Журналист мамандығының болашағы бар ма?
Емдік өсімдіктерден жасалған табиғи дәрілер мен дәрумендер, балалар мен ересектерге арналған брендтік киімдер, косметика, т.б. төмендетілген бағамен тапсырыс бере аласыз, Қазақстанның кез-келген аумағына жеткізіп береді. Толық ақпаратты мына сілтеме арқылы алыңыз:
Осыдан бірнеше жыл бұрын ресейлік бір сараптама орталығы алдағы бес-он жылдың ішінде қажетсіз болып қалатын біраз мамандықтардың тізімін жариялады. Солардың ішінде журналист мамандығы да бар. Сараптамашылардың болжамының қаншалықты шындыққа сай келетінін кім білсін, дегенмен де, қазіргі даму жағдайына назар аударып қарасаңыз, жыл санап бұрын беделді саналатын бірқатар мамандықтардың қажетсіз болып жойылып бара жатқанын бағамдауға болады.
Ертеректе әрбір мекеме, ұйымда кассир деген мамандық иесі болатын. Қызметкерлерге ақша тарататын кассир мамандығы беделді және қажет мамандықтың бірі болды. Соңғы жылдарда сол кассир мамандығы мүлдем қажетсіз болып қалды. Адамдардың жалақысы қазір карта карқылы аударылады да, қолма-қол ақша түрінде қолына берудің қажеттігі жойылды. Баспахана қызметіне деген сұраныс та бұрын өте үлкен болушы еді. Жыл өткен сайын баспахана қызметіне деген сұраныс азайып, бұл мамандық иелері де қажетсіз болуға айналды. Қазір әрбір мекеме түрлі бланкалық өнімдерді өздері басып шығарып алады.
Уақыт өткен сайын күш алып, барлық салаға кеңінен еніп бара жатқан жасанды интелект адамдарды ығыстырып шығарып, көптеген мамандықтарды қажетсіз етуде. Қазіргі күні бұрын аса жоғары сұранысқа ие, беделді мамандық болып табылатын бухгалтер мамандығының басына да қара бұлт үйріліп тұр. Ехсел бағдарламасының «Бухгалтер» деген қосымшасы шығып, оны меңгерген кез-келген адам бухгалтердің жұмысын оңай атқаратын болды. Ендігі арада мекеме, ұйым басшысы бухгалтер маманын қызметке алып, ай сайын қомақты жалақы төлеп отырғанша, Ехселмен жұмыс істеуді білетін бір қызметкерге жарты немесе ширек жүктемемен бухгалтердің міндетін жүктеп қойса, сол тиімді болмақ. Яғни, енді бірнеше жылда бухгалтер мамандығы да қажетсіз болып қалатын түрі бар.
Журналист мамандығы кеңес заманында аса беделді және үлкен сұранысқа ие мамандықтың бірі болған еді. Ақпараттық технологияның дамуымен журналист мамандығына деген сұраныс ақырындап азайып бара жатқаны байқалуда. Осы арада мына жайға назарыңызды аударғым келеді. Кеңес заманында барлық аудандарда өздерінің жергілікті аудандық газеттері болды және ол аптасына үш рет шығып тұратын. Қазір аудандық газеттер аптасына бір-ақ рет шығады және таралым саны да күрт азайып кетті. Облыстық басылымдар аптасына бес рет шығатын болса, қазір үш, кейбір облыстарда екі рет қана шығады. Таралым саны еселеп төмендеді. Кеңес заманында қазақ тілінде шығатын республикаға таралатын «Қазақстан әйелдері», «Мәдениет және тұрмыс», «Білім және еңбек», «Жұлдыз», «Жалын» сияқты көптеген журналдар болса, қазір олардың көбі жабылып қалды. 1990-шы жылдарда Көкшетауда ашылған жарнамалық «Риск Бизнес» газеті жарнамадан ақшаны күреп табатын және қалың еді. Қазір пышақтың қырындай болып қана шығады. Газеттің жарнамасын түгел «Ойлекс», «Крыша» сияқты интернет сайттар тартып алды. Осылардан байқалып отырғандай, сұраныстың аздығынан газет-журналдардың саны да, сапасы да жыл санап төмендеп барады. Бұның себебін адамдардың, әсіресе жастардың, газет-журнал оқымайтындығымен түсіндіруге болады. Дегенмен, негізгі себеп, интернеттің дамуы арқылы интернет арқылы таралатын ақпараттың газет-журналды ақпарат алаңынан ығыстыра бастауы екені анық.
Қазір адамдардың көбі ақпаратты негізінен интернеттен алады. Газет-журналды қойып, теледидар қарамайтындар да аз емес. Осылайша, интернет желісі арқылы таралатын ақпарат құралдары ақпарат алаңынан біртіндеп қағаз басылымдар мен теледидарды ығыстыруда. Осылай жалғаса берсе, енді төрт-бес жылда қағаз басылымдардың толық жойылып кету қаупі бар.
Интернет арқылы ақпарат тарататын веб сайттар мен әлеуметтік желілердің қазір асығы алшысынан түсіп тұр. Неге десеңіз, ең алдымен интернет арқылы таралатын ақпаратты тұтынушылар көп. Оны мектеп оқушыларынан бастап, зейнет демалысындағы қарияларға дейін тұтынады. Қазақстанда қазір интернетті пайдаланушылар саны 10 млн-нан асып жығылады. Яғни, соншама адам интернет арқылы ақпаратты алып, пайдаланады деген сөз.
Қағаз газет-журнал мен телевидениеге қарағанда оның пәрменділігінің тағы бір себебі – жеделдігі мен ашық пікір алмасуға қолжетімділігі және ең бастысы, шындықты бүкпесіз батыл айта алатындығы. Жасыратыны жоқ, ресми тіркелген бұқаралық ақпарат құралдары құрылтайшы болып табылатын мемлекеттік мекемелерге жалтақтап, солардың дегенімен жүрсе, интернет арқылы ақпарат тарататын веб сайттар ешкімнен қорықпай өз пікірлерін батыл айта алады. Ал әлеуметтік желілерді пайдаланатын блогерлер әкім, министрлерді қойып, президентке дейін атын атап сынап жатады. Міне, осы үшін қарапайым халық мемлекеттің сойылын соғатын ресми басылымдарды емес, шынайы ақпарат тарататын веб сайттарды, әлеуметтік желілерді көп оқиды.
Күні кеше Алматыдағы Панти деген дәмханалар желісін қазақ тілінде ән салуға тиым салып жатыр деп әлеуметтік желіде дабыл көтеріп жазып еді, бір күннің ішінде әлгі дәмхана қойжайындары бүкіл ас мәзірлерін қазақшалап, қазақша әндер айтатын етіп қойды. Ал осындай пәрменді нәтиже бұқаралық ақпарат құралдарында бар ма? Жоқ, әрине. Егер ресми газеттердің бірі әлгі дәмхана туралы сын мақала жаза қалғанымен, оны дәмхана қожайындары оқымас та және оған жауап бермес те еді. Ал қалың бұқара тұтынатын әлеуметтік желі мен интернеттен қазір кәсіпкерлер де, шенеуніктер де қатты сескенеді. Яғни, интернет арқылы таралатын ақпараттың қуаты мен беделі бар.
Таяуда Астана қаласының дәл іргесінде орналасқан елді мекенге келген Жедел жәрдем машинасының көшеде батпаққа батып тұрғаны туралы видео ютубте таралды. Оны түсірген мектеп оқушысы екен. Жас бала көшеде батып, жүре алмай тұрған Жедел жәрдем көлігін түсіріп жатқанда оның жүргізушісі не үшін түсіріп жатқанын сұрайды. «Қала әкімдігі бес жылдан бері жолды жөндейміз деп құрғақ уәдемен алдап келеді, мына көріністі соларға жіберемін, көрсін» дейді бала. Бала бұл видеоны әкімге жіберді ме, жоқ па, әкім не деп жауап берді – ол жағы белгісіз. Дегенмен, оқушы баланың бұл видеосы қалың жұртшылық тарапынан қызу талқыға түсіп, Астана әкімінің атына нешетүрлі ғайбат сөздер қарша жауды. Осыдан кейін Астананың әкімі намысы болса, қала іргесіндегі елді мекеннің көше жолын жөндеуге көңіл бөлері анық.
Смартфон арқылы суретке, видеоға түсіру мүмкіндігі, интернеттің қолжетімділігі, әлеуметтік желілерге тегін видеолар мен суреттерді, мақалаларды жариялауға болатыны – кез-келген адамның блогер болуына жол ашты. Мектеп оқушысынан бастап, зейнеткерге дейін өздерін толғандыратын мәселе туралы видео түсіріп, не болмаса суретімен мақала жазып, әлеуметтік желіге салуына ешкім кедергі келтіре алмайды. Және де бәрі тегін. Бұрын журналистерге жалынып, оларды арнайы шақырып, өздерінің мұңдары мен толғандыратын мәселелерін айтатын қарапайым адамдар енді сол мәселелерді өздері көтеріп, тиісті органдарға, жауапты тұлғаларға интернет арқылы өздері жеткізе алады. Бұның өзі блогер немесе репортер болғысы келетін адамдарға кең мүмкіндік ашып қойды. Олардың арасында кәсіби деңгейі журналистерден төмен болғанымен, ынта-ықыласы, шындықты тайсалмай айтар батылдығы, жеделдігі және интернетпен жұмыс істеу қабылеті жоғары адамдар аз емес. Бұның өзі ақырындап кәсіби журналистерді екінші қатарға ығыстырып, ресми ақпарат құралдарының беделін түсіруде. Осылай жалғаса берсе, бірнеше жылдан соң ресми ақпарат құралдарына деген сұраныстың мүлдем жоғалу қаупі бар. Қазірдің өзінде ақпрарат таратуды өз мойнына алған әлеуметтік желілер мен веб сайттар ақырындап қағаз басылымдар мен телевидениені ақпарат алаңынан ығыстырып жатыр.
90 пәтерлік біздің көп пәтерлі үйіміздің Вадсабта өз чаты бар. Сол чатқа біреу үйіміздің жертөлесіне кіретін жеріне үнемі пакетке салынған қоқысты тастап кетіп жүрген әйелдің суретін жариялады. Кешкі уақытта әлгі әйел келіп пакетті тастап жатқанын көріп қалған бір тұрғын суретке түсіріп алыпты. Міне, сол суретті негіз еткен тұрғындар әлгі әйелдің үстінен арыз жазып, учаскелік инспекторға берді. Содан оның үстінен әкімшілік іс қозғалып, айыппұл салынды. «Кешіріңіздер, енді қайтып мұндай әрекетті жасамаймын» деп жалынған әйел айыппұл төлеп құтылды және ақылы болса енді бұндай теріс әрекетті жасамасы анық. Міне, ақпараттың құдыреті және сол ақпарат қарапайым жұртшылыққа қолжетімді болып тұр. Ал қалың көпшіліктің арасында туабітті блогерлер мен репортерлер аз емес. Олар қажет болған жағдайда өз қабылет-қарымдарын барлық қырынан көрсете алады. Осылайша халық арасынан шыққан сондай талантты жандар ақапарат таратуды қолжетімді еткен интернет пен әлеуметтік желілерде өз ақпараттарын таратуға барған сайын ынталы бола түсуде. Бұның өзі кәсіби журналистердің қызметіне деген сұранысты азайтып, оларды болашақта қажетсіз мамандықтардың біріне айналдыру қаупін туғызатынын қазіргі жағдай анық байқатуда.
Ехсел бағдарламасының «Бухгалтер» қосымшасы бухгалтер мамандарының басына қара бұлт үйірсе, синоимайзер және редактор деген компьютерлік бағдарламалар журналистердің қызметіне деген сұранысты азайтатын түрі бар. Ағылшын тілді интернетте аталмыш бағдарламалар өте сапалы жұмыс істейді, ал орыс тілді интернетке енді келіп жатқандықтан, сапасы біршама төмендеу. Дегенмен, уақыт өте келе жетілдіріліп, жұмыс сапасы арта түсетінінде дау жоқ. Бұл бағдарламаларды пайдалану арқылы кез-келген адам кез-келген тақырыпта мақала жаза алады. Мәселен, биомедицина туралы мақала қажет болды делік. Ол үшін маманға немесе журналистке ақы төлеп жаздырып әуре болмайсыз. «Биомедицинаның бүгіні мен болашағы» деп мақалаңыздың болжамды тақырыбын жазып, Гуглдің іздеу терезесі арқылы осы тақырыптағы мақалаларды іздеңіз. Табылған мақалаларды сайттардан қажет жерлерін көшіріп алып, синонимайзер бағдарламасы арқылы оның жекедаралығын (уникальность) 90 пайыздан асырыңыз. Содан соң Редактор бағдарламасымен қателерін түзетіп, редакциялап шығыңыз. Мақала дайын. Жекедаралығы 90 пайыздық мақаланы енді ешкім де біреуден көшіріп алған деп айта алмайды.
Осындай тәсілмен кез-келген адам кез-келген тақырыптағы мақаланы оңай жаза алады. Ол үшін дипломы бар жоғары білімді журналист болудың еш қажеті жоқ. Төлем карталарының шығуы кассир мамандығына қажеттілікті жойса, аталмыш бағдарламалар журналист мамандығына деген сұранысты азайта түсетін сияқты. Яғни, кез-келген ынта білдірген адамның журналист болуға мүмкіндігі бар. Ол үшін жұмыс тәжірибесі мен жоғары кәсіби білімнің еш қажеттігі жоқ. Бухгалтердің жұмысын Ехсел бағдарламасымен жұмыс істей білетін кез-келген маманға қосымша жүктеп қоюға болатын болса, ендігі уақытта журналистің немесе баспасөз хатшысының қызметін де кез-келген басқа саланың маманына жартылай немесе ширек жүктеме ретінде міндеттеуге болады. Бұған жоғарыда айтылған компьютерлік бағдарламалар мен ақпараттық технологияның мүмкіндігі жағдай жасайды.
Елбасы Н.Назарбаев осыдан біраз жыл бұрынғы бір жолдауында сол тұстағы қолданыстағы мамандықтардың жартсы алдағы он жылдықта жоғалып, қажетсіз болып қалатыны туралы айтқан еді. Бұны ол көріпкелдікпен айтпағаны даусыз. Бүгінгі заманауи технологияның қарқынды дамуы жасанды интелектілерді барлық салаға енгізіп, көптеген мамандықтарды қажетсіз етуде. Біз мақаламызда журналист мамандығы туралы айтқанымызбен, басына қатер төніп тұрған мамандық жалғыз журналист емес, басқа да көптеген мамандықтардың уақыт өте келе сұранысқа ие болмай, керексіз болып қалу қаупі бар.
«Заманды өзгерту қолыңнан келмесе, соған бейімдел» дегендей, адамдар өз мамандықтарының болашғы бар ма, жоқ па деген мәселеге ақыл көзімен қарап, сұранысқа ие қосымша мамандықтарды игеріп алса, жұмыссыз қалу қаупінен аулақ болары анық. Кеңес заманындағыдай бір мамандықты игердің бе, сонымен зейнеткерлікке шыққанша еңбек ету қажет деген түсінік қазір ескірген. Мүмкіндік болса бірнеше мамандықты игеріп, әсіресе интернет технология саласының мамандықтарына ден қойған жөн.
Біз өмір сүріп жатқан ақша билеген нарықтық қоғам аса қатыгез. Ол әлжуаз, әлсіз адамдарды аямайды. Әр адам өз болашағы үшін өзі қам жеуі, қандай қиындықтарға да дайын болуы қажет. Әйтпесе, замана көшінде шаң қауып, қажетсіз болып қалу оп-оңай.
Қалкөз ЖҮСІП.