен тәтті түс көріп жүргендей сезінетін жігіт келе-келе күнделікті бітпейтін бірсарынды жұмыс әуеніне түсіп, алғашқы балаң сезімнен арылған. Кинодағы әдемі көріністердің бәрі шынайы өмірде өңін өзгертіп, мүлдем басқаша сыйпат алады екен.

Бастығының жұмыс кабинетінде ешқандай өзгеріс жоқ екен. Бәрі де сол алғаш келген кездегідей жұпыны қоңырқай қалпы. Иесі қандай болса, кабинеті де сондай сияқты. Жалт-жұлт еткен жасандылықты ұнатпайтын Орал Кәрімұлының киім киісі де, жүріс-тұрысы, отырған жұмыс бөлмесіне дейін қарапайым.

-Есіңде ме, лимонад цехының күзетшілерін өлтірген қылмыстық іс, -деді ол бұған қарап.

-Иә, -деді Санат басын изеп. Осыдан жеті жыл бұрын болған және ашылмай қалған іс туралы неге сұрағанын түсінбегендей  тағы не айтар екен деп артын баққан.

-Сол іс туралы жаңа дерек шықты, — сабырлы қалпынан еш айнымайтын подполковник бұл сөзді еш эмоциясыз жәй айта салды. Қызық, сол тұста қанша түнін ұйқысыз өткізіп, жүздеген адамды сұрап, табанын тоздырған бұл іске қатысты жаңа деректің табылуы жалпақ тілмен айтқанда нағыз «сенсация» емес пе. Ал бұл оны жәйбарақат күнделікті болып жатқан оиғаның бірі сияқты айта салды. Бәлкім, соған қарағанда істі ашуға еш септігін тигізбейтін болмашы бірдеңе шығар. Дегенмен, Санаттың бұл ойы дұрыс болмай шықты. Бастығының келесі сөзі  санасын тіліп түскендей қатты әсер етті.

-Қылмыскерлер қолға түсіпті. Оны ұстаған күзет қызметінің жігіттері.

Мынаны естігенде өз құлағына сенбегендей подполковникке бақырая қарап отырып қалыпты.

-Иә, қылмыскерлер қолға түскен. Олардан бұлтартпас дәлел болатын нақты айғақтар табылып отыр. Жә, оның бәрін тәптіштеп жатудың қажеті болмас. Іс барысында өзің анықтай жатарсың. Бұл істі саған тапсырғалы отырмын. Баяғыда өзің бастаған едің, енді аяғына дейін жеткіз.

Капитан Санат Омаров бастығының кабинетінен алай-дүлей көңілмен шықты. Осыдан жеті жыл бұрын оқу бітіріп, еңбек жолын жаңа бастаған лейтенант шешіндегі жас офицерге  қылмыспен күрес бөлімінің бастығы майор Жақыпов өз жұмыс кабинетіне шақырып алып, дәл осылайша тапсырма берген болатын.

-Тәжірибелі инспекторларымыздың біреуі демалысқа кетсе, қалғандары ауыр қылмыстық іспен айналысып жүр. Сондықтан мынау істі саған тапсырғалы отырмын. Куә жоқ, бәлкім айғақ табылып қалар. Оны енді жұмыс барысында көрерсің, -деген еді майор.

Қала шетіндегі көп қабатты тұрғын үйлердің арасында орналасқан екі қабатты кірпіш үйдің сырт жақ есігінен кіргенде есік алдында бөгде адамдарды өткізбей тұрған екі полиция сержанты жап-жас жігіттің куәлігіне үңіле қарап, біраз бөгеген. Жұмысқа жаңа кіріскен жас офицерді  ішкі істер органы қызметкерлерінің тани қоймауы түсінікті еді.

Ашық тұрған есіктен кірген сәт ол өмір бойы есінде сақталатын сұмдық көрініске тап болды. Дәліздің еденінде шалқасынан түсіп, нұрсыз жанарымен төбеге қадала қалшиып қалған қырықтың қырқасындағы ер адамның  шолақ жең көйлегі ұйып қатып қалған қызыл қаннан қоңыр қызыл түске еніпті. Әріректе бір бүйірімен құлаған бұйра сары шаштарына дейін қан жұққан жап жас жігіттің өлі денесі сұлап жатыр. Сериалдардан бұндайлардың талайын көрген, бірақ та  өмірде ол тіпті, басқаша әсер етеді екен. Жүрегі мұздап, еңсесін айтып жеткізгісіз бір ызғарлы суық қуат езіп бара жатқандай ауыр күйге түсті.

Одан әрі бәрі де түс көріп жатқандай жағдайда өтті. Өз пайымынша, мұндай сәтте асқан салқынқандылықпен оқиға орнын тәптіштеп қарап, әрбір ұсақ-түйеке дейін назарға алып, қылмыскердің құтылуына еш жол  қалдырмауы тиіс-тін. Бірақ еңсесін езген ауыр сезім кәсіби міндетті есінен шығарғандай өлі денелерге қайта қарауға дәті бармай, асығыс-үсігіс маңайды шолып, айғақ болар заттарды іздеген болды. Бәлкім, бұл істің ашылмай қалуына оның тәжірибесіздігі, оқиға орнын дұрыс қарап, нақты саралай алмағаны себеп болған шығар, кім білсін. Жұмысқа алғаш кіріскен сәтінде өзіне тапсырылған осы бір аса ауыр іс оны бірден шағып тастағандай еді. Өйткені, қолға ілігер еш айғақ табылмады және оқиғаға куә болар да бір де бір жан болмады. Кәсіпорынға бейнеқондырғы орнатылмаған. Күзетшілерге сеніп, тіпті дабыл да орнатпаған екен.

Ең ауыр соққыны ол келесі күні қаза тапқан азаматтың үйіне барып, әйелімен кездескенде алды.  Күтпеген жерден тап болған ауыр қайғы еңсесін езген келіншек пен жылағаннан көздері қызарып ісініп кеткен мектеп жасындағы ұл мен қыздан бірдеңе сұрап білу қиын ғана емес, мүмкін де емес еді. Еңіреген әйел мен аналарының жайын көріп көз жастарын сүрткен балалар – оның жан жүрегін езіп, көңіл күйін тас-талқан еткендей болған. Шынын айтқанда, бұндай сәтте кәсіби міндеті туралы ойлап жатуға да шамасы келмеген еді.

Ал қаза тапқан екінші күзетші 21-ге жаңа толған жігіттің аяғы ауыр келіншегі керісінше біршама сабырлылық танытқан. Десе де, одан оқиғаны анықтауға қатысты ештеңе сұрап біле алмады. Сол маңдағы үйлерді аралап, тұрғындардан сұрау салу да еш нәтиже бермеді.

Осындай күндердің бірінде өзіне шақырған бастығы бұл істің қала әкімінің бақылауында тұрғанын, жергілікті БАҚ шулап айтып, жазып жатқанын, соған орай халық арасында үлкен пікір туғызып отырғанын айтып, қайткен күнде қылмыскерлерді ұстау қажеттігін нықтай тапсырды. Осылайша, еңбек жолын жаңа бастаған жас лейтенант шешуі қиын ауыр істі жүргізуіне тура келіп еді.

Полковник шенінде отставкаға шыққан папасы Қанат Омаров жалғыз ұлының өз жолын қуып құқық қызметкері болуына ешқандай қарсылық танытпаған. Тек, «балам, ойлан, бұл аса ауыр және жауапкершілігі бар жұмыс» деген. Бірақ та Санат өз шешімін өзгертпеді.

Енді міне, еңбек жолын үлкен үмітпен бастаған жігіттің бірден тұйыққа тіреліп, болашағына көлеңке түсіретін  шешімі қиын ауыр іске тап болып отырғаны. Ол қанша жанын сала тырысқанымен, еш айғақсыз, куәсіз істі ашу мүмкін болмады. Лимонад цехының кеңсесінен сейфті бұзып алған 600 мың теңге үшін екі бірдей азаматтың қанын төккен қандықол қарақшыларды қолға түсіру сол кезде оның ең басты арманы болып еді.  Бірақ өмірде адамның ойлағанының бәрі  бірдей жүзеге аса бермейді екен. Ауыр қылмыс сол ашылмаған күйінде қалып қойды.

Содан бері де жеті жыл өтіпті. Осы кезеңде жас лейтенант талай қылмыстық  істерді ашып, тәжірибесін шыңдап, кәсіби білікті ізкесерге айналды. Алғашқы еңбек жолындағы сәтсіздігі капитан Санат Омаровтың болашағына көп көлеңкесін түсіре алмады. Десе де, көкірегінің терең түкпірінде жазықсыз жандардың қанын төккен қарақшыларды ұстап, заң алдында жауапқа тартсам-ау деген арманы өшпестей болып сақталып қалған.

Бүгінгі оқиға сол біте бастаған жараның аузын қайта тырмағандай әсер етті. Кеңестік «Кездесу орнын өзгертуге болмайды» деген сериалдың бір кейіпкерінің «ұры түрмеде отыруы тиіс» дейтін сөзі болмаушы ма еді. Сол сияқты капитан Санат Омаровтың санасына сіңген түсінігі бойынша әрбір қылмыскер жасаған жаман ісі үшін міндетті түрде заң шеңберінде жазалануы тиіс. Әділдік жолы да осы емес пе. Оның көз алдында өз міндеттерін адал орындап, сеніп тапсырылған нысанды қорғамақ болғаны үшін ажал құшқан екі жігіт пен зар жылаған әйел және көз жастарын сүрткіштеген балалар әлсін-әлі келіп тұра қалатын. Кейде пендешілікке салынып, қылмыскерді де адам ғой деп аяушылық таныта бастағанда осы елес бұл  әлжуаз сезімін бойынан аулақтатып, кәсіби міндетін соңына дейін бұлжытпай орындауға бағдарлайтын еді.

Ол сол күні болған оқиғамен толық танысып, істі қолына алды. Бір кезде ашылмай қалуы себепті  мұрағатқа жіберілген ескі папка қайта көтеріліп, іс жаңа жалғасын тапты. Келесі күні ол жасы 32-дегі күдікті Евгений Задарожныйды алғаш тергеуге шақыртты. Ұзын бойлы шүңірек көзді  арық сарының сыртқы бейнесі кісі өлтіретін қарақшыға ұқсай қоймады. Бірақ қазақ «адам аласы ішінде» демей ме. Күдіктінің қылмысын мойындатуға құқық саласында жеті жылдық тәжірибесі бар кәсіби білікті маман білек сыбана кірісті. Осыған дейін талай адам өлтірген кәнігі қылмыскерлермен бетпе-бет кездесіп, сөйлесіп үйренген тәжірибесі оны тергеу кезінде өзін әрдайым жайбарақат салқынқанды ұстау қасиетін бойына  қалыптастырған еді. Сондай-ақ, ол алдындағы адамның сырт бейнесіне ғана емес, ішкі жан  дүниесіне де терең үңілуге тырысып, әрбір сөзі мен бетбейнесіндегі өзгерісті назарынан қалт жібермей ұстайтын. Дауыс ырғағы, бетіндегі білінер-білінбес көңіл күй белгісі – бәрі де адамның ішкі жан дүниесін алақанға салғандай көрсетіп тұрады.

Талай қылмыскерді сындырып, қылмыстарын мойындатқан тәжірибелі тергеуші мен қылмыс дүниесіне кездейсоқ келіп, кәсіби қылмыскерге айнала алмай әуесқойлық деңгейде қалған 31 және 32 жастағы екі қарақшының текетіресі онша көп уақытқа созылған жоқ. Шынын айтқанда, Санаттың қолында бар қажетті карта болған еді. Бұл – бұлтартпайтын айғақ заттар: екі күзетшіні атып өлтірген қару мен оқ және сот сараптамасының қорытындысы болатын.

Санат үшін бұл істің ең маңыздысы: жеті жыл бойы жүрегін тырмалап мазасын алған жұмбақтың шешімін табу болғаны анық.  Сол тұста бұл қылмысты сырттан келген «гастролерлер» жасады деген нұсқаны басшылыққа алып, қанша тер төкті десеңші. Өйткені, 600 мың теңге көлеміндегі азын-аулақ ақша үшін екі бірдей адамның өмірін қию кәнігі қылмыскерлердің ғана қолынан келеді деген бір әріптесінің сөзі оны осындай көзқарасты ұстануға итермелеген. Ал шындығында істің жайы мүлдем басқаша болыпты.

Күзетшілерді өлтіріп, лимонад цехының кеңсесін тонаған екі қарақшы алыстан келмеген екен. Евгений Задарожный мен Анатолий Кабанов осы Көкшетауда туып өскен жігіттер болып шықты. Жұмыссыз жүрген екеуі арақ ішіп, бірер рет түнде кездескен жалғыз-жарым  адамды тонағандары болмаса, үлкен қылмысқа бармаған. Бірде арақ ішіп отырып, алдында ғана көрген шет елдік картина туралы әңгіме барысында қару сататын дүкенді тонасақ қайтеді деген оқыс ой келе қалады. Шынын айтқанда олар кино кейіпкерлері сияқты алдын ала іске дайындалмайды да. Күзеттің жоқтығын пайдаланып, түн ортасында дүкенге кіріп, бір аңшы карабині мен дүрбісі бар екі шағын калибрлі винтовканы және травматикалық пситолетті біраз патронымен алып кетеді. Дүкен иесі келесі күні-ақ бірден құқық органына шағымданып, қару дүкенін тонағандар іздестірілген. Бірақ, еш айғақ қалдырмаған қарақшылар сытылып кеткен еді. Арада бір жыл өткенде лимонад цехының күзетшілерін өлтірген қанды оқиға барысында  күзетшілерді атқан қару өткен жылы дүкеннен ұрланғандығы белгілі болды. Сөйтіп, бұл қару-жарақ дүкенін тонаушылардың ісі екені анықталған. Бірақ іс одан әрі жылжымай, сол күйі ашылмай қалған еді.

Осы іске қатысы бар күзет тобының екі сержантынан түсінік алғанда Санат тағдыр деп аталатын адамзат үшін тылсым құдыретті құбылыстың барлығын сезіне түскендей болған еді. Әжесі марқұм «бұл дүниенікі о дүниеге кетпейді» дегенді жиі айтып отыратын. Иә, адам қаны жібермейді екен. Жазықсыз өлтірілген екі азаматтың, олардың соңында зар жылап қалған әйелі мен балаларының обалы қылмыскерлерді тұсап, заң алдында жазаларын алуға сүйрелеп отырып әкелген секілді. Әйтпесе, бұны кездейсоқтық  деуге бола ма? Жоқ. Бұл мүлдем кездейсоқтық емес. Осылай болуы тиіс-тін. Өйткені, әр пенде өз қолымен жасаған ісін, мойнымен көтеріп, жауап беруі қажет. Жаратқанның заңы осындай. Қарапайым пенделердің ойдан шығарылған шалажансар жұмыс істемейтін өлі заңдарындай емес, Жаратқанның заң мүлт кетпейтін дәлдікпен жұмыс істейді. Бұның себін осылай ғана түсіндіруге болар еді.

-Өзімізге бекітілген ауданды қарап жүргенімізде қала сыртында оқыс дыбыс естідік, -дейді осы оқиғаның куәсі ретінде шақырылған полиция сержанты Марат Шалабаев. –Мен оны алғашында жәй балалардың отшашқыш ойыншықтармен ойнап жүрген тентек әрекеті болар деп мән бермеген едім. Әлгі дыбыс қайталанған кезде серігім Денис «біреу оқ атып жатқан сияқты» деді. Содан  қала сыртындағы ағашқа қарай жүрдік. Ағаш арасындағы алаңқайда екі адам нысана көздеп атып жатыр екен. Соны тасада тұрып бақылап қарап алып, содан кейін қапылыста бас салмақ болдық. Бірақ бізді байқап қалған әлгілер қаша жөнелді. Екеуі бөлініп емес, бір бағытқа қарай жүгірді. Біз де өкшелеп келеміз. Бір кезде қуып жетіп ұзынтұра жігітті шалып құлаттым. Ол шапшаң тұра сала өзіме тап берсін. Екеуміз ұстаса кеттік. Әупіріммен оны алып жығып, қолына кісен салдым. Денис те екінші жігітті құрықтап үлгіріпті.

Қолдарынан кесілген шағын калибрлі шолақ мылтық табылған екі азамат полиция қызметкерлеріне қарсылық көрсеткені үшін және заңсыз қару сақтағаны үшін деген айыппен қамаққа алынады. Бірақ қаруды тексеру барысында осыдан сегіз жыл бұрын  «Сұңқар» қару-жарақ дүкенінен ұрланған винтовка болып шығады және қызығы сол, оқ лимонад цехында атып өлтірілген күзетшілердің денесінен табылған оқпен бірдей болған.

Санат уақыт өткізбей қасына полиция қызметкерлерін алып, күдіктілердің үйін тінту шарасын жүргізді. Жеке меншік үйдің сарайынан дүкеннен ұрланған карабин мен бірнеше қорап патрон және травматикалық пистолет табылды. Яғни, қажет  айғақтың бәрі қолға түскен еді. Енді қылмыскерлердің алғашқыдай қаруды танымайтын біреуден сатып алдық деген сияқты ойдан ышғарылған уәждері  жарамсыз болып қалды. Бұлтартпас айғақты алдарына қойғанда қылмыскерлердің өздері жасағандарын мойындарына алмасқа шаралары қалмаған еді.

Лимонад цехының күзетшілерін өлтірген қылмысқа арналған сот қылмыстық істер жөніндегі ауданарлық сотта қаралып, көпке созылмай шешім шықты. Істі сотқа жеткізген Санат та оның барысына бей-жай қарай алмай сот отырыстарына мүмкіндігінше қатысып жүрді. Қаза тапқан күзетші Семен Мельниковтың қызы мен ұлы ержетіп, жақсы азамат болып өсіпті. Олар да сотқа куә ретінде шақырылған екен. Әйелі Елизавета  көп жылдар өтіп кетсе де жарын есіне алып, өзіне сөз берілгенде шыдай алмай көз жасын төгіп жіберді.

-Менің жарымды өлтіріп, балаларымды жетім қалдырған бұл сілімтіктерден ақша дәметпеймін. Көп қиындық көрдім, балаларымды өсіріп-жеткіздім. Бірақ мына екі аяқты аңдардың жасаған қылмысы үшін заң алдында жауап берулерін, барынша қатаң жазалануын талап етемін, -деді ол көз жасына тұншыға әзер сөйлеп.

Өкініштісі сол, сот орындығында отырған екеуіне келіншектің бұл жан тебірентер сөзі де, балаларының папасы жайында айтқан жүрек елжіретер  ұзақ жылдар сақтаған зар-налалары да ешқандай әсер етпеген сияқтанды. Олар селт етпестен жәйбарақат сот залына бей-жай қарап отырды. Сол сәт бәлкім бұл екеуі өздерін заңнан да, мына екі аяқты адамдардан да жоғары тұрған тіршілік иесі сияқты асқақ сезінді  ме екен, кім білсін. Өйткені, олардың жүрегінде аяушылық, адамға деген сүйіспеншілік, мейрім аталатын адами қасиеттер мүлдем жоқ сияқты көрінді.

Сот шешімі қысқа болды. Екеуі де жасаған қылмыстары үшін айыпты деп танылып, ұзақ мерзімге сотталды. Қолдарына кісен салынған оларды темір торлы автокөлікке отырғызып алып кеткенде ғана бойын басқан ауырлықтан арыландай Санат өзін жеңіл сезініп қалды. Міне, қоғам  тағы  да екі қылмыскерден  тазарды…

Қалкөз ЖҮСІП.   

 

 

Пікір қалдырыңыз

Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники

Оставить комментарий

Жарнама
Жарнама
Яндекс.Метрика