Атаулары әртүрлі айтылатындықтарына қарамастан, барлық халықтарда адамдардың санасына әсер ететін көзге көрінбейтін қараңғы күштердің болатындығы жайында түсінік бар. Ағылшындар оны гном, трол деп атаса, орыстар домовои, черт дейді. Қазақтар жын, пері, сайтан деп атайды. Ондайлар көзге көрініп, адамдармен қатар өмір кешпегендіктен, бұны ойдан шығарылған ертегі санайтындар бар. Әсіресе, атейстік түсінік үстем болған кеңес заманында адамдар ондайларға мүлдем дерлік сенбейтін.
Өз басым сондай қараңғы күштердің барлығын дәлелдейтін бірқатар жайлардың куәсі болған едім. Енді соған тоқталайын. 1990-шы жылдардың ортасы, ол кезде Атбасарда аудандық газетте қызмет ететінмін. Әкімдік екі бөлмелі пәтер берді. Дүкендердің бәрі босап қалған тапшылық кез. Жихаз деген атымен жоқ, оны тек жеке адамдардан ғана сатып алуға болады. Содан аудандық газетке шыққан жарнама арқылы ағаш керует сатып алдым. Иесі орыс екен. Керуетті үйге әкелген соң сол күні түнде сонда жаттым. Көзім іліне бере әлдебір күштің өзімді тұншықтырып баса бастағанын сезіндім. Жандәрмен оянып орнымнан тұрдым. Қайта жатсам, әлгі кеудемді басып тағы тұншықтыра бастайды. Анда-санда бастырылып қалатыным болатын еді, сол екен деп ойлағанмын. Бірақ олай болмады. Көзімді жұма бергенімде кеудеме мініп алған бірдеңе бар күшімен езгілеп тұншықтыра бастады. Оны анық сезініп жатырмын. Орнымнан тұрайын десем, қозғала алмаймын. Содан «бісміллә, бісіміллә» дедім жандәрмен. Сол кезде ғана мені басқан күш әлсіреп, көзімді ашып орнымнан тұрдым. Содан қорқайын дедім. Бұның жәй бастырылу еместігін сеземін. Есіме біреулерден естіген отпен аластау туралы әңгіме түсті. Ол кезде свет жиі өшетіндіктен шырақ алып қойғанмын. Сол шырақты жағып төсегімді айналдырып «алас-алас, бісіміллә-бісіміллә» деймін күбірлеп. Осылайша төсегімді аластаған соң енді сол бөлмені, одан әрі бүкіл пәтердің ішін отпен аластап шықтым. Міне, содан кейін барып бастырылмай еркін ұйықтадым. Сол жағдайдан кейін әлгі пәле мені қайтып мазаламады.
(далее…)







