Құдай туралы не білеміз?

Кеңес заманында құдайсыз атеистік түсінік үстем болса, қазір діндарлар қатары жыл санап өсіп келеді. Мешітке барып намаз оқитындардың арасында, тіпті мектеп оқушылары, студенттер де аз емес. Ғалымдар, лауазымды қызмет атқаратындар, мемлекеттік қызметшілер арасында да дін жолын ұстанатында көптеп кездеседі. Осылайша діндарлық белең алған бүгінгі күні дегенмен, адамдардың көбі Құдай туралы жарытып ештеңе білмейді.

Құдайды танудың үш деңгейі

Бір Құдайға сенуді ұстанатын ислам, христиан, иудеизм діндерінде Құдайдың аты көп аталғанымен, бірақ та сол Жаратқан туралы жарытып ешқандай түсінік берілмейді. Ислам дінінде Құдай туралы түсінік «мекені, тұрпаты, ортағы жоқ, ақылға сыймайтын, табиғатын ешкім танып біле алмайтын» деген сияқты сөздермен шектеледі. Ал христиан дінінің қасиетті кітабы Інжілде «Құдай адамды өзіне ұқсатып жаратты» деген сөз бар.  Бірақ та, христиан дінінде де Құдай туралы нақты және толымды түсінік жоқ. Иудейлердің қасиетті кітабы Тәуратта Мұса пайғамбардың Синай тауында Құдаймен сөйлесіп, Одан халық ұстанатын шарттарды алғаны жайында айтылады. Дегенмен, бұл кітапта Құдайды жанған от бейнесінде көрінді дегеннен басқа нақты ақпараттар берілмейді.

Құдай туралы толымды ақпаратты біз веда ілімінің қайнары саналатын Бһагавад Гитадан және Шримад Бһагаватам кітаптарынан табамыз. Бұл кітаптарда Құдай туралы жан-жақты, толымды және нақты түсініктер берілген. Енді осы кітаптардың негізінде Құдай, оның табиғаты туралы айтуға көшсек.

Бһагавад Гитада Құдайды танудың үш деңгейі болатыны айтылады. Яғни, саналы адам баласы Құдайды үш деңгейде таный алады екен. 1-деңгей: тұлғасыз Брахман деп аталады; 2-деңгей – барша әлемге таралушы Параматма; 3-деңгей – Құдайдың жеке Түптұлғасы – Бһагаван деп аталады. Енді осы үш деңгейге толығырақ тоқталып өтелік.

Құдайды танудың бұл үш деңгейін Күннің табиғатын ұғынудың 3 деңгейімен салыстыруға болар еді. 1-деңгей – бұл Күннің сәулесі – барша әлемге миллиондаған шақырымдарға жетіп таралып жатқан күн нұры; 2-деңгей – Күннің от шашқан алып дискасы; 3-деңгей – Күн қуатының қайнары саналатын оның ортасындағы мәңгі жанып тұратын ядросы.

Құдайды танудың үш деңгейі де осыған ұқсайды. 1-деңгей – тұлғасыз Брахман деген бұл Құдайдың барша әлемге таралатын рухани нұры, яғни сәулесі. Ол нұрдың тұрпаты, жеке тұлғалылығы, мекені жоқ. Мұсылмандардың айтатын Құдай тұрпатсыз, мекенсіз дейтіні осыған негізделген болса керек.

2-деңгей – Құдайдың барша әлемге таралып тұрған Параматма – Жоғарғы жан аталатын рухани қуаты. Параматма әрбір тіршілік иесінің  жүрегінен орын тепкен. Ол адамда ғана емес, барша тіршілік иелерінде, аң-құста, жан-жануарда, тіпті өсімдіктерде де болады.

3-деңгей – Құдайдың жеке Түптұлғасы немесе оны Абсалютті Ақиқат деп атайды. Құдайды толымды тану үшін 3ші деңгейде тану қажет. Яғни, Құдайдың Жоғарғы Түптұлғасын танысақ, сонда Құдай туралы толымды білімге ие боламыз. Ал Жоғарғы Түптұлғаның мекені, тұрпаты бар. Онымен бетпе-бет кездесіп, сөйлесуге, көріп, сезінуге болады.

Құдайдың барлығын қалай сезінеміз?

Құдай көзге көрініп тұрмағасын болар, адамдардың көбі Құдайға, Оның барлығына сенбейді, ал сенеміз деп дін жолын ұстанып жүргендердің өзі Ол туралы жарытып ештеңе білмейтіндіктен, Құдай жайында ойланып, Оның табиғатын түсінуге құлшына қоймайды. Буддизм діні Құдайды да, жанды да жоққа шығаратындықтан, бұл дінде Құдай туралы еш түсінік жоқ. Ал ислам, христиан, иудеизм дініндегілер жоғарыда айтқанымыздай, Құдайдың табиғаты мен сыйпатына  жеткілікті дәрежеде көңіл бөлмейді және оны онша маңызды деп те санамайды. Олардың Құдай туралы түсінігі  бұлыңғыр, абстрактылы, ақылға сыйымсыз бір тіршілік дегенге ұқсайтын қияли болжамға көбірек ұқсайды.

Құдай туралы дәстүрлі діндерде оншалықты жартымды ақпарат болмаса, Оның барлығын қалай білеміз? Ол – оңай. Құдайдың барлығын әрбір пенде еш қиындықсыз сезіне алады. Ол үшін бүгінгі ғылым «интуиция» атап жүрген түсінікке назар аударсақ жеткілікті. Интуиция дегеннің не екенін дегенмен, қазіргі ғылым нақты және толымды білмейді. Олардың интуиция туралы түсінігі Дарвиннің теориясындағы түйсік, табиғи инстинкт деген ұғымдармен астасып түсіндіріледі. 

Шындығында, интуиция деген – бұл әрбір тіршілік иесінің жүрегінен орын тепкен Ұлы жан, оны санскрит тілінде оны – Параматма деп атайды. Әрбір тіршілік иесінің жүрегінде атма, яғни жеке жан орын тепкен, егер жан болмаса тіршілік те болмайды. Жеке жанмен бірге Ұлы жан, яғни Параматма да жүректе орналасқан.

Қазақ «малым жанымның, жаным арымның садағасы» дейді. Ар дегенеміз бұл арада Параматмаға қарата айтылып тұр. Адам басқаларды алдаса да, өзін ешқашан да алдай алмайды. Қолымен жасаған жаман ісі үшін ол іштей өкініп, опық жейді, ар азабына түседі. Оның осындай сезімге бой алдыруына жүрегінде орналасқан Құдай, яғни Ұлы жан мәжбүрлейді.  Ар, яғни Параматма барша тіршілік иелерінде, оның ішінде барлық адамда бар.  Бірақ осы арада «арсыз адамдар қайдан шығады?» деген сауал алдымыздан шығады. Арсыз адам болмайды, бірақ арды, яғни Құдайды сезінуден аулақтататын күнә аталатын лас қуат бар. Күнәға батқан пенденің жүрегі ластанып, Ұлы жанды сезінуден қалады, ал Параматма аталатын Құдайдың таралымымен байланыс үзілген соң-ақ, адам арсыздықтың құрдымына құлайды. Неғұрлым күнәсі көп адам, соғұрлым Құдайдан аулақтап, арсыз бола түседі.

Интуицияның құдіреті

Осыдан он жылдан астам бұрын Индонезияда болған табиғат апатынан 300 мыңдай адам қаза тапты. Мұхит астындағы жер қозғалуы себепті биіктігі он метрлік толқын жағалауға келіп соққанда, жағада орналасқан үйлерді қиратып, жағажайда суға шомылып демалып жүрген мыңдаған адам суға кетіп қаза тапты.

Қызығы сол,  су астында қалған жағалауда мекен еткен ит, мысық сияқты үй жануарларымен бірге, жабайы аңдардың бірде бірі қаза таппаған екен. Тек жағалауда алаңсыз демалып немесе қонақүйде бейқам жатқан адамдар ғана су астында қалып, табиғат апатының құрбаны болды. Үй жануарлары апат келе жатқанын алдын ала сезіп, биік тауға шығып кеткен. Оларға қатерді сездірген кім? Параматма кейпіндегі Жаратқан.

Құмырсқалардың өмірі туралы ғылыми зерттеуге негізделген деректі фильмді көріп, қайран қалғаным бар. Құмырсқаларда қатаң еңбек бөлінісіне негізделген жүйе бар екен. Құмырсақалардың бір тобы қысқа қажет азық болатын өсімдік жапырақтарын  тісімен қиып кеседі, екінші тобы кесілген жапырақты тасымалдайды, тіпті бір ағаш бұтағынан екіншісіне өту үшін құмырсқалардың бір тобы бірін бірі тістеп, тірі көпір болып тұрады. Құмырсқалардың тағы бір тобы жұмыртқалап, оны сақтаумен айналысады, ін қазатын, қысқа қажет қоймалар дайындайтын құмырсқалардың арнайы тобы бар. Осылайша, әр құмырсқа өз міндетін жақсы біледі және соны мүлтіксіз орындайды. Жалқаулыққа салынған құмырсқаларды жазалайтын да полицей-құмырсқалар бар екен.

Құмырсқалардың осы өмір сүру жүйесіне қарап, адамдардың олардан үлкен үлгі алуы қажеттігін сезіне түсесің. Біз жоғарыдан менсінбей жерде қыбырлап жүретін кішкентай жәндіктің осындай асқан күрделі жүйемен өмір сүруіне не себеп? Оның астарында интуиция түрінде  жәндікке солай істе деп бағдар беріп отырған Ұлы жан – Параматманың әрекеті жатқанын бағамдауға болады.

Қасиетті Құранда «жан-жануарлардың көбі Алланың атын зікір етеді» деген аят бар. Яғни, жан-жануарлардың көбі Құдайдан келген әмірді интуиция арқылы түйсініп, соған мойынсұнады, яғни қызмет етеді. Ал саналы адамдардың жүректері тас болып бітеліп қалғандықтан, Құдаймен байланысы да үзілген. Олар нәпсісі не қаласа соны жасайды, Құдайдың өзінен не талап ететінін түсінбейді, тіпті Құдайдың барлығын теріске шығарады.

«Ақиқат» сайтында алдағы уақытта Жаратқан туралы, Оның табиғаты, тіршілік иелерімен байланысы жайында жан-жақты және толымды мақалалалар сериясын беру жоспарымызда бар. Сайтымыздағы жаңалықтарды жіберіп алмаңыз.

Пікір қалдырыңыз

Share to MyWorld
Share to Odnoklassniki

Leave a Reply

Жарнама
Жарнама
Яндекс.Метрика